Apple компаниясы жоспарлы өндірісін екі есе қысқартпақ

0
444 рет оқылды
TechToday

IPhone X смартфонына сұраныс жеткіліксіз болғандықтан, Apple компаниясы 2018 жылдың бірінші тоқсанында жоспарлы өндірісін екі есе қысқартуға шешім қабылдады. Бұған дейін Apple компаниясы IPhone X смартфонын ағымдағы жылдың қаңтарынан наурыз айына дейін шамамен 40 миллион дана шығарамыз деп жоспарлаған болатын. Алайда рождестволық мерекелер кезінде АҚШ, Қытай және Еуропа нарықтарындағы смартфонның әлсіз сатылымы жоспарды қайта қарауға және құрылғыны 20 миллионға дейін қысқартуға әкеліп соққан.

Nikkei Asian Review сайтының хабарлауынша, бұл шешім Apple компаниясының жеткізушілеріне елеулі әсер етіп, оларға миллиардтаған шығын әкелуі мүмкін екен. Бұған қоса, тұтынушыларға күзде ғана ұсынылған Apple тарихындағы ең қымбат смартфонға деген төмен сұраныс, компанияның OLED-дисплейлерін басқа iPhone модельдеріне енгізу жоспарына өз кедергісін келтіреді деген болжам бар.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың соңында дүниежүзінде 29 миллион дана iPhone X смартфоны сатылған болатын. Сол себепті де, өткен жылдың төртінші тоқсаны бойынша, әлемдегі ең көп сатылатын смартфон болғаны туралы жуырда ғана хабарланған еді. Смартфонның сатылымы жақсы нәтиже көрсеткенімен, бекітілген көлем сарапшылардың болжамдарынан төмен болған тәрізді.

Гүлжайна Саяқбаева

Алауинформ