Көкбөрі Мүбарак: «Әдеби ортаға тасталған бірінші бомба»

0
421 рет оқылды

Кейде әдебиетке жаның ашып һәм жүрегің сүйсініп жүргенде сұхбатқа берер жауабыңды ешкімнің сұхбат алуынсыз көпке ортақтастырып отыру қажет деп ойлаймын. Бұл ортақтасуымда алты түрлі дүниені айта тұрғым келді әзірге.

1.Ру мен өңірді әдебиетте нәрлендіру тиіс.

2.Үздіксіз ізденісте болмаған тұлғаның  биігіне қарапайым құстар да шыға бастайды

3.Әдеби сынның қисыны жайында

  1. Еңсесі түскен әдеби басылымдар жайлы
  2. Жас әдебиетшілерді тәрбиелеу керек
  3. Әдеби қауымның тоқтығы жайлы

Әдебиеттің баласымын деген әрбір жан құлақ қойып тыңдаса болар мұны.

Ру мен өңірді әдебиетте нәрлендіру тиіс

Қытай жақ бөлектегі жеті облыс(Алтай, Іле, Тарбағатай, Еренқабырға, Буратал, Құмыл, Сорбұлақ-Жючуан) және төрт мегаполиста (Үрімжі, Қарамайлы, Тасырқай, Абылай хан келіп қонып Ханжұрты атанған -Ужиячүй) шын мәнінде қазақтың үштен бірі отыр. Ал, қазақ әдебиетін құныға оқитын кітап кеміргіш оқырманның еш күмәнсіз жартысы арғы бетте деуге болады. Қытайда ең көп оқылатын жазушыларымыз Мұхтар Әуезов, Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Сұлтан Тәукей, Жұмабай Біләлұлы, Оралхан Бөкей, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбайұлы, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин, Қойшыбек Мүбарак болып жатыр қазір. Ең көп оқылғаны Қойшыбек аға!Қойшы ағаңның мистикасын бір түн ішінде 50 мың адамға дейін оқығанына қайран қалмайсыз ба?!Ол жердегі шағын сайттардың «гүлі» болып тұр. Бәрі де хабарласып жаңа мистикасы бар-жоғын сұрап беруімді өтінетіні бар. Ал, қазақ елінде оның мистикасы басты оқылымда жоқ. Себебі, шығарманың өзегі болған оқиғалар көшпенді өмірдің күнделікті тыныс-тіршілігінде жатыр. «Пері көші» немесе көшіп келе жатқанда туылуы мүмкін болған жұмбақ оқиғалар мен көшпенділік өмірде ғана көруге болатын түстерді қытай мен моңғолия қазақтары басынан көп өткереді. Қазақтың әртүрлі себептерден өңірленіп ерекшеленуін әдебиетте жақсы пайдалану керек. Яғни, империя болған ұлт ғана төбел-төбел ерекшелікке бөлінеді. Қазақтың ұшы-қиырсыз жері қай елдің құрсауында бөлініп жатсада, арасына бөгде халықтың шоғырлы аймағын салмай тұтасып жатыр. Әбіш шығармасының мінезі мен Оралхан шығармасының мінезі ала бөтен. Әбіште құмды боран есіп көмейіңді қамап тастаса, Оралхан Алтайдың қызыл балығындай бұйра суда жон көрсетеді, аршаның исін иіскейсің. Әбіш көне дәуірлерді жазғанымен көшпенділердің Қойшыбектегідей дүние танымын айта алмады. Әбіштің көшпенді өмірі сарқыла бастаған ортаның туындысы екенін білсек, Ораштан лақ етіп отырықшылануға түскен көшпендіні және тауда мал бағып көшпенді санатында көрінсе де санасы қалаша ескен адамдарды көруге болады. Ол айтатын Мұзтау жайлы аңыздар ғасыр аттап кете беретін , көшпенді өмірсіз де жалғана беретін әңгіме . Мұхтар Әуезовтың көркемдігі сұрапыл болғаны сонша , ғаламат суреткер, танымпаз әрі. Ал, Мағаз Разданұлы есімді автордың тілі оқиғаларды қазақы байырғы баяндау тәсілімен көш бастап тұр. Қай-қай қаламгер де ол кісіден осы баяндау ерекшелігі жағынан омақасуы мүмкін. Бір дәуірдегі қазақ қаламгерлері қазақтың бір мезгілдің ішінде де жүз түрге таяу ала бөтен қауымдастықта жасап жатқанын сезіндіреді. Кейде, бәрін көріп отырып жүз түрлі ұлттың аймағын бауырына басып отырған көне Римдай елестетем жұртымды. Бізде қоқсық әңгіме ретінде айтылып жүрген аймақ, ру, шаруашылық бойынша бөліністердің шынымен де айырмашылықтары сақталып қалған. Мұны енді бөлінісу, білек сыбану ретінде емес жүрек пернесімен өзгешеліктерін айқын жазып отырып сүйсіндіру керек(Оралханның үнемі айта беретін Алтайын сүйушілер көбейді. Ол шығармасына тамшылатып қосатын найман атауын да бөлмелеген жоқ оқырмандары, керісінше сүйді). Сонда ғана біз әрбір аймақ пен әр руды шынайы бағалап сүйеміз. Ауыз екі бөліністерді басқа тәсілмен құрдымға жіберем деу мүмкін болмай келді.

