Жазғыру қауіпті құбылыс

0
512 рет оқылды

Жазғырма, сонда өзің де жазғырудан құтыласың. Өйткені, қалай жазғырсаң, өзің де соған айналасың. Өзгені қалай айыптасаң, өзің де солай айыпталасың.
Біреуді сынап-мінеген сайын өзіңіздің бір нәрсеге, не басқа адаммен келіспейтініңізді көрсетесіз. Сіздің танымыңыз бәрінікінен артық дегенге, дұрыс екендігіне сенімді боласыз. Жазғыру әлдеқайда қауіпті құбылыс. Ол бейсанаға енеді де, ақыры күрделі дертке ұшыратады.
Мынадай жағдайды елестетіп көрелікші. Досыңызбен көптен көріспегенсіз. Сол уақыт аралығында ол әбден өзгеруі мүмкін. Бірақ сіздің ойыңызда ол бәз-баяғыша сақталған. Сол ескі ой жағдайды басқарып кетеді. Соңғы кездері жақсы және жаман адам болмайтындығына көз жеткіздім. Адам ғана бар. Әр түрлі адамдар. Оларды жақсы әрі жаман ететін өзіміз. Біздің ойымыз. Артынша сол ойымыз үшін зардап шегеміз. Өйткені, әр адам өз әлемін өзі жасайды. Өзіміз қандай болсақ, соған сай дүние мен адамды тартамыз. Мен ойымды өзгерте бастаған кезде маған ерекше мейірімді, адамгершілігі жоғары адамдар жолыға бастады. Кез келген жерде солай болады – көлікте, базарда, мемлекеттік мекемеде. Егер біреуді іштей жазғырсақ, онда сәл уақыттан соң өзіміз сол адамның кемшілігін сіңіріп аламыз. Бір күні әйелімді ертіп, Қырымға барып демалдық. Ол жерде жиі болып тұрамыз. Бір күні жағажайымызды тазалап тастайық деп шештік. Екі үлкен қапқа айналадағы босаған бөтелке, қоқысты жинадық. Жинап болған кезде әйелім өз қолындағы қапты жерге түсіріп алды. Қоқыс қайтадан төгіліп қалды.
– Шыныңды айтшы, – деп сұрадым одан, – қоқыс жинаған кезде не ойладың?
– Демалып болған соң артынан қоқыс тастап кететін адамдарды жазғырдым. Олай етуге болмайтынын енді ғана түсіндім. Адамдарды жазғыруға болмайды. Кей адамдар қоқсықтың ортасында демалғанды жақсы көреді. Солар айналаны былғайды. Маған таза жерде демалған ұнайды. Сондықтан мен бұл жерді тазалап шықтым. Бірақ тазалық жасау үшін ашуланбауым керек еді. Мен адам туралы өз пікірімді айта алам, бірақ ол тек менің пікірім болып қалады. Бірақ мен басқа адамды сынап, айыптай алмайды екенмін.

Айналадағы әлем мен адамдарды жауабы жоқ жұмбақ, мәңгілік құпия деп қарастырып үйреніңіз. Өзіңізді де солай қабылдаңыз. Осы құпияны түсінуге тырысыңыз.

Жазғыру – тәкәппарлықтың, өзімшілдіктің өнімі. Оның әсері сынау секілді позитивті мақсатты тұтады. Сынау – позитивті мақсат екен.

Адамдар бір-бірін, не қоғамды жақсарсын деп сынап жатады. Яғни, Позитивті мақсат, не Жазғыру өзгерткісі (адамды, мемлекетті, әлемді) келетінді меңзейді; яғни бір нәрсені, не біреуді жақсартқысы келу; өзгеден артық болуға тырысу. Яғни, бәрібір үйлесімді, әділетті әлемде тамаша адамдармен бірге өмір сүруді қалау. Мақсат керемет, бірақ тәсілі нашар.

