Осы жазда Астанадағы білдей бір беделді лауазым иесінің әйелі Сайраш күйеуімен  Чехиядағы әйгілі Карловы Вары деп аталатын  демалыс орнына барады. Бұл өзі кеңестік заманда Совет одағының құрамына қарайтын республикалардың бірінші басшылары ғана емделіп, тынығатын атағы әлемге белгілі сауықтыру шипажайы болатын. Қазіргі таңда кез келген қалтасы қалың, қаражаты мол адамдар сауығып, сайран салатын орынға айналған. Ал мұндай жерде үлкен шенеуніктің әйелі демалмағанда  ше? Құдайға шүкір, байлық жетеді. Сұлтекеңнің мол табысының, үлкен беделінің арқасында әлемнің талай түкпірін аралады, жер шарының небір қиырын шарлап бақты. Қарап отырса, астанадағы мың шаршы метрден асатын еңселі үйлерінде құстың сүті мен  жылқының өтінен басқаның бәрі бар шығар, сірә. Басқа ірілі-ұсақты бұйымдарды былай қойғанда, соңғы үлгідегі  жиһаз атаулының ең қымбаты, бағалысы осылардың үйінде.

Сонда да Чехияның  «богемия»  деп аталатын люстрасын, бриллиантын іздеп дүкен қоймай, бағалы бұйымдарды ала береді. Жалт-жұлт еткен  дүниеге  көзі тояр емес. Өзі секілді бірталай адамды  Прага қаласынан да, дәл осы Карловы Вары демалыс кешенінен де  кездестірді. Олар да әртүрлі деңгейдегі дөкейлердің әйелі немесе мәдениеттілеп, жұмсартып, қазіргіше айтқанда біреулердің осында ерте келген нақсүйері.   Елден жырақ, оңаша қыдырып, демалыстап келгендері көрініп тұр. Солардың бір-екеуімен қысқаша шүйіркелесіп қалғаны бар. Бәрінің ой-армандары, мақсаттары  негізінен ұқсастау.

Ал мына бір келіншектің жүріс-тұрысы, мінезі, сабырлы қалпы өзгелерден бөлектеу ме қалай?.. Тіпті мүлде ұқсамайды десе болғандай. Бұл келіншек  өзінің загсте тіркелген заңды  күйеуімен сонау астанадан келген.  Айтуына қарағанда оның отағасы мұнай-газ мекемесіндегі басшылық  қызметте істейтін көрінеді. Осында келіп ем алып, таулы, иісі мұрын жарған қарағайлы орманның таза ауасымен тыныстап, дәрігерлердің күнделікті тағайындаған ем-домын  үзбей қабылдап, басқа ештеңеге алаңдамай жатқан сыңайлы.  Қолы босай қалса таза ауада қыдырыстап көп жүреді.  Шипажайдың емдік қасиеті мол суын ішіп, қылқан жапырақты  қарағайдан бөлінген саф таза ауамен кеудесін кере демалып, сәл дамылдап тұрып қалатыны бар. Шамасы, дерті асқынған адамға ұқсайтындай…

керек сурет

Алғашқыда бұған аса мән бермеген.  Өзі күнде жанталасып, алысты-жақынды базар, дүкен атаулыны қоймай аралап, дорба-домалағын арқалап, саудасын қыздырып жүргенде көңіл аудармаса керек. Енді біраз уақыт өткеннен кейін  аптығы  басылып, арыны  қайтқан соң жан-жағына назар аударып қарағанда байқады.  Сөйтсе, әлгі мұнай-газ магнатының әйелі  ештеңеге қызықпайды,  көздің жауын алған дүние атаулыға назар да салмайды. Өзі тіпті қарапайым. Кешкі демалыс орындарына, ресторанға барғанда өзгелер секілді саусағында алтын сақинасы, тағып алған бриллиант сырғасы, мойнында сала-құлаш алқасы да жоқ,  Кәдімгі қарапайым  қалпынан бір танбайды.  Ал шынтуайтына келгенде мұндай дөкей күйеуі бар келіншекте қаражат жоқ болуы мүмкін емес. Сонау алыстан қиян түкпірдегі атағы жер жаратын Карловы Вары санаториясына  екінің бірі келе бермейді. Оның үстіне, бірнеше күн ішінде байқағаны, бұларға талай адам келіп сәлем беріп, құрақ ұшып  жатқанын көрді. Ал әйел болса сол бәз-баяғы қалпы. Көркі де ешкімнен кем емес, аса қартайып тұрған жоқ, қырықтың ар жақ бер жағындағы келбетті келіншек.  Сонда түкке  қызықпайтын бұл не қылған адам? Жоғарыда айтқанымыздай,  байлығы жоқ деуге мүлде келмейді. Күн сайын телефон шалып, балалары хабарласып тұрады. Солармен  болған амандық-саулық ауанынан да талай нәрсе аңғарылады. Көпті көрген, небір аузымен құс тістейтін дөкейлермен дастархандас, аралас-құралас  болған адамдар екені әңгімелерінен байқалады.

