Кастамону – 2018 жылғы Түркі әлемінің Мәдени астанасы

0
169 рет оқылды

ТҮРКИЯ АУЫЛДАРЫ

 

Пінарбашы ауылында ауыл шаруашылық техникасын сататын дүкеннің қасынан өтіп бара жаттық. Ауыл дейтіндей емес, кіші-кірім қала. Көшесі таза, ретті. Тау ішінде орналасқандықтан ауа райы да жағымды. Қоңыр салқын леп есіп тұрады.

Менің ойым бірден:  “Осы техникалар Қытайдан не Белурстан келген шығар” дегенге тірелді. Сатушыдан сұрап едік техниканың маторынан бастап барлық құрал-жабдықтарын ел ішінде өндіретінін айтты. Бізге ең қызық болғаны оның бағасы еді. Ең кіші тракторы 10 мың лирадан (мөлшермен 700 мың теңге) бастап, 70 мың лираға (мөлшермен 4,9 млн теңге) дейін екен.

Енді біздегі бағаны көріңіз. Тозығы жеткен 1995 жылғы ЮМЗ-дың өзі 800 мың теңге сұрап отыр. Ал, жаңасы 3,5 млн-нан басталады.

Бұл біз көрген мыңдаған түйткілдің бірі ғана. Ауылдың ең түкпіріндегі көшелеріне дейін асфальт төселген Түркияның Кастамону қаласы биыл “Түркі әлемінің 2018 жылғы Мəдени астанасы” мәртебесін алып отыр. Түркия десе қазақстандықтардың ойына мұнаралары көк тіреп, қарақошқыл Мәрмәр теңізінің үстінде кетіп бара жатқан яхталар мен теңіз жағалауы жанға жайлы Анталия елестейді. Бұлай болуы орынды да. Себебі, туризм индустриясы дамыған елдің көпшілікке көрсетер “жақұты” да осы тектес мекендер. Біз көрген Кастамону аймағы түрік ағайындарға тиеселі жеңіл өнеркәсіптің көп бөлігін иеленіп жатыр. Кастамону аймағы Түркиядағы орманға ең бай өлкенің бірі. Мұнда елге тиеселі ағаш өнеркәсібінің 30%, мыс кен орындарының басып бөлігін, ішкі нарықтағы киім өндірісі, сарымсақ, күріш сынды ауылшаруашылық өнімдері де осы аймақтан шығып жатыр.

Қазақстаннан барған журнаистер Кастамону қаласында

Жер көлемі жағынан 37-шы орында тұратын елдің алақандай ғана ауданы бүкіл елдің экономикасына үлкен инвистиция мен табыс әкеліп отыр. Мұнайы мен газы тапшы елдің басты кірісі туризм мен жеңіл өнеркәсіпте.

 

15 ШІЛДЕ ОҚИҒАСЫ

 

Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған сапардың ең басты мақсаты әрине бұл емес тұғын. 2016 жылы Түркия тарихында Тәуелсіздікке пара-пар ұлы жеңіс алған бір күн болды. Ол – 15 шілде оқиғасы. Әскерилер ел билігін қолға алу үшін Стамбұл көшелерін қанға бояп, билік ғимаратын бомбалап, телеарнаны басып алды. Ердоған басқарып отырған билік қолында оларға бірден қарсы тұруға қауқарсыз болды. Дәл сол сындарлы сәтте төңкерісшілерге ең ұлы күш, шайқалса екпініне ештеңе де шыдас бермес алып мұхиттай үлкен күш буырқана қарсы тұрды. Ол – түрік халқы. Қарапайым азаматтар мұздай қаруланған әскерилердің оғына өз кеуделерін тосты. Тәуелсіз елдікті жанынан биік қоятын халық осылайша Түркия елін жат ниетті адамдардың ықпалында кетуден сақтап қалды.Біздің сапарды ұйымдастырушылардың бірі Онур мырза 15 шілде оқиғасында көзімен көрген жайттер жайлы әңгімелеп отырып көз шарасы жасқа толды.

 

 

Алаңға барса оққа ұшып өлетінін біліп тұрса да өз ұлын Отанын қорғауға ертіп келіп, бірге қаза тапқан әкесі мен баласы жайлы оқиға мен биік электр бағанасының басына шығып жербауырлай ұшқан тікұшаққа ұмтылып, дегеніне жете алмай қаза тапқан жігіттің оқиғасы бізді де терең әсерге бөледі.

Биыл 15 шілде оқиғасының 2 жылдығына орай Түркия үлкен еске алу шарасын өткізді. Әлемнің әр түкпірінен 100-ден аса журналис Босфор көпірінде өткен митингке қатысты. Мөлшермен 5 млнға жуық адам жиналған шарада 2016 жылы алаңға шағып қайтыс болған 251 адамның аты аталып, рухтарына Құран бағышталды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған құрбандар рухына арналған ескерткіш пен аллеяның ашылу салтына қатысып, Стамбұл халқына рақметін айтып, елдік рух, отансүйгіштік, Фето ұйымы жайлы сөз сөйледі. Бұл күн енді жыл сайын Түркияда «Демокартия және халық бірлігі күні» болып мерекеленеді.

