Биылғы жыл ауыз толтырып айтатындай, Азаттығымызға ширек ғасыр толайын деп отыр. Азат елдің ұрпағы ретінде азаттықтың қадіріне қаншалықты жетіп үлгердік? «Көршің соқыр болса, көзіңді қыс» дегендей, біз көршіден әдет жұқтыру тұрмақ, бодандықтың қамытын киіп, әдетін емес болмысын бойымызға еріксіз сіңірдік қой. Отарлаушы елдің тілінде сөйлеп, қаламыз бен даламызды солардың көсемдерінің атымен атадық. Құдайға тәуба, азаттығымызды алып барымызды қайтарып жатырмыз, деседе әлі де болса шегелеп кеткен шегесін суырмай, күрмеусіз жібін шеше алмай, Кеңестік шекпенді киіп келе жатқан тұстарымыз да бар.

Тілдік тұрғыда айтсақ, биліктің сөзі өзге елдің тілінде болса да, халықтың тілі өз анасының тіліне оралып келе жатыр. Бірақ, әлі де болса өз жауапкершілігін сезіне алмай жүрген жандар да аз емес, анасының тілінде сөйлеген қазақ немересіне, өзге тілде жауап берер әжелерді де көріп  күлерімізді де, жыларымызды да білмейміз. Бір жағынан оған жылап қайтеміз, бастысы ертеңімізге үмітті ұрпақ ана тілінің қадірін сезіп өсіп келе жатқанына үміт артамыз.

Кеңес үкіметі кезінде бүкіл елді- мекендер мен қалардың, көшелердің атын өздерінің «ұлы көсемдеріне» беріп тастаған еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін, өз тұлғаларымызға ауыстырдық. Заң жүзінде ауысытруын ауыстырғанымызбен, үйреген әдет қалмайды деп әлі де болса ескі аттарын сүйреп жүргеніміз ақылға қонбайды.  Өзге жерлерді айтпаған күнің өзіне 1993 жылы Алма-атадан Алматы болып өзгерген қазақтың Алматысын әлі де болса, «Алма-Ата» деп жүргендер де бар.   Алматының іргесідегі ауылдардың қазақшасын айтар болсақ, сол жердің тұрғындарының өздері біле бермейтіндері бар. Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау, Белбұлақ деген ауылдарға барғыңыз келсе; Калинин, Мичурын деп ескі аттарын айтпасаңыз таба алмай қалуыңыз мүмкін.

Біз билікті сынауға әуеспіз, «әлі де болса ескі ауруынан айырла алмай жүр»,- деп. Бірақ, өзіміз биліктің жасап бергенін де пайдалана алмай келеміз ғой. Ресми деректерге сүйенсек, Тәуелсіздік алғаннан бері Алматыда 158 көшенің атауы өзгеріпті. 158 көшенің сегізінің атын өз атымен атасақ та, 150 көшені әлі ескі атымен атап жүрміз десем артық айтқандық болмайтын шығар.  Желтоқсанды Мира деп, Қабанбай мен Наурызбай батырларымыздан  Калинин мен Дзержинскийдің бағы басып болып, Үш биімізден Октябрь, Комсомол, Совет ұғымдарының қадірі артып тұрса, Райымбек атауына батырдың ескерткіші мен кесенесі де ес қатар емес. Қазір Алматыдағы Фурманов көшесін Әлихан Бөкейхан көшесі деп ауыстырсын деп өтініштер айтып жатырмыз ғой. Алматы әкімшілгі ұлт көсеміне сол көшені бергенде де, өз көсеміміздің атымен емес, Фурмановтың атымен атап жүрмесек болғаны.

Міне бұның бәрі өз жауапкершілігімізге селқос  қарағанымыз, үйренген әдет қалмайды деп, ескі шекпенімізді шешуге мән бермегендігімізден. Бұл арада тіпті заңдық талаптың жоқтығынан болуы да мүмкін, себебі 24 жыл бойы қоғамдық көліктердің бақылаушылары ескі атымен айғайлап келгенде оларға қой деген ешкім болған жоқ. Екі қазақ бас  қоса қалар болсақ, орыс тілінде сәлемдесіп, орыс тілінде қоштасып кете береміз.

Қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы өткен жылы өзінің «Қазақ болайық» деген кітабын жазған еді. Ол кісі өз еңбегінде:  « әр қазақ баласының тәні ғана қазақ болып қалмай, жаны да, рухы да таза қазақ болса, әр қазақ азат қазақ болса»,- деген ұранды ту еткен еді. Менің де айтарым сол, әр қазақ рухын азат етіп, ескі шекпенін шешер кезі келді.

Тұрдыбек Құрметхан

«Алауинформ»

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here