Ағат айтсам о, муза, сөкпе мені

0
4 379 рет оқылды

Ай көркем қыз,гүл керім,
Ерке мінез қылықтым.
Тек сен аштың тілдерін,
Кілтсіз жүрек-құлыптың.

 

Бойда лаулап от әлем,
Бір ғажайып күй кештік…
Сегізінші нотамен,
Сырлы әуендей үйлестік.

 

Сенім артқан сүйіктім,
Сезіміңе қанықпын.
Өзің барда биікпін,
Айсыз түнде жарыкпын.

 

Ғашықтықпен расында,
Тәуекелмен өрт кештік.
Із қалсын деп ғасырға,
Ізгілікпен серттестік.

 

Сыңғырлайды күлкің де,
Жүрмін және мәз боп мен.
Жұптасуы мүмкін бе,
Екі мезгіл жаз,көктем?!.

****

Жүрген шақта мұнар ойда,
Лап қойғандай тұла бойға
От келіп.
Өрт сезімді өкіндірген,
Бастан тағы отырмын мен
Өткеріп.
Қанша ызғарға тоңсақ-дағы,
Солған сезім сол шақтағы
Бүр жарып,
Пәк махаббат гүл өрілген,
Бүгін қайта жүрегімнен
Кетті өніп.

Көөп жылдан соң хабарласып,
Болғандығын маған ғашық
Ақтарды…
Сүйгендігі «естен кеткен»
Рас болса,кештеу жеткен
Хатты алдым.
Кәусар сезім оралмас бұл,
Махаббаты ең алғашқы
Шығар деп.
Сүйген жарға шынымды айтып,
Өткен шақтан сырымды айтып
Ақталдым.

Сол жылдары мен КҮЙКЕНТАЙ,
Мұң шалмаған ол кішкентай жүрегі,
Еркін жүріп,еркелеген,
Сабағын от өртемеген гүл еді.
Ал мен бүгін затымды ұқпас,
Бір қарасам ақынға ұқсас
бір жанмын.
Бойжеткен қыз ал ол болса,
Шәкіртімнің амал қанша бірі еді…

Жаңбырлы түн…

 

Жырақ қалған жарқын менің,
Шуақ тамған алтын белім қайда?
Жауын кешіп өзіңменен,
Сыр ақтарған бал түндерім қайда?
Қайда өмірімнің сол шақтары,
Қайда дүр жаңбырдың моншақты әні.
Сезім-сөнбес жалын.
Қайда жастығымның сол кездері,
Айдай ақ арудың шөл көздері
бүгін бәрі сағым?!

Айлар асып жылдар өтті,
Жастығымыз жылдам өтті лезде.
Ол кездегі бала арманым,
Бұл күндері шыңға жетті өзге.
Самға ақ қанатты қиял құсым,
Жалғар гүл дәуренді күй,әнбісің?
Неткен жүйрік көңіл.
Гүлім,бәрі-бәрі есте бүгін,
Жырым-саған деген естелігім.
Өшпес өлең-өмір!

P .S

Муза

Жаңбырлы түндерде түсесің сен есіме,
Жарқ еткен жасынды ұқсатам елесіңе…
Ақ мөлдір моншақ тағып,
Кеттің-ау алшақтанып,
Оралмай көктем-өмір белесіне.

Тағдыр кейде көндірмес құламауға,
Жығылсам да тырыстым жыламауға.
Бос көңілім тек қана жасқа толды,
Шыдамай әділетсіз бұла дауға.

 

Қайтейін өмірімді тұманды еткен,
(Қолыма алмадым ба Құран көптен?)
Алайда Жаратқанға тәубе қылдым,
Қайтер ем ғұмыр кешсем бұдан да өткен.

 

Шыңдалдым саралаумен санамды әр күн,
Жарандардың ниетін сан аңғардым.
Шын түсіндім ақ — қара өмір заңын,
Көргенде пенделігін адамдардың.

 

Кей-кейде ақындықпен еркіндедім,
(Сонда да уәдемнің сертінде едім)
Бір адамға жақсылық жасау үшін,
Мың адамға қиянат келтірмедім.