Біреуді жазғырмас бұрын өзіңіздің жаныңызда үйлесім бар ма, соны ойлаңыз. Өзіңіздің, балаларыңыздың басына бақытсыздық пен тәніне ауру шақырмаңыз.
Жазғыру қалай әсер етеді? Оның нәтижесін қалай байқауға болады? Егер бір адамды жазғырсақ, бейсанамызға сол адамды жою туралы бағдарлама жазамыз. Бірақ сол бағдарлама ақыр соңында өзімізді жоюға қайтып оралады. Ақпаратты-энергетикалық деңгейде не ауру боп, не жағымсыз әрекет болып жазғыруға қайтып оралады.
Психологқа ер адам келеді. Күйзеліс, мазасыздық, қорқыныш, өмір сүруге құлқы жоқ. Себебі – саяжайдағы көршілерін жек көреді. Соларды айыптайды. Ауырмай тұрып, бірнеше ай бұрын көршілерімен шамалы метр жерге таласып, ұрысады. Адам неғұрлым дінге сенгіш келсе, оның жазғыруы да қауіптірек. Ең біріншіден, сол жазғыру өзі үшін қауіпті. Егер бір топ адамды жазғырсаңыз, онда қарсы жауаптың агрессиясы сол адамның өзіне ғана емес, балаларына да әсер етеді. Себебі, бала әке-шешесінің әрекетіне ғана емес, ойына да жауапты боп шығады. Ал, ересектер баласы үшін жауапты. Кей адамдар есірткі шегетіндерді, қылмыскерлерді, гомосексуалистерді айыптайды. Көбісі – басқа елдер мен мемлекеттерді сөгеді. КСРО кезінде капитализмді жек көруді үйретті. Енді қаншама ұрпақ буын алмастырса да, сол айыптаудың зардабын тартпақ. Әкелері мен аталарының сол айыптауының азабын тартады. Аға буын арасында үкіметті сөгетіндер көп. Үкімет біздің қоғамның айнасы екенін ескермейді. Біздің ұжымдық бейсананың көрісі. Дәл қазір біз үшін осыдан артық үкімет жоқ екенін түсінбейді.
Троллейбуста отырған ер кісі қарсы отырған әйелге бірдеңені қызу дәлелдеп жатыр:
– Таныс зейнеткер Германияға кетіп қалды. Хат жазыпты. Ол жердегі зейнетақысы жоғары екен, көзіне тегін ота жасап беріпті.
– Бұдан артық не керек? – деп сұрады әйел.
– Не керек? Көңілім қынжылады, – деді еркек ашуланып, – Өзіңіз ойлап қараңызшы. Ол өмір бойы Екінші дүниежүзілік соғыста фашистерді күл-талқан еткен СССР-ге жұмыс істеді. Мұнда оның зейнетақысын уақтылы бермей қинайтын. Ал, Германия – уақтылы бергені былай тұрсын, тегін емдеп жазыпты. Логика қайда? Қайда деймін сізге? Мынадай елде, мынадай үкіметпен қалай өмір сүруге болады?
Логика қарапайым ғой. Кез келген ой қызмет атқарады. Жақсысы – сізге, жаманы – сізге қарсы. Мен тіпті, әр ой сізге қызмет етеді деп айтар ем – жақсысы да, жаманы да. Жақсы ой, адамгершілік туралы ой жайлы көңіл күй сыйлайды, ал жаман ой қиын жағдайларға соқтырып, позитивті ойлап үйрену керектігін үйретеді. Кей адам бүкіл адамзат баласын айыптайды. Фәни дүниені күнәһарлардың ордасы деп санайды. Мұндай ата-ананың баласы өмірге бейімсіз келеді, олардың бойына бүкіл адамзатты құрдымға жіберу бағдарламасы мың есе көп қуатпен жазылады. Ата-ананың агрессиясы баласына беріледі. Бірақ мұндай ата-ана біреуді сөгу, жазғыру арқылы баласын өлтіріп жатқанын, оның жанын мүгедек ететінін сезбейді.
Ішкіштерді сөгетін әйелдің баласы ішкіш болады. Жүргіш, сүйкімсіз адамдарды сөгетіндердің баласы есірткі шеккіш, ішкіш, қылмыскер боп шығады. Әйелдердің бәрін жек көретін еркек импотент боп қалады. Еркектерді жек көретін әйелдің жатырынан ауру шығады, не бедеу боп қалады.
Жазғыру бейсанада өте баяу қимылдайды. Бірақ тура жолдан таймайды. Сондықтан кей кезде бейдауа дертке ұрындырады. Көбіне онкология, наркомания, алкоголизм. Ауру бейсанадағы бүліну бағдарламасын бұғаттайды. Бірақ ауруды Құдай да, басқа тылсым күш те жібермейді. Ауруды адам өз ойымен, сөзімен, әрекетімен өзі жасап алады. Ойыңызды өзгертіңіз – сонда ауру кетеді.
Науқастардан мынадай жағдайды көп естимін.
– Анау ішкіш, жүргіш көрші әйел ешқашан ауырмайды. Неге? Мен ішпеймін, шекпеймін, жүрмеймін, бірақ жаман аурудың бәрі маған жұққыш. Неге?
– Ал, сіз сол көрші әйелді жазғырасыз ба?
– Әрине, ол паразиттік өмір сүреді. Оның қоғамға қандай пайдасы бар? Тек зияны ғана.