Үздіксіз ізденісте болмаған тұлғаның биігіне қарапайым құстар да шыға бастайды.

Бізде әдебиетте алпысыншы жылғылар болған . Бірақ, қазіргі әдеби ортаның өзі алпысыншы жылғылардың шылауында. Мұны былай түсінуге болар, үнемі бір кезеңді дабыра ету сол кезеңнің құшағында тыныстап отыруды білдіруде. Кеңес одағын аңсайтындар шынымен де өткен ғасырдың уақыт шеңбері ішінде тұншығулы, олар бұл кезеңнен өшкен. Бұл да сол іспеттес салыстырма. Әдеби шығарманың өзегінде нені көксейсіз, әркімнің қалауы ол. Бірақ, әдеби ортадағы көксеуік оқиғалар әдеби қауымның дәрменсіздігін, жаңа кезеңге бейімделе алмай шалажансарлануын білдіріп тұрмай ма?!

Алпыстан асқан ақындар ішінде үздіксіз ізденіс құшағында жүрген Сұраған Рахметұлы ғана ма деп те бұрқаныс ойға бұрқ етем. Тыныштықбек ағам өзінің әдеби мектебін салып тастады. Мыңға таяу рухани  шәкірттері әр тарапта мамық бұлттай шашырап жүр. Бірақ, Тыныш ағамның қазіргі өлеңдері көңіліме толмай жатады. Ол кісіден ақын болып жарқ еткен сәтіндегі биігін әрі қарай жоғарлатпай жатқанына өкпе артуыма болар. Қазіргі өлеңдері қалай дегенде де Ақшам хаттарын шайнап- бүркіп тастайтындай азулылықта емес. Бізде де қателік бар, яғни Тыныштықбек ағаны немесе басқа да қадыр тұтқан ағаларымызды нағыз сүйіп қолдау олардың кешін өткізіп беруде ғана  емес,  түрлі аймақтар мен түрлі әдеби ортаға баруына жағдай жаратып беруіміз тиіс еді. Тыныш ағаның ішіндегі көне Семей таусылды, өлең жаңалануы үшін орта да жаңаланып тұруы жөн. Бір ғана оның өзін Күлтегін бітік тастары маңындағы құлантаза аймақта бірнеше ай шығармашылықпен шұғылданып жатуына тыныш жағдай жасап берілсе де, бөлек самалдар бұрқыратар еді жұпар ағам. Мүмкін, көшпенді ортаға қайтуы керек шығар. Бұған дейін іші жауһарға толған адамның жаңа тынысты жерге баруы ұлтымыз үшін өте қажет. Жазылуы мүмкін болған мағыналы дүниелерге қол жеткізуіміз мүмкін. Өнерге іші оттай ағамызға лайықты пікір айту да әбестік болмас. Қолпаш пен қошаметімізге зәру емес.

Жанна Елеусіз апайдан да жаңа дүниелерін әлі де болса іңгалатар деген жұлдыз үмітіміз бар.

