Юкио МИШИМА жапон жазушысы. ҚҰНДАҚ (әңгіме)

0
411 рет оқылды

Жазушының әңгімесін жазушы-аудармашы Қуандық Шамахайұлының тәржімалауымен оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.  

Көзі тірісінде Нобель сыйлығына үш мәрте ұсынылған жазушы Мишима елінің Конституциясындағы қарулы күштерді қысқарту жайындағы тармақты самурай салтына қайшы деп санап, наразылық танытқан. Осылайша ол 1970 жылы қарашаның 25-нде төрт серігімен бірге Жапония армиясының орталық кеңсесіне басып кіріп,  харакири жасап, қарнын жарып қаза тапқан

 

         Ёошиконың күйеуі үнемі қарбалас үстінде. Тіпті, ақшамнан кейін де әлде бір жедел кездесу оған міндетті түрде дайын тұрады. Әйелін үйіне таксимен жөнелтіп, өзі жоқ болады. Түр-түсі келісті артист жігітке тұрмысқа шыққан әйел заты бұған сенбесіне амалы бар ма? Күйеуі әр кешті өзімен бірге өткізеді деп ойлаған әйелдің үміті ақымақтық болған шығар. Онымен қоймай, батыстық үлгідегі үй жиһаздары, еденде кешегіден қалған, көзге шалынып қалатын қан дақтарынан ыңғайсызданатын зайыбы үйге жалғыз өзі барудан қаншалықты үрейленіп отырғанын бұл жігіт білмейді дейсің бе?

Ёошика бала кезінен өте сезімтал. Ол мұның міні емес, мінезі. Үнемі көңілі беймаза күй кешкен соң, ол ешқашан етейіп-толықсып көрген емес. Қазір әлдеқашан бойжетіп есейсе де, етжеңді келіншек емес, үп еткен желге ұшып кетер қаңбақтай арық. Жас келіншектің көңіл-күйіндегі осы бір әлсіздік онымен кездейсоқ танысқан барлық адамға анық аңғарылып тұрады.

Ақшамнан бұрын Ёошико күйеуімен бірге болу үшін түнгі клубқа барғаны сол еді, онысы «әлгі нәрсе» туралы аузы көпіре айтып, достарын күлкіге қарық қып отырғанын көріп, шынымен қорқайын деген еді. Америкалық үлгімен киініп, жапырақты шылым бұрқыратып отырған күйеуі тіпті оған бейтаныс адамдай көрінгенін қайтерсің.

«Нағыз адам сенгісіз тарих қой!» деп, қойып ол би ансамблінің тартымды қимылынан асып түскісі келгендей қызық үлгімен қолын қимылдатады.

-Еңбекпен қамту орталығының жолдауымен баламызға жаңа күтуші әйел келді. Ең алдымен менің көзіме түскені оның іші болды. Дәл  кимоносының ішіне жастық тығып алғандай қарны қампиған біреу екен! Ол әйел мына сіз бен біздің бәріміз бірігіп тауса алмайтын тамақты жалғыз өзі-ақ шайнамай жұта салар деген ойға келдім.

Осылай деген ол сөзін ары қарай «Біздің күріш салған қабымызды битіп қана…» – деп, саусағын шертіп көрсетеді де: «…саудасын бітіреді» – дейді.

-Тамаққа деген тәбеті сұмдық, жуан белін «асқазанның созылуы» деп түсіндіреді. Алдыңғы күні біздің балалар бөлмесінен біреудің ойбайлаған даусы естілді. Біз екеуіміз абыржып кетіп, әй-шәй жоқ салып ұрып жетіп барсақ, әлгіміз еденде жүрелеп отырып алған қарнын қос қолдап ұстап, дәл сиыр секілді ышқынып отыр-ей. Қасындағы төсек үстінде ұлымыз қорыққаннан шекесінің тамыры одырайғанша бақырып жылап жатыр. Ол да ештеңе емес, ең әдемі бөлігін қазір айтамын!

«Шар жұтып қойғаннан сау ма екен, өзі?» деп сұрады, әлгі достарының бірі, Ёошиконың күйеуі секілді артист жігіт.

-Сөйтпегенде ше! Өмірімде көрмегеніме тап болып зәремнің ұшқанын айтсаңшы. Мен асқазанның созылуы туралы әңгімесіне әбден сенгенімді айтсаңшы. Бірақ, бір сәтті де қалт жібермедім. Шайлық жалғыз сырмағымды астынан суырып алып, оған бір жамылғыны лақтыра салдым. Сол аралықта ол қақпаға қысылып қалған торайша шыңғырды дерсің. Дәрігер келгенде оның баласы баяғыда шығып қойған болатын. Үйіміздің әлгі бөлмесі лезде шошқа қорасына айналып шыға келді!