Сонда  дүниеден баз кешкендей бұл не қылған адам деп  оған сырттай таңдана қараумен жүрді. Әйтеуір ашылмаған бір сыр бар секілді. Алайда, оны да анықтаудың ыңғайы келді. Бір күні тынығып жатқан  әйелдердің күйеуі  қала аралап бөлек кетеді. Содан құпия сырдың бетін ашуға ынтыққан жағдайдың сәті түсіп,  бұл әлгі әйелді ресторанға шақырғанша асығады. Кеш түсіп мейрамханаға келгенде оңаша  отырыста сырласады.

-Сіз осы  неге  ештеңе алмайсыз,  дүние атаулыға  қызықпайсыз? Тіпті назар да салмайсыз,- деп сұрайды.

Сонда ол келіншектің тұңғиық ойға беріле отырып айтқаны мынандай:

– Бұл дүние жалған, уақытша. Жанталаса жиған затыңды ана жаққа көтеріп алып кете алмайсың. Бәрі әдіре қалады. Мен жазылмас аурумын, басымда, миымның ішінде ісік бар.

Маған жарық  дүниеде жүруден асқан байлық жоқ, бір жұтым таза ауамен тыныстап, әрбір алған демім қымбат.

Дүние атаулы түк те керек емес, үйде бәрі бар. Бұл фәнидегі жалған дүниеде маған балаларымның амандығы, отбасымның тыныштығы, деннің саулығынан асқан байлықтың керегі жоқ. , -деп ұзақ ойланып қалды да, сәл тыныстап алған соң әңгімесін ары қарай жалғастырды.

– Мен шырша емеспін ғой, қызылды-жасылды ойыншықтарды өн-бойына іліп қоятын. Артынан оны  да алмастырып басқасын іліп, былайғы  жұрт тамашалайтын. Қарап тұрсаң адам да сол өсімдік сияқты, құлаққа бриллиант, алтын сырға, қолға неше түрлі сақина тағып, әшекейлеп елдің көзіне түсіріп, көрмеге қойғандай…

 

Бай мұнайшының келіншегі жолдасымен бірге тек қана  ем алуға, таза ауамен тыныстап демалуға келіпті. Мұнда жүріп жұтқан ауаның, әрбір демнің,  табиғатты, күнді, жарық  дүниені көргенінің өзі қымбат еді ол кісіге. Бірге сырласып, әңгімелесіп жүргенде тез шаршап қалатын, ауыр тыныс алып, ойланып тұрып қалатын.

Сәт сайын, сағат сайын ғұмыры азайып, талқаны таусылып, санаулы күндері қалғанын оған білікті дәрігерлердің талайы дөп басып айтып, ащы да болса ауыр шындықты білдірген көрінеді. Бір ғана амал – таза ауада көбірек жүрсе бәлкім ғұмыры ұзақтау болуы мүмкін. Сондықтан мыңдаған шақырымды артқа тастап осында келген жайы бар.  Егер бұл жалғанда – жер бетінде жанын алып қалар пенде болса барын салып, бәрін берер түрі бар. Өкінішке орай күн санап өсіп, асқына түскен қатерлі  ісіктің бетін қайтарар ешбір амал жоқ көрінеді. Тек қана Алланың жанын алар күніне мойынсұнып, қорқынышты сәтті күтуден асқан азап бар ма.

Осыдан кейін Сайраш келіншек  өзінің дүниеге қызыққан ұсақтығына  ұялып,  өзгеше күйге түседі. Бірте-бірте басқа адамға айналды.

