Үздік журналистер марапатталды

0
172 рет оқылды
https://www.facebook.com/sarsenphoto

Кеше Алматыдағы «Қоғамдық келісім» үйінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының әлеуметтік маңызды жобалары негізінде Ұлттық журналистік зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Дін саласындағы өзекті мәселелерге байланысты үздік БАҚ өкілдерін марапаттау шарасы өтті.

Аталмыш байқауға 2018 жылдың 1 сәуірі мен қазан айының 1 жұлдызы аралығында жарияланған материалдар қабылданған. Үздік шығармалар сайысына 56 журналист пен қаламгер қатысып, орталыққа 100-ден аса жұмыс келіп түскен. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбековтың айтуынша, экстремизм мен жат ағымдарға қарсы күресте алғы шепте табылатын қалам иелеріне қолдау көрсету, сондай-ақ, мемлекеттік саясатқа серпіліс беретін ағартушылық бағытындағы жұмыстарды күшейту және экстремизмнің алдын алуда ақпараттық кампания құру басты мақсаттары болып табылады.

https://www.facebook.com/sarsenphoto

Төрешілердің шешімі бойынша «Үздік телевизиялық бағдарлама» номинациясына «31-арна» телеарнасы «Сөздің шыны керек» бағдарламасының авторы Ирина Советжанқызы, «Мерзімді басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала» номинациясына «Заң» газетінің тілшісі Түймегүл Ибашева, «Ең белсенді блогер» номинациясына белгілі журналист Төреғали Тәшенов, «Үздік әлеуметтік бейнеролик» номинациясына «31-арна» тілшісі Ардақ Камал, «Мерзімді басылымдардағы орыс тіліндегі ең үздік мақала» номинациясына «Central Asia Monitor» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Сауле Исабаева, «Үздік радиобағдарлама» номинациясына «Қазақ радиолары» ЖШС «Алматы» студиясының редактор-жүргізушісі Бақытжан Жармұхамбет, «Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ» номинациясына «Инстаграм», «Фейсбук», «ВКонтакте» әлеуметтік желілеріндегі «Біз экстремизмге қарсымыз» парақшасы, «Интернет желісіндегі орыс тіліндегі ең үздік мақала» номинациясына «Zakon.kz» желілік басылымы арнайы репортаждар бөлімінің редакторы Торғын Нұрсеитова, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік мақала» номинациясына «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, әлеуметтану ғылымдарының магистрі Айсұлу Молдабекова лайық деп танылды.

Сонымен қатар, ынталандыру сыйлығына «Түркістан» газетінің тілшісі Динара Мыңжасарқызы, «Алматы» арнасы «Ақшам алаңы» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Үмбетәлі Меймеш, «Abai.kz» ақпараттық порталының редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлы, «newtimes.kz» сайтының арнаулы тілшісі және «Ахыска» халықаралық газетінің тілшісі Кальбинур Хошназарова, «Асыл арна» телеарнасы «Арнайы репортаж» бағдарламасының тілшісі Алтынбек Рахымберді ие болды. Барлық қатысушыларға ақшалай сыйлық табыс етілді.

https://www.facebook.com/sarsenphoto

Үздік журналистерге марапатты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультеті, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Әмірғалиқызы, “Qazaq times” ақпараттық қоғамдық-саяси порталының бас редакторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің аға оқытушысы Қойшыбек Мүбарак, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің доценттері Қоңыр Мұқатайқызы мен Нұржан Қуантайұлы табыстады.

https://www.facebook.com/sarsenphoto

Айта кетейік, аталмыш шара осымен екінші рет өтуде. Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің аға оқытушысы Дәрмен Смайылдың айтуынша, БАҚ өкілдерінің арасында өтетін бұл байқау, болашақта да жалғасын таппақ.

Гүлжайна Саяқбаева

«Алауинформ»