-Солай болады ғой – десіп бәрі қарқылдап күлді.

Сол бір қорқынышты оқиғаға куәгер болған күйеуі әлде бір күлкілі әрекет көргендей әңгімелеп отырғанын көргенде Ёошико жағасын ұстады. Бір сәт көзін жұмып еді, әлгі жаңа туған сәбидің бейнесі елестеді. Дәл қарсы алдында паркет еденнің үстінде, қан-қан болған газет қағазына  ораулы жатқан нәрестенің арық тәні.

Мұның бәрін дәрігер әдейі жасағанына Ёошико толық сенімді еді. Осындай адам төзгісіз жағдайда бір шикі өкпені дүниеге әкелген ананы мазақ еткендей әлгі дәрігер көмекшісіне бұрылып «баласына құндақ іздеп әуре болғанша оқылған газеттің қағазына орап ала салу әлде қайда жеңіл» дегенін қайтерсің. Дүние есігін енді ғана ашқан жас сәбиге соншалықты суық ниет танытқаны Ёошиконың ит жынына тиді. Барлық әрекеттеріне жиіркенішпен қараған ол шкафтан су жаңа мақтадай жұмсақ матаны суырып алып, ұл баланы құндақтап орындықтың үстіне ақырын ғана жатқызып қойған болатын.

Ол кезде күйеуі шығып кеткен еді. Өзін тым мейірбан етіп көрсетпеу үшін бұл туралы ол күйеуіне айтпаса да, осы оқиға ойынан кетпей орала береді. Кешкісін джаз саз оркестрінің әуені әуелеп, күйеуі достарымен әңгіме-дүкен құрып отырған сәтте Ёошико үн-түнсіз ғана әлгі оқиғаны ойлаумен болды.

Еденнің үстінде ескі газетпен оралып жатқан сол бір кішкентай ұлдың кейпі шын мәнінде ет дүкенін елестерліктей, сол бір сурет санасынан ешқашан өшпесін жас келіншек сезіп еді. Өзі молшылық пен тоқшылыққа толы өмір қызығы ортасында шалқып өскен Ёошико сол бір шата баланың тіршілікте көрер қиындығын ойлағанда жаны ауырсынады. «Сол бір ұят әрі ит тірліктің жалғыз куәгері мен болдым ғой» деген ой санасында сумаңдай береді.

Анасы баласының газетке ораулы жатқанын көрген де жоқ, сол сияқты жаңа туған нәресте өзі қайдан білсін. Сондықтан, сол бір қорқынышты оқиға менің ғана есімде сақталып қала бермек. Қанша уақыт өтсе де, бұл құпияны мен ашпаймын. Бала есейген соң өзінің қалай дүниеге келген тарихын білгісі келсе де, оған шындықты бетіне басқандай ғып айтар адам табылмас. Осылайша, әлдекімнің алдында кінәлі секілді ететін сезім іште сақтауға мәжбүр болғанымды қарашы! Ақыры, баланы еденнің үстінен алып, жұмсақ матаға орап құндақтаған, ұйықтату үшін жоғары көтеріп, орындыққа жатқызған адам менмін ғой.

Түнгі клубтан шыққан соң, Ёошико күйеуі шақырған таксиге отырды.

-Мына қызды Ушигомэге жеткізе сал! – деп, жүргізушіге айтты да есігін жаба салды.

Ёошико терезе сыртында күлімсіреген күйеуінің жүзіне тесіле қарағанда оның маржандай тізілген аппақ тістері ғана анық көрінді. Арқасын орындыққа сүйеп шалқайғанда жұбайлық өмірлерінің тым жеңіл, тым оңай әрі тым қиындықсыз екенін сезінгенде біртүрлі мұң торлағандай болды. Дәл осы сәтте өз ойын сөзбен жеткізу бұл келіншек үшін өте ауыр еді. Таксидің артқы терезесінен ол күйеуі жаққа соңғы рет көз тастады. Ол көше бойлап ұзақ-ұзақ адымдап, өзінің «Nash» көлігіне қарай жетті, тым қанық түсті твид матадан жасалған күртесін алып киді де арлы-берлі ағылған жұрттың арасына кіріп көзден таса болды.

Такси орнынан қозғалып, әлем-жәлем дәмханалар сап түзеген бір көшемен құлдап, сыртқы жолға дейін иінтірескен адамдарға толы театрдың жанынан өтті. Ойын енді ғана аяқталса да, шамдары әлдеқашан сөнген, театрдың алдыңғы жағын әшекейлеу үшін орнатылған жасанды шие ағаштарының гүлдері ала көлеңкеде жай бір түрлі қағаздардың қиындысы іспетті ағараңдап көрінуі тым көңілсіз.