Ақындарымыз самғады-ау, самғады. Жазушыларымыз да көлбей қағар қанатын. Бірақ, Үздіксіз ізденісте болмаған тұлғаның биігіне қарапайым құстар да шыға бастайды.

Әдеби сынның қисыны жайында

Қазақ әдебиетінде ұлағатты сындар бар. Бірақ, ұлағаты мол сын дәстүрі жалғасым таппаған.

Жуық кездің өзіне дейін басылым бетіндегі бет тырнасуларға куа болып ұялдық. Әдеби басылымдардың редакторлары сынға емес, айхайға ерік беріп қойуды сын мәдениетін қолдау деп күлді- көмеш түсінетін сияқты.

Меніңше, қазақ әдебиетінің сын дәстүрін дамыту үшін мынадай бір ылғары тәсілді қолдануға тура келеді .

Әлде бір әдеби тұлғаның шығармашылығы жөнінде ағыл-тегіл сын жазылды делік, ол сынды бағытталушы әдеби тұлғаны тауып оның өзіне белгілі жолдармен жіберіп беру керек. Сында орынсыз дүниелер де орын табуы мүмкін , бірақ оған екеуі ғана оқырман болғандықтан ел алдында бет жыртысуға түспей, кейбір ұқыпсыз айтылған сындарға автор лайықты түсінік беріп «сіз мені бұл жерінде тым қате түсініп асырып еткенсіз» деп ескерте білуі керек. Ащы, жанына батар ақиқат ойлар да жүреді, олардың қалпын бұзбай автор рұқсат етсе көпшілік қауым назарына ұсынуы тиіс. Сынның осы хат үлгісіндегі түрін әдеби айналысқа енгізудің тигізер пайдасы көп. Әрине, басқа тәсілдері де өз ғұмырын жалғай бермек. Тек, даңғаза у-шуды тұншықтыра білген жөн бе екен?!

Несіпбек Айтұлы өткенде Аманхан Әлімұлының бір қыдыру өлеңдеріне сын беріпті. Ең бастысы ай туралы қолданған әдеби нанымдары келісімсіз делінген көзқарас тұр. Сындалған жолдардың бәрін көріп шыққанымызда Аманхан ағаның жаңылыс қолданған сөздерінен тыс, үздік жетістікке ие сөздерінің де барлығына көзіміз жетті.

«Тозған таға секілді жарты ай да анау» делінген.

Күллі көшпенділердің қан-тері сіңген «мәңгі өліктердің сахарасындай» құлазыған даланың бүгінгі тынысында түнгі аспанға қарасақ жартікеш айдың баба тұлпарынан қалған тозған сынық тағадай көкте салбырап тұрар беймаза күй кештіруі өте мүмкін нәрсе, болып та жатыр.

«Тамып кете жаздап тұр ай тамызда»

Бұл тамызда бір ерекше түнді өткерген болуы мүмкін ыстық ақынның жүрегі. Тамыз түніндегі сол оттай әлпеншек сезім құшағында көктегі айдың кеудесіне тама жаздап, тама жаздап айран-асыр күй кештіруін де адамдар басынан өткереді.

«Шаншылып қалды орақ ай»

Орақ ай деген сөз халық ішінде бұрыннан бар. Арқар мүйіз ай деген сөздер де әдеби қолданыста. Арқар мүйіздену де, орақтануда атауы бөлек, ұқсас бір сұлба. Ендеше, орақ айдың көк жүзіне шаншылып айманкөз жарық төгіп, айбарланып тұруы да өлең сүйген, өмір сүйген жүрек үшін дауға салар дүние емес.

«Ат жақты айдың жүзінен күйе көрдім»

Ат жағына ұқсатқаны, аттың сәл имектенген ұзынша жағын аймен салыстыруға көріністік, сызбылық жақтан топ-толық үйлесім таппады десек те, көшпенділердің немесе әлдебір оғыланның тұлпарымен ай астында серттесіп тұрып көктегі имек айды да алмауытының имек жағына ұқсатып сүйсінуі күдік тудырмайтын дүние. Ат жақты айға ендеше күйе жағылғанын айтудың өзі қоңыр-сұры шарбы бұлттардың айды орай бастағанын білдіріп тұр.

