«Қыз мұңы» спектаклінен соң, қоғамға қарсылық, әділеттілікке ұмтылу, ақиқатты аңсау, өзіңізге және өз сенімдеріңізге қарсы шығу секілді бір−біріне керағар сезімдерді бастан кешесіз. «Неліктен» деймісіз?! Бұл сұрағыңызға жауабымыз дайын… «Әуезовтің әсерлі әлеміне»  бірге аттанайық, оқырман!

Спектакльға қысқаша шолу:

Түрмеден шыққан Ғазиз. Алматының Арбаты. Суретші Ғазиз. Бір топ қыздың ішінде дараланған Сағыныш. Ұқсату. Өң мен түс. Қалталы Жарқын немесе «Жәке». Ескі таныспен қайта көрісу. Естелік. «С.С.С». Әлемді нұрландырған Сағыныш пен Ғазиздың сезімі. The end.

Ж: Жобамыздың шымылдығын «Қыз мұңы» спекталінен ашуымыздың өзі қызық, осыған дейін бұл спектакль турасында көп ой−пікір айтылмаған екен. Сондықтан, осы спектакльдің әсерін оқырманмен бөлісуді жөн санадық. Меніңше, театрға адамдар өзін  жеткілікті дәрежеде тану үшін баратын секілді.

Ә: Ол рас. Көрермен қастерлі ошаққа күнделікті күйбеңнен арылу үшін де барады. Спектакль орта жастағы, бойшаң әрі қайсар жігіттің тар қапаспен қош айтысуымен басталады.

Ж: Иә, басты кейіпкер Ғазиздың қайтпас қайсар мінезі мен өрлігін актер Азамат Сатыбалды көрерменге айқын көрсете білді.

Ә: Ал, Алматының атмосферасын сезіндің бе?

Ж: Оны да көзі қарақты көрермен бірден ұқты. Оқиғаның бір бөлігінде Алматыдағы,  әйгілі Арбатты көз алдымызға әкелді. Еркіндікке шыққан Ғазиз ақынжанды әрі талантты суретші екен. Әсем қаланың көрікті жерлерін аралап жүрген бір топ қыз суретшіні сөзбен қағытпақ болғаны, тек арасында Сағыныш есімді қыздың ұяңдығы Ғазизды баурап алғаны есіңде ме?

Ә: Әрине. Сүйкімді арудың есімін сұрай алмай әлекке түскен тұнық сезімді айтсаңшы. Суретшіні одан да зор құдірет Сағынышқа жетеледі емес пе?

Ж: «Қыз мұңының»  сандығы осы тұстан ашылды ғой. Мұны «Жігіт жүрегіндегі жарылыстар» немесе Ғазиздың қанша уақыт өтсе де жадындағы мәңгі өшпес естеліктерін Сағыныш арқылы жаңғыртуы дегеніміз жөн шығар!

Ә: Спектакль бізге қаншалықты жұмбақ болса, біз де қазір соншалықты жұмбақ сөйлеп кеткен жоқпыз ба, Жанәділ?! Оқырманға түсінікті болуы үшін спектакль тарихы жөнінде де сөз қозғайықшы.  Біз қоғамда болып жатқан оқиғаларды кейде байқамаймыз. Бірақ, сахнадан оны елемеу мүмкін емес, сахнаның өзі – тарих емес пе?

Ж: Әрине. Сахна төріндегі әр қойылымда  тарихтың, белгілі бір кезеңнің көрінісі бар. Тіпті, ол мелодрама болсын. Себебі, біз тарихтан асып ешқайда кете алмаймыз. Өткеніміз де, бүгініміз бен болашағымыз да тарихтың таңбаларына тұсалған. Ақын, драматург Исраил Сапарбайдың пьесасына қойылған «Қыз мұңы» спектаклінде де тарихтың ақтаңдақтары бар. «Қыздың мұңында не тарих болуы мүмкін, ол махаббат шығар»,−деп ойлағанымызды жасырмаймыз…

Ә: Ол рас. Спектакльде жыл өткен сайын жадымызда жаңғыратын «Желтоқсан оқиғасының» әсерінен бір−біріне қосылмаған қос ғашықтың ауыр тағдыры бар…

Ж: Ғазиз Арбатта жолыққан бейтаныс ару Сағынышты сонау «Желтоқсанда» көз жұмған сүйіктісіне ұқсатады. Өзінің сөзімен айтсақ: «Мен өң мен түстің арасында жүргендеймін. Сағыныш мені өңіме жетеледі»…

Ә: Ғазизды бірнеше түрмеде азаптаған, аяулысына ажал құштырған «Служу советскому союзу» дейтін кейіпкер есіңде ме?

