Айнала толы ақпарат. Жарнаманың дәуірлегені соншалықты адамдар өзіне қажет емес дүниені де сатып алуға әдеттеніп барады. Біріне тартса, екіншісіне жете бермейтін аз ғана қаражатты экранның алдында тәппіштеп түсіндіре беретін әлдеқандай тұтыну затына жұмсай салу түк емес. Адамдар  ақшасын қалай ғана  ойланбастан сарп ете салады? Барлығы маркетинг пен менджметтің дамуының «арқасында». Қаражатты қойыңызшы, қызылды-жасылды дүниеге қызығып жүріп денсаулығымыздың нашарлап бара жатқанын да сезбейтін секілдіміз. Ағзадағы дәрумендер тапшылығы басталды. Оны толықтырып отыруға уақыт жоқ. Әйтеуір тірі жүрсек болғаны. Ал, анығында тірі болғанымызбен, шалажансармыз. Қазақстандық әйелдердің 70%-ы  дүниеге сау бала алып келе алмайды екен. Бұл не деген сөз? Бұл біздің ұлттығымызды жалғастырушы негізгі қайнар көздердің суы тартылып жатыр деген сөз. Бір тәулікте қазақ елінде орта есеппен 1000 (мың) бала дүние есігін ашады екен. Алайда ақ халат киген мамандар сол балалардың денсаулықсыз туылуына алаңдап отыр. Демек, бізге сыртқы күштердің соғыс ашуының түкке де қажеті жоқ.  Сонда біз қарсыласуға дәрмені жоқ, кемтар ұлтқа айналып барамыз ба?

 Ресми дереккөздерінде  біздің елдегі  қыздардың 47,4%-ы  асқазан ішек жолдары ауруына шалдықса, 30%  болашақ аналар жыныс- зәр шығару мүшелері ауруына шалдыққан деп көрсетеді. Ана болғысы келетін нәзік жандылардың 12% –ы  эндокрин жүйесінің қызметінің нашарлауына шалдыққан. Демек дүниеге ұрпақ әкелуге тиістілердің  89,4%-ның денсаулығы жоқ. 

 Біз әдетте жаны денесінен шығайын деп тұрғанда ғана дәрігерге баратын ұлтпыз деп өзімізді кекеткенге шеберміз ғой. Енді сол кекесіннің мәніне бойлайтын болсақ,  денсаулығынан айрылғандардың өзіміздің қаракөздер екеніне күмән келтірудің қажеті де жоқ шығар.  Болашақ ана атануға тиістілердің денсаулығы жоқ, ал бір  бұрышта  көкелерміз көп әйел алу туралы талқы жасайды.Жасайды да, көп әйелді қазақтың санын ұлғайту мақсатында алуымыз керек деген ұйғарымға келеді. Ал, денсаулық  деген ұғым ұйғарымға тізе бүкпейді. Әлбетте халықтың денсаулығының күрт төмендеп кетуіне денсаулық сақтау саласының мамандарын кінәлай салуға болады. Бірақ адам денсаулығының жақсы болуының  50%-ы тікелей өзіне,  20% – ы тұқым қуалайтын ауруларға, 10%-ы ғана дәрігерлерге  байланысты екені дәлелденген. Демек, біз ең негізгі құндылығымыз-адамдарымыздың өзін-өзі күтіп, денсаулықтарын аялауға қажетті ақпараттарды дұрыс жеткізе алмай отырмыз. Біз қайтсең сау болсың деген ақпар таратқаннан көрі, ауырғанда қандай дәріні пайдалануға тиіссіз деген жарнамалық материал ұсынуға «құштар» болып алдық. Әрине, сау болу туралы әлеуметтік жарнамаға мемлекеттен қаржы бөлінеді. Доллардың үстемдігінен құнсыз теңгемізді аман алып қалу шараларын жасаймыз деп қазынамыздың қаспағы көріне бастаған тұста біз ондай әлеуметтік жарнамаға қаржы бөле алмаймыз. Ал, ауырып қалсаңыз, пайдалы-пайдасыз дәрілерді жарнамалау түк те емес. Себебі оның ақысын сол дәріні өндіріп шығарған алып компаниялар бөледі. Кішкене бала өзіне беймәлім мына дүниенің қызылды-жасылды құбылмалы қасиетіне құмартады. Барлығымыз да бала болғанбыз. Боймыздағы сол қызығушылықтың сарқыншағын  сығып алып, қалтамызды құрғатуға түрлі әрекеттер жасалады. Осылайша, ұрмай-соқпай ұлттың денсаулығын құртып, оп-оңай жаулап алуға болады. Ендігі тұста шаңырағының асытында қыз өсіріп отырған әрбір ата-ана ойлануы тиіс. Ел тыныштығы адуынды ерлердің қолында болушы еді, ендігі тұста ұлттың денсаулғына  қауіп төнгені туралы қағылған дабылға құлақ түргейсіздер.

Айнұр Төлеу

«Алауинформ»

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here