Биылғы күздің соңғы айының ақырғы күндері, яғни, 29−30 қараша күндері М.Әуезов театры өнерсүйер көрерменге ерекше спектакль тарту етті. Ол – «Адасқақ». Атауының өзі тереңге батыратын туындының авторы біртуар жазушы−драматург Асқар Сүлейменов. Прозалық цикл бойынша қойылған драма−диалогтың сахналық нұсқасын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова жасаса, қоюшы−режиссер Әубәкір Рахимов.

«АДАСҚАҚ» – АРМАН.

Әлқисса, болмысы бөлек, қаламының құдіреті ерек жазушы Асқарды тірісінде түсінгендердің қарасы көп емес. Меніңше, спектакльдан бұрын: «Қойылым жалпыхалыққа, әдебиеттен ауылы алыс жұртқа қаншалықты түсінікті болар екен? Асқар Сүлейменовтің туындыларын оқып, оны қорытудың өзі оңай шаруа емес еді ғой…»,−деп, мен секілді алдын−ала болжам жасағандар көп секілді. Себебі, бұл жай ғана ой емес, аксиома! Қаламына парасат пен пайымды қатар құйған Асқар расында да ұлылық биігін бағындырған бекзада қаламгер.

«Адасқақ» − бар қазақ танитын Біржан салға арналған өмірбаяндық һәм өнербаяндық спектакль. Көркем қойылым оқиғалары көрерменге бірден әсер етті әрі ақын жүрегіндегі жарылыстарды, санасындағы сан мың дүмпулерді сахнада көрсетті.

«Сал Біржан  жол бермеген аптыққанға,

Өлеңмен өрт жіберген қақтыққанға.

Қырыққа жетер−жетпес жалын шағы,

Дүниеден күткені тек шаттық қана»−демекші, Біржанның бір ғұмыры талайлардың қаламына арқау, ойына қозғау болды. Бұл І.Есенберлиннің «Біржан сал» поэмасынан үзінді. Ал «Адасқақта» Біржанның дүниеден тек шаттық күткен, қырыққа жетер−жетпес шағы емес, өмірінің соңында дерт меңдеген, бойынан қайрат кеткен кезі суреттеледі.

«ТЕМІРТАС» – ƏНДЕРДІҢ СҰЛТАНЫ

Керейдің асылы, әнші атаулының пірі – сал Біржанның ең шуақты, сәулелі күндері оралмауға серт беріп, қашықтап кеткен шақпен қатар өмір, өнер һәм өлім арасындағы елегізу сахна төрінен көрерменге менмұндалайтын секілді…

Спектакльден Біржан салды ғана емес Абай мен Ақанды да көре аласыз. Ал сосын, тұлғалар арасындағы татулық пен араздық, бір−біріне жанашырлық таныту мен ақиқаттың ақ туын көтеру айқын көрінетін сәттерге де куә боласыз. Әр өнерпаздың өнер мен өмірге қатысты өзіндік ұстанымдарының қайшылығы мен көзқарастардың түрлілігін байқайсыз. Дегенмен, маған Біржан болмаса Абай мен Ақан да, Абай болмаса қалған екеуі де болмайтындай көрінеді. Дұрысы, осы рухани үштік одақ бірігіп, тарих, өнер сахнасында қалуы тиіс секілді. Өйткені, «Біржан сал Абай ауылында» деп бала кезден оқып өстік. Ал Ақан сері мен Біржан сал мен үшін ешкім ажырата алмайтын бүтін әлем! Ескі қоғамды батыл шенеген Біржан салдың «Адасқақ», «Жанбота», Ақан серінің «Құлагері» ешқашан ескірмейтін әндер.

Біржан Қожағұлұлының рөлі, бүгінгі күннің Біржаны – Бекжан Тұрысқа бұйырыпты. Күнсұлу Шаяхметова, Асан Мәжит сынды сахнагерлер бас кейіпкердің жан−жақты ашылуына ықпал етті.

Спектакль оқиғалары бір күн ішінде (Біржанның соңғы күндері) өң мен түс арасында өтетіндіктен басты кейіпкердің көзіне ғана көрінетін «ауада ұшқан әуендерді» ұстау қиынға соққан жоқ. Біржанды спектакль басында еліктірген әуен оқиғалар желісінен соң, спектакль аянда қайта айналып соғады. «Дүние өтерінде шыр айналатынын» шын ұғынған Біржан «Ән – зар һәм мінажат» екендігін тағы бір мәрте мойындайды.  Ол ән қазақта теңдесі жоқ музыкалық жоқтау болып «Теміртас»атауымен ән тарихында, Біржанның ғұмырбаянында алтын әріппен жазылып қала бермек! Осылайша, Біржан ғұмыр – бір ғұмырға нүкте қойылды. Қош бол, «Адасқақ»!

Əлия ІҢКƏРБЕК

Алауинформ