Алмасбек Тұрдыбек: «Бір ара 1 теңге тұрады»

0
402 рет оқылды

Балдың денсаулыққа пайдалы екенін барлығымыз жақсы білеміз. Оны шамадан тыс көп жейтін бала да денсаулықты сылтау етуі мүмкін. Расында оның құрамындағы дәрумендер мен элементтердің барлығы адам ағзасында бар және қажетті болып табылады. Ал осы бал қалай өндіріледі, машақаты қаншалықты? Биылғы өнім алу науқаны қалай болды? Омарташымен құрған сұхбатымызды ұсынамыз.

  • Бал бизнесі қаншалықты пайдалы?
  • Барлық кәсіпке маңдайдың тері барынша сіңген уақытта пайда да төбе көрсете бастайды ғой. Бұл кәсіптің өзіне тән ауыртпалығы мен қызықты шақтары бар.
  • Биылғы өнім көңілден шығып жатыр ма?
  • Бал арасынан жақсы өнім алу үшін үш нәрсе ескерілуі керек :техника,ауа-райы, омартаның орны. Биылғы ауа-райы жақсы болғандықтан өнім де көңіліңімізден шығып отыр.
  • Ғаламторда түрлі кеңестер жазылады. Омарташының өзінен сұрайыншы, таза балды қалай ажыратамыз?
  • Жылы суға салсаңыз тез ериді, жақсы көпіршиді.Балдың иісі бұрқырап тұрады. Қоспа қосылған, қолдан жасалған балсымақтарда бұл қасиет жоқ.
  • Омарташылар араның қандай гүлден нәр жинағанын қайдан біледі?
  • Таудың дәрілік шөптерінен жинайды. Егістіктің гүлдерінен жинайды. Аппақ балды жинау үшін омартаны мақта егістігі жағына алып баруы мүмкін. Сап-сары бал үшін шемішкенің егістігінің қасына орнатады. Өзім таудың шөптерінің құнарын жинатқанды құп көремін.
  • Аралар иесін таниды деген сөз бар, рас па?
  • Ол омарташылардың жай айта салған қалжың сөзі. Негізінде олар иесін танымайды. Өзіне тән түйсік арқылы ғана ұясын тауып келеді.
  • Қалай көбейтесіз?
  • Бір тал ара- ештеңе емес. Мысалы бізде қоғам бар, бірақ әр адам тұлға ғой.Оларда бір ара ештеңеге жарамайды. Сосын аралардың өмір сүру тәртібі матриархаттық жүйеге ұқсайды. Бір «патшайым» үшін барлығы тозаң сорып, нәр жинап жүр. Себебі ол көбейте алу құдіретіне ие. Кім көбейте алады, сол-қауқарлы.
  • Қысқа қандай қам жасалып жатыр?
  • Дайындықты бастап кеттік. Дәрілеп, жұқпалы аурулардың алдын алатын дәрумендерін береміз. Ерекшелігі, дәрілеу науқаны бал жинау науқанымен қабаттаспауы керек. Ерте көктемде, немесе осы уақытта жүзеге асады.
  • Пайданы айттық қой, енді шығынын айтыңызшы
  • Араны көбейту үшін тақтайлар сатып алу керек. Көшіп-қонуға байланысты шығын кетеді.Балауыздарға шығын кетеді.
  • Кәсіпті қалай үйрендіңіз?
  • Атадан қалған кәсіп. Әкемнен үйрендім. 8-9 жыл бойы осы бал өндірумен айналысамын. Оншақты шәкірт тәрбиеледім.
  • Шәкірт тәрбиелейтініңіз жақсы екен. Кеңес сұрап келгендерге қалай қарайсыз?
  • Қуанамын. Қазақ даласы кең ғой. Мұнда неше түрлі гүлдер мен шөптер өседі. Демек әлемде теңдессіз дәмге ие бал өндіруге болады. Ол үшін біз көп болуымыз керек.
  • Жақсы. Көп болғандарыңыз дұрыс екен. Мен сіздердің  қатарыңызға қосылғым келді делік. Кеңесті сіз береді екенсіз. Ал араны қайдан аламын?
  • Омарташылар сатады. Бір ұясы шамалап алғанда 25-30 мыңның төңірегінде болады.
  • Ал бір ұя сатып алдым делік, одан қанша келі бал аламын?
  • Енді ол бағанағы үш негізгі факторға бағынады. Барлығы мен айтқан нормаға сәйкес келсе, бір 50-55 келі бал жинайсыз. Ал бір кедергілерге тап болып,үш фактордың бірі дұрыс болмаса 20-30 келі бал аласыз. Ара шөп піскен кезде ғана бір жарым айдың ішінде ғана бал жинайды.
  • Сіз қалай кәсібіңізді кеңесттіңіз?
  • Әкем үйреткен кезде 2 ұя сатып алдым. 2 ұя 12 ұяға көбейгенде әкем қайтыс болды. Содан бері өзім жалғастырып келемін. Қазір 100-дің үстінде ұям бар. Игере алмайтын артықтарын көктемде сатып отырамын.
  • Бір ұя деп отырсыз, онда қанша ара бар?
  • Шамамен 30-35 мың ара олады.
  • Сонда 1 ара 1 теңге тұрғаны ғой.
  • Енді араны бір талдап ешкім сатпайды. Себебі аралардың барлығы өздерін көбейте алатын патшайымға өызмет ететінін айттым ғой. Сондықтан ол ұясымен сатылады.Қалыпты жылына бір ұяны екі ұяға көбейтуге болады.

Айнұр Төлеу