«Мысық көз ай»

Кез-келген көркемдік сізге мәңгі көркем болып тұрмайды. Адамдар өзі сүйген сұлу өмірді де иттің етінен ауыр жек көретін күні бар. Дүниеден уаз кешкен, адамдардан, қоғам тынысынан, табиғаттың тыныштығынан да жалғып өлеңін ғана медеу етіп мысық көз айсың деп, бадырайып тұрған айды жек көруі де мүмкін -ақ дүние. Сол әппақ ай астында ғашығымен серттесіп, кейін махаббаты баянсыздыққа ұшыраған жан да айдың мысық көзденіп жанына медеу болмай өлеусіреп тұрғанын жек көруі де, ызалы күйде де мысық көз ай-ау дей салуы оғаштық емес. Өмірде барлық сезініс те болады. Музыканттар мен суретшілерің ұлы мұраларын қарап отырсаңыз адам баласы тап келмейтін күй, жолықпайтын сезім жоқ. Тым алмағайып сезіністер де орын алады. Жүйкеден терең дүние жоқ!Аманхан ағаның сөздерін осы жерде тоқтата тұрайық.

Жалпы, ай0айсыз өрбісе ғой сын дәстүрі.

Ақтемберді Шәлкиздің қолданған сөзін кіналап көрмеген, олардан тек ыстық ықыласты жыр қалды. Ендігі ағалар бір тамшы ғана өмірде қателіктерінен тысқары жаңағыдай сөздерге сүйсіне алса!…

Кейінгі толқын інілер атанар қауым ретінде әдебиет үшін тағы бір жаңалықтың басын ашуға тура келеді. Әр жанрда үздік жазылған дүниелерді зерттеп-талдап жас буынға міндетті түрде оқу бағдарламасын жасап, саясат пен оғаштықтан ада дүниелердің ғана топтамасын шығаратынымыз анық іс. Ол кезде «Қазақ солдаты» да, «Ботакөз» де оқылмай қалуы мүмкін. Оқыту тиіс болғанда әр шығармаға жаңа алғысөз жазып қай бөлегінде Советтік қысым-салдардың  зияндары бар екенін ескерте білуіміз тиіс. Біз тәуелсіздік алғалы романдарымызға тазалау жүргізбедік, жас ұрпақ Совет одағына барып әдеби білім алғандай сорақы күй кешіп жүр. «Көшпенділер» романы қатарлы дүниелер жазылмаса болмайтын қажеттілікте жазылды және осыны айқын таныған үкімет орай берді , сонымен бірге бұған да өз дегендерін үлкен жақтан көмескілеп көмдіргені анық. Солақай саясат астында өз қолымызбен жазылған шығармалардың уы мен балын оңай ажырата алмай қалып жатамыз. Тәуелсіз мемлекет тәуелсіз романдарын дайындауға көшуі тиіс.

Бұдан кейінгі басуға тиіс бір нақты қадамымыз стильдерді ресми тұрақтандыру. Жеке әдеби тұлғаның атақ-марапаттарын, ұзынсонар өмір баянын елеусіз қалдырып, тек стильне жүгіну. Керек болса, есімдерін алып тастаған жағдайда да танылатын қолтаңбасымен қалдыру. Бұл ауыр жұмыс қорытындысы барысында 10 том жазған кісілер бұл қатардан шеттеп жатса оған жас толқын айыпты емес.

Еңсесі түскен әдеби басылымдар жайлы

Өткен жылдың басында қазақ әдебиеті газетінің тілшілер бөліміне өлең топтамасын берген едім, әне-міне деген сылтауға малтығып сол өлеңдер сол жерде тұншықты да қалды. Биыл тағы да беріп көрдім, көзіне жарық түсе қоймағанына бір қыдыру уақыт өтті. Жұлдыз журналына бергенімізде тура бір жыл өткенде қағаз бетінен іңгалады өлең-сәбиіміз.

Және әлеуметтік желі бетінен ағалардың әлде бір шығармасы ірі әдеби басылымдарға шыққанына шүйінші сұрап, қалбақтап рахмет айтып жатқанын көріп келемін. Мен осыған күлдім.