Ж: Иә. Өзінің қаракөз қарындастарын, біртуған қазақ бауырларын аямаған қандықол … айтамысың?  Бұл жиынтық образ деп ойлаймын. Себебі, ондайлар көп болды ғой. Әр кезеңде бар.

Ә: Меніңше, спектакльді «Қыз мұңынан» гөрі «Қарғыс» деп атаған дұрыс секілді. Өйткені, ұлтына, жақындарына жаны ашымаған … «Желтоқсан оқиғасында»  құлқынның қамымен қандастарын қинап өлтіріп, тәуелсіздік алған соң, кабинетінің төріне Құран іліп, иманды адамның кейіпіне енеді. Жаратқан әділдігін жасап, Ғазиз бен сол баяғы командир тағы да көріседі. Генерал сатысына көтерілген «бейкүнә» жан мойындамауға тырысып бағады.

Ж: Байқағаным, Ғазиз тар қапаста қанша жыл жатса да, оған қайта барудан еш жүрексінбейді. Әділеттің ақ таңы атқанша күресетінін көрсеткен ол, қазаққа тіл тигізген өз қазағының қателігін бетіне басады. «Бұлар бұрыннан сондай! Әдеп дегеннен жұрдай»,−деген Жарқын атты жағымсыз кейіпкердің сөзіне (ауқатты жігіт, Сағынышты ақшамен сатып алғысы келген аяр адам) Ғазиз ашуланып: «Бұлар дегенің кімдер? Абай ма, Қастеев пе? М.Жұмабаев па?»,−деп ішіндегі буырқанған жалынды, қоғамға қарсылығын аңғартады.

Ә: Маған Ғазиздың аяғынан шекпей киіп жүрген(түрмедегі) етігіне қыздар таңырқай қарағанда: «Мына етік бұрын мені әбден тепкен, енді мен оны теуіп киіп жүрмін!»,−деген астарлы жауабы ұнады. Жанәділ, жас актер ретінде нені байқадың?

Ж: Актерлердің кәсібилігіне, рөлді сезінуіне шек келтіре алмаймын. Мін жоқ! Тек кейбір тұстарында көңіліме қонбаған сәттер болды. Мұны мен импровизация деп қабылдадым. Сахна тілімен айтсам, спектакльдің  мизансценасы, авансценасы және хареографиясы өте жоғары деңгейде. Мұны айтып отырған себебім, спектакль барысында басты кейіпкерлер тарапынан бірнеше әндер орындалып, би қимылдары да іске асты.

Ә: Актерлік шеберлік пен режиссураны мен де байқадым. Спектакль соңында талай «қиындықты»  артқа тастап, әл−ауқатты Жарқынның уысынан аман шыққан Сағыныш пен Ғазиз махаббат нұрына бөленіп, қол ұстасып:

«Көзімді жұмсам тек бақыттан жұмайын,

 Көзімді ашсам тек бақыттан жылайын»,−деп ән салғандары көрерменді сендірді. Тіпті, жастардың көпшілігі көзіне жас алды. Шынайылық пен шындық сахнадан көрініс тапты деген осы болса керек.

Қорытынды:

Драматургия – ең қиын жол! Ол жолды таңдаған жүректі жан сан мәрте сүрініп, талай рет адасуы бек мүмкін. Өзін−өзі тапқанда, өзгелердің ақиқатымен бетпе−бет келе алатын биікке көтерілгенде ғана нағыз туынды дүниеге келері сөзсіз.

Драматург драматург қана емес, ақын−драматург болса, оның кейіпкерлері сөзден сойыл соғып, сезімнің нәзік тіндеріне бойлайтыны хақ. Қоюшы−режиссер Т.Аралбай мен драматург И.Сапарбайдың бірлескен жұмысының нәтижесінде «Қыз мұңы» спектаклі жарық көрді. Исраил ақынның қаламынан туған Ғазиз есімді кейіпкер болсын, «Сыған серенадасындағы» баршаға мәлім Шәмші болсын ерекше образ иелері.

«Қыз мұңы» жалғыз арудың ғана қасіреті емес, бүтін бір қоғамның трагедиясы мен үзілген үміт, адастырған арманнан тұратын қойылым!

«Әуезовтің әсерлі әлемімен» саф өнердің тереңіне бойлайық, оқырман!

Әлия Іңкәрбек

Жан Әділ

Алауинформ