– Пенделік, дүниеқоңыздық әрекетіме қатты қысылдым. Бес күндік өмірде аласұрып, асығып аптықпай, барға қанағат тұту керек екен ғой деп, тәубаға келдім. Құлақтағы бриллиант, қолдағы алтын сырғаны  сыпырып тастап, сабама түстім. Алла осы бергеніңе шүкір деп, күрт өзгердім. Жылтырақ  дүниеге қызығу жайына қалды, тұңғиық ойға берілетін болдым,  аяқ астынан  күрт өзгердім. Әлгі кісінің тағдыры, өз басындағы мүшкіл халді  айтқаны маған ерекше әсер етті. Содан  көп ұзамай елге оралдық.,-дейді.

Әу баста Сайраш  да өзгелер секілді  ауылда туып өскен, кейін оқу іздеп арман қуып, ойға алған мақсаты оңай орындалған әдемі бойжеткеннің бірі болды. Көріктілігінің арқасында таңдаған жігітіне қосылды. Келбетті болған соң оның еркелігін бәрі де көтеретін. Сондықтан да сәл адуындылау болып өсті. Өзгелерге дегенін істетеді. Әрине, ақылсыз да емес. Алдағысын ойлап, осының болашағы зор болады-ау деген жігіттің қолынан ұстай білді. Бұл күнде өзінің қателеспегенін  кейінгі өмірінің өзі көрсетіп отыр емес пе,  кезінде тұтынушылар одағының бастығы болған әкесі бар жігіті де  талай биікке самғады. Қазір болса министр. Бұдан артық не керек.

Үкімет мүшесі саналатын министрдің мекен-жайы қандай болатыны белгілі. Даңғарадай  алып, еңселі үйде екі жүргізуші,  екі үй күтуші, ас мәзірін әзірлеуші, сыртқы ауланы тазалаушы, олардан басқа үйдің күзетшілері бар.  Міне солардың іс-әрекеті  көбіне-көп адуынды келіншектің көңілінен шыға бермейтін,  істеп жүрген жұмыстарын ұнатпай, өздерін жиі ауыстыра беретін. Үйдегі шетелдік қымбат жиһаз, небір асыл бұйымдар, баға жетпеес лағыл тастар да біраз уақыт өткен соң ескіргендей әсер етіп, одан да қымбатырағын іздеп, өзгелерде жоқ эксклюзивті бұйымдар болса деп соны қолға түсіргенше тыным таппайтын. Өзі секілді санаулы  дөкейлердің бәйбішелерімен әңгімелері негізінен елде жоқ бағалы бұйымдар төңірегінде өрбитін.  Кімдердің қай елде демалып келгені, қай келіншектің отағасы болашақта қандай  биліктің тұтқасын ұстайтыны, кімнің қандай министр болатыны болжанып,  алдын ала қызу әңгіме өзегіне айналып жататын.  Бұл өзі еш уақытта күн тәртібінен түспейтін тақырып және әйелдер айтқан соң көбінесе арада көп уақыт өтпей жатып шындыққа айналатын…..

Cайраштың бойындағы оң өзгерісті күйеуі де байқайды. Демалысқа бармай тұрып, ана  күтушінің көзін құртам, маған ұнамайды,  жедел қимылдамайды, өзі  сылбыр біреу  дегені бар. Тағы бірде – ана күтуші де тойынып алды, үй тазалағаны  көңілімнен шықпай жүр, басқасын таппасам дегені бар. Отағасы үйге келген соң  келіншегіне:

– Ана шофер ұнамайды деп едің, басқасын әкелдім, үй күтушісін де алмастырайық,- дейді.

Бірақ  Сайраш  бұрынғы жүргізушіні алмастырмай сол күйінде қалдырды. Ал ауланы  жиыстыратын үй күтушісінің біреуін қалдырып, ас әзірлейтін екіншісін босатады.  Бір шаңырақ  астындағы  балаларына, күйеуіне өзінің де ас әзірлеп бере алатын жағдайы бар. Және кезінде тамақтың неше түрін жасап, бір кісідей аспаздықтың қырларын меңгеріп алған болатын. Ас мәзірін  дайындаудың өзі керек десеңіз, анасынан дарыған өнер деп тануға болады. Көңіл тоғайып, тойынғандықтан бірте-бірте соны да ұмыта бастапты. Енді мұным ұят болды-ау деп тәубаға келді.  Шүкір денсаулығы мықты. Ойлап отырса өзінен қолы бос адам жоқ, Үй ішінде балалармен бірге шүйіркелесіп ас үйде жүргеннің өзі  көңілді екен. Соны енді  жете түсінгендей болды.

