1. Мейірімді, байқампаз, әдепті болыңыз. Елгезек болыңыз. Қай кезде қатал болу керектігін біліңіз. Бұл дұрыс қалыптасқан мінездің көрінісі. Осындай мінез үшін сізді бәрі де сыйлайтын болады. Достықты қалай нығайту керек деген кітаптарды көп оқыңыз. Құйма құлақ тыңдарман бола біліңіз. Адамдарға шынайы құрмет көрсетіңіз. Әр адамға өзіне лайықты ілтипатпен қараңыз. Жетістікке жету үшін әр адам өз мінезінде күйбең тіршілікте аса қажетті болатын түйсікпен сезіну мен дана болуды жетілдіруі керек. Тұлғаны танитын психологиялық алғышарттарды зерттеп, қай адамның қандай екенін түсіне біліңіз. Өзіңізді пайдаланып кетуге жол бермеңіз. Айналаңызда болып жатқан нәрселерге жіті көзбен қараңыз. Өсек пен кеңсеаралық сөз тасушылықтан бойыңызды аулақ ұстаңыз. Бірақ олардың айтылатынын, сыртыңыздан бақылауда жүретініңізді біліп отырыңыз. Көшбасшының барлығы солай істейді.
  2. Өте жауапты, мықты, тәртіпті, салмақты, әрі сыпайы адам ретінде танылуға тырысыңыз. Осылай танылу мен өз мінезіңіздің арасында ұқсастықты табыңыз. Жүріс, тұрысыңыз құпия болсын. Өйткені, ақылды адамдардың барлығы құпия қалуды жақсы көреді. Өз мақсатыңыз, көздеген нысаныңыз, өзіңіз туралы бір адамға да ашылып айтпаңыз. Жетістікке жеткен адамдар үш рет ойлап барып кесіп айтады. Өйткені, аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі. Не істесеңіз де жеңіл жасаңыз. Сонда адамдар сізді дарынды деп таниды. Тек жақсы нәрсе айтыңыз, сонда адамдар үнемі сізге ұмтылып тұрады. Өзгелер туралы ғайбат сөйлемеңіз. Сыртынан сөз тасымаңыз. Өз мінезіңіздің дамуына жағдай жасаңыз. Өмірлік маңызды ұстанымдарға берік болыңыз.
  3. «Артық өрескелдік кері итереді». Жұлдыздар жерден көп биікте орналасқан. Ет жақындарыңыздан басқалармен арақашықтық сақтаңыз. Егер адамдар көшбасшы туралы бәрін білсе, олардың оған деген ынтасы басылып қалады. Беделі де төмендеп кетеді. Мысалы, Рональд Рейган мықты көшбасшы ретінде танылды. Өте қарапайым, қамқор саясаткер ретінде көрсетті өзін. Халықаралық кездесулерде қара түсті костюмдерімен көзге түсетін. Сонысымен талай лауазымды адамның қызығушылығын тудырды. Жанындағы көптеген саяси кеңесшілер, күзет офицерлері, ұзын лимузиндері оның тұлғасына құмар етті. Ол келген жиынның бәрі билік пен күшті көрсететін. Оны жейдесіз бассейннің жанында тұрғанын көрдіңіз бе? Әлде халатпен, қырынбаған, таранбаған күйде? Оның қызметкерлері мұндайды ешқашан көрсетпеген. Клинтон заманында бәрі өзгерді. Бұл кезде адамдар Президенттің іскер костюммен бейсболға киетін бас киім киіп, гамбургер жеп жүргенін көре алды. Олар елге ұнайтын нәрсе жасады. Содан да Клинтон қарапайым халықтың бірі сияқты көрінді.
  4. Өз уақытыңызды ұйымдастыра біліңіз. Нақты күнтізбе бойынша өмір сүрсеңіз, сіз икемділіктен айырылып қаласыз деген сөз емес. Керісінше, дұрыс ұйымдастырылған уақыт сізге көзделген мақсатқа тез жетуге көмектеседі. Әрі бос уақыт қалдырады. Демалысты да пайдалы өткізген дұрыс. Оны бір апталық жоспарға енгізесіз. Ештеңені де құрбандыққа шалмайсыз. Тез бітетін, бірақ жоспарда жоқ нәрселерге мойын бұрмаңыз. Телефонмен сөйлесу сияқты. Өмірлік маңызы бар нәрселерге ғана назар салыңыз. Мұндай әрекет өз ойыңды жаңғыртуға, дұрыс ойлауға жетелейді. Сенім мен құрметке негіздеген берік байланыс орнатуға, тәнді жаттықтыруға, ойлы кітап оқуға, өзге адам баласына қызмет етуге уақыт арнаңыз.