 

САЙРАГҮЛГЕ БОСТАНДЫҚ

 

Журналистер бас сұққан жердің бірі Стамбұл қаласындағы босқындарды оқыту-мен бейімдеу орталығы болды.

Түркия соңғы 1 жылдың өзінде 3,5 млн босқын қабылдап, баспана беріп, емдеп, оқытып отыр. Ал, босқындардың осы уақытқа дейінгі жалпы саны 5 млннан асады. Дәл осы сәтте менің ойым бірден Сайрагүл Сауытбайдың ісі оралды. Түрік елі дін мұсылман бауырым деп пана сұрап келген 5 млн кісіні құшағына алды. Елім пана болар деп келіп сотты болған, арманы бауыр еті баласын көкірегіне қысу болған, аналық мейірімі ерлікке жеткізген Сайрагүл сынды жалғыз қазаққа бостандық бере алмай отырған біздің билікке не айтарыңды да білмейсің…

 

ИНЕБОЛУ ЕРЛІГІ ЖӘНЕ ХОРМО ШАТҚАЛЫ

 

Сапарымыздың соңғы күндері Кастамону аймағының Инеболу, Дадай, Пінарбашы сынды шағын қалаларында жалғасты.

Әр қаланың Түрік еліне берері мол. Бірі қолөнерімен, бірі ерекше тағамымен, бірі әлемге әйдік болар көркем мекендерімен бізді таң қалдырып отырды.

Инеболу қаласы Қара теңіз жағасындағы шағын қала. Шағын болғанына қарамастан Дүниежүзілік 1-ші соғыс кезінде бұл қала Анкара мен сырт аймақты жалғайтын ерекше маңызы бар түйінді мекенге айналған. Үлкен кемелермен Қара теңіз арқылы жеткен оқ-дәрі, қару-жарақты инеболулықтар шағын қайықтар жасап жағаға әкеліп, оны Кастамону қаласына дейін 6-7 күн арқалап жеткізіп отырған. Осы еңбегі үшін Ататүрік Инеболуға арнайы келіп рақметін айтқан екен.

Инеболу қаласы

Инеболу қаласы

Сапарымызда ат басын тіреген тағы бір жер – Хормо шатқалы. Әлемде 2-ші үлкен шатқал болып есептелетін Хормоның құз-қиясы сізді таң қалдырмай қоймайды. Пінарбашы ауылында орналасқан тау құзының ортасын кесіп шағын өзен ағып жатыр. Биік жартасқа салбырай өскен түрлі өсімдіктер мен зәу құламадан аққан судың сарылы кісіні тұмса табиғаттың сырлы қойнауына тіптен бойлата түседі.

Хормоны әлемдік туризмнің тағы бір жаңалығы ретінде паш етуге түрік ағайындар шындап кіріскен.

Хормо шатқалы

 

МЕШІТТЕР

 

Түркияда 70 мыңнан аса мешіт бар. Намаз уақыты кіргенде 20 млн халық тұратын Стамбұл қаласының 3000 мешітінен шыққан азан шаһарды Алланы ұлықтаған үнмен әлдилеп тұрғандай болады. Біз түскен “Конрад” қонақ үйіне 200 метр жерде даңықты қолбасшы Ер Тұғырыл атындағы мешіт болды. Кастамону сапарында ұйымдастырушылар бізді Осман империясы тұсында, нақтырақ 1366 жылы салынған мешітке зиярат жасатты. Шегесіз салынған мешіт осы күнге дейін сыры көшсе де сынын жоғалтпай, ауыл тұрғындарына қызмет етіп тұр.

Көрген болмысты көкейге түйгеннен кейін осы жақсылықтың бәрі өз елімде болса ғой, біздің халық та көсегесі көгеріп, дәл осылардай күнге жетсе деген ой маза берген жоқ.

1366 жылы салынған шегесіз мешіттің іші

Түркия Мeмлекеті Баспасөз және ақпарат Бас дирекциясының басшысы Мехмет Акарджа мырза мен Түркітілдес журналистер қорының Президенті Нәзия Жоямергенқызы. Стамбұл, Түркия.

Кастамону қаласы Пінарбашы ауылында ғана жасалатын Қара сорпа атты ерекше асы

Тау басында қолдан жасалған Жасыл көл

Дадайдың жергілікті тағамы Етті Екмек

Инеболу қалашығының ішіндегі көкөніс дүкені

 

 

Мейіржан Әуелханұлы,

Алматы – Стамбұл – Кастамону

2018 Шілде