Туған жерге тағзым. Түлектер білім ошағында бас қосты

0
764 рет оқылды
Шараға жиналған мектеп түлектері

«Туған жерге тағзым». ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жылысай ауылы Майлы Орманов атындағы мектепте осындай тақырыпта салтанатты шара өтіп, мектеп түлектері туған жерінде бас қосты. Жиынға аталған білім ошағынан түлеп ұшқан азаматтар мен ауыл халқы жиналды.

Әр жылдың түлектері бас қосқан шара концерттік бағдарламамен басталды. Шараны ашып, баяндама жасаған мектеп директоры Ерлан Малғараев жиналған қауымға алғысын білдірді. Бұдан бөлек, көпшілік өздері оқығанға дейінгі мектеп тарихымен танысып, салтанатты шарада жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы айтылды.

Ерлан Малғараев, М.Орманов атындағы орта мектептің директоры.

«Туған жерге тағзым» – президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған алты басымдықтың бірі. Осы мақалада Елбасымыз бәрін жан жақты атап көрсетті. Қазір елімізде, жер-жерлерде елжанды азаматтардың бастамалары көтеріліп жатыр. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың «Қазақстанда 5 мың ауылдан 5 мың жігіт шықса сол ауылдар гүлденер еді» деген сөзі бәрімізге үлгі-өнеге болды. Енді біздің ауылдағы осы мектептен 77 жылы ең алғашқы түлектер түлеп ұшты. Бүгін міне 1960-1990 жылдар аралығында туған бірқатар түлектеріміз келіп, бір-бірімен қауышып жатыр. Бұл жиынның жас ұрпаққа да тәрбиелік жағы өте жоғары деп есептеймін. Бүгінгі шараға келіп отырған барлық қонақтарға, ауылдан шыққан түлектерге үлкен ризашылық сезімімді барлық ұжым атынан білдіремін», – деді Ерлан Малғараев.

Мектеп басшысы атап өткендей, шараның басты мақсаты – Кеңес үкіметі кезінде Максим Горький, кейін Майлы Орманов атымен аталған білім ошағында білім алып, қанат қаққан аға буын мен орта буын өкілдерін жүздестіріп, алтын ұя мектебінің көркеюіне үлес қосқан азаматтарды келер ұрпаққа таныстыру. Сондай-ақ, шара азаматтарды мәдени-рухани құндылықтарға бетбұрыс жасауға, өздері туып өскен ауылына, білім алған мектептің дамуына көмек қолын созуға шақыру мақсатында ұйымдастырылған.

Жиынға жиналған қауым мектеп ұжымының  бастамасын қолдайтындарын айтып, алдағы уақытта да осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса деген тілектерін білдірді. Ауылдың, мектептің көркеюіне үлес қосқан Айбек Әбділбаев, Айгүл Сембаева, Төленді Дүйсенбаев, Есенжол Намазбаев,  Гүлфайра Нұрғазиева, Этан Керімов, Ержан Бағашаров, Руслан Масенов, Ғайсагүл Омарбекова, Нұркен Дүйсебеков сынды мектеп түлектері мен білім берудің үздігі атанған ұлағатты ұстаздар сөз сөйлеп, көмек қолын созуға әрқашан дайын екендерін атап өтті.

Майлы Орманов атындағы орта мектептің ең алғашқы түлектерінің бірі Айгүл Сембаева осы күнге дейінгі мектептің жеткен жетістіктеріне тоқталып, осындай шара ұйымдастырып отырған мектеп ұжымына алғыс айтты.

Шара барысында жиылған қауым мектеп жанынан қор құруды ұсынса, бастамаға мұрындық болған азаматтар мұндай жиын әлі де жалғасын табатынын атап өтті.

Осылайша бас қосуға жиналған ауыл азаматтары жайылған ақ дастарханнан дәм татып, туған ауылдарының қошеметіне бөленіп қайтты.

Алауинформ