Мори ОГАЙ. САНЪЭМОН АТАЛАСТАРДЫҢ КЕК АЛУЫ

0
664 рет оқылды

Жапон жазушысы  Мори Огайжапонның көрнекті жазушыларының бірі, сыншы әрі аудармашы. 1884-1988 жылдары Германияда білім алған жазушының негізгі мамандығы әскери дәрігер көрінеді. Проза жанры бойынша оқырманға  1890 жылы жарыққа шыққан «Биші» романымен романтик жазушы ретінде мойындалды. Кейін әртүрлі тақырыптар бойынша жазылған көптеген повестерімен қазіргі оқырмандарды әлі күнге дейін  тамсандырумен келеді.

Жазушының «Санъэмон аталастардың кек алуы» туындысы белгілі жазушы-аудармашы Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫНЫҢ  тәржімалауымен қазақ оқырмандарына алғаш рет ұсынылып отыр.

Шикитогори өлкесі Харима ауданындағы Химэжи бекінісінің қожайыны Сакай Үтаноками Тадамицү мырзаның орталық ордасы Эдо қорғанының сол жағындағы Отэ қақпасына жақын орналасқан. Орданың ақша-қаражат қоймасында түнделетіп екі самурай үнемі қарауыл қызметін атқаратын-ды. Тэмпо дәуірінің төртінші жылы (1841ж) желтоқсан айының алтыншы жұлдызындағы таң атар алдындағы мезет. Сол жылы елу жасты еңсерген аға қаржыгер Ямамото Санъэмон кезекті қызметтік міндетін атқарып отырған. Сол түні бірге болуға тиіс көмекші қаржыгер жігіттің денсаулығы сыр берген соң, қартаң самурай қыстың қақаған аязды түнін жалғыз өзі төзімділікпен өткізуіне тура келген-тұғын. Қасында қағазбен бүркелген үлкен шам бар. Шамның сыртындағы қалқаны күйіп түтінге ысталған. Сарғыш тартып сығырайған шамға терезеден түскен таң сәулесі қосылып, бөлмені жарық етеді. Төсек-жабдықтарының бумасы шешілмеген күйі тұр.

Кенет қағаз терезенің арғы жағынан кісі көлеңкесі көрінді.

-Айыпқа бұйырмаңыз, сіздерге жедел хат әкелдім.

-Сен кімсің?

-Көрші төренің қызметшісі боламын.

Санъэмон терезені итеріп ашып қараса, түр-түсі соншалықты таныс та емес, жиырма жас шамасындағы жігіт көрінді.

Хатты алып, шамның күйесін сүртіп, жеңінен көзәйнегінің қабын шығарып, оны көзіне тақты. Хаттағы мекенжайға қараса, ұлының жазуы емес, әйелінікіне де ұқсамайды. Сәл таңданып, басын шайқады да, өз мекенжайы дұрыс болғандықтан конвертті ашты. Ашып қараса, ештеңе жазылмаған ақ қағаз болып шыққанына қатты таңғалды.

«Жоға, мынауың …» деп ойлай бергені сол еді, әлде біреу оны басынан қатты салып қалды. Әне-міне дегенше қағаз бетіне қан тамшылай бастады. Санъэмонның артынан шабуыл жасалған екен.

         Санъэмон төсек орны жиналған жақта тұрған қылышын алуға ұмтылғанда, оны өткір семсердің жүзі осып өтті. Еріксіз оң қолын көтеріп қорғанып еді, қолын иықтан төмен қарай шауып түсірді. Сонда да Санъэмон орнынан атып тұрып, дұшпанының кеудесіне сол қолымен жармасты. Шабуылдаушы қорқақ біреу болса керек. Қолындағы семсерін тастай салып, дәлізге қарай қаша жөнелді.

Санъэмон соңынан қуғанымен есікке жете бере одан көз жазып қалды. Ауыр жараланған самурай жас дұшпанды қуып жете алмады.

Басы мен қолы өртше лаулап ысып, жанын ауыртқан сәтте көзі қарауыта бастады. Сонда да асқан төзімділікпен қаражат бөлмесіне қайта оралып, алдымен ақша сақталған сандықтың бүтіндігін тексерді. Бәрі өз орнында екен. Оған шүкіршілік еткендей болғанымен, көзі одан ары қарауыта берген соң, сол қолымен төсек орны жиналған тумбочканы тартып үстіне отырды. Терең дем алып, ауырсынып ойбайлаумен болды.

Шуды естіген адамдар арасынан ең алды болып, аудандық іс басқарушының көмекшісі жетті. Кейін басқарманың өзі де келді. Қаржы ордасының аға қарауылы да бар. Дереу абыржып, дәрігер шақыртты.  Санъэмонның зайыбы мен ұлы тұратын Кагихара қаласына да өкіл аттандырды.

Санъэмон есінен танып қалмағандықтан ресми адамдардың қойған сауалдарына нақты жауапты бере алған. Бұл қанды кек пе? Дәл мұндай өш алатындай жамандық жасағанын ол білмейді. Ештеңе жазылмаған қағаз әкелгенде «туысыңыздан хат келді» деген ол пенденің есімін Санъэмон бұрын-соңды естімеген. Дегенмен, түрі біртүрлі таныс секілді болған. Ақшаға құныққан болса керек. Санъэмон отбасына қарайласуды және кек алуды ұлына жеткізуді сұрады. Ол «өкінішті» деп бірнеше рет қайталап айтқан.

Қылмыс орнында қалдырылған семсер ресми орында Госэ деген кісінің екі-үш күн бұрын ұмытып тастап кеткен қаруы болып шықты. Қақпа алдындағы күзетшінің айтуына қарағанда, таңғы сағат алты кезінде Камэзо дейтін біреу келіп, хатты тезарада табыс етуім керек деген көрінеді. Кейін анықталғаны, жиырма жастағы әлгі жігіт Канда ауданындағы Фүжияа Жисабүро делдалдық фирмасының қызметкері екен. Фирманы Вакасая Камэкичи басқарған, кейін қазіргі қожайынға қарызының төлемі ретінде берген. Камэзоның бөлмесін тексергенде қаржы қызметінің тағы төрт адамына мекенжайын жазып, құр қағаз салып дайындаған конверттер табылған.

