Қазақты сүю

0
3 784 рет оқылды

 

(жалғасы)

Орыс жазушысы Гоголь — Құдайға деген алғашқы махаббаттың -өз халқыңа деген аяушылық сезімнен басталатындығын жазыпты. Яғни жүрегінде өз ұлтына деген аяушылық сезімі бар адам ғана — Құдайды шын сүйе алады. Ал, біздің тасқа айналған жүрегімізде қазаққа деген аяушылық сезім қалды ма? Неге біз осы ішкілікке салынып кеткен қазақты көрсек, оның не себептен бұл күйге душар болғандығын білудің орнына, табалағымыз келіп тұрады, неге біз осы көшеде қайыр сұрап, қаңғырып жүрген қазақты кездестірсек жағдайын сұраудың орнына жиіркенішпен қараймыз, неге біз осы есірткіге құмартып, азғын жолға түсіп жатқан жастарымыз үшін сәулетті жол тауып бере алмаймыз, неге біз осы… Егер біз өз халқымызды шын пейілімізбен сүйсек, қазақ өз жерінде ең бақытты адам болып өмір сүрер еді. Қазақты шын жүрегімізбен сүйе алмағандықтан да, Құдай бізді — осындай азапты жолға салып қойды. Бірақ ол үшін Құдайды жазғыруға болмайды.

Айналып, келгенде Құдайда не жазық бар? Қазақты да ол басқа халықтар секілді адам қылып жаратты. Кең-байтақ жер силады, оның асты мен үстін бір емес қазақ секілді тағы да жүз ұлтты асырауға жететін ен-байлыққа толтырып берді. Адам екенін ұмытып, хайуандыққа салынғандықтан соның бәрі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатса, ол Құдайдың емес, ең алдымен біздің кінәміз.

Маған қарсы айтқыңыз келген уәжіңізді, көмейіңіздің бүлкілінен-ақ сезіп тұрмын. Әрине, қазақтың дәл бүгінгідей сорлы күйге душар болуына биліктің де үлесінің зор екендігін мойындамасқа амал кем. Дегенмен, сол билікті азғындық жолға салып, пара беруді үйреткен өзіміз емес пе? Егер біз билікке пара бермей тістеніп тұрып алсақ, ол оны кімнен алар еді. «Қазақ жалқау, арамтамақ, надан, баукеспе ұры…» деген сөздерді азаттық ала салысымен биліктің аузына ең әуелі өзіміз салып бергенбіз. Тәуелсіздік алған соң, қазақ тілінің келешегі жоқ деген «аксиоманы» басқа ұлттың өкілдері емес, өзіміздің орыс тілді қазақтармыз биліктің құлағына құйды. Егемендік алған күннің ертеңінде-ақ өзіміздің басқалардан артық екендігімізді дәлелдеу үшін –ең алдымен билікке, қазақты сүймеуді, оны жеккөруді үйреттік. Мүмкін биліктің бойындағы осалдықты өз бойымыздан іздегеніміз абзал шығар.

Осыдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген Абай атам да қазақты сүйе алмай, мына жалған дүниеден налып өтті. Ақылдының сөзін ұғып аларлық, жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азып, хайуанға айналып бара жатқан халқының келешегіне үңілген Абайдың тұла-бойы түршігіп, тіршіліктен тіреу таба алмай, бақсының моласындай жалғыз қалып, өмірден опа таппады.

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек.

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек

дегенді, кемеңгер бабам, қазаққа қаратып ашына айтты.

Егер де Абай атам осыдан бір ғасыр бұрын, енді ғана хайуандыққа бет алып, тобырлық деңгейге төмендеп бара жатқан қазақты сүйе алмаса, бүгінгі уақытта азып-тозып, құрт-құмырсқаға айналып, құрып бітудің алдында ғана тұрған қазақты мен қалайша сүймекпін. Қара тобырдың арасынан шыққан надандарын хан көтеріп, халыққа шын жүрегімен жаны ашитын ақындарын тозаққа салып қоятын, тірі өлікке айналған халықта адам сүйерлік қандай қасиет қалды? Құдайшылығыңызды айтыңызшы, қандай?

Абай атамыз қанша жамандаса да осыдан бір ғасыр бұрынғы қазағымыз біртұтас халық еді. Қазіргі өліара мезгілде біздің халық — қазақ және орыс тілді қазақ болып екіге бөлінді. Өз ұлтының тілін менсінбейтін орыс тілді қазақ мың жерден тырысса да қазақты сүйе алмайды. Тіпті сол үшін оларды жазғырудың «мәңгүрт», «миғұла» деп, айыптаудың да қажеті шамалы. Оның барлық жан-дүниесі, ділі, тіпті, жүрегіне шейін орысша сайрап тұрса, ол неге қазақты сүюі тиіс. Қазақтың тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрі үшін оның жүрегі неге ауырмақ. Адам баласының жүрегі қай тілде күмбірлесе, оған сол елдің Құдайының ғана әмірі жүреді. Қалай десек те бір ғасыр бұрын өмір сүрген Абай атам бізден мың есе бақыттырақ. Өйткені ол уақытта халықтың кеудесінде қазақ деп соққан бір-ақ жүрек бар-тын. Қазақтың жүрегі бүгін екі тілде сөйлейтін болып, ортасынан қақ айырылды. Сол жүректі жамау үшін әлі қанша уақыт керек екенін бір Құдай біледі. Жүректі жамаған күннің өзінде оның ізі қалады емес пе. Кім білсін, сол жүректі жамаймыз деп жүріп, күндердің-күнінде қазақты өлтіріп алмаймыз ба..

Дереккөз: автордың «Сөз патшасы» деп аталатын кітабы

(Жалғасы бар)

Амангелд3

Амангелді Кеңшілікұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here