Алматы халқы Әшірбек Сығайды еске алды

0
202 рет оқылды

20 қазан күні М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма  театрында театр сынсышы, ҚР мәдениет қайраткері Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Кешке зиялы қауым өкілдері,  театр әртістері және Әшірбек Сығайдың оқырмандары және отбасы қатысты.

Кеште арнайы дайындалған Әшірбек Сығайдың өмірі мен еңбек жолынан сыр беретін филім көрсетіліп, өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды. Театр әртістері Әшірбек Сығайға арнау өлең оқыды.  Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл Әшірбек Сығайдың жұбайы Күләш Сығайға ҚР мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедияұлының құттықтау хатын табыс етті.  Әшірбей Сығайдың өнер мен әдебиетте жүрген үзеңгілес достары мен ағалары естеліктерімен бөлісіп, мәдениет қайраткерінің қазақтың театр өнеріне қосқан еңбектерін айтып өтті.

Ақын, драматург, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин қазақ халқы азаматына баға бергенде  көрнекті, біртуар, ұлы деп жататынын, Әшірбек Сығайдың осы анықтамалардың қай-қайсысына да лайықты өмір сүргенін айта келіп:  « Біреу үшін Әшірбек көрнекті, біреу үшін Әшірбек бір туар, ал өнердің шын қас жүйірігін танитындар үшін Әшірбек олардың көкірегінде ұлы болып қалады, халықымен бірге жасайды. Мен осы соңғысынша бағалайтын досы, замандастарының бірімін. Әшірбектің болмысы, Әшірбектің шығармашылығы дегенде үш нәрсе тіліме орала береді. Бірінші, Әшірбек Төребайұлы Сығай өз ісінің қас шебері болатын, ізденімпаз, тынышсыз болатын. Өзі қалай тыншсыз болса отының басында, жолдастарының ортасында көзге көрінбейтін қамшысы қолынан түспейтін еді. Ол қамшы өзін қалай қамшыласа, өзіне тілекшілеріне де солай тиіп кететін. Екінші қасиеті қайреткерлігі, шын қайраткерлік болмыс, тұлғасы оны емін еркін бергісі Кеңестер одағына, арғысы әлемдік театр әлеміне еркін жүзіп шығып кетуіне себеп болды.Үшінші, халықшылдығы. Әшірбектің шын халықшыл тұлға екенін қарапайым оқырманынан бастап, биліктің ең жоғарғы жеріндегі жүрген адамдар да таниды.» дей келе төртінші қасиеті сабырлығы болатын, «сабыр-сабыр» деп отыратын деп кешке келген барша қонақты сабырға шақырып, Әшірбек Сығайдың ұлы Қанат сығайға шапан шауып, той құтты болсын айтты.

Келесі кезекте сөз алған Қазақстанның халық әртiсi Асанәлі Әшімов өзінен мүшел жас кіші адамды еске алу кешіне келіп тұрудың өзіне қиын екенін айта келіп, Әшірбек Сығайдың өмір жолы мен адами болмысын еске алып өтті.

Қазақстанның халық әртiсi, Қазақстан мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Сәбит Оразбай  тоқшылықтың кезі сары күзде Әшірбек Сығайдың 70 жылдық мерей тойын өткізіп жатқанды жақсы ырымға балай келе, «Әшірбек Сығай  осы театрдың осы саханда қойылған сан алуан спектаклдерінің талқылауына қатысқан адам. Біздің театрдың спектаклдерінің деңгейінің жоғары болуына, тіліміздің ғажайып сақталуына, бұрынғы өткен бабаларымыздың дәстүрінің тамаша сақталуына Әшірбектің еңбегі зор» деп Әуезов теартына қосқан орасан зор үлесін тілге тиек етсе, ақын Иран-Ғайып Әшірбек Сығайға жоқтау өлеңін оқып, тағы басқа ел ағалары естеліктерімен бөлісіп, жиналған қауым Әшірбек Сығай болмысын қайта бір есіне алып, еңбектерімен қайта танысқандай болып ұлы тұлғаға деген сағынышпен театрдың шымылдығын жапты.

Әшірбек Сығай 1947 жылы 11 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. 1969 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген соң, сонда ұстаздық қызметке қалдырылады. 1974–1994 жылдары Республика Мәдениет министрлігі театр бөлімінің, өнер басқармасының бастығы, Қазақстан КП Орталық Комитеті Мәдениет бөлімінің жауапты қызметкері, ҚР Мәдениет министрінің орынбасары, министрдің бірінші орынбасары, Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтының ректоры болған. 2003 жылдан ҚР Мәдениет министрлігінің Алматы қаласындағы өкілі болып қызмет атқарған.

Әшірбек Төребайұлы – көзі тірісінде театр,  драматургия туралы 20-ға жуық кітап, мыңға тарта тамаша мақала жазған тұлға. Еске алу кешінде қайраткердің ерен еңбегіне арналған көрме өтті. Әшірбек Сығайдың осы еңбектері қазақ өнеріне, қазақ театр өнеріне маңгілік таусылмас қазына. Жаны жаннатта, рухы бейіште шалқысын.

Тұрдыбек Құрметхан

Алауинформ