Камэзо ақша үшін қаржы қорғаушылардың арасынан әлде кімді өлтіруді көздегенге ұқсайды. Осы тұста Эдо мекенінің Оү секілді аудандарында астық шықпай жұт болғандықтан азық-түлік қымбаттаған, оның ішінде күріштің бағасы күн санап өсіп жатты. Тэнпоның төртінші жылы (1841) аштық пен жұт заманы болды.

Дәрігер Санъэмонға шама-шарқынша ем жасап, көмегін аямады. Осы аралықта әйелі мен ұлы Үхэй де келіп үлгерді. Үхэйдің өзі 19-да, әпкесі 22-де, Хосокава Окитанэ мырзаға қызмет етуші де шақырылып әкелінген. Санъэмонның әйелі Үхэй мен Рио үшін өгей шеше болып келеді. Санъэмонның қарындасы Кокүра бекініс қожайынына қызмет етуші Харада дегенмен бас қосқан. Сол сәтте ол Огасавара бекінісінде болғандықтан келуге үлгермеді.

Дәрігер оған көп сөйлеуге тиым салса да  Санъэмон қатын, бала-шағасына болған оқиғаны қайталап айтты. Санъэмонның үйі тар, ауыр науқасты бағып-қағуға қолайсыз  болғандықтан, оны Хамачиодағы жамағайынының үйіне апаруға шешім қабылдады. Қатын, бала-шағасы да бірге жүрді. Осы кезде қарындасы да жетіп үлгерді.

 

Ол жерде желтоқсан айының 27-жұлдызы таңғы сағат төртте Санъэмонның  демі үзілді. Кешкі сағат бесте орталық ордадан тергеушілер келді. Олар Санъэмонның әйелін, ұлы Үхэйді және қызы Рионы тергеп болған соң мынандай тұжырым жасады: «Оң қолын шаптырса да Санъэмон қылмыскерді орталық есікке дейін қуып барған. Қызметіне адал, мұқият екенін көрсетті. Сондықтан, дәрежесіне сай жерлеу рәсімін өткізген жөн». Қылмыс орнындағы семсерді Госэ таныған.

Санъэмонды 28-і күні Асакүса ғибадатханасының қасындағы Хэнрюүжи деген жердегі Ямамото аталастарының зиратына қойды. Санъэмонның барлық мүлкін Үхэй мұра етіп алды. Рио жалынып сұраған соң Үхэй оған вакизаши дейтін шағын қылышын берді. Қуанғанынан Рионың көзіне жас келді.

 

Самурай қылмыскер қолынан қаза тапса, ұлы оның кегін қайтаруға тиіс. Санъэмон бұл туралы ақтық сөзінде жазып та қалдырған екен. Отбасы ақылдаса келе Тэнпоның 5-ші сиыр жылының  (1842) бастапқы айы ортасында кек алуға рұқсат сұрап, арыз жазып тапсырды.

Түр-әлпеті бозғылт, денесі арық жіңішке Үхэй келіссөз барысында кек алудың аса өзекті әрі дұрыс екендігін айтып, талап етумен болды. Рио көп ештеңе айтпаса да, кек алушылардың тізіміне өзінің енгізілуін талап ете алды. Рионың денесі шағын болғанымен ширақ көрінеді. Ал, жесір қалған қатынның басы ауырып, ол әңгімеге араласа алған да жоқ. Онда отырған күннің өзінде «кек ала аламыз ба, жоқ па, қандай пәлеге ұрындық» деп әңгімеге кедергі келтіруі көп. Оны інісі мен қайын сіңілісі сабырға шақырады.

Туыстары арасынан да кек алуды қатаң талап еткен бір адам болды. Ол шекаралық шалғай Химэжи өлкесінде тұратын інісі. Ағасының қазасын естіген соң туыстарының әңгіме-дүкеніне араласа алмаса да «қайғымды бірге отырып бөлісе алмасам да қанды кек алуға септесетін қылыш боламын» деп ант-су ішкен екен. Санъэмоннан тоғыз жас кіші, Химэжидегі Хонда Икири самурай мырзаның қызметкері Ямамото Күроэмон қырықбес жаста. Ағасының өлімін естіген соң қожайынына келіп «мырзаның ұлы Күрэге қызметімді тапсыра тұрайын. Ағамның кегін алуға немере бауырларыма септесейін, сілтейтін қылышы болайын» деп өтініш жасайды.

Хонда Икири деген заманында Токүгава Иэсүдің қол астында болған Икиридің тұқымы, самурай салтын қастерлей білетін тұлға еді. Сондықтан, өтінішін ризашылықпен қабылдады. Ресми түрде кек алуға рұқсат беріле қоймағандығына қарамастан, қылышқа тапсырыс беріп, ақшалай жәрдемақы да ұсынған. Осылайша, Күроэмон қаңтар айының үшінші жұлдызында Химэжиден аттанды.

Ақпанның бесі күні Күроэмон Эдоға келіп жетті. Какигарадағы Үхэйдің үйіне тоқтады. Үхэймен бірге мырзасының рұқсатымен сонда жатқан Рио да ағасын көріп қатты қуанысты. Ағаларының келуі оларды жігерленіп тастаған.

-Рұқсат келген жоқ па?

-Келе қойған жоқ.  Менімен жүздескен қызметкер «қаралы күндердің мерзімі аяқталған соң рұқсат берілуі мүмкін» деп айтқан. Күроэмонның түрі жайсызданып кетті де:

-Үлкен дөңгелек тым жай айналады. Екеуің дайынсыңдар ма?

Үхэйдің қайтадан рұқсатты алға тартқанында ағасының тағы да еңсесі түсіп кетті. Біршама сәт ойға шомды. Түрлі әңгімелерден кейін аяқ астынан есіне түскендей:

-Дайындықты ертеден қамдаған жөн ғой – деді.

Алтысы күні Күроэмон ағасының бейітіне барды. Жетісінде Хамачиодағы туыстарына барып, марқұмды жөнелтуге көмектескендерге алғыс айтты. Сол кезде батыс тұстан ызғарлы жел соғып тұрды. Күроэмонның Хамачиода жүрген кезінде Канда ауданында өрт шыққан. «Жылқы жылғы өрт» деген атаумен кейін тарихта қалды. Тал түсте Сакүмада шыққан өрт Нихонбашиге жетіп, ертеңінде азанға дейін жалғасқан. «Сағат сезгізде Шямисэн ордасынан «жетігенін» сүйретіп шыққан от жынды өрт» деген мысал сөз кейін ел аузында қалған. Хамачио желдің өтінде болғандықтан өрттің үшке бөлініп тарағанын аңғарған Күроэмон жедел қайта оралды.

