CӨЗБАСЫ

Биылғы жылы сәуірдің 20-26 аралығында Алматы ерекше кейіпке енді. Мөлдір өнер, нәзік өнер, өр өнерді сүйетін көрермендер үшін Астананың Жастар театры естен кетпес тарту әзірлепті. Театр жоспары бойынша әкелген спектакльдары бір−біріне ұқсамауымен, таңғажайып әсерге бөленуімен есте қалғаны хақ! Құрылғанына 10 жыл толатын Жастар театры 2015 жылы жаңа ғимаратқа ие болғаны мәлім.

Он жылдық мерейтойдың қарсаңында Жастар театры ұжымы гастрольдік сапарын Алматыдан бастады. Театр директоры Ернар Жұматаевтың айтуынша былтырғы жылы дәл осы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында өнер көрсеткен, ал келесі жылдың алғашқы сапарын Солтүстіктен бастауға жоспарлануда. Әрі актер, әрі әнші, театр басшысымен өнер әлеміне аттандық. Мен алыстан білетін Ернар Жұматаевты жақыннан тани түстім.

ӨНЕР  ҚАҚПАСЫ

Осынау өнер дейтін қастерлі ордаға әркім әртүрлі соқпақпен келетіні белгілі. Ернар Жұматаев бала кезінен қара домбыраны серік етеді. Арман қалаға дәстүрлі әнші боламын деп келген бозбаланы актерлер әлемі баурап алғаны да жасырын емес. Себебі, бала қиялындағы көріністер сол жұмбақ әлемнен қылаң береді. Сөйтіп, актер−драма бөліміне тапсырып, Нұрқанат Жақыпбай есімді біртуар азаматтың шәкірті атанады. Ұстаздың ұлағаты өмір бойы іздесең де табылмас асыл қазынаның бірі. Өнерді өнерлі адамнан ғана үйренуге болады!

Бала күнгі қазығы – әсем әуен Ернарды тастап кеткен жоқ. Домбыраның қос ішегінен әуелеген гармонияны тапқан әнші арманындағы асқарға ұмтылды.

2007 жылы Астанада қала күні қарсаңында Жастар театры құрылды. Ернар Жұматаев жас театрды құрушылардың қатарында. Екі жыл бұрын Жастар театры ғимаратқа ие болды. Театр биыл он жылдық мерейтойына дайындық үстінде. Осынша жыл талантты актерлер мен режиссерлер бір үйдің баласындай татулықпен, ауызбіршілікпен, бір−біріне деген айрықша құрметпен күн кешуі Нұрқанат ұстаздың ұлағатының хас үлгісі секілді. Себебі, театрдағы елуге жуық актердың барлығы дерлік Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері. Жан−жақтылығымен, ұйымдастырушылығымен дараланған Ернар Жұматаев 2015 жылы театр директоры болып тағайындалды.

АЗАМАТТЫҚ

Ернар Жұматаев: «Бидайдың масағы піскен сайын иілгіш келетіні бар. Сол секілді өзіңді таныған сайын қарапайым бола түсесің. Өйткені, бұл өмірде барлық адамды бірдей жаратқан. Әр адамның өз жолы, өз мақсаттары бар. Әркім әр қырынан талантты. Өнер адамдары халықпен етене байланыста болуы керек. Себебі, оның өнерін көкке көтеретін халықтың қошеметі ғой. Өзіңіз де байқаған боларсыз, актерлер қауымы барынша қарапайым. Шын өнерді қадірлейтін көрермен барда солай болуы тиіс. Әрдайым, қарапайым кішіпейіл болу − айналаңдағылармен тіл табысуға, көңіліңнің жайлануына ықпал етеді. Өзің қандай болсаң жаныңа сондай адамдар үйір болады. Бұл жазылмаған заңдылық. «Өркенің өссін! Халқыңа қалаулы, еліңе елеулі бол!»,− деп басталатын ақжарма тілектердің түпнегізінде осы кішіпейілдік жатқан секілді»,−деп ақтарылды. Мен сырттай танитын Ернар Жұматаевтың келбеті осындай. «Ұлылық – қарапайымдылықта» екенін ұғынған арда азаматтың ойлары үмітімнің үдесінен шықты.

 

КӨЗҚАРАС

А: Ернар мырза, меніңше, кез келген актер ізденіс пен еңбектің нәтижесінде режиссер болуы мүмкін, ал режиссер актер бола ала ма?

Е: Режиссер сахнадағы құбылыстарды әбден зерттейді. Сахнаға шығып өзі ойнамаса да, дайындық барысында актермен бірге ойша ойнап шығады. Сол арқылы көңіліне қонымсыз, шикі тұстарын ретке келтіреді. Кейде, режиссерлер де актер болады. Бір ғана мысал, өзіміздің ұстазымыз Нұрқанат ағай студент кезімізде Ж.Хаджиевтің «Исатай−Махамбет» спектаклінде Жәңгір ханды ойнағанына куә болғанымыз бар. Демек, олай да болады екен. Театрымыздың талантты актеры Д.Серғазин де бүгінде бірталай спектакльдерді қойып жүр. Мұның бәрі режиссер мен актерлік құстың қос қанатындай егіз ұғым екендігіне дәлел. Кейбір режиссерлер сахнаға актер ретінде шықпайды. Бұл енді әр режиссердің ұстанымына байланысты деп ойлаймын.

