Исраил Сапарбай: «Менің музам – Махаббат…»

0
1 213 рет оқылды

/Ақын сазгер, драматург И.Сапарбаймен сұхбат/

 Сұрақ: Кезінде ұлы Абай Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы Онегин мен Татьянаның бір –біріне жазған хаттарынан қатты әсер алып, сырлы сезімге толы ғашықтық, сүйіспеншілік, махаббат жырларына өзінің жан сезімін ортақ етті. Қазіргі қазақ ақындарының арасында  осы тақырыпты жырлауда сіздің алдыңызға түсетін ақын жоқ.Мен солай есептеймін және мұны – «Махаббат шайыры» атануыңыз дәлелдегім келеді. Жалпы сіздің лирика жанрында өлең жазуыңызға не түрткі болды?

 Жауап: Ол, біріншіден, ақын табиғатына байланысты. Өзі өмір сүріп отырған ортаның таным –түсінік, мінез – құлық, қарым –қатынас ерекшелігін көзден  өткізу, таразылау, сергек сезіну т.б. қасиеттер оңашада ой – пікір түюге, бағалау, топшылауға әсер етеді. Әрине, өлең сөзбен. Екіншіден, табиғаттың төрт мезгілі, құбылмалы, өзгермелі күнделікті өмір, тұрмыс, тіршілік көріністері, қоғам мен адам арасындағы сан алуан жіпсіз байланыстар, үшіншіден, жеке, не жалпы адам баласының бойындағы Алла дарытқан ой, ақыл, сезім, түйсік, таным сияқты сипаттардың әрқилылығы, оның көз алдында сәт сайын сан құбылып көрініс тауып жатуы – ақын назарынан қалыс қалмайды. Өйткені, ол да осы әрекет берекетке ортақ. Өз өлеңінің өзгелердің де жүрегіне жақын, тағдырына мақұл болып көрінуі осыдан.

Егер махаббат хикаялары бәрі дерлік менің өз басымнан өтті, не өтіп жатыр десем, астамшылық болар еді. Рас, ғашық – машықтық жағдаяттар жеке басымда да жетіп – артады. Ол үшін мені әр саққа жүгіртудің қажеті шамалы. Шындығына жүгінсек, ақындық таным, тағдыр дегеніңіз басқалардан ерекшелеу, өзгешелеу.

Бұл да бір Алланың құдіреті болар ма, кім білсін… көңілі ашық, көкірегі ояу көпшілік алдымен осыны анық –қанық сезіне алса, кәні…. сонда ғана ақын әлемінің қыр – сыры көз алдыңызда ашыла түседі. Ол үшін ақынмен орайы келгенше сырлас – мұңдас, дос –жора болыңыз. Ол – біреуге қазына, біреуге жұмбақ, біреуге арзан, біреуге қымбат. Ең дұрысы – шығармашылығына қанық болыңыз. Сырттай топшылау кім – кімге де ерсі қылық. Махаббат жайында жазбаған ақын кемде – кем, бірақ қай ақынның қандай деңгей –дәрежедегі жазу қабілетін көзіқарақты, көкірегі ояу, таза бейілді оқырман ғана сезіне алса керек.

 Сұрақ: Ең алғаш жүрек қауызыңызды жарып шыққан өлеңіңіз есіңізде ме? Сондағы көңіл – күй немесе өлеңді тудырған сәттер қай кез еді?

Жауап: Сөз жоқ, ол менің Шымкент қаласында оқыған студент кездерім болатын. Албырт жастық, кіршіксіз таза сезім, сүю – күюдің шала ұйқылы шалт қимыл, шалыс басқан қилы –қилы сәттері… Алғашқы жыр жинағым – «Аққу арманда» мұның бәрі бар. Ол жылдар Сезімнің Ақылға бой алдырмайтын әрі асау, әрі барынша нәзік тұстары еді ғой. Ал қазір Ақылдың алға шыққан, ал Сезімнің ес тоқтатқан, екеуінің бірігіп еншілес күй кешкен кезі. Қай – қайсысы да өміршең, қай – қайсысы да мағыналы һәм мазмұнды.

Сондықтан да Махаббат – мен үшін өлмес – өзгермес, азбас – тозбас мәңгі тақырып болып қала бермек… Достоевский «Дүниені ұстап тұрған – Мұң» дейді. Ал менің мәңгілік музам –Махаббат…

 Сұрақ: Ішкі жан – дүниеңізді толқытқан, жүрегіңізге жақын, ерекше, бөлекше шығармашылық ләззат сыйлаған өлеңіңіз бар ма? Оның жазылу себебі қандай?