Күроэмон үйлердегі барлық мүлікті шығаруға кеңес берді. Онысы, өте дұрыс шешім болды. Үйлерінің сау тамтығы қалмай отқа оранған болатын.

Өрт басталғанда Рио қожайын мырзасының үйіне жетуге асыққанымен Тошимачи көшесі баяғыда қызыл жалын астында қалған еді. Әр жерде топырлаған адамдар, өртке шалдыққандары да, шалдықпағандары да бар бәрі абыржып естері шығып кеткен.

-Бикеш, қауіпті! Жақындамаңыз! – деп, бірнеше адам айғай салды.

Тас төбеде от жалындары ойнап тұр. Көз жасына булыққан Рио мырзасының үйіне жете алмады. Кері қайтуға мәжбүр болды. Немере ағасы үйінің мүліктерін өрттен сақтап қалыпты.

Хамачиодағы туыстарының қоймалары ғана жанып кеткені болмаса, үйлері сау қалыпты. Оларға қайтадан оралу ыңғайсыз болғандықтан бәрі алыс жамағайындарына баруға шешім қабылдайды.

Сегізі күні таңертең олар Ямамото Хэйсакүдікіне көшіп барды. Мұнда Санъэмон ата ұрпақтары үшін сыйыспайтындай ештеңе болмады. Жесір қатын бас ауруы үдеп, тұруынан жатуы көбейді. Үхэй екі қолын айқастырып алып, ойға батады. Рио ғана Хэйсакүлерді таңдай қақтырып, тынымсыз жұмыс істейді.  Рио өзінің қожайыны әйелінің қайда екенін естіген соң кездесуге асықты.

Кешкісін Рио қайта оралғанда Күроэмон:

-Енді, күтудің қажеті жоқ. Жолға шығу керек. Біздің «жас мырза» тымауға шалдықпауы үшін киім-кешегін дұрыс таңдау керек – деді.

Күроэмон Үхэйді «жас мырза» деп атап, әзілдейді. Рио бәрін даяр ететіндігін айтты.

Осы кештен бастап Рио інісі Үхэйге киім әзірлей бастады. Немере ағасы қажет заттарды жазып, белгілеп берді. Тоғызы күні Рио бәрін сатып әкелуге кетті. Сол күні жел шығыстан еді. Аспан ашық болатын. Бірақ, күн батар кезде қайтадан өрт шығып, бүтін заттың тамтығы қалмай жанып кетті.

Тоғызы күні оңтүстік батыстан жел соғып, даймио Мацүдайра Мүнэакираның бекінісінде өрт шықты. Онбірі мен онекісінде өрт жалғасып, қаулай түсті. Тілсіз жау апаты бірінен соң бірі шығып жатты. Базардағы зат-бұйымдардың бағасы аспандап, сатып алу мүмкін болмай қалды. Эдо у-шу мен дүрбелеңнің астында қалды. Рио сатып алмақ болған ешбір затына қол жеткізе алмады. Шарасыздықтан бәрі кейінге ысырылып жатты.

Бірде мүштегімен шылым сорып отырған Күроэмон киім тоқып отырған Риоға қарап отырды да, мүштегін қоя салып, әлде неге көңілі толмағандай:

-Мұны кімге арнап отырсың? Біздің «жас мырзаның» бойы ұзын ғой.

-Не ғой, мен өзіме… – деді, Рионың беті қызарып.

-Не-е-е, сен де барушы ма едің?

Рио жұмысын жалғастыра отырып «иә» деп жауап берді. Немере ағасы қарындасына барлай қарады.

-Оның жарамайды. Бұл әйел адам араласатын шаруа емес. Сен секілді нәзік сезімді жанды ертіп алып… Дұшпанды біз қашан, қай жерде табарымызды ешкім білмейді. Ал, ізіне түссек, дереу хабар береміз ғой.

Ағасына сынай көз тастаған Рио:

-Шынымен сіздер Эдоға келіп хабарлай аласыздар ма? Сосын, тағы менің келуімді күтуге уақыт бола ма?

Немере ағасы ыңғайсызданды. Расымен де сол сәттегі жағдай ғана мәселені шешеді ғой.

-Уәде беру қиын. Егер мүмкіндік тумаса, әйел баласының тағдырына мойынсынудан өзге амал жоқ.

-Сіздер барыңыздар. Әйел адам баруға болмайтын болса, мен монах болып бара салайын.

-Шынында, монах әйелдер де бар ғой.

Рио тоқып отырған затына көз жасын төгіп, үнсіз қалды. Немере ағасы сабырға шақырғанымен, әйел адам алып жүруге болмайтын ұстанымынан қайтқан жоқ. Рио көз жасын сүртіп, тоқып қойған тізеқабын қасында тұрған монша сүлгісіне орап қойды.

Ақпан айының 26-ында Мемлекеттік басқарманың бас төресі өтініштің жауабын Санъэмондарға берді. Кек алу рұқсаты Үхэй, Күроэмон және Рионың атына берілген екен. Рұқсат хатта мынандай қосымша қағаз болды: «Жолға жедел шығу. Жауыздың көзі жойылғаны туралы дерек көзінің болуы». Үшеуіне де ақшалай жәрдемақы берілді. Рұқсатының болғанына қарамастан олар Рионы ертпеді. Күроэмон мен Үхэй жесір өгей шешесі мен Рио екеуіне жұмыс тауып беру жайына назар аударды. Ауру жесірдің қалауы бойынша оны Сүмаэмон тектіге жұмыс істетуге уағдаласты.

Күроэмон мен Үхэй дайындықтарын бітірді. Бір қиыны олар қылмыскердің бет-әлпетін білмейтін еді. Біреулердің сипаттауымен бара салу сенімсіз болар еді. Олар Фүжияа, Вакасаяа секілді мейманханаларға барып жұрттан сұрастырғанымен нақты ештеңе біле алмады. Кишюү тұқымының адамы деп естігенімен онысы расталмаған дерек болатын. Ал, нақты нәрсе Сакай әулетіне жұмысқа тұрардан бұрын Жиошюү ауданының Такасаки мекенінде тұрғаны ғана анық еді.