  5. Болып жатқан жағдайлар туралы, жаңа шыққан кітаптар хақында, танымал бағыттар туралы құлағдар болыңыз. Көптеген әншілер кем дегенде 5-6 газет оқиды. Бәрін оқу шарт емес. Нені оқу маңызды, нені оқымаған жөн? Соны ажырата біліңіз. Жетістікке жеткен адамдардың көбісі қызықты мақаланы қайшымен кесіп алып, сақтап жүріп оқыған. Оқу деген күш! Қазір кім екендігіңіз маңызды емес, болашағыңызды өзгерту қолыңыздан келеді. Бір ойдың соңына түссеңіз, өмір өзгере береді. Билл Гейтстен сұраңыз, сенбесеңіз!
  6. Өмірлік серік іздеген кезде бұдан маңызды таңдау жоқ екенін түсініңіз. Неке 90% қолдау береді. Некедегі адам бақытты болады. Некеде бақытты болған адам жетістікке тез жетеді. Сондықтан жар таңдауда абай болу керек. Адам бойындағы әзілге көзқарасы, ақылы, естілігі, мінез ерекшелігі, сыйысымдылығы және «химиясы» қатар болуы керек. Осы мінездемелер толық бір адамнан табылса, онда сіздің неке өте сәтті болуы мүмкін. Сіздің шешімге ешкім әсер ете алмауы керек.
  7. Өзіңізді жетілдіруге қолданып жүрген жұмыстарыңызды ешкімге тіс жарып айтпаңыз. Ақыл мен рухты күшейту тек сіздің еркіңіздегі іс. Өзге адамдар түсінбеуі мүмкін. Сіз жетістікке жеткенде өзгенің дайын тәсілін қолданды деп аярлық жасауы мүмкін. Сондықтан тек өзіңізге сеніңіз.
  8. Апталық жоспарға демалу мезгілін енгізіңіз. Бұлжытпай орындаңыз. Өте маңызды кездесу кезінде оны бұзуды ойға да алмайсыз ғой. Сол сияқты демалыста өте қажетті іс. Өзіңізге уақыт арнап үйреніңіз. Сөніп қалған батареяны қайта қуаттандырып отырады ғой. Бұл да сол сияқты әрекет. Жалпы жұмыстың жемісті болуына дұрыс демалыстың да мәні зор.
  9. 83% сезуді көзбен қабылдаймыз. Бір нәрсеге ойды жинау үшін көзіңізді жұмыңыз. Ойды бұзған нәрседен тез құтыласыз.

  10. Еркіңіздің иесі және ар-ұяттың құлы болыңыз.
  11. Күнделікті жүзу әдетін дамытыңыз. Денсаулыққа да пайдалы. Дұрыс босаңсу мен жинақы болуды үйрететін тәсіл. Жүзудің пайдасы шаш етектен. Адам өкпесін аз уақытта жақсы дамытады. Тәні саудың жаны сау.
  12. Бүгіні тамаша өткен адамның ертеңі ғажап болмақ.
  13. Уақытты үнемдеу үшін жоспарланған нәрсенің барлығын сол күйінше орындау керек. Сонда ғана мақсатқа қол жеткізесіз. Әр ісіңіздің өз уақыты болады. Икемді болыңыз. Қатты тартылған садақтың адырнасы үзіліп кетуі мүмкін. Жоспарға сай қимылдау үшін тәртіп керек.
  14. Көзбен көрудің әсері. Бір нәрсе мазаласа, оны қағазға жазыңыз. Сосын ол қағазды өртеп жіберіңіз. Сол отта жаман әсер өртеніп бара жатқандай сезінесіз. Тынышыңызды алған күйден арыласыз. Брюс Ли, кунг фудың ұлы шебері, сананы бақылаудың осы тәсілін үнемі қолданған.
  15. Барлық мәселені түрлі сегменттерге бөліңіз. Соны ойлауға уақыт арнаңыз. Тиімді жоспар құрыңыз. Осыны істеген соң өзіңіз ол мәселеге қайта оралмайтындай болыңыз. Адам санасы – өте ерекше құбылыс: ұмытқымыз келген нәрсе ұмытылмайды, ұмытпауға тиістілер тез ұмытылады. Бірақ ми бұлшықетке ұқсайды: оған салмақ салған сайын ол мықты бола түседі.
  16. Санаңызды өзіңіздің құлыңызға айналдырыңыз. Оған тек ең жақсы дәм мен ақпарат беріңіз. Сонда ол сізге адал еңбек етеді. Осы айтқанға сенсеңіз, түрлі ғажапқа куә боласыз.
  17. Қиындыққа түскен адамның тәні босаңсиды, бірақ миы үздіксіз жұмыс жасайды.
  18. Мидың шарықтау шегінде жұмыс жасауы үшін тән босаңсуы керек. Тән мен жанның тығыз байланысты екеніне ешкім шүбә келтірмес. Тәнге қысым түспесе, ми да жинақы, салмақты болады. Йоганың пайдасы зор. Ол тәнді босаңсыту арқылы жанды да рахатқа бөлейді. Күндігіне 15 минут негізгі жаттығулар жасау керек. Белсенді өмір сүретін адам тәнге түсетін салмақтан арылып отыруы керек. Массаж бен джакузи де жақсы тәсіл. Тәнді босаңсытсаңыз, жан да босаңсиды.