Сіз жазып жүрегіңізді қажап бір әуреленесіз, енді оны жарыққа көрсету үшін айлап-апталап тосып жүрегіңіз қай күні шығар екен деп сатырлатып сайтын басып іздеп аңдып көңіліңізге қиу кірді ғой. Керісінше, осынша ма жүрегіңіздің ауырған еті үшін де әдеби басылымдар кешірім өтініп, қаламгерлердің тым көп туынды жіберетінін айтып ілтипатпен мейірім сыйлай білуі тиіс қой.

Әдебиеті дамитын елдің басылымы бір шығарманы жарық көрсеу үшін бір жылға таяу уақыт сызып тастаса демек сіздің бұл әдемі шығарманы тым ертерек жазып қойып қателік жасағаныңызды білдірмей ме?!

Сиясы кеппей будырап жарқыл атқан дүние тез арада көпшілік қауым назарына ұсынылатын болса, автор қауымым менен тіпті маңызды дүние күтіп отыр деп желпіне, шабыттана түсер еді. Басылымдар ерім деп отыр екен ғой , мен де елім дейтін демес пе?!

Сайт жүйесі не үшін пайда болды?

Әуелі осындай әурешіліктерден сақтану үшін ойлап табылды десек те болады. Егер, қазіргі әдеби сайттар құрылмағанда әдебиетіміз тіпті артқа қарай шегініс жасап тұруы мүмкін еді. Аңыраған ақ жүректің толқынын басып тастау әдеби басылымдар ғана емес, әдеби сайттарымызда ішінара ұшырайды.

Көптеген келеңсіздік пен елеусіз тастау дағдысы үшін әдебиеттің бір баласы ретінде күйіндім. Ойлана келіп жыл басынан бері кәсіпкерлікте қордаланған қаржыларымды топтап, жаңа сапалы әдеби басылымның жобасын жасап шығуға талпыныс жасадым. Бұл да қолдарыңызға шұғылалы жарық шашып бара жатар иншалла !

Бұл басылым әлем әдебиетін көздейді. Думан Рамазанұлы аға бұрын әлем әдебиеті журналын басқарған еді, ол кісі де қолдайтынын білдірген. Әлем әдебиеті десе сөйлеушіміз де, басылымдарымыз да айтыла-айтыла таптаурын болған тұлғаларды айтады. Біздің әлем әдебиетін қалайтын әдеби басылым дүниенің ең үздік бір басылымын қатар аударып отырса ғана көшке ілесе алмақ. Жаңа лекке қосылған оқырмандар шоғырымыз үлкендерден көрі, өздері құралыптас жас жүректің ділін оқуға әдеттене бастады. Бізде сүйікті ретінде танылған он жас қаламгер бар делік, ендеше дүние жүзінде мұндай жылы қабылданатын жаңа озық ойдың тұнбаларынан 6-7 мың жаңа буын бар. Міне, осылардың толассыз қарғынын қабылдап отыратын баһадүр басылым керек. Ашыққанда шылғи қайысты тістелеу, әлем әдебиетін әлі жаттанды тұлғалармен айта берушілік бәрімізге сын.

Швеция жақтың ең үздік қаламгерді анықтауын жыл бойы сарылып күтеміз-ай!Бізде де әдебиет танитын көзі қарақты адам бар. Сол үшін әдемдік әдебиеттің жаңа тұлғаларын өзіміз талдап атай білетін күнге жетейік. Өз ішімізде де кемпірқосақ бауырлы шұғылалы жандардың Гималаймен иықтаса алатын талантқа ие екенін пәш ететін мүмкіндіктер де орын алуы мүмкін сонда ғана!

Жас әдебиетшілерді тәрбиелеу керек

Алматыға келгенімде қалада сауатты әдеби ортаның жоқ екеніне көзім жеткен. Ағыл- тегіл шарап төгілген отырыста сауатты әдеби орта болмайды .