Сөйтіп жүргенде Үхэйге Асай аймағының Оми ауданынан бір бейтаныс адам келе қалды. Бала кезінен Эдоға келіп, Сакай әулетінде жаршы болған екен. Санъэмонның көзі тірісінде одан тұрмысына қатысты қолдау тапқан, сондықтан, кек алу шарасына қатысуды өзіне парыз санайды екен. Ол қанішердің түрін білетін болып шықты. Денесі ширақ, ниеті дұрыс баламен Күроэмон кездесіп сөйлескен соң Үхэйдің көмекшісі ретінде бірге жүруіне рұқсат берді. Ниеттің дұрыстығына келсек, атқарушы қызмет тобындағылар үшін сирек болмыстардың бірі болатын.

 

 Күроэмон, Үхэй, Бүнкичи үшеуі Санъэмонның Ямамото әулетінің ғибадатханасы Хэнрюүжиден жолға шығуға шешім қабылдады. Ғибатханаға Рио бастаған туыстары түгел жиналды. Жесір әйел әдеттегідей денсаулығына байланысты келе алмады. Санъэмонның зиратына бас иіп, еңселерін түсіріп тұрды да қоштасу рәсімі бойынша саке арағынан тартып алысты. Ғибадатхана діндары оларды ши көжемен тамақтандырды. Діндар дайындаған асының соншалықты керемет еместігін айтып, ғафу өтінді.

Олар ғибадатханада түнеп, 29-ы күні таңертең жолға шықты. Бүнкичи заттарын арқалап алып, соңынан еріп барады. Камэзо қызметке барар бұрын тұрды делінген Такасакиден іздеуді бастайтын болды. Әрине, Камэзо сонда деген сенім ешбірінде жоқ. Алайда,  Күроэмон, Үхэй, Бүнкичи үшеуі сол жерде болуды жөн санады. Жапонияны түгел аралап дұшпанын табу деген қойма толы күріштің арасынан бір түйірін табумен тең жай еді. Күріштің қай қабынан бастау керектігі де беймәлім деген сөз. Қанша қиын болса да бұл істі атқармасқа лажы жоқ. Жә, сонымен ол үшеуі Такасаки деген қаптан «күріш іздеуді» бастады.

Такасакиде Камэзо туралы ештеңе де тауып біле алмады, іздеуді жалғастыруға Маэбашиге тартты. Ондағы ғибадатханада Ямамото әулетінің ата-бабалары жерленгендіктен дәстүр бойынша көздеген мақсатқа кедергісіз жеткізуді сұрап, тағзым етісті. Одан ары Фүжиокаға, ешбір нәтижесіз бес тәулікті артқа тастап, Мусаши ауданның шекарасынан өтіп, Кодама кентіне үш күн түнеді. Ол жерде Мицүминэ тауының басына шығып,  осы мекеннің құдайларына жалбарынып, сыйыну рәсімдерін жасады. Ары қарай олар Хачиожи, Кай, Гүннай, Кофү мекендерін екі тәулік шарлады. Минобүзан тауына тағзым жасады. Сол арадан Вада тауы арқылы Эчиго ауданына жетті.

Көптеген қала, кенттерге соқса да Камэзо жердің тесігін тауып кіріп кеткендей, тіпті, ол туралы естіп-білген де адам жоқ.

Эччюү ауданының Тояамасына олар арып-ашып зорға жетті. Көздеген мақсаттарына жетудің өте ауыр екенін күннен күнге түсіне бастады. Азық-түлік жағын қызыл бидай қосындысы, картоп, бұршақ секілділерді талғажу етумен амалдады. Дихандардың қосында түнеп, төселген сабанның үстіне жатып та ұйықтаған кездері болды. Екі күннен кейін Тояамадан кетіп, Канаямаға жетті, ол жерден Кисожи жолына шығып, Отаға бағыт алды. Бес күннен кейін Токайдо жолы бойындағы елді мекендерді түгендеді.

Мацүзака көшесінде өкімет қызметінің төресі Ивабаши дейтін мырза кездесіп, олардан мән-жайды мұқият білгеннен кейін қажетті құжаттарын дайындап берген екен. «Қараңғы түнде қарманған» кек алушыларға «оттағы шоқтай» бір хабар жеткізді. Өкімет төресі мынандай әңгіме айтыпты:

Мацүзакада бай саудагер Фүканоя Сахэй деген болыпты. Оның сауда-саттық тамыры Кий аудандық Күмано Үраногашима көшесінің тұрғыны балықшы Садаэмон деген болды. Сахэй сол балықшы отбасымен жақсы таныс еді. Тұңғыш ұлы Камэзо ер жеткен соң Эдо қаласына кетіп, отбасымен хабарласпай жоқ болып кеткен. Ал, келесі ұлы Садасүкэ әкесіне қарайласып тұратын. Қаңтар айының 21-де киімі жыртылып дал-дұлы шыққан Камэзо әкесінің үйіне келіп жеткен. Әкесі «ата-ананың қамқорлығын ұмытқан жанды көргім келмейді» деген соң Камэзо дереу кетіп, қарасын батырған көрінеді. Оны көргендердің бәрі де «Кишюүден келген бұл Камэзо Эдода бірдемені бүлдірген. Бой тасалап жүргені анық» дескен. Әкесінің айтуынша, Камэзо Нингомүра кентіндегі ағасы Ринносүкэге қаңтардың 24-інде барған. Ағасы қажып жүргенін айтып, әкеңе бар деген. Қысқасы, туыс-туған, тамыр-танысының бәрі де оған жылы қабақ танытпаған. Амалы таусылған ол әкесіне қайтадан келген. Ақпан айының ортасында Садаэмон ұлының Эдода жайсыз іс жасап келгенін естіген. Ұлынан қазбалап сұрай отырып, бәрін естіген. Ұлы шындығын айтып, «бір мәртебелі адамды жарақаттағанын» айтқан. Сонымен, Садаэмон мен Ринносүкэ ақылдаса келе Камэзоны Коя тауындағы ғибадатханаға діндар етіп жіберуге байлам жасайды. Шашын тақырлап қырғызған Камэзоны ақпанның 19-ы күні Миүразакиге дейін шығарып салған. Кимоносы төртбұрыш өрнекті, шүберек белбеуі бар, қара көк шалбарымен кеткен дейді. Қалтасында бар-жоғы бір рёо ғана ақша болған көрінеді.

