Қызық адам, қырсық шал

1
3 445 рет оқылды

Кемелдену тұрғысында әр адамның өз ұстанымы бар. Орыстың ұлы жазушысы, адамзаттың ақылшысына айналған Лев Толстойдың кемелдігі туралы айтылым аяқталған емес. Күллі адамзат баласына ортақтық деңгейге жете білген Лев Толстоймен орыстар мақтанады, бірақ оған қатысты діннің шеті шықса тілдерін тістей қалады. Оның өмірбаянын зерттеушілер кемеңгерге анасының тәрбиесі рухани баспалдақ болған дегенді баса айтқанды ұнатады. Алайда 2жасында анасынан, 9 жасында әкесінен айрылған ойшыл өмір хақында ерте ойлануды бастап кетсе керек. Бір ғана салада емес, адамның жан-жақты дамуы қажет екенін ерте ұғынған бала ізденістің қамына да ерте кіріскен. Мәскеу мен Петербор,Тула қалаларындағы ізденістеріне көңілі толмаған Лев Толстой Николай ағасына, Кавказ жеріне кетеді. Оның«Балалық шақ» деп аталатын еңбегі осы жерде дүниеге келген.

1851 жылы Кавказға келген сәттен ол ислам дінінен хабардар бола бастады. Бұл күнде ойшылдың қанатты сөздерінің көбі құранмен мәндес келетіндігіне орай исламтанушылар оны жатсынбайды.

Өмірінің соңына таман Египеттің мүфтиі Мұхамбед Абдомен жазысқан хаттары және Қазан Универсиетінің филисофия факультетінің шығыс тілдеріне таңдау жасауы, араб және түркі тілдеріне қызығушылығы Лев Толстойдың мұсылман болғандығын дәлелдей түседі дейді ғалымдар.1901 жылы православтық шіркеуден аласталыған оны сол дін өкілдері мұсылман ретінде де мойындағысы келмейді. Осы себепті, Л.Толстой және дін деген тақырыпқа орыс және классикалық батыс әдебиеті тым құлықсыздық танытады. Ал бұл сұрақты көлденең тарта беруден жалтармайтындарға да жауап дайын: «исламтанушылармен жазысқан хаттары ештеңені дәлелдей алмайды, ол рухани кемелдену жолында түрлі дін өкілдерімен хат жазысып, пікір алмасты. Будда мен Конфуцийдің іліміне де құмартып Махатма Гандиймен де хат алысқан.» Ойшылға жаңа ғасыр биігінен қарау қажет деп есептейтін бір топ әдебиетшілер дін-опиум деген заманда Л.Толстойдың оқырмандарының көп болуы оның шіркеуден аластатылумен байланысты болуы да мүмкін деп есептейді.Алайда «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренина» жазушыны жаңашыл ретінде танытты.

   Қазақ ойшылы Шәкәрім: «Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың»деген сөзді айтуда қаншалықты салмақ бар екенін бағамдап барып жырға қосқан.

Ислам діні туралы білімі терең, ілгені көп болғанмен ол ислам шарттарын орындамаған, қалыпты орыстарша ғұмыр кешкен деген уәж де айтады толстойтанушылар. Ал Толстойдың шәкірті болудан танбайтындар кемеңгердің мына жазбасын алдыға тартады:

«Менімен бір сенімде болсаңыздар қуанар ем. Өміріме сәл ғана назар аударыңздаршы…Байлық, дәулет, атақ дейтін пендеуи жетістіктер менде жоқ. Достарым мен отбасым да теріс айналған. Олар ымырашыл әрі сылқым жандар болғандықтан мені есінен адасқан, ақымақ деп ойлайды. Ал революционерлер мен радикалдар көкауыз мылжың,мистик деп есептейді. Биліктегілер мені тіпті қатерлі деп қалыптастырып алған.Мойындаймын мұндайдан мен шаршадым, қиналып кеттім. Мені момын мұсылман деп таныңыздар, мен туралы осылай ойлағандарыңыз дұрыс… »

Арыстан шалдың мұсылман немесе мұсылман еместігін былай қойғанда, православтардың өзі түрлі тартыстардың тізгінін босатқан. Олар Толстой өмір бойы шіркеуден аластатылғаны үшін өкініп өтті, оны кешіріп православ деп тануымыз керек десе, енді бірі дінге қатысты ащы сыни көзқарасы үшін мүлдем кешірмеуді дұрыс деп таниды.

Толстой шал

Оның шығармаларында сенім бар, дінге қатысты шектеу жоқ. Ол18 мың ғаламды Жалғыз ғана Жаратқан жасағандығына нанған. Рухани кемелдікке жету үшін бір ғана дін мен бір ғана мемлекеттік пайымның тым аз екендігіне ерте жастан көзі жеткен жазушы өзгенің қажауына түспес үшін өзіңді қайрау қажет деп ұққан.

«Құдай айтты: мен бейтаныс әлем болдым, танымал болу үшін адамды жараттым». Бұл адамның құлшылық етуге жаралғанын ойшылдық сөзбен жеткізу. Өз даңғылын салып, жолдағы кездесулер мен кедергілерге бөгелмейтін жандар расында да бізге бір түрлі көрінеді. «Қызық адам » деп баға берміз ондайларға. Иа, бізге ұқсамайтындардың бәрі « Қызық»! Арыстан шалға да өз заманында сондай баға берілген, оны қырсық шал деп те атаған. 1910 жылы 7 қарашада өкпеге тиген суық нәтижесінде қырсық шал :«Маған ешкім де кедергі келтіре алмайтын сапарға кеттім » деген соңғы сөзбен көз жұмған.

Айнұр Төлеу

«Алауинформ»

1 Пікір

  1. Əдебиетшінің журналист,оның ішінде заманауи болуы ғажап нəрсе ғой! Сайт қазаққа қажет жайттарды қозғай берсін!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here