Ұстаздарға қоғамдық-әлеметтік жақтан жеңілдіктер жасалуы керек

0
238 рет оқылды

Ұстаз мәртебесі дегенді  Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық –ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты мұғалім тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, кеншісінде ұстаз өсіреді» деген сөзі айшықтайды. Адамазаттың болашағын дайындаушы ұстаздарға деген құрмет қашанда өз орынын жоғалтпасы анық. Сондықтан қоғамда  «мұғалім мәртебесін қалай көтереміз?» деген сұрақтың жиі туатыны да заңды.

«Мұғалімнің мәртебесін қалай көтереміз?» дегенде, ұстаздың мәртебесі, ұстаздың орыны қашанда өз биігін жоғалтқан емес, жоғалтпайды. Тек мына нарықтық экономика дәуірінде мұғалімдерімізді ұлағатты ұстаз мәртебесіне сай құрметтей алмауымыз бен кей мұғалімдердің ұстаздық биігіне көтеріле алмауы ғана.

Өзім де мұғалім отбасында дүниеге келгенмін. Біздің әулетте ұстаздық 4 ұрпаққа жалғасып келеді. Сондықтан да әкем марқом қайтыс болғаннан кейінгі бірінші мақаламда ұстаздар мәртебесін айтпақпын. Мен туып-өскен ауыл аудан орталығынан шалғай шағын қыстақ. Бізге мұғалімдер басқа ауылдардан келіп-кетіп оқытатын. Әкем денсаулығына байланысты мектептен ертерек басқа жұмысқа ауысқан еді. Сонда да ауыл халқы әкемді мұғалім ретінде ерекше сыйлайтын және бізге келіп сырттан сабақ беретін жас мұғалімдер күзде мектеп жинала салысымен бірінші кезекте біздің үйге келуші еді. Бұл менің ұстазға деген құрметтің қалай боларын алғашқы көруім болса, екіншісі ауыддағы  мектебімізге таңертең келіп, кеште өз ауылдарына қайтатын мұғалімдерімізді түскі асқа шақыруға ауылдағы әр отбасы оқитын баласы болса да болмаса да кезекке тұрушы, өз үйлеріне тезірек қонақ етуге асығушы еді. Соғымның сыбағасы да алдымен мұғалімдерге асылатын. Бұл аса ұзақ уақыттың әңгімесі емес, 15-20 жылдың алдындағы ұстазға деген құрметтің кішкене ғана көрнісі.

Осы сияқты ұстаздарға деген құрметтің үлгісі ретінде Жапон елі айтылады. Жапонияда ұстаздар адамдар арасында зор мәртебеге ие болумен бірге, қоғамдық және әлеуметтік түрлі жеңілдіктерге де бөленеді екен. Мысалы, мұғалімдер үшін көшеде жеңілдігі бар дүкендер де жұмыс жасаса, қоғамдық көлікте, метрода ұстаздарға арналған арнайы орын бар дейді. Қоғамның осы құрметіне сай онда мектепке мұғалім болуға екінің бірінің қолы жете бермейтіні тағы бар. Мұғалім болатын адам жоғарғы оқу орнында 6 жыл оқумен бірге, мектепке кірер кезінде бірнеше сатылы емтихандардан өтсеңіз ғана мұғалім бола аласыз. Жапон елінде болсаңыз, мұғалім лауазымына жеткен адам ғана жетеді, қалғандарыңыз оларды құрметтейсіздер.

Біздің елде де мұғалім мәртебесі туралы жиі айтылады. Биыл да жыл  басында бұл мәселені ҚР Парламенті Мәжілісі отырысында да талқыланған. Осы отырыста ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Министрлік ұстаз мәртебесі басты мәселелердің бірі екенін жасырмайтынын айтып, бұл үшін ең бірінші мұғалімдердің жалақысын көтеруді қолға алғандарын айтқан.

Вице министр сөзінде «Биыл жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен барлық мұғалімнің жалақысын көтеру қабылданды. 1, 2, 5, 7 сынып мұғалімдері, 2018-2019 оқу жылы, яғни қыркүйекте 3, 6, 8 сынып жаңартылған мазмұнға көшеді, осы сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің еңбекақысы Елбасының тапсырмасымен 30%-ға артады. Бүгінде Үкімет өзгерістер енгізді, ол жаңа жүйе бойынша санат алатын мұғалімдердің еңбекақысын 30%-дан 50%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр», – деген. Осыдан кейін біздің елде мұғалімдердің орташа жалақысы 120 мың теңге көлеміне жетті. Қазіргі валюта бағамы бойынша 330 АҚШ долларына жуықтайды. Ал әлемнің алыс-жақын өзге елдеріндегі әріптестеріне келсек, 2017/2018 оқу жылында мұғалімдердің орташа жалақысы Мексикада 5700, Германияда 5100, АҚШ-та 3560, Испания 3400, Францияда 2550, Оңтүстік Кория 2400, Жапония 2300  АҚШ долларына жуық болыпты(интернеттегі дереккөздердің орташа мәліметі алынды).

