Ажал алдындағы жарық

0
618 рет оқылды

Ажал алдындағы жарық

Заманауи ғылымда «қайтыс болу оқиғалары» деген термин кездеседі. Ол 1975 жылы американдық психолог әрі психиатр Рэймонд Мудидің «Өмірден кейінгі өмір» кітабында ұсынылған. Ол әлемдегі ең көп сатылатын бестселлер болды. Ғалымдар клиникалық өлімнен аман қалған адамдардың көзқарастарына қарай үлкен статистикалық материалды жинады және оны мистицизмге қарағанда ғылыми тұрғыдан қарастыруға тырысты.

Осыған байланысты, кейде клиникалық өлімді бастан өткерген адамдардың әңгімелерінен, соңында жарық жарқырайтын қараңғы түнекті көретінін көп естисің. Кейбір адамдар ажалмен арпалысып жатқан адамның дәл осы түнек арқылы о дүниеге аттанатынына кәміл сенеді. Сонымен қатар, өмірі қыл үстінде тұрған кейбір адамдар да өз денелерінен шығып, дәрігерлердің оларды қалай құтқаруға тырысқандарын сырттан бақылап тұрған сияқты күйде болады екен.


Американдық ғалымдар бұл құбылысқа түсініктеме тапқан тәрізді. Олар бұл құбылысты анықтау үшін, егеуқұйрықтарға тәжірибе жасау арқылы зерттеген. Егеуқұйрықтардың жүректерін жасанды түрде тоқтату арқылы, олардың миынан жүйке импульстарын байқайды. Жүрегі соғуын тоқтатқаннан кейін де, олардың миы жақсы жұмыс істеп тұрғанын байқаған бір топ ғалымдар таңқалған. Осыдан кейін ғалымдар жүрек тоқтағаннан бастап алғашқы секундтарда ми белсенді жұмыс атқарады деген тоқтамға келді. Сол себепті де, осындай өте маңызды сәтте мидың гипер белсенді жұмыс істеуінен адам осы түнектегі жарықты, сондай-ақ жақындарының немесе періштенің бейнесін я болмаса өз өмірінен үзінді көруі мүмкін екен. Бұл тек бір ғана болжам. Алайда, басқа да ғалымдардың зерттеулері бойынша әртүрлі болжамдар қарастырылған. Кардиф Университетінің докторы Крис Чемберстің айтуынша, эксперимент нәтижелері туралы асығыс қорытынды жасаудың қажеті жоқ. Әрине, бұл өте қызықты зерттеу болғандықтан, әлі де болса осы саладағы жаңалықтар зерттеуді талап етеді. Дегенмен, өмір мен өлім арасында жатқан жанның жай-күйі бір Аллаға ғана аян.

Бұл жайлы сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

Суреттер magictheory.ru және julvius.org сайтынан алынды.

Гүлжайна Саяқбаева

 Алауинформ