Камэзо 22-сі күні Шимизү ауылының диханы Матахэянікіне қонған екен. Жаңбырдан бой тасалаған оны 23-інде Кояа тауында кетіп бара жатқанын адамдар көрген. Сосын, 28-і күні кешке таудан түсіп, Хашимото деген жерге жеткенін көргендер де болыпты. Сөйтіп жүріп жоғалып кеткен. Шикокү аралына қарай кетіп қалуы да ықтимал деседі.

Өкімет төресінің әңгімесі кек алушыларға үміт тудырды. Садаэмонның ұлы, шашын қырғызған, діндар болуға ұмытылған Камэзо деген біреудің қанішер оңбағанның дәл өзі екендігіне  шүбәсіз сенді. Үхэй дереу «Шикокүге кетейік» деді. Күроэмон «Шикокүге қарай кетуі мүмкін» деп қана айтты ғой деп оның буырқанған толқуын зорға тежеді. Солай кетті деген күннің өзінде алдымен осы маңнан іздестіріп көрген дұрыс деді.

Мацүзакадан кеткен кек алушы із кесушілер шинто дінінің Исэши ғибадатханасында болып, істерінің ілгері болу жолына садақа беріп, рәсім жасады. Ары қарай шекарадан өтіп, Токайдоның жолымен Осакаға беттеп, ілгеріледі. Осакада 23 күн түнеді. Сол сәтте Мацүзакадан хабар жетті. Ұлы жоғалып, қасірет шеккен Садаэмон қайтыс болыпты. Күроэмонның да ұлы бар. Сонда да өз парызын орындамайынша үйіне қайтуды есіне алмайды. Хёого, Харима, Бизэн, Окаяма аудандарынан өтіп, маусымның 16-ы күні кешке Шимоямадан кемеге отырып, Шакокүге тартты.

Мацүзакадан кетерде Үхэй қатты ашулы еді. Немере ағасы оның сөзіне қарсы болып, өз дегенімен жүріп келеді. Мұхитқа шыққан соң Үхэй сабасына түсіп, олар түнімен әңгіме-дүкен құрды.

Таңертеңінде Санүки ауданындағы Марүгамэ жағалауына түсіп, Мацүоны түгел аралап іздеуді Бүнкичиге жүктеп, екеуі таудың қойнауындағы Зозүсан ғибатханасын бетке алды. Сол жерде «Марүгамэде біртүрлілеу бөтен ламаның пайда болғанын» кезбе диуаналардан естіген болатын. Үхэй оны әлгі қанішердің дәл өзі деп түн ортасынан ауғанына қарамастан түсін танитын Бүнкичиді ертіп жеткен. Бірақ, сәтсіз болды. Ол басқа адам еді.

Иёодағы мыс кенішінде адамдар көп жиналатынын естіп, сол маңды да екі күн бойы торыды. Кейін Сайжиода екі, имабариде екі түнеп, Догодағы ыстық арасанға аттанды. Үхэй ыстық күннің салдарынан денесі босап, Бүнкичидің іші өтіп, екеуінің науқастан айығуын күтіп ыстық арасан қалашығында бес күн өткізді. Екеуінің денсаулығы жақсарған соң олар іздеулерін жалғастырды. Шикокү аралын түгелдей түзіп шықса да Камэзоны таппады. Сол жерден Кюшүшюүге тартты.

Кюшүшюүге келісімен олар қаладан қалаға, ғибадатхананың бірінен келесіне өтіп, іздеуін жалғастырумен Нагасакиге жетті. Онда келген соң қанішерге ұқсайтын бір діндардың Шимабараға келгенін естіді. Онда барып, тағы да бес күн болды.

Жиырма жас шамасындағы бір қызық діндардың Нагасакиде жүргенін тағы естіді. Буддизмнің Жиодо ағымының Канзэнжи шіркеуінде сол лама таяқпен төбелес түрін үйрететін көрінеді. Әлгі үшеуі жеделдетіп Нагасакиге баратын кемеге мінеді. Желтоқсанның 8-і күні таңертең Нагасакиге қайта оралды. Ол жерде Шия дейтін кісінің үйіне тоқтады. Аудан төресі Фүкүдаға мән-жайды айтып көмек сұрап еді, оларға көмектессін деп екі адам қосып берді. Оның сыртында қылыштасу мектебінің мұғалімі Огава да көмекке дайын екенін айтты. Күроэмон мен Үхэй ағаш таяқпен сайысу өнерінен дәріс алғысы келді. Канзэнжи шіркеуінің ламасы олардың өтінішіне оң қабақ танытты. Келесі күні әлгі үшеуі, Огава бар және екі көмекші қосылып, бәрі шіркеуге келді. Бүнкичи күдікке іліккен ламамен жүздескенімен олар іздеген қанішер болмай шықты. Із кесушілер Фүкүда төре мен Огаваларға алғыс айтып, Нагасакиден аттанды.

Желтоқсанның алтысында олар кемемен Шимонэсэкиге келді. Күроэмонның аяғы ауырғалы көп болған. Шарасыздықтан таяққа сүйеніп жүрген болатын. Енді тіпті таяқпен жүру де мұң болды. Үхэй мен Бүнкичи оны Химэжиге орналастырып, аяғын тынықтырған жөн десті. Күроэмон марқұм ағасының алдындағы парызын орындамай тұрып, қайту туралы ауызға да алғысы келмейді.

Сөйтіп жүргенде ақшалары таусылды. Тоқтаған қонақ үйдің қожайыны көмектесіп, Күроэмон жұмыс тапты. Жюүжюцүмен айналысатындар массаж жасауға шебер келеді. Бүнкичи де Авашима ғибадатханасынан жұмыс тапты. Жұмыс дейтіндей де емес, ол шіркеуде уағыз айтып отырмады, кеудесіне мешіннің суретін тағып алып, қоңырау соғып, ақша сұрап тұратын тіленшінің ісі еді.