Жауап: Жүрек қалауымен, жан сезімінің толқу, тебіренісінен туған соң бірінен бірін бөле жару қиын шығар. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…» деп Абай тегін айтты деймісің. Біріншіден, ол /олар/ бір Алланың маған сыйлаған  ғайып та, ғажайып нығметі, екіншіден, менің ішімнен шыққан «шұбар жылан». Бәрі де өзіммен, өміріммен сабақтас, сырлас, сыбайлас. Бір перзентім жақсы, бір перзентім жаман деп қалай айта аламын? Айналып келгенде, менің рухани дүнием тұтаса келе мына менің өзімді құрамай ма? Тұжырып айтсам, тағдырым да солар, табиғатым да солар!.. Ел – жұрттың етене танып, жылы шырай білдіріп жататыны да солардың арқасы емес пе? Ендеше, қайсыбіріне жеке – жеке тоқталып жатайын. Мүмкін емес қой…

Сұрақ: Сіз ақын ғана емес, драматург, сазгер, аудармашысыз. Айтыңызшы, әнге жазылатын мәтіндер мен поэзияның арасында айырмашылық бар ма?

Жауап: Бар болғандай қандай?! Ән мәтіні поэзия тілінде әдіптелгенімен, жазылу үлгісі мен үрдісі, тіпті, машық – мақамы біраз тер төгуді керек етеді. Соған кез келген ақынның бара бермейтіні, тіпті, бара алмайтыны осы қадір – қасиетінен. Ол үшін, ең алдымен музыка әлемімен етене өмір сүруіңіз лазым. Ән бе, күй ме, симфониялық күрделі шығарма ма, бәрібір оның ортақ ныспысы –Муза. Сол музаңыз өлеңсөздің де тұла бойында менмұндалап жүр. Ол – ырғақ, мақам, иірім, толқын, тебіреніс, саз, наз… Осылайша кете береді. Бұларсыз Өлең жан – дүниеңізге өгей, жат, жатырқау. Яғни, «құрғақ қасық ауыз жыртады». Қансыз, сөлсіз, жансыз дүние өлең болып жарыта ма?! Жазу манерім, стилім, лирикалық мақам сазбен мұңдас, үндес, сырлас болған соң ба, қай әнге қай тұрғыда мәтін жазуды оны тыңдау барысында сезіне қоям. Көңіліме ұнамаған әнге мәтін жазуға әуестігім жоқ. Өйткені. Машықтану, әуестену сияқты жайдақы, жалаң сезімдер кісіні ұятқа қалдырады. Оның бер жағында, Алла шарапатының арқасында ән шығаратын болған соң ән мен мәтіннің бір қауыздың ішінен табылғанын қалаймын. Олай болмайды екен, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері келеді. Кез келген әнге және ән мәтініне қатал қағида, талаппен қарайтынымның түп –төркіні осында жатыр.

 Сұрақ: Өлең жазғанда қалыптасқан жазу дағдыңыз бар ма?

Жауап: Дағды, машық дегендеріңіз, жоғарыда айттым – ау   деймін, шынайы шығармашылық адамының мінезі жат. Өлең жазылмайды, келеді. Ғайыптан, ғарыштан. Құрани шәріпте «Арш» деген аталым бар. Көз жетпейтін рухани әлем, шеңберсіз, шексіз кеңістік. Ән деп ныспылаған, Өлең деп айдарлаған дүниеңіз сол шексіз, шетсіз. Әлемнің бізге деген ғажайып сыйы, игі де ізгі шарапаты. Алла тағала кімді қалайды – соған түседі, шындығы – дариды, бұйырады. Халқымыздың: «Ақынның аузына Алла сөз салады» дегені осы шындықтың бір ұштығы. Әлгі Аршпен рухани байланысы бар. Жүрегі таза, жаны ізгі ақын шабыты, егер оны «шабыт» деп алатын болсақ, өзгені былай қойғанда, шайырдың өзіне де тылсымы терең бір дүние. Жұрт қатарлы әрі өмір сүріп, әрі өлең «жазып» жүргенім үшін де Алла тағала рахымына мың бір мәрте ризамын, әрі қарыздармын….

Сұрақ: Ән немесе өлеңдеріңіздегі лирикалық қаһармандар өмірде бар ма?

