«Қызай ана» мешіті ашылды

0
1 679 рет оқылды

 

5 қараша күні Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Шелек округі, Май ауылында «Қызай ана» мешіті ашылып, Қызай анаға арнап ас берілді. Мешіттің ашылуына Алматы және Талдықорған қалалары мен Алматы облысының елді мекендерінен келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Қонақтар арасында зиялы қауым өкілдері, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығының өкілі және Шелек округі әкімдігінің қызметкерлері қатысып, жаңа мешіттің ашылуымен құттықтау сөздерін  сөйледі. Құттықтау сөздерден кейін концерттік бағдарлама беріліп, қонақтарды тігілген кигіз үйлергі асқа жайылған дастарханға шақырды.

.

«Қызай ана» мешітінің жұмыстары мен осы реткі Қызай анаға берілген асты ұйымдастырып бар шығынды өз мойындарына алған Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығының жанында құрылған «Отандас ел» республикалық қоғамдық бірлестігі еді. Бірлестіктің құрылтайшылары өз қаржылары арқылы Май ауылындағы мешітке лайық бір үйді қайта жөндеуден өткізіп, құжаттарын жасатып ауыл тұрғындарына құлшылық орнын сыйлаған. Мешіттің ашылу шарасында осы бір үйдің құлшылық орнына айналуына «Отандас ел» бірлестігінің мүшелері Нұрбосын Ысқақ, Еркінтай Маралбайұлы, Райыс Әріпжанұлы,  Жұбан Оралбай, Мұқатай Әбдолла, Жанболат Құрман, Нұртұрған Нұрданбек, Еркін Сәрсенбай, Тұрды қатарлы азаматтар қаржылай да ұйымдастыру жағынан да еселі үлес қосқанын айтып өтті.

Қызай ана аты аңызға айналған аналардың бірі. Бұл күнде Қызай ананың кіндігінен тараған жарты миллионнан астам ұрпағы Іле қазақ облысында тұрады. Бұған дейін Алматы облысы, Талғар ауданы, Өстемір ауылында Қызай ана атында көше беріліп, «Қызай ана» қоғамдық қоры жағынан жыл сайын сол ауылда Наурыз мерекесі тойланып, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй, оқушылар мен студенттерге арнайы шабыттарндыру сыйлықтары беріліп келе жатқалы 6 жыл боған еді.

Бұл реткі ашылған жас ұрпақты иман жолына бастар қызай ана мешіті болса, Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік жолының бойында орналасыпты. Іле қазақ облысынан келе жатқан әрбір қандастың көзіне мешіт күмбезі оттай басылары анық. Бүгінгі таңдағы ана тілі мен ділі, ата діні қыспаққа ұшырап жатқан ағайының анасын ана Отандағы ағайын ардақтап, киелі мешіттің атын беріп жатқаны ондағы ағайынның рухын жанып, Отанына, рухани тұрағына қарай асығуына бір себеп бола ма деп Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығының Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбек мырза да бұл мешіттің ашылуын еліміздің «Туған жер», «Рухани жағыру» бағдарламары аясында жүргізіп жатқан игі шараның біріне жатқызып, алыстағы ағайынды Отанына шақырған сәлемін де жолдаған екен.

Туған жердің төсінде мешіттердің салынып, ұлы тұлғалардың есімдері аталып, ардақталып жатқаны бір Тәуелсіздіктің арқасы емес пе? Біз де Зауытбек Тұрысбек мырзаша «Қызай ана» мешітінің ашылуына құтты болсын айта отырып, алыстағы ағайынға мешіті мен мектебі жабылып жатқан елден күн санап жаңа мешіттер мен қазақ тіліндегі мектептер ашылып жатқан елге келуге асығыңыздар дейміз.

Тұрдыбек Құрметхан

Алауинформ