Жағдай ауырлағандықтан Күроэмон мен Үхэй Бүнкичиді елге қайтаруды жөн көрді. Оған екеуі былай деді: «Біз барымызды бөліп жедік, сені қызметшіміз деп білеміз. Бірақ, саған еңбекақы тауып бере алмай отырмыз. Сен бізге адал еңбек еттің. Біз Жапонияны айнала қанішерді іздедік. Қашан табылары да беймәлім. Табамыз ба, жоқ па, оның өзі күмәнді. Жол-жөнекей өзіміз өлеміз бе, құдай біледі. Сенсіз жүру бізге ауыр. Сен қанішерді танисың. Амал жоқ, сен салтқа адал, жақсы адамсың, қайдан да өз орныңды табасың. Осымен қош айтысайық».

Осының бәрін Күроэмон айтып жатқанда екі қолын айқастырып қарап тұрған Үхэйдің қос жанарынан аққан жас бетінен төмен қарай құлдап жатты. Бүнкичи не істерін білмей сөз тыңдаумен ғана тұрды.

-Мырза, бұл сөзіңіз қате. Менің бұл қызметім төтенше міндет. Мен өз еркіммен сіздерге ердім. Сіздерден айырылып кете алмаймын. Егер ісіміз сәтімен бітсе, қандай тамаша. Қанішер бізден айласын асырып жүрсе, не істейміз. Қиын екені рас. Бірақ, мені қумаңыздаршы. Екі аяғыммен жер тіреп тұрғанымда сіздермен бірге боламын – деді.

Көпті көрген Күроэмонның өзі бұған қарсы сөз таппады. Үшеуі іздеуін жалғастыру үшін жолға шықты. Қанішерді енді қайдан іздейтіндерін де білмейді. Жаратушы Құдайға бәрін тапсырып, жүре бергеннен өзге лажы жоқ.

Олар жүріп отырып, Осакаға жетті. Ол жерде оба дерті өршіп тұр екен. Түнеп шығуға келген қонақ үйде  ауырған адамдар лық толы екен. Наурыз айының басында Үхэй мен Бүнкичи де науқастанып сұлап түсті. Күроэмон шамасы жеткенше тырысып, оларды тамақтандырып жатты. Үхэй мен Бүнкичи сауығып тұрғанда Күроэмон өзі мұрттай ұшты.

Дәрігер оған тырысқақ деген диагноз қойды. Күроэмонның қызуы көтеріліп, «тоқта, айырылып қалдық қой» деп сандырақтайды.

Сөйтіп жүріп ақыры Күроэмонның сауығып орнынан аман-есен тұрған күнінің қуанышын айтып жеткізе алмайсың. Бірақ тағы бір қиындыққа тап болды. Үхэй науқасынан айықса да, ұмытшақ әрі уайымшыл болып кетті. Бұрынғы сабырлы мінезінен ажырап, түкке тұрмайтын бірдемелерге күңкілдей беретінді, абыржыған кезде аппақ бетіне қызыл дақтар шыға келетінді тапты.

Үхэйдің көңіл-күйіндегі мұндай мазасыздық оны дағдарысқа тіреп кейде бас құйқасын мыжығылап отырып қалуына мәжбүр ететін. Немере ағасы мен Бүнкичи оған барынша байсалдылық танытады. Бірақ, оның жағдайы күннен күнге ауырлай түсті. Азаннан кешке дейін ауыз жаппай сөйлейді, ұрыс-керіске бейімделіп, өзінен өзі ызаланып қапалана береді.

Бірде Бүнкичи (ол да Үхэй «жас мырза»деп атап кеткен) Күроэмонға:

-Жас мырза мазасызданып жүрген секілді – дегенінде ол аңғармаған сыңай танытып:

-Жас мырзаны жақсылап тамақтандырайық! Бар қиындықты алып тастайық – дей салады.

Жол азабының қиындығы үшеуін де әбден қажытты. Сөйтіп жүргенде Үхэй бір жаққа кетіп жоғала қалды. Әбден амал таусылды.

…Бірде Бүнкичи Тамазүкүри-инари әулие игілікті істер жасайтыны туралы естиді. Сонымен, ертеңінде жуынып-шайынып алады да Күроэмонның рұқсатымен Инари әулие шіркеуіне барады. Құдайдан әлгі қанішер мен жоғалған Үхэй туралы хабар алғысы келеді. Шіркеу маңында қаптаған адамдар, айналада дүкеншілердің саудасы да қызып тұр. Шайдың, дәмді күріштің саудасы өтімді болып жатады екен. Ойыншық сатушылары да, саймазақ аристер де жыртылып айырылады. Ғибадатханаға кірушілерге есік аузындағы күзетшілер «құдай жолында садақа беріңдер» дейді. Садақа берген соң ғана олар шіркеуге кіруге нөмір ұсынады. Бүнкичи бар ақшасын беріп, нөмір бойынша кеш батқанша кезегін күтті. Сонда да ламаға кіре алмады. Күні бойы нәр татпаса да аштықты сезінбеді. Кешкі сағат алтыда қақпашы шығып «қалған адамдар ертең келсін» деді.

Бүнкичи ертеңінде шіркеуге тағы келді. Адам саны сансыз көп болса да кешегі кезегіне сай тез кіріп кете алды. Бүнкичи қақпашы еріп кірген соң маңдайымен жер сүзе жаздап, шіркеудің бас ламасын күтті. Ол келіп Бүнкичидің әңгімесін тыңдаған соң:

-Сенің айтып отырған бірінші адамың шығыста гүлденіп дамып жатқан қалада жүр. Ал, келесі адамың қайда екені белгісіз болып тұр – деді.

Бүнкичи асыға-аптыға Күроэмонға келіп бәрін баяндады. Ол:

-Шығыста гүлденіп дамып жатқан қала дегені Эдо ғой. Ол оңбаған Камэзо солай баруға қалай дәті жетеді? Біз сонда оны ай далада іздеп жүрміз бе? Сене алар емеспін. Эдоға барса, оны өзге туыстары көреді ғой. Сен бас ламаға ақша беріп қойған жоқсың ба? Келесі адамның қайда екенін білмеуі тағы да ақша ұсын дегені емес пе екен?

Бүнкичидің көңілі алай-дүлей болып, Күроэмон ламаның сөзіне сенсе екен деп сыбырлап тұр.