Астанаға келген соң бұрыннан араласып жүретін өзі қатарлас биік лауазымды мықтылардың  келіншектерімен тағы да араласа бастады. Өздері ғана бас қосатын үлкен  отырыстарда  талай байқағаны бар, кейбір дөкейлердің  сұлу жұбайлары тым жас, екінші әйелдері.

Олардың не кием, не ішем дейтін қатардағы өзекті жандардан әлдеқашан бөлектеніп, қарапайым пенделердің күйкі тірлігінен ада болып, алшаң басып жүргендері өз алдына, енді  тіпті армандары асқақтай түскен еді. Тым мықтыларының кейбір нақсүйерлері  тіпті масайрағандары соншалық, экскюзив деп аталатын ілуде бір ғана кездесетін, арнайы тапсырыспен жасалған, асқан жоғары зергерлікті талап ететін  гауһар (бриллиант) сақина, сырғаларды тағуға ынтығып, соған қол жеткізуді  мақсат етіп қояды. Және оны  бір салтанатты басқосуда ғана тағады, екінші мәрте қайта пайдалану  олар үшін ұят шаруа. Өзгелер байқап қалса тіпті масқара. Бір тойға арнап тіктірген қымбат көйлекті  екінші мәрте кию деген атымен болмайды. Алайда ол бикештер мұндай өрескелдікке жол бере қоймайтын.Қарап отырса мұндағы мықтылардың үйіндегі сылқымдардың арасында  небір қылықтарымен көзге түсіп, есіргендері де, кесірленіп  тойынғандары баршылық екен.

Бір министрлік департаментінің  басшысы  жиі-жиі іссапарда болады. Қызмет бабы солай болғандықтан алысты-жақын шетелге шығып, апталап жүріп қалады. Ер жетіп, есейіңкіреген екі баласы да шетелде оқып жатыр. Күйеуі сапарда болған соң даңғарадай үйде қалған жалғыз келіншектің істейтін шаруасы жоқ, әбден іші пысады. Үй күтушісінің де тындыра қояр бәлендей шаруасы жоқ, ертелетіп кетіп қалады. Ал күзетшілер болса ылғи аулада жүргені. Күні бойы  жалғыз өзі үйде не істесін,  аздап қымбат вискиден тартып салады. Аздан соң әлгіні тағы қайталайды. Осылайша әдетке айналған әрекет оны біраздан кейін маскүнемге апарып соқтырады. Алғашқыда оған мән бермеген дөкей күйеуі макүнем келіншегінің қылығын кейін байқайды. Содан тағы бір жолдасының  әйелі  араққа үйірсек келіншекті қазақы емшіге апарып түшкіртіп, бақсылық жолмен емдеткен болады. Содан Ақтауға, Бекет ата басына да алып барады. Бақсы, балгерлерге көрсетіп, байғұстың  басын әбден шыр айналдырады. Көп кешікпей келіншек басын тұмшалап, намаз оқып кетеді. Мұны көрген орысқолдылау күйеуі бұдан шошып, «крышаң»  кетті деп,  ақыры ажырасып тынады.

Бірде  Сайраш  орталық көшелердің біріндегі  дүкен маңында  жұпыны киімді бір әйел бар дауысымен бақырып, «енді қайттым, балаларым аш қалатын болды-ау, бар ақшамнан айрылып масқара болдым ғой»  деп жаны шығып шырылдап тұрғанын көреді де қасына келіп мән-жайды сұрайды. Сөйтсе,  әлгі  міскін екі мың теңгесінен түсіріп алып, жаны шығып, қатты қиналып тұр екен.  Содан оны  көлігіне отырғызып, үйіне апарады да, жиырма мың теңгені қолына ұстатып, балаларға арналған қыстық киімдер мен аяқ киімдерді дәу сөмкеге салып, оған қоса біраз азық түрлерін, тағамдарды екінші сөмкеге толтырып, жүргізушісі арқылы үйіне апарып салуды айтады. Ол әйел қайта-қайта  алғысын жаудырып, үйіне қайтады.  Сөйтсе,  оның тұратын жері ой-шұқыры мол, қаланың шетіндегі 15 шақырым жердегі саяжай ішіндегі құрқылтайдың ұясындай үйшік күркеде  екен. Жүргізуші жолда батпаққа тығылып, екі сағат жүріп,  әлгі әйелді  мекен-тұрағына әзер жеткізіпті.