Біздегі ұстаз мәртебесін көтеру жалақыны 20, 30 %  көтерумен шешіле салмайтыны анық. Оның үстіне 30%, 50% көтердік деп ауыз толтырып айтқанмен, аздың пайызын қанша үлкейтіп көрсетсе де нәтижесі онша үлкейіп кетпесі анық. Соған қарап жалақыны да өз деңгейінде шеше алған жоқ деуге келеді. Биылғы жылғы жалақының артуы бойынша ешқандай санаты жоқ, үш жылдық еңбек өтілі бар мұғалім ауылдық жерде 115 мың, қалада 96 мың теңге мөлшерінде жалақы алады. Алматы қаласын айтар болсақ, 2018 жылғы күнкөрістің ең төменгі деңгейі 31292 теңгені құрайды. Қалада пәтер жалдап тұрсаңыз, бір бөлмелі пәтердің ең төмені 70-80 мың теңге көлемінде. Демек жас мұғалімдердің отбасы емес, бір өзін асырауға қауқары жоқ екенін байқауға болады. Баспаналы болам десеңіз де, банктердің талаптарын тағы орындай алмайсыз. Қазіргі баспананың «7-20-25» бағдарламасына өтініш бергеніңізбен, сіздің мұндай жалақымен кез-келген банк төлем қабылетіңіздің бағдарламаға қатысуға жеткіліксіз екендігін айтады. Тек қазіргі мұғалімдердің жалақысы ауылдық жердің деңгейінде ғана біраз қанағаттанарлық және ауыл үшін «дипдоммен ауылға» бағдарламасы сияқты бағдарламалар бар. Сонда қала үшін мұғалімдердің қажеті жоқ па? Мұғалімдер ғана емес, бюджеттен жалақы алатын денсаулық сақтау саласы сияқты адам баласының өмірі мен болашағы үшін қызмет көрсететін саланың бәрінің қазіргі жалақысын әлі де 20, 30% емес, 100, 200% көтеру керек болады. Сонда ғана кәсіби деңгейде жоғарғы санатты мамандарды бұл кәсіптерге тарта аламыз. Сонда ғана Жапон елі сияқты ұстаздарды іріктеп алуға мүмкіндігіміз болады. Қазіргі жағдайда іріктеуден өткенін ғана емес, бос орынды толтырып, оқытушы болуға ниеті барды қызметке алмауға шараңыз болмайды. Біз соларды көріп, ұстаздың мәртебесі түсті деп айтатын боламыз. Тіпті көптеген мектептерде директордың көңілін тапқандар ғана мұғалім болып жатады. Олардың ертеңгі директорға бағынышты мәртебесі де белгілі.

Жалақыны көтеруді айттық, тағы сол сияқты ұстаздарға деген қоғамдық-әлеуметтік түрлі жеңілдіктерді енгізіп, ұстаздар қауымы мен ұстаз болуға ниетті ұрпақты ынталандыру жұмыстарының қолға алынуы ұстаз деген атқа ие болып, өз мәртебесін түсіретіндердің санын төмендетеді. Қазақ елінде жылдан жылға туу көрсеткішінің артуына байланысты болашақ мұғалімдерді көптеп дайындау жолға алынды. Соған сай, педагогикалық мамандықтарға білім гранты жылдан-жылға арта түсуде. Бірақ жоғарыда айтылған жалақы мәселесі мен ұстаздардың ұлағатты орының дәріптелуінің жетіспеуіне байланысты мұғалім болуға тиісті жас түлектің басым бөлігі өзге салаларға кетіп қалады да, олардың орынын төмен баға алып, түсуге мүмкіндігі бар мамандық іздеушілер толықтырады. Өкінішке орай қазіргі педагогикалық мамандықтарды таңдаушылардың біраз бөлігі білгенімді біреуге үйретсем деген ойды қуғандардан көрі түсуге оңай мамандықтарды іздеушілер. Сондықтан да білім гранты игерлімей қалса да педагогикалық мамандықтарға үміткерлердің шектік балын көтеруге тура келеді. Сонымен бірге, өзге салаға кеткен түлектерді кері қайтару үшін ұстаздарға міндеттелген міндетті емес кей жұмыстарды алып тастаған жөн деп санаймын.

Қазіргі әлемде “Big data” термины етек алған кездегі біздің цифрлы Қазақстанда мұғалімдер қауымына әлі де болса міндетті емес міндеттемелер жүктеліп келеді. Оқушылардың өзі электронды күнделікке көшіп жатқанда көптеген мектептерде мұғалімдер күнделікті сабақ жоспарларын электонды көрсетіп қана қоймай тағы да қағаз жүзінде шығаруға міндетті. Одан басқа да министрлік «қазғаз бастылықты азайттық» деген сайын толтырар қағаздары көбейеді. Бұның бәрін мектептегі шаруа, артқаруға тиісті де шығар дейміз. Бірақ, бүкіл мәліметтер базасы  автоматтандырылған заманда тамыздың соңынада мұғалімдер көше-көшені аралап, үй басын санап мектепке барар баланы анықтайды. Ол ол ма? Сайлау кезінде де үй-үйді аралап, сайлаушылардың санын анықтайтын да мұғалімдер. Сайлау комиссиясына да сайлаушылардың тізімін мемлекеттің деректер қорынан бір минутта қажетті мәліметін аулға қарағанда, бірнеше күнін жұсап, мұғалімдерді жұмсаған оңай көрінеді. Осы сияқты директор мен білім басқармасы ғана емес, мұғалімдерді жұмсаушы «қожайындары» әкімдіктерден ары асып кете береді.

Оқушы мен ата-ананың ұстазға деген қарым-қатынасы мен кейбір «сый-құрметін» айтпаған күннің өзінде бір күні ұстаз, бір күні әртіс, бір күні көрермен, бір күні санақшы, бір күні бақылаушы, бір күні даяшы, бір күні күзетшілікпен өтетін мұғалімдер қауымынын сөз соңында Жапон елі сияқты күнде болатын емес, жылында бір-ақ рет болатын мерекелірмен құттықтаймын. Ұстаздардың міндетті емес міндеттемелері алып тастап, ұстаздық ұлы кәсіпті жаны қалағандарды педагогикалық мамандықтар өз мәртебесімен шақырып тұруын тілеймін.

Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН

Дереккөз: Jebeu.kz

Алауинформ