А: Ал сіз ше? Режиссерлікке қалайсыз?

Е: Мен режиссер болу үшін «режиссер болып» туылу керек деп ойлаймын. Бұл әрине менің ғана пікірім. Актер нақты режиссер болып кетпесе де оның қыр−сырын іштей біліп тұрады ғой.

 ӘНДІ  СҮЙСЕҢ…

А: Жақында сіздің орындауыңыздағы ерекше әнге «ғашық болдым». «Мағжанның махаббаты» деп аталады. Расымен де, айтары бар ән екен…

Е: Рахмет. Сіз И.Исаевтың өлеңіне жазылған  М.Жәутіковтің әнін айтып отырсыз ғой. «Мағжанның махаббаты» әні Мағжанның қазасының алдындағы монологы іспеттес. Артына бір қарап сол сәттің өзінде өткен−кеткенінің бәрін оймен тізбектегенін ақын бір параққа сыйдырып қойғандай әсер қалдырды. Маған өте ұнады. Сондықтан бірден осы әнді жаздырдым. Бір қызығы, ән жазу барысында ешқандай қиындықтар болған жоқ. Үйге барым бірнеше мәрте гитарамен орындадым. Әуен құлағымнан кетпей қойды. Әнді жазып қойған соң, сол күйі сахнаға алып шықпадым. Одан бері үш жылдан аса уақыт өтіпті. Кез келген дүниенің сәті болады ғой. Өткен айда М.Жәутіковтің жеке концертінде алғаш орындадым. Ұнағанына қуаныштымын!

А: Байқауымша, өзіңіздің ішкі күйіңіз көрініс табатын ән болғандықтан ғана орындаған секілдісіз…

Е: Әр шығармашылық адамының кеудесінде толқынға ұқсас түсініксіз құбылыстар болып тұрады. Оны уақытында шығармасаң, өзің шайып кететін секілді әсер қалдырады. Менің ішкі тебіренісімнің барлығы осы әнге құйылды.

А. Ернар мырза, эстрадада өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін «Денар» тобы жайлы айтсақ…

Е: Ең алғаш «Денар» тобын құрғанда қандай бағытты таңдаймыз деп көп ойланған едім. Ойлана келе «ретроны» таңдадым. Кейіннен кез келген стильде, кез келген бағыттағы әндерді орындап түрлі эксперименттер жасадық. Сол тұрғыдан «Денар» − ерекше топ болды. Әлемдік деңгейдегі әндердің бәрін орындадық, қазақшаға бейімдедік. Алғашқы шумақтарын қазақша айтсақ, соңғы шумағын сол елдің құрметіне өз тілдерінде айттық. Былайша айтқанда «Өзіңді тану үшін, өзгені таны»,−деген ұстанымда болдық.Жан−жақты ізденістің  нәтижесінде бір−біріне ұқсамайтын  70−тей ән жазылды. Бұл актерлік пен режиссерліктен  хабарым болуының әсері деп ойлаймын. Себебі, тыңдарман әр әніміздің әртүрлі болуын ерекше ықыласпен қабылдады. Соңында осы заманға лайық, заманауи әндерге көштік.

А: Ал қазір сол «Денар» тобы қайда?

Е: «Денар» әлі де бар.

А: «Денар» бар, «Денарда» сіз жоқсыз. Солай ма?

Е: Солай деуге де болады. Мен бастамасын бастап бердім. Топтың студиясы бар. Әрдайым кеңесімді айтып, көмегімді аямаймын. «Денар» тобы бүгінде де жақсы еңбек етіп жатыр.

БАСШЫ

А: Өте талантты әрі қалталы адамды елестетейікші.  Бірақ, оның жауапкершілігі жоқ. Ондай адам актер бола ала ма?

Е: «Бақ шаба ма, бап шаба ма?»,−деген түсінік бар. Кемшілік әр адамда болады. Бастысы соны дер кезінде түзете білу. Кейбіреулер өзінің ерек қасиетін өзі байқамайды. Мықты тәлімгер соны байқап шәкірттің бойында бар талантын әрі қарай дамытса, жауапкершілікті сезініп, алға ұмтылатындар да бар. Актерде жауапкершілік болмаса бар еңбегі зая кететіні анық.

А: Жас әрі жасампаз басшы ретінде Жастар театрында қандай тың өзгерістерді қолға алдыңыз?

Е: Актерлардың жан әлеміне терең бойлап, қолымнан келгенше түсіністік танытуға тырысудамын. Жалпы қай сала болмасын кез келген басшы өзінің тың ойларымен, жаңа бастамаларымен келеді немесе сол ұжымның ығына жығылып, барынша игілікке ұмтылады. Маған дейінгі директорлар да айтарлықтай керемет істер атқарды, гастрольдік сапарларды қолға алды, ғимаратқа ие болуға мұрындық болды. Ал мен театрымызды бұрынғыдан да жиірек түрлі фестивальдарға қатыстыруды жөн көрдім.

Әлия Іңкәрбек

«Алауинформ»