Күніне азын-аулық нәпақаға  қол жеткізгісі келіп, шарасыздықтан Аллаға жалбарынып, жандары қиналғандар мешіт маңында жиі кездесетіні бар. Бірде  жаратқанның барлығына  шәк келтірмеген әпенделеу жаңа қазақтың бірі   мешітке барып дұға қылып, аспанға алақанын жайып, Иа Алла бизнесімді өрге домалата гөр, бір миллион доллар беріп, байлығымды арттыра түс, деп күбірлеп, өзінше құдайға құлшылық етіп отырса, оның қасына келіп қатарласа жайғасқан  бір бейшара: «Иа Алла, тым болмаса күніне мың теңге нәпақа бере гөр, балаларым аш қалмасын» деп дауысы  қаттырақ шығып, ерекше өтініп, жаратқанға жалбарына сұрап қайта-қайта қақсап ортырса керек. Содан жанындағы жаңа қазақ:  «әй сен  жоқтан өзгені сұрап, құдайдың басын қатырма, мә  мың теңгені ал да кете бер» деп әлгі міскінді қасынан қуып жіберіпті.

 

Сонымен, Сайраш шетелдегі демалыстан оралған соң  мүлде өзгерді. Сабырлы, салқынқанды, салиқалы кейіпке түскен.Оны өзі қатарлас құрбы келіншектер де байқайды. Сөйлесе сөздің мәйегін ағытатын, өзгелерді ұйытып әкететін, жұртты қасына үйіріп алатын  қасиеті бар Сайраш  бірде құрбылардың басын қосып, біраз пәлсапалық ойларын айтып, өмір туралы толғамдарын ортаға салды. Санаторияда болған жәйтті  еске алды. Деннің саулығынан, балалардың амандығынан асқан бақыт, үлкен байлық жоқ екеніне өзгелердің көзін жеткізді.

 

Қазір сол өзі секілді жағдайы жақсы, күй-қуаты мықты келіншектердің біразы талай адамға  хал-қадерінше қолұшын беріп,  қиналғандарға көмектесе бастаған. Солардың бірі  шаһардағы балалар үйінің  бірін қарамағына алып, ай сайын қаржылай көмек көрсетіп отырады. Азықпен көмектесу өз алдына, алпыс балаға киім әперіп тұруды міндетіне алған. Ал енді бір келіншек  мектеп бітірген жетім баланың біреуін қолына алып, оқытып  тәрбиелеп, мұнтаздай етіп киіндіреді. Оған  ағылшын  тілін үйретіп, демеушілік көрсетіп, осы күзде Еуропаға  оқуға жібергені бар.   Сайраштың тағы бір ақсүйек құрбысы Германиядан келіп бала асырап алмақ болған шетелдік азаматтың жолын кесіп,  тілінің мүкісі бар бозбаланы дефектолог дәрігерге емдетіп қатарға қосып сауабын алды.

 

Айта берсе бұл  Сайраштың және оның құрбыларының істеген көп жақсылықтарының бірі ғана.  Жалғыз ол ғана ма екен, тәубаға келіп, көмек қолын созып, қайырымдылық көрсетіп жүрген. Өткен жылы Алматы көшелерінің біріндегі дүңгіршекте шиеттей балаларымен газет сатып екі жыл тұрған әйелге Ақсайдан екі бөлмелі пәтер алып берген, өзі  белгісіз болып қалған азамат туралы ақпарат құралдары айтты да. Ондай жақсылығын жарияламайтын, ал шынымен  көмек қажет ететіндерге қолұшын беретіндер сирек те болса кездеседі ғой.

 

… Бұл күнде Сайраш кейбір  лауазымды қызметкердердің келіншектерінің басын қосып, имандылық  ұйымын құрып алған. Олар да  Сайраштың айтқанын қалт жібермейді. Бар дүниелерін таратып бермесе де, сабаларына түсіп, асып-тасқан  әдеттерінен арылып,  осы тірліктеріне шүкіршілік жасап,  дүниеге қызығушылық,  көрсеқызарлық  секілді жағымсыз әрекеттерден  едәуір тиылған.  Қанша дегенмен,  оқыған, тоқығаны бар, зиялы қауым ортасынан ғой, көбінің түсінігі мол…

Саясат БЕЙІСБАЙ

«Алауинформ»

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here