Жауап: Ойдан, қиялдан құйған жиынтық образдар болады. Мәселен, үш –  төрт жылдан бері М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында жүріп жатқан «Қыз мұңы» спектакліндегі Ғазиз осындай сом тұлға. «Бізге де бір рухани көсем керек ау….» деп осыдан он шақты жыл бұрын газет арқылы үлкен мәселе көтергем.  Бірақ мынауың дұрыс екен, қолдайық, қуаттайық деген ешкім болмады. Сол идея, сол соқталы мәселе әлі күнге дейін жерге түспей аспанда асылулы тұр. Бізге дәл қазір жас ұрпағымыз, қала берді бәріміз үлгі ұстанатын рухан қаһарман, Лермонтовша айтсақ – «Біздің заманымыздың геройы» керек- ақ.

Рухани деградация айтып келмейді, ішіңізде індеп, бір күні бір – ақ бой көрсетеді. Біз қазір осы індеттің алдындамыз. Күресерге дәрмен бар ма, жоқ па? Оны да білмейміз. Әлгі Герой сол үшін керек! Ащылы – тұщылы тақырып болса да аталмыш дүниені бүгінгі күннің сұранысы ғой деген тұспалмен дүниеге келтіргем. Шүкір, қазір қойылып жатыр, бірақ қазір аты «Қыз мұңы» болып өзгеріп кетті. Пьесаның азан шақырып қойылған аты «Мәжнүн» болатын. Желтоқсан оқиғасының жиынтық геройы. Бұл қиянат па, қиянат!

Кімнен қорқып, кімнен үркеміз әлі күнге дейін? Өзімізден! Өзіміздің көлеңкемізден! Әйтпегенде, драманың аты өзгеруші ме еді?! Амал жоқ, өкінішті… Ал «Сыған серинадасында» басқаша – онда, құдайға шүкір, Шәмшінің өзі бар. Өнерім мен өлеңдерімде, өріп жүр демесем де, өзің айтқан лирикалық кейіпкерлер жеткілікті. Бәрін тізбелеп жату қажет бола қоймас. Ең жақсысы –  мұны көзі қарақты көрермен, тыңдарманның өзіне қалдырайық…

 

Сұрақ: Өзіңіз ауызға алған Шәмші ағамыз ұйықтап жатқан кезінде кенет ояна кетіп күйсандыққа отыра қалып әлгі алмағайып әуенді нотаға түсіруге асығады екен?..

Жауап: Ол кісі нағыз композитор ғой, нотаны он саусағында ойнататын. Ал мен … сауатсызбын. Ән – әуеннің қай кезде, қай тұстан келерін шамалай алмаймын. Саз дегеніңіз құс қанатындағы ұшпалы – қонбалы бір аса нәзік, кірпияз дүние емес пе? Келгеніне, қонғанына, сақталғанына шүкір демеске хал бар ма?..

Сұрақ: Өлең жазған уақыт немесе кеңістік талғайсыз ба?

Жауап: Ең алдымен бап керек. Сонан соң көңіл – күй. Денсаулыққа да көп – көп байланысты. Сезімталдық, сергектік, әсершілдік, нәзіктік…. өз басымда да жетерлік. Нәзіктік көбіне қыз балаға тән деп жатамыз. Ал ақын бойында ер адамның да, ерке бикештің де болмысы егіз – қалыптасқан. Менің басқа әріптестерімнен бір артықшылығым осы шығар, шамасы…

«..Кім аясын ақынды,

Қыздан нәзік жаралған?» деген өлең жолдарым да бар. Екі жақтан да

«таяқ жеген» кездерімде….

Сұрақ: Жақында орыстың ұлы ақыны Сергей Есенинді аударған қомақты кітабыңыздың Тұсаукесері өтті. Табиғи жақындық болмаса, кез келген ұлттың ақынын тәржімалау оңай болмаса керек?

Жауап: Дұрыс айтасың. Оның үстіне отызында қыршын кеткен, сөйте тұрып артына қыруар дүние қалдырған шаһбаз шайырды төл нұсқадан төмендетпей тәржімалау тәуекелдің ісі ғой деп ойлаймын. Өзің қызыққан, өзің құмартқан, өз жүрегіңе өзің жүк артқан дүние, құдайға шүкір, менен өтіп оқырманға жетті. Сүйсініп оқыған шығарма шынайылығымен құнды, әсерлі. Аударма да сол сияқты: Есенинмен сырластым, мұңдастым, іштей бәсекеге түскенімді де жасыра алмаймын. Алғашқы бөлімдегі өлеңдерді /60 қа жуық/ аурухана төсегінде жатқан кезімде аудардым. Қайсыбіреулерге біртүрлі көрінетін шығар, шындығы сол. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демей ме қазақ. Әуелгіде Есенинді оқу үшін ала барғам. Қысқасы, мұның өзі арнайы әңгімеге лайық нәрсе…

Сұрақ: Қазіргі қазақ ақындарына кімді қалап, кімді ұнатасыз?