Үлкендер бауырмал емес. Бір жазушы ағама қоңырау шалып бірнеше әңгімем бар екенін, ықыласты әдеби отырыс жасағым келетінін айттым. Бар айтқаны «менің әдеби пікірімді кім керек қылады?»  деген шалт қайырмасы болды. Тағы екі ағама уацап желісі арқылы өлең жіберіп, ұнаса пікір беруін, ұнамаса бермеуіне болатынын айтып ұсынбақ болдым. Бірісі бұғаттап қойыпты , бірі қарбалас екенін айтып ғана қойған. Ағалығы әлсіз ғой ағалардың!

Ақын қарбалас болуы мүмкін , бірақ жаңа өлеңмен танысуға қарбалас болу әдебиет үшін жатпай-тұрмай еңбектеніп жүргеніне кері байланыс екені анық. Жас буынның кейбір дүниесі оның ішкі дүниесіне жаңа толқын тудыруы да мүмкін ғой , не дейсің?! Ағалардың бәрі Тұрсын Жұртбай ағам секілді бауырмал бола білсе ақымақ інілер азаяр ма еді?!…

Жас қаламгерлеріміз арылуға тиісті бір дүние кез-келген байқауға, басылымға берген дүниесіне немесе жай ғана әлеуметтік желісіне бәлен сыйлықтардың, медалдардың лауреаты деген сықылды топалаң-тозаң мәліметін жазып қойуы атаққұмарлық. Есті қаламгер бұдан өзін шеттетеді. Әдеби өкілдер өздерінің кемінде мыңға таяу оқырманы бар деп сезінсін де, бүгін анау араға бардым, мына жер мағыналы екен, бұл да бір жылы шара  деген ұсқынсыз шағын жазбаларын емес, әдебиет жайлы тың ойларын көптеп бөлісуді әлеуметтік желіде ақсүйектік сарында қалыптастыра білсе алғысымыз молырақ.

Пекин жақ Мояны мәртебелі әдеби сыйлыққа қол жеткізген соң әдеби салаға тіпті көп қолдаулар мен бағдарламалар орналастыруда. Оларда жұрқ еткен болмашы дүниесінде таланты аңғарылатын жас буын шықса оны әлдебір сақа қаламгердің тәрбиелеп, өнеге беруіне тапсырады екен. Жиырма беске келгенше ол өрен-жарандар алуға тиісті барша әдеби сыйлықтар мен қамқорлықтарды көріп болып, енді оларға шен-атақ маңызсыз болып қалғаны. Келесі жерде әдеби сырқат ғана сүйіндірді оларды. Сонымен, жаңа дүниелер жасалып жатыр. Өткенде Дидар Амантай ағам әлем әдебиетінде жаңа проза аталған, Дидар ағамның сөзімен ақындық проза делінген жанр жайлы сөз қозғап еді. Бұл жанрдың қытайда мың жылдан бұрын -ақ сәтті дамығанын көрдім. Әдеби ортаға топ ете түскен жастарға ымыра мен араққа үйір қылып бауырға тартқаннан көрі, бір жаңа әдеби сезініс болсада соған тыңдаушы ретінде шақырған жөн делік.

Бізде жас әдебиетшілерді тәрбиелейтін әдеби курс ұйымдастырылуы тиіс. Қалай дегенде де ағалардың озық ойлары, жиған-тергені бар бөлісуге лайықты. Әдеби курс белді, көзі жаңа әдеби ағымдарға ашық бес-алты ағалардан ұйымдастырылып бір кеңсені жалдап, мүмкін өз үйлерінің бір бөлмесіне шақырылып сабақтар өтілгені құба-құп! Әрине, еңбекақысы тыңдаушылар жағынан жиылған ділдәлардан топталады. Бұлай болғанда көкірегі тынысты ағалар түрлі басылымдарға барып жалақысы мардымсыз тұрмысына деген өкпесінен өзін арылтар.

Қазақ еліндегі және қытай, моңғолия, өзбекстандағы барша ұлттық әдебиет өкілдерін жинап қарағанның өзінде әдебиетпен дерттеніп ауырып жүрген жан жиырмаға да жетпес. Оқу соққан демекші, бізге өлең соққан , қара сөз соққан жұмбаққа таяу дертті жандар қажет.