-Инари шіркеуінің ламасына сенбеймін. Жексұрын хайуан Камэзоның  Эдоға баруы тіпті ақылға сыймайды – деді.

Осы сәтте қонақ үй қожайыны «Ямамотоның атына Эдодан хат келді» деп хабарлады. Келген хатты Күроэмон ашып оқыды. «Ямамото Үхэй мырза және Күроэмон мырзаларға. Сакүрай Сүмаэмоннан».

Бүнкичи «не жазылды екен» деп қатты толқып зорға шыдап отырса да көмекші малай екендігіне мойынсынып сабырлы отыр.

Олар Эдодан кеткенде марқұм Санъэмонның жесірін інісі Сакүрай Сүмаэмон өз қасына алдырыпты. Қайынысын әуреге салудан бас тартқан жесір әйел өзі тұратын баспана тапқан екен. Кейін орданың бір мырзасына қызметші болыпты.

Ал, Үхэйдің әпкесі Рио туыс апасы Хараданың үйінде тұрып жатқан көрінеді. Қанішер жайында бірдеме есту үшін әкесінің жұмыс орнына барып, саудагерлердің әңгімесіне құлақ түреді. Қаралы күндердің мерзімі аяқталысымен Рио қанішер туралы бірдеме білу үшін араға екі ай салып, мекен ауыстырумен жүр екен.

Марқұмның қызы Рио мен жесірі екеуі қайда жүрсе де қанішер жайында бір хабар білуге тырысқандарымен нәтиже шыға қоймапты. Күроэмон мен Үхэйден де хабар-ошар болмады. Екі әйелдің қаншалықты қайғы-қасірет шеккені мәлім жағдай еді.

Уақыт сырғып өтіп, Тэмро санауының Алтыншы (1843) жылының мамыр айы болды. Бірде Сакүрай Сүмаэмон әулие Жанрайсигке құлшылық етуге Асакүсаға бара жатып, жол-жөнекей бір шайханаға тоқтайды. Кенет жаңбыр төгіп кетіп, екі кісі жүгірген бойы шайханаға келіп енеді. Есік көзінде тұрып екеуі өзара былайша әңгімелеседі:

-О, айтпақшы, ұмытып кетіппін ғой. Кеше Кандада жүр едім, дәл осындай жаңбыр құйып кетті. бір жерде жауыннан ығып тұр едім, бір жігіт сырттан енді. Қарасам, дәл әлгі Сакай текті Камэзо! «Бұл Камэзо қайдан жүр» деп, ойладым да «Әй, Камэзо!» деп қалып едім, бұрылып қарады да: «Сіз шатастырып тұрсыз. Мен Торамын» деді де, жаңбырдың құйып тұрғанына қараймай шыға жөнелді.

-Ол келіп алғаны ма, сонда! Шымыр жігіт-ә! – десіпті.

Мұның бәрін естіген Сүмаэмон  «Камэзо деген кім деп сұрағанда олар оның самурайлық кейпін аңғарып, абыржып қалса да «Ол Сакай ордасында былтыр қылмыс жасаған  самурайдың бұрынғы көмекшісі болатын» депті. Әлгі «оны көрдім» деген бірі:

-Мен оны қырынан ғана көрдім ғой. Бәлкім, жыға танымаған шығармын. Шынымен де Тора деген біреу болған шығар – деді.

Көлделең көк аттының бәрінің сөзіне сене бермейін деп ойласа да, Сүмаэмон ол жерден шыққан соң Камэзоның ізін кесуге шешім қабылдайды. Дәл сол сәтте осы хатты Күроэмон мен Үхэйге жолдаған екен.

Бүнкичи Тамазүкүри әулиеге тағзым етуге шіркеуге барып оралған соң Күроэмонмен бірге Үхэйді сұрастырып, Осаканы түгел тінтіп шықты. Қарапайым адамдар тоқтауы мүмкін барлық қонақ үйлер мен шайхана, сауықханаларды түзіп шықса да оны таппады. Күроэмон немере інісін іздеуді доғарып, Эдо қаласына тартып кетуді жөн көрді. Ақша-қаражаты да таусылған, қиналар сәтке іркіп қойған азын-аулақ бірдемесі ғана қалған. Күроэмон көгілдір түсті матадан тігілген кимоно киіп, қоңыр белбеу тақты. Кимононың үстінен көкшіл түсті хаори жейде киген. Екі қылышын тағып, азын-аулақ бірдемелерін сөмкеге салды. Онда матадан тігілген әмиян, түйеруіш, кендір жіп бар еді. Бүнкичи де дәл солай жиналды.

Қонақ үй қожайынымен есеп айырысып, маусымның 28-інде Фүшими Цү бағытындағы кеме отырды. Ауа райы қолайлы еш кедергісіз келе жатқан еді. Мұхит толқып боран басталғандықтан Саканошитада біраз бөгеліп, шілденің 11-і күні кешке Шинагава портына жетті.

12-і күні таң сәріде Күроэмон мен Бүнкичи киімдерін де ауыстырмастан тура Асакүсаның Хэнриожи шіркеуіне қарай тартты. Санъэмон зиратына тағзым етіп, шіркеу дінбасымен кездесуге асыққан еді.

Келесі тәулік марқұм болғандардың туыс-туғандары зиратқа келіп, құрмет көрсететін күні болатын. Күроэмон шіркеу дінбасына өздерінің келгендерін айтпауды өтінді, бірақ, себебін түсіндірмеді. Олар сол маңнан бой тасалайтын орын іздеуге кетті.

Харада мен Сакүрай екеуінің әйелдері зират басына келді. Ал, Санъэмонның жесірі мен қызы Рио көрінбеді. Негізі, олар самурай дәстүрін ұмытуға тиіс емес еді. Ақшам болысымен Күроэмон «Ал, енді қозғалатын уақыт болды. Енді, ешқашан қанның иісі кеткенше тұра алмаймыз» деп, Бүнкичиге айтты. Олар Хэнриожи шіркеуіне бет алды. Жол-жөнекей Жанрайсиг әулие шіркеуіне соқты. Каминари қақпасына келгенде Күроэмон:

-Ол жексұрын лама болмаған екен. Лама болған күннің өзінде еш қайда бара алмас еді. Енді, бізден құтыла алмайды.