Жауап: Көбіне өзімнен кейінгілерге үңілемін. Неге десеңіз, оларда әлемдік поэзияның түрлі – түсті нақышы, гүлрайхан иісі аңқып тұрады. Тыныштықбек ал әзірге тыныш тапқан тәрізді көрінеді. Қайтсін енді, интеллектуалды оқырманы аз, бірен – саран ғана. Әсіресе, мына кітап оқылмайтын әсіреқызыл заманда. Кім білсін, ол күні ертеңнің немесе болашақтың ақыны болар, бәлкім.. Ван Гогтар поэзияда да табылады дегенім ғой..

Ғалым Жайлыбайдың кең тынысты, терең ойлы табиғаты бірден – бірге құлашын кеңге жайып келеді. Оған осы жуырда ғана өткізілген Халықаралық жабық мүшайра қорытыныдысында көз жеткіздік. Мүшайра демекші, «Ақжол» демократиялық партиясы тарапынан өткізілген осы аламан бәйгеде әр тараптан әралуан ақындар қадау – қадау бой көрсетті. Қазақта поэзия бар, бар болғанда қандай!? Әттең, бағалау жоқ. Жарнамасы да жарытпайды. Насихатталуы одан да сорақы. Осындайда: «Жарайсыңдар, кешегі Тәуелсіз «Тарлан» Меценаттары!!! Қайдасыңдар, бүгінгі күннің Атымтай жомарттары??? » деп айғай салғың келеді. Есітетін естияр құлық пен құлақ болса…

Сұрақ: Әлемдік деңгейдегі қаламгер тәлімі турасында не айтар едіңіз?

Жауап: «Өзіміздікі қаңсық, өзгенікі таңсық» қарабайыр, қарадүрсін қағида қазақы қауымды әбден мендеп алды. Бұл «ауру» күн санап, жыл санап асқынып барады. Өздерін жоғарғы элитаның өкіліміз деп санайтындар төлтума санаткерлігімізді тіпті мойындағысы келмейді. бұларды кезінде Чехов та, Гоголь де «шегіртке шенеуніктер» деп өлтіре шенеген, мінеген. Сахнадағы сарғалдақ «әншілер», кинодағы әсіре американдықтар –күні кешегі кеңестік психологияның сарқыншақтары. Бұл әдепсіз әдеттен әзірге театрларымыз ғана дін аман. Көре білетін көз болса,  елей білетін ел болса, кеше ғана өмірден өткен Әбіш Кекілбаев ағамыз «қай қазақтан кем еді?! » Турасын айтып туғанына жақпай «қиыр қонып, шет жайлап» жүрген марғасқа Мағауин ше?! Халықтың қалтасын қағып қапшығын қампитып шетел асып шермендемізді молайтып жатқан жүгенсіз жүгермектерді ауызға алып нем бар? Міне, кереғарлық деген қайда жатыр!? Әл – Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындары», Абайдың «кемел адам» сипаты қашан, қайдан қайтіп оралмақшы? Әр қазақтың басын қатыруға тиісті сұрақтар ғой бұл? .. Әлемдік дәрежедегі озық 30 елдің қатарына қосылмақ ниетіміз дұрыс – ақ, бірақ болашағы жарқын елде жан – жақты өсу, даму деген болмаушы ма еді?!

Сұрақ:  Қазір не жазып жүрсіз? Кітаптарыңызды қалай шығарасыз? Демеуші, жебеуші дегендеріңіз бар ма?

Жауап: Дәл осы сұраққа баяғыдағы бір жазушымыз «бас жазып жүрмін» деп жауап берген екен. Әзіл – шыны аралас дүние ғой. Дегенмен, мұнда да бір шындық бар. Кітабы бәленбай мың тиражбен шыққан ағамыздың тиесілі қаламақысын алып, шөнтегіне салып тұрғандағы шала бай шағы шығар бұл. Қызығасың. Иә, ностальгия… Қаламгер… Қаламақы.. Қайырылмасқа кеткен қайран күндер… Жуырда ғана лирикалық мақамдағы өлең – жырларымды көзмоншағын мөлдіретіп тұрып «Өзімді саған сыйладым» деген атпен «Нұрлы әлем» баспасынан шығардым.

Бар болғаны 1000 дана. Оған да шүкір. Бірақ, баспа онсыз да қысыр қалтамды қара бақыр қалдырмай қақтап сауып алды. Ақынға да ақша керек екенін бұл қоғам қайдан біліпті?…

Ақлима Сапарова, әдебиеттанушы

Алауинформ