Ескерте кетерім, Пекиндегі әдеби алғадайлық қозғалысы жайлы пікірді ұстазым Қуаныш Дәлейұдының бір реткі әңгімесінен кесіп алдым.

Әдеби қауымның тоқтығы жайлы 

Бізде талант сайысына дәрменсіз әдеби өкілдер ішкі сарай әдебиетшілері мен сыртқы сарай әдебиетшілері деп екі үйекке бөлінеді. Әрине, таланты тас кеміргендер бұл топта жоқ. Егер, билікке қолдамадың, ақша үлестірмелің деп өкпелі, бірақ билік үшін мадақ туынды жазбаған жан сыртқы сарай қаламгері тобына жатады. Анау бір айларда қатты толғаныстар кезіп кетті әдеби ортаны. Қаламгер қалайда тоқ болғаны жөн. Қаламгер өз-өзіне тоқтығы үшін қызмет ете білуге тиіс. Бізде әдеби тоқ адамдар бар, бірақ ол кісілерден әдебиет үшін жасап отырған сүйіндірерлік ісін көріп отырған жоқпын. Әдеби ортаны алға бастырушы үкімет емес , алға бастырушы қаражаты мен әдеби қарым-қабілеті мол жанның осы орта үшін бел шешіп бодау беруінде алға басады. Қазір конкурс атаулының беделі түскен уақыт. Үлкен сыбаға қойып басына, аяғына шығармаңды сұраса сен үздік шығарма жазып бер. Тайынба! Бәлен мықты байқауға қатысыпты, мүшәйрашыл десе десін!Егер, сенің шығармаң ағайын мен ілік-жіліктің араласуынсыз ғана жүлде ала алатын болса бұл сенің таза еңбегің. Астана жайлы көбірек әдеби байқаулар ұйымдастырылуда. Астана-күн ордасысың, нұрсың, ғаламат бәлзам шуаққа бөгіп қалдың ғой деген іспеттес өтірік өлеңдер қазыр он мыңға жақындаса керек. Ол өлеңнің болашақ үшін ешбір қадыры жоқ, қажетті іс-шараның үміті деуге болады. Астана жайлы ойыңды жылы, ықпалды етіп жеткізсең жетіп жатыр. Астанада желпілдеп тұрған байрақ өзіміздікі, оны бөрінің терісіне ұқсатып сүйсінуіміз орынды. Тым артық тасырлап шапқан дүниеңді кейін ергежейлі ойлы балаң, немерең оқыса менің атам отбасын жағымпаздықпен асыраған-ау өзіме тартқан десе көріңде тыныш жата алмайсың.

Үкіметке жиі өкпе арту мағынасыз. Қазақстанның бізге беріп тұрған ұланғайыр мүмкіндіктері бар. Бізге ауадай қажет дүние цензурасыз әдебиет еді,қазыр оны жасауға қолайлылық бар. Бұдан артық бағалы дүние көріп тұрғамын жоқ. Осы арада жариялауға белгілі себептермен ыңғайсыз санаған шығармаң болып жатса, шетелге ұсын. Оған да мүмкіндік қол жетімді. Кітапті бөгде тілдерге аудару мен нәсихаттау барысында да ешкім шүйдеңнен шүйіліп тұрғаны жоқ-ау!Біздегі сыртқы сарай қаламгерлері үкімет жарылқамады деп өкпе айтып жүреді де, бір күні билік жарылқай қалса мыналар енді дұрыс істепті деп сыйлығын көрсетіп бір мақтанып алады. Бұл тәуелділікке бөлене алмай зарланудың ісі. Шешен аудару қабілеті бар жандар маңызды әдеби дүниелерді аударып басылымдарға немесе қажетсінуі жоғары әдеби жеке тұлғаға сатып берсін немесе арнайы келісімдерге отырса да түйметайлап болса да қаржы таба алады. Орыс тілін білмейтіндігімнен бірнеше аудармашыға ақы төлеп ана тілімде оқығым келген дүниелерімді аудартып оқыдым. Ол өзімнің ғана жеке мұрағатым болып сақтала бермек. Жалпы, бұл жайлы жоғарыда айтып өткен әдеби курсымыз ұйымдастырылса, бұл мәселе сол құтты ортада шешіле бастайды.