«Сәби бала өзінің дүние есігін қалай ашқанының құпиясын білмей өсті деген күннің өзінде мәртебелі жан бола қоймас» деген ой Ёошикоға сап ете қалғаны сол еді, осы тақылеттес бірдемелер бірінен соң бірі кезекке тұрғандай-ақ болды. «Алғаш оның құндағы болған газет қағазы оның бар өмірінің рәмізіне айналатын шығар. Алайда, мен неге ғана  ол үшін осыншама қам жеймін? Мүмкін, өз ұлымның болашағына алаңдаймын ба? Жиырма жылдан кейін жетік білім алған, қоғамда қалыптасқан менің ұлым тағдырдың әлде бір тәлкегімен өзімен құрдас әлгі баламен жүздесіп қалса ше. Өшпенділікпен ол бұзақы пышақ суырып алып ұлыма еш аяусыз сілтеп кеп қалса…?».

Сәуір айының бұлтты болса да,  жылымық кешінде келешек туралы осындай ойға келгені Ёошиконың тұла бойын тітіркендіріп жібергендей болды. Ол көліктің артқы орындығында дірдектеп отырды. «Сақтай гөр, жаратқан! Егер ондай сәт туса, ұлымның орнында өзім тұрамын».

«Жиырма жылдан кейін мен қырық төртте болады екенмін. Мен ол жігітке барамын да газетке ораулы жатқанында оны қалай мақтадан жасалған жұмсақ матаға құндақтап, алғанымды қаз-қалпында айтып беремін».

Такси саябақ кешені, Император Ордасының су арықтарымен қоршалған қараңғы кең даңғылымен жүйткіп келеді. Алыста бой көтерген екі зәулім құрылыстан түскен жарық  Ёошикоға келіп қадалғандай сондай бір жайсыздық тудырады.

Жиырма жылдан кейін сол бір бейбақ бала нағыз тіс ауруына айналып жүрмесе игі еді. Ол тастанды, сенімнен жұрдай, тар тірлікке езілген, жалғыздықпен сандалған егеуқұйрық секілді жан болып өседі. Жарық дүние есігін анандай болып ашқан баланың пешенесіне өзге не жазылуы мүмкін? Әкесін боқтап, шешесімен арпалысып өскен пенде көше кезіп жүрер, дәу де  болса.

Өзін үзіліссіз мазалағанына қарағанда, Ёошико осы бір қараңғы пайымдардың өзінен көңіліне рақат табатындай болып кетті. Такси Ханзомонға жетіп, Британия елшілігінің қасынан өтті.  Дәл осы сәтте әлгі атақты шие ағаштарының сап түзеуі бар өнерін көрсеткендей Ёошиконың көз алдында кезектесе зулайды. Бір сәттік сезімге қатты беріліп кеткен келіншек түн қараңғысын да елемей шие гүлдерінің ашылуын көзбен көргісі келді. Қоян жүрек жас келіншек үшін шынымен де таңдарлықтай-ақ шешім. Көңіл-күйі алабұртқан және үйіне барудан имене үрейленген жан ғой. Сол күні кешке бұл келіншектің миына қайдағы-жайдағы сәтсіз бірдемелер еніп, нығыздалып қалған-тұғын.

Ёошико кең көшеден өтті. Қою қараңғыда жалғыз адамның нәзік дене бітімі ағараңдап көрінеді. Әдетте жол кесіп өткен сайын қорыққанынан қасындағы адамды тас қып ұстап алатын келіншек бұл жолы қаптаған көлік арасынан жалғыз өзі бұралаңдап өтіп, бірер сәттен кейін Орда арықтарымен жалғасқан ұзын саябаққа енді. Саябақтың атауы Чидоригафучи немесе Мың құс шатқалы еді.

Осы кеште саябақта жаппай шие ағаштары гүлдеп жатты. Гүлінің жапырақтары бұлтты мамыражай аспан астында жаппай ақ моншақ таққандай. Ағаштар арасында тартылған сымдарға тағылған қағаз шамдар әлдеқашан сөніп, орнына қызыл, сары, жасыл түсті электр шамдар өшкін ғана жылтылдайды. Түнгі сағат оннан асып кеткендіктен шие гүлдеуін көруге келгендердің дені үйлеріне қайтып кетіпті. Сол маңнан өтіп бара жатқан бірлі-жарым адам аяғының астына тірелген шөлмектерді жан-жағына қарай теуіп, қағаз бірдемелерді аяғымен таптап кетеді.

