Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры балаларға қызықты қойылым мен мерекелік көңіл-күй сыйлауға асығады. Бұған дәлел, жақында ғана премьерасы болған «Құлыншақ пен Бөлтірік» қойылымы –  жан-жануарлардың қақтығысқа толы әлеміне сапар шегуге жол ашатын фантазиялық ертегінің негізінде. Мүмкін, бұл қақтығыстар адамдардың ғаламында да болып жатқан қайшылық шығар?!

 

БАЛАҢ ТАНЫМ

Балаларға арналса да ересектерді де терең ойға батырарлық туындылар көп. Тек біз оларға мән бермейміз. Мысалы, бала кезімізде «ертекші ата» деп таныған Ганс Христиан Андерсенннің кітаптары ересектерге арналған десем сенесіз бе?  Шындығында Андерсен балалар жазушысы емес! Ал «Кішкентай Ханзада» есіңізде ме? Авторы − Антуан де Сент Экзюпери. Бұл туынды да бір қарағанда балаларға арналған болып көрінеді. Алайда, Ханзаданың ойлары, көзқарасы үлкендердікінен де өзгеше. Сол секілді «Қасқыр мен Бөлтірік» спектаклі маған осындай әсер қалдырды. Бір-біріне мәңгі дұшпан саналатын екі кейіпкерді қатар бейнелеу арқылы өмірдегі қақтығыстарды, жамандық пен жақсылықтың, ақ пен қараның айқасын көрсету əрі осы қарама-қарсы ұғымдар бірі болмаса, екіншісі де болмайтынын ұғындыру үлкен шеберлік. Енді ғана айналасын тани бастаған балақайдың танымына осындай жолмен де әсер етуге болады екен.

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Спектакль Жер−Ананың монологымен басталып, оның төсінде адам да, жануралар да ойнақ салып, гүлдер мен ағаштар түрлі кейіпке енеді, бұлақ та сыңғыр күлкісімен тамсантады. Мұның бәрі Жер Ананың бізге тартуы екенін сезінген бүлдіршіндер дүниеге Құлыншақ келгеніне куә болды. Басты кейіпкеріміз Құлыншақ өмірге келген күні қашықтау жерде Бөлтірік те туылады. Жақсылық бар жерде, зұлымдықтың да болуы орынды. Яғни, әлем тепе-теңдігіне жүгінсек, бұл заңды құбылыс. Құлыншақ пен Бөлтірікке отбасындағылар өмір сүруді үйретуге тырысады. Жылқылар Құлыншаққа мәңгілік дұшпандары Қасқырдан қорғануды айтса, Бөлтірікке қасқырлар  «жас еттен дәм татудың» жолдарын көрсетеді. Алайда,   Құлыншақ пен Бөлтірік тоғайда жолығып, бір-біріне бауыр басып, бірден достасып кетеді. Тіпті, өле-өлгенше дос болуға серттеседі. Бірнеше айдан бері аш жүрген қасқырлар жылқылардың үйіріне шабуыл жасағанында, Бөлтірік өз отбасына қарсы шығып, Құлыншақты қорғайды. Жылқылардың да дайындығы жаман емес еді. Жеңілген қара ниеттілер Бөлтіріктен теріс айналады. «Қасқырдың қанға құмар болмауы мүмкін емес»,−деп жылқы үйірі күмәндарын жасырмайды. Жер Ананың жәрдемдесіп, осындай да достық болатынын айтады. Сөйтіп, мәңгілік айқастың жауынгерлері − Құлыншақ пен Бөлтірік ажырамас дос болады. Шын өмірде болуы мүмкін емес жайттарды сахнада көрсету мүмкіндігіне театр ғана ие!!!

 

ТӨЛ  ТУЫНДЫ

Бұл фантазиялық ертегі ғана емес, өмірдің шындығы! Себебі, адамдар әдетте көп дүниеге тыйым салады, бірақ, неге екенін нақты айта алмайды. «Болмайды, болмайды» деумен ғана шектеледі. Жамандықтың да, жақсылықтың да шегі бар.

Бұған дейін балаларға арналған туындыларды басқа тілден аударып, содан кейін ғана сахналайтын. Ал «Құлыншақ Бөлтірік» ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаровтың төл туындысы. Сондықтан да қазақи таным мен ұлттық нанымдар анық көрініп тұр. Қоюшы режиссер Рүстем Жаныаманов Қуыршақ театрындағы  осы  алғашқы жұмысымен көпті қуантты. Режиссурадан жастық жалынның, озық ойлау мен ерек көзқарастың лебін байқадым.

Театр ұжымына және талантты режисссерге шығармашылық табыс тілеймін!

Айналамыздағы сансыз қақтығыстар мен ғажайып құбылыстардың әрбіріне назар аудару үшін бала көңілімізді кір шалмауы тиіс! Ол үшін Қуыршақ театрынан табылыңыз, оқырман!

 

 

 

«Сахна патшалығы» − жаны таза адамдарды  жатсынбайтын жалғыз әлем!

 

Әлия Іңкәрбек