– Мінекей, осы жазғыруыңыз үшін ауырасыз. Кез келген адамды жаман қылығы үшін сөгуге дайын тұратын сіз сияқты адамдар қоғамға әлдеқайда зиянды. Жазғырумен қоғамға ғана емес, бүкіл ғаламға зиян тигізесіз. Сондықтан сіздің дертіңіз қауіпті.

Ауру бейсанаңыздағы болмысты бүлдіру бағдарламасын жүзеге асырмау үшін сізге тоқтау салып отыр. Сіздің көршіңіз де науқас. Оның ауруы – ішкіштік. Оның дерті психиканы бүлдіреді. Ол өзінше бір қайғы арқалап жүрген жан. Арақ ішеді де, ауруын басады. Ал, сіз әлгіндегі жаман ойыңызбен бір топ адамды жоқ қылуға барсыз. Совет өкіметі кезінде белгілі бір идеалдарға сай келмеді деп талай адамдарды ату жазасына кесті. Ал, қазір сол идеалдар да, ол ел де жоқ. Әр адам – ғаламның бір бөлшегі. Жер бетінде өзіндік бір функцияны атқарады. Ғаламға кім қауіптірек?
– Сонда анау ішкіш, жүргіштің бәрін жақсы көру керек дегіңіз келе ме?
– Мен олардың әрекетін мақұлдамаймын, бірақ сөкпеймін. Әр қылмыскердің, оңбағанның артында ең алдымен адам тұр. Яғни, ғаламның бір бөлшегі, Құдайдың бір тамшысы. Егер олар жер басып жүрсе, Құдайға керек болғандықтан жүр ғой. Оларды сөккен, жазғырған адам Құдайға қарсы шыққаны. Кез келген жағдайды жазғырмай қабылдауды үйреніңіз. Өзге адамдарды жай ғана адам болғаны үшін сыйлап үйреніңіз. Қызметіне, мансабына қарамаңыз. Жан баласының өзгені жазғыруға моральдық қақысы жоқ. Жазғыруды белгілі бір мемлекеттік мекемелер орындасын. Өзгені сөкпес бұрын ең алдымен өз әлеміңізге тазалық жасаңыз, өз өміріңізді тәртіпке келтіріңіз.
Бүгін қабылдауға қатты науқас еркек келді. Оның ауруының себебі – тәкәппарлық. Тәкәппарлықтан өзгені менсінбеу, сынау-мінеу туындаған.
– Дәрігер, бір нәрсені түсінбеймін. Сонда қылмыскер, адам өлтіргендерді қалай айыптамауға болады? Сонда оларды жақсы көру керек пе?
– Иә! Бірақ оларды әрекеттері үшін жақсы көрмеу керек, оларды Құдайдың бір бөлшегі болғаны үшін құрметтеп, жақсы көру керек. Адамның ағзасы мен иммундық жүйесін елестетіп көріңіз. Адам ағзасында өлтіргіш-жасушалар – фагоциттер болады. Олар адам ағзасын бөтен агенттер мен ауру жасушалардан қорғайды. Сөйтіп, ағзаны тазалайды. Осы жасушалар адамға керек пе, айтыңызшы? Олардың қызметі ақталатын қызмет пе?
– Әрине.
– Адам өлтіргіштер де солай. Олар біздің әлемді санасы, танымы жаман оймен дерттенген, бүкіл ғаламға зияны тиетін адамдардан тазалап отырады.
– Тоқтаңыз, сонда қалай? Балалар ше? Олардың не кінәсі бар?
– Баланың кінәсі жоқ. Олар ата-анасынан бейсанасына солардың табиғатын сіңіріп алады. Дегенмен, сіңірген агрессия ата-анасынікіне қарағанда он есе көп болады. Сондықтан Құдай бұл бүлінгі бағдарламаны тоқтату үшін оларды бала күнінде өзіне қайтарып алады.
– Сіздіңше, бұл әділетті ме?
– Әрине, өз басым Жоғары сананың әділетті екендігіне қатты сенемін. Бірақ сіз айналаңыздағы жағдайды өз танымыңыз бен көзқарасыңыздың аясында ғана өлшеп-пішіп отырсыз. Әр адамның көзқарасы шынайы Ақиқаттан алыс. Ақылмен емес, жүрекпен қабылдап үйреніңіз. Қиын жағдайға тап болған кезде ақылды өшіріп, жүректі тыңдаңыз. Сонда түсіне бастайсыз. Айтпақшы, сот, тергеуші, прокурорлар әрдайым бейтарап боп қалуы керек. Олар заңға ғана бағынуы тиіс. Бірақ жүрекпен, жан-дүниесімен ешкімді ешқашан жазғырып, айыптап, сөкпегені жөн.
Валерий Синельников
«Дертіңді жаныңа дауа деп біл» кітабынан үзінді
Аударған Шынар Әбілдә

Алауинформ