«Газет қағаздары» деген ой сап ете қалып еді, Ёошиконың санасы баяғы сол оқиғаға қарай ойысты да кетті. Сондай аянышты халде дүниеге келуші туралы естіген жан оның кім екенін біліп қойса, ол бейбақтың өмірі сол күйі құрыдымға кетер. Мен оған жат адам болсам да, оның мүддесі үшін қазірден бастап оны құпия сақтауым керек. Бұл бір адам баласын боламын ба, құримын ба дегенге тірейтін құпия.

Осындай ойлармен санасы тұмшаланған келіншек саябақты шарлап, адымдап жүр. Онда қалғандардың бәрі қос ғашықтар.  Ёошикоға назар аударған де ешбірі болмады.  Әлгінде ғана арықтың бойында тас орындықта отырған екі қос ағаштарды емес, судың ағынына тесіліп қарап қалыпты. Арықтың арғы жағында император Ордасының саябағы орман іспетті барандап көзге шалынады.

Ондағы ағаштар бірыңғай баран түсімен түнгі аспанға қол созып, ұмтылып тұрғандай үрпиісіп көзге шалынады. Ёошико шие ағаштарының аяқ жағындағы жолмен басын салбыратып жүріп келеді.

Сол сәтте анандайтын жердегі тас орындық үстінде ағараңдап көрінген нәрсе келіншектің болжағанындай үйіп қойған шие гүлдері емес, саябаққа келген әлде кімнің ұмытып қалдырған киімдері де емес болып шықты. Жақындап келгенде ғана ағараңдаған сол нәрсенің орындықта жатқан адам екенін білді.

«Қоғамдық орында ұйықтап жатқанына қарағанда, жолы болмаған маскүнемдердің бірі болды ғой» деп, Ёошико таңданыспен ойлады. Бірақ, олай емес. Әлгі кісі газетпен бүкіл денесін өте ұқыптылықпен орап алғаны және қағаздың ақтығы келіншектің назарын ерекше аударды. Ёошико тас орындықтың қасына келіп, ұйықтап жатқан адамға еңкейіп қарады.

Қабаттап жайылған газеттердің үстіне жатып алған, кейбірін жамылған, бозғылт түсті тоқыма жейде киген жігіт екен. Көктем мезгілінің жылымығы енген кез болғандықтан бұл маңай түнеп шығуға қолайлы орынға айналса керек. Ёошико оның еш күтім көрмей ұйпа-тұйпа үрпиіп, кір басқан жабағы жүндей шашына қарады. Газет жамылып ұйықтап жатқан адамды көргенде оның ойына әлгі бір осындайға оралған сәбиді еске алғаны анық. Қараңғыда терең ұйқыға батқан оның дем алған сайын екі иығы қозғалақтайды.

Ёошиконың барлық үрейі мен күдік-күмәні аяқ астынан орындалғандай сезіліп кетті.  Қараңғыда ол жігіттің ағараңдаған маңдайы ғана айырықша көзге түседі. Жас адамның маңдайы бола тұра қатал тірліктің тауқыметін тартқандығының ізі сайрап жатқандай ұзыннан ұзақ әжімдермен айғыздалып кетіпті. Қоңыр шалбарының балағы жоғары түрілген, жалаң аяғына мыжырайып тоз-тозы шыққан спорттық шақай іліп алыпты. Беті-жүзі толық көрінбей тұрғандықтан, бір мәрте көруге деген дес бермес қызығушылық  Ёошикоға кенет туа қалды.

Ол тас орындықтың бас жағына шығып, төмен қарай еңкейді. Бетін алақанымен жартылай көлегейлегенімен тым жас жігіт екені аңғарылып тұрды. Ёошико оның қою қара қасын, түзу мұрнын көрді. Сәл ғана ашылған ерні жастық шақтың ыстық лебіне толып тұрғандай.

Ёошико оған тым жақындап кетіпті. Тым-тырыс түнде газет қағазының сыбдыры шыққанда әлгі жігіт сол сәтте оянып кетті. Дәл қасында жас келіншектің тұрғанын көрген ол қос жанары жайнаң қағып, орнынан атып тұрды. Қас қағым сәтте оның күректей қарулы қолы Ёошиконың нәзік білегінен шап берді.

Бірақ, Ёошикоға ешбір үрей тумады. Босап кетуге әрекет те жасамады. Кенет оның санасына «А, әлгі жиырма жыл баяғыда өтіп кеткен екен-ау» деген ой сап ете қалды.

Император ордасының саябағына қою қараңғылық пен құлаққа ұрған танадай тыныштық иелік етіп тұр еді.♦

Аударған:

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