Қазақты сүю

0
3 061 рет оқылды

Бұл  мақала қоғамда жақсы талқыланды. Тіпті университет ұстаздары семинар сабағының арасында студенттеріне осы материалды тауып оқуға кеңес беретін. Қалың студент арасынан бірлі-екілі мақаламен таныс білімгер табылып қалса, талқыласып кететін жағдайларға да куә болғанбыз. Әлі күнге мәнісін жоймаған бұл тақырыпқа қайта оралғымыз келді.

Дереккөз: автордың « Сөз патшасы» деп аталатын кітабы

 

Қылыштай қиғыр алмас ем,

Шарға шауып мұқалдым.

Суаруы қанық көк сүңгі ем,

Сұғуын таппай тот алдым.

Махамбет

Адам баласының өз ұлтына деген асыл сәулелі сүйіспеншілігі, Құдайға деген махаббатынан бастау алуға тиіс. Ал, біздің жүрегімізде Құдайға деген махаббаттың шырағы сөніп қалған. Құйындай зымыраған аласапыран заманның қайда бет алып бара жатқандығын білмей абдырап, бағытынан адасқан, жалған болмысымызды мойындағымыз келмейтін біздің бейшара жанымызда қазақты сүюге орын қалмады.

Құдай сені адам қылып жаратқан соң расында да бар жан-тәніңмен хайуандықтың аралынан алыс жатқан нұрлы әлемді сүйгің келеді. Ал, адамдық қасиеттен жұрдай, өтірік өмір сүруді дағдыға айналдырған, келер ұрпақтың несібесін жеп, өз халқын сүлікше сорып, ішкенін-жегеніне мәз-мәйрам болып, бар байлығын сырттан келген келімсектерге үлестіріп беріп, туған бауырын шетке тебетін, Абай атамыз айтатын «надан» қазақты сүю мүмкін бе өзі.. Жо, жо, жоқ. «Әр қазақ- менің жалғызым» (Сабыр Адай) деп елеуреп, халықты өтірік алдап, қызыл тілдің шешені болмай-ақ қойыңыз. Жүз жерден тырыссаңыз да, мұндай қазақты сіз шын жүрегіңізбен сүйе алмайсыз. Мұндай қазақты сүйсеңіз, күндердің-күнінде сіз де сол хайуандыққа бет алған азғын тобырдың арасынан табыласыз.

Қазақтың көп жағдайда қатыгез, қайырымсыз келетін себебі — өз халқына деген шынайы махаббатының жоқтығынан. Міне сондықтан да біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандықтардың бәрі де қазақтың атымен жасалады.

Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды баспаналарынан тырқыратып қуып шығып, бульдозермен үйлерін бұзып, барар жері, басар тауы қалмай, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды «өлмесең өрем қап» деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де «Қазақтың келешегі үшін!» деген, «ұлы» ұрандардың арқасында жүзеге асырылады. Әлемнің барлық келімсектерін бауырына басуға әзір қазақтың ешқашан да өз бауырына жүрегі жібіген, сүйіспеншілік сезімі оянған емес…

Біздің қазақ өзінің қақ төріне қытайды, орысты, немісті, шүршітті шығарып, олардың алдында төсек болып жайылуға әзір, бірақ туған бауырына келгенде шекесі тырысып қалады, өліп бара жатса да аузына су тамызбайды.

Өзге елдің ортанқол ғана таланттарын төбесіне шығарып тайраңдатып қоятын қазақ, өз ұлтының маңдайына біткен марқасқаларын сүйек тастап, босағада ұстағанды ұнатады. Ит басына іркіт төгілген кешегі кең заманда халқын шексіз сүйген ақын Мұқағали қазақтың ішінен махаббат таба алмай «мен нағыз махаббатты армандаймын» деп, зар еңіреп, баз кешіп, дүниеден озды.

Қазаққа кішкентай жақсылық жасалса, ішімізді аламысық тырнап, қызғаныштан өртеніп кете жаздаймыз. Орыстың бір жаман кемпірі ескерту айтса жым болатын біз, қазақтың бір данышпаны ақыл айтса, жағасынан аламыз, ендігі уақытта оның ішкенін ірің, жегенін желім қылмайынша ұйқы көрмейміз, тыным таппаймыз. Қазақ жұмыссыз қалса, әйеліміз ұл тапқандай қуанып, «өздеріне сол керек» деп, кешке жақын теледидардың алдында мамық жастыққа жантайып алып, «қазақтың жалқаулығы», «қазақтың надандығы» туралы әңгіме соғып, кәйіп аламыз.

Қолынан түк келмейтін қазақты әбден жамандап, құлағымыздың құрыш етін қандырған соң, бойымыз жеңілдеп, кеудемізді бір қуаныш сезімі кернеп, рахатқа кенеліп, балбырап, тәтті ұйқыға батамыз. Күнін көре алмай жүрген бейшара қазақтардың арасында өзіміздің жоқ екендігіміз есімізге түскенде, жүрегімізде бір қаскөй қуаныш тұрады.

(Жалғасы бар)

Амангелд3

Амангелді Кеңшілікұлы

 

«Алауинформ»

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here