Жанрайсиг әулиеге сыйынып Сакүрайге іштей разы болып, шіркеуден шықты. Күн аптап ыстық болса да салтанатты отшашу атуды көруге көп адам жиналыпты. Күроэмон мен Бүнкичи бір шайханаға кіріп, сәл дамылдады да ары қарай кетті.

Күн батуға еңкейген тұста Бүнкичи кенет Күроэмонның жеңінен тартып, қарсы алдарында тұрған ұзын бойлы жігітті көзімен ымдап көрсетті. Әлгі жігіт ескіріп тозған кимоно киіп, сызықшасы бар көк белбеу буыпты. Күроэмон мен Бүнкичи үн-түнсіз соңынан ерді.

Аспан ашық, айлы түн. Жігіт Кояма көшесімен бұрылып, Шиоға қарай өтті. Хончио көшесін қиып өтіп, Кокүчио өзені бойымен жүріп отырып, Рюканбаши көпірі арқылы Камакүрабашиге қарай тартты. Адам баласы жоққа тән. Күроэмон басын орамалмен таңып алып, мас адам болып ойын ойнап келеді. Бүнкичи оны сүйеп келе жатқан түр жасайды. Сонда да әлгі жігіттің соңынан қалмай еріп келе жатты. Көшеде адам қарасы мүлде көрінбеген сәтте Күроэмон  Бүнкичиге ым қағып, екеуі қатарласа шабуылдап, басып алды да қолын бұрады.

-Не істеп жатсыңдар? – деп, ойбай салған жігітке қозғалуға да мұрша бермеді. Күроэмон оны тырп еткізбей басып алған болатын.

-Мен бір жыл бұрын құрбан болған Ямамото Санъэмонның інісі Күроэмонмын. Сен оңбаған туған жеріңді, аты-жөніңді айт! Енді, сенің әлемнің жарығынан ажырайтын күнің келді –деп, Күроэмон ақырды.

-Сіздер мені шатастырып тұрсыздар. Мен Сэншюү еліненмін. Атым Торазо. Мен еш білерім жоқ.

-Әй, Камэзо! Сенің көзіңнің астындағы меңіңнің өзі ұстап беріп тұр ғой. Көп ойнамасай сен!

Бүнкичиді тани қойған Камэзо найзағайға тап болғандай:

-Сен Бүнкичисің бе?

Күроэмон жеңінен  кендір жібін шығарып, жігітті лезде байлап тастады.

-Ал, енді мұнымен сөйлесетін де әңгіме жоқ. Чиномизүге қарай зыт! Сакайдың үйіне бар, тездет!

-Құп болады.

Бүнкичи Нишикичио көшесіне қарай бар екпінімен жүгіре жөнелді. Сакайлар ұйықтамаған екен. Рионың үйге кіргені сол, киімін де ауыстырып үлгермеген. Осы сәтте үй қызметшісі келіп «ханым шақырып жатыр» деді.

-Сіздің шешеңіз сырқаттанып қалған-ау. Шақырушы кісі келіп тұр. Қазір бара бер. Бірақ, кеш болса да ораларсың. Ертең мен сені босатамын – деді, қожайын ханым.

Рио алғысын айтып, тысқа шықты.

Алдымен кім не үшін келгенін білу керек болды. Жұқа кимоно киген адам деді. Сөйтсе, Бүнкичи келіп тұр екен. Оны ағасы мен Үхэйді шығарып салған кезде көрген болатын. «Шешең ауырды» дегеннің жалған сөз екенін дереу түсінді. Екеуінің дәлізде кездесіп тұрғанын қызметшілер қызықтап, құлақ түреді.

-А, мен бірдеме ұмыттым – деп, Рио бөлмесіне жүгіріп кірді. Есігін бекітті де себет ішінен киімдерімен қатар әкесінің соңғы сәтте қолында болған қылышты алды. Оны орамалға орап алды да көшеге шықты.

Бүнкичи жолда қанішерді қалай тапқандарын Риоға айтып берді. Сонымен қанішерді Гожинхара шіркеуіне апарғандарын да жеткізді. Шіркеуге келісімен қайдағы киім-кешек ауыстыру, тура қару-жарағын шығаруы қажет екенін Рио түсінді. Күроэмон қанішерге бұрылып:

-Санъэмонның қызы келді. Оны өлітргеніңді мойында! Туған мекеніңді айт! Аты-жөніңді айт! – деді.

Қанішер оңбаған қабағын көтеріп, Риоға қарады:

-Осымен менің  күнім біткен екен. Енді, жалтарып қайда барамын. Мен шынымен де, Ямомото мырзаны жараладым. Бірақ, өлтірген жоқпын. Құмар ойынында ұтылып қалып, ақша іздегенмін. Мекенім Изүмидің Икүта ауданы, Үэнохара елді мекені. Әкем Кичибэй, өз есімім Торазо. Сакай тектілерге қызмет істеген кезден бастап, Камэзо деген есімге ие болдым. Бұл есімді құмар ойынын бірге ойнайтын Кишюү деген қызметшіден қалап алғанмын. Менің басқа айтарым жоқ. Сіздердің дегендеріңіз ғана болады! – деді.

Күроэмон:

-А, солай ма! – деп, Риоға қарады. Бүнкичи оны байлаған жіпті шешті.

Үшеуі де Торазодан көз алмай тұр. Ол орнынан тұрды да олжасына қарай секірген жыртқыштай Риоға таман ұмтылды да қашып кетуге әрекет жасады. Ал, Рио қолындағы қаруын даярлап тұрғандықтан артқа бір қадам шегінді де қылышын сілтеп кеп қалды. Қылыш оң иығын кесіп өтіп, кеудесіне дейін жетті. Тораза теңселіп тұрып қалды. Рио тағы да сілтеді. Тораза өлім құшып, жерге құлады.

-Жақсы. Енді, мен біржолата аяқтай салайын! – деп Күроэмон Торазаның тамағын қылышымен шаншып өткізді де, қайта суырып, мәйіттің жеңіне қылышының қанын сүртіп, қынына салды. Риоға да солай жасауға кеңес берді. Екеуінің де қос жанарында мөлтілдеген жас тұрды. Рио:

-Әттеген-ай, Үхэйдің  жоғын-ай! – деді.

Аударған:

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

Алауинформ