 

Кетті ғой бұдан бетер бастан қайғы,
Өткенді ойлап жүректен жас парлайды.
Не пайда аһ ұрғанмен,шарқ ұрғанмен,
Қайтадан жастық өмір басталмайды…

 

Қоғамда құлдық сана асқынып тұр,
Тәуелсіздік табанын тас тіліп тұр.
Мәңгүрттер өміріне мәз боп жүрсе,
Ұлтшылдар жанарында жас тұнып тұр.
«Теңгені рубль қыл»- деп өз қазағым,
Еркін елдің қадірін қаштырып тұр.
Кейбіреу кешегі өткен одақты аңсап,
Толқыған ұлт көңілін пәс қылып тұр.
Қазақ сөзін сөйлеген тұлғаларды,
Бәзбіреу өз халқына қас қылып тұр.
«Х-фактор» сияқты жын жобалар,
«Қазақстан дауысын» бастырып тұр.
Төл өнерін паш еткен өнерпазға,
Космополит қандастар рас күліп тұр.
Кей жастарды азғырып жат ағымдар,
Саналарын улаумен мас қылып тұр.
Ұлттық мүддең тұрғанда ыдырамай,
Аз қазағым,бөлінбей… Бас біріктір!

О,МУЗА…

Өлең жазбай кеттім-ау көптен бері,

Өткен күннің оралмай көктем лебі.

Асуынан асырмай жатыр шіркін,

Көлденеңдеп тірліктің көк белдері.

 

Шабысымды мен әлде шектеу қылып,

Жыр асауды жүрмін бе ерттеу біліп.

Той-думаннан кеттім бе қызық іздеп,

Абыройды төктім бе көптеу күліп.

 

Қайда жүрсің, о, муза, сағым-елес,

Қажет еді өзіңнен тағы кеңес.

Жырсыз маған бұл өмір көлеңкелі,

Жырсыз маған бұл дүние жарық емес.

 

Талай дарын саған тер төккен еді,

Ағат айтсам о, муза, сөкпе мені.

Шабытымды одан да шарықтатып,

Қалықтатып жіберші көкке мені.

Тасбауыр заман

Уақыттың керуен көшіне еріп,

Сөйлейін бүгін шешіле келіп.

Сұмдықты небір көретін болдық,

Еліктеуменен есіре беріп.

Дөңгелеп өмір,құбылған ғалам,

Сұрқыңнан сенің сырыңды аңғарам.

Мейірім кеміп,қатыгез қаптап,

Біріне-бірі ұрынған заман.

Кешеміз ғұмыр сөнбес үмітпен,

(Қу көңіл кейде теңдес ұлықпен)

Жағымпаздықтан жан салмай алға,

Жүргендер қанша пендешілікпен.

Жырлайын мен де шамам қалғанша,

Қаракөз қалқам санаңда қалса.

Көрінер көзге иманды болып,

Қылмыскер болған адамдар қанша.

Мәңгүрттік билеп бастан улаған,

Ұрпаққа келді тасбауыр заман.

Бабалар салған бақ жолдан тайды,

Жеңілтек қыз бен асқан ұл надан.

Тәңірім құтты бірлікке құйған,

Әлсіреп жатыр шындық пен иман.

Араз ғып қойды бір туғандарды,

Дүние-мүлік тірлікте жиған.

Өмірдің әділ жолындағы адам,

Жалғандық сөзді қабылдамаған.

Сертінен тайған адамдар қанша,

Уәде беріп, орындамаған.

Толғанған жүрек,көңілім де ойран,

Жайқалсын гүлдей өңірім қайдан.

Осылай күнде алаңдауменен,

Барасың өтіп өмірім қайран.

Жаттықтың жолын салмасақ екен,

Қазақ деп биік самғасақ екен.

Жаһанданудың жалынан ұстап,

Жойылып кетіп қалмасақ екен.

Қадірін елдің тонатпай бүгін,

Ойларын жаттың жолатпай бірін.

Қайырын бергін соңының Алла,

Қазақылықтың жоғалтпай құнын…

 

 

 

 

Жангелді Немеребаев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here