  19. Бірнеше жылға арналған қаржы жоспарын жасап, соған сай өмір сүріңіз. Қажет болса қаржы маманымен кеңесіңіз. Қаржылай стратегия өте қарапайым: жалақының 10% жинаңыз. Айына 200 доллардан 30 жылға, жылдық түсімі 15% қылып банкке салсаңыз, қолыңызда 1.4 миллион доллар болады екен. Сенімді қаржылық жағдай адамды азат етеді.
  20. Оқымыстылар үнемі көштің басында жүреді. Билл Клинтон Оксфорд уиверситетінде оқығанда 300-ден аса кітапты кеміріпті. Жоғары санатты жезтаңдайлар күніне бір кітап тауысады. Білім мен ақпарат іздеңіз. Неғұрлым көп білсеңіз, соғұрлым үрейіңіз азая береді.
  21. Өте тартымды, адамға игі әсері бар кітаптарды оқып дағдыланыңыз. Жатарда және таңертеңгісін оқысаңыз тіпті жақсы. Мұның пайдасын уақыт өтпестен байқайсыз. Жақсы ой күні бойы ізгі әсерін жоймайды.
  22. Елгезек, үйіріп әкететін мінезді дамытыңыз. Оны әр адам қолдан жасай алады. Бірақ екінің бірі жасамайды. Джон Кеннеди бала күнінде көп ауырыпты. Бірақ дерттің бәрін жеңіп, АҚШ-тың тарихындағы ең мықты саясаткер болды. Ұсақ-түйектен бастаңыз. Көпшілікке арналған Дейл Карнегидің лекцияларын тыңдаңыз. Кітапханаға барып сөйлесу әдебі туралы, өзіңді жетілдіру тақырыбындағы әдебиеттерді оқыңыз. Кем дегенде үш күлдіргі әзіл жаттап алыңыз. Көп адаммен араласыңыз. Сонда достарыңыз бен серіктеріңіз көбейеді. Өмірден ләззат аласыз.
  23. Қытайдың мына бір дана сөзін есте сақтаңыз: «Ақылды адаммен сұқбаттасу бір ай оқыған кітаптан артық». Ақылы кеніш адамдарды іздеңіз. Солардан үйреніңіз. Олар сіз не сұрар екен деп күтіп жүреді. Сұрағыңыз ұнаса, дереу бар білгенімен бөлісуге қуанады.
  24. Лао Цзы ұлы адамның үш қасиетін ерекше бөліп қарастырған. «Біріншісі – әдептілік; екіншісі – бұл үнемшілдік; үшіншісі – өзін өзгенің алдына түсірмес сыпайылық. Әдепті болсаңыз, батыл боласыз. Үнемді болсаңыз, ықтиярлы боласыз. Өзгенің алдына түсуден сақтаныңыз, сонда сіз нағыз көшбасшы боласыз».
  25. «Екеуі де бірдей бағыттың қайсысын таңдауын білмесеңіз, қайсысы қауіптірек болса, сонысын таңдаңыз», – дейді У. Дж. Смит. Тәуекелге бел буу бір орында тұрғаннан құтқарады. Құласаң, нардан құла. Тек ақылға жеңдіріп қимылдаңыз.
  26. Жарыңыздың өмірлік тірегі болыңыз. Оның мақсатын мәпелеп, үмітін ақтаңыз. Бірге дамыңыздар. Өзіңізді екі сарбаздан тұратын қалың қолдай сезініңіз.
  27. Сізге шабыт сыйлайтын үш адамды еске алыңыз. Келер апталарда солармен жеке-жеке кездесуді ұйымдастырыңыз. Мұқият тыңдап, олармен бірге бір істі ойласыңыз. Стратегия ойлаңыз, солармен кеңесіңіз.
  28. Әр күніңіз ғажап болып өтсін. «Кім екендігіңіз емес, кім болмағыңыз сізді тоқтатады» деген мәтел бар.

99. Сіздің құны жоқ қуатыңыз болмашыға рәсуа болмасын десеңіз, мынаны ойлаңыз. Сіздің ми 1,000 ватт қуатқа ие деп есептеңіз. Кешке дейін бітіруге тиісті, жобадан тыс нәрсеге көңіл бөлгенде 100 ватт жоғалтамын деп санаңыз. Сәлден соң мың ваттан дым қалмағанын байқайсыз. Мидың табиғаты солай. Оны тәртіпке бағындырмасаңыз, қуаты кеміп қалады. Ал, сіздің жетістігіңіз жоққа тән болып шығады. Миды бақылауда ұстасаңыз, қаншама нәрсеге қол жеткізуге болатынын білетін боласыз. 19 ғасырдың атақты пәлсапасышы Анри Фредерик Амьель былай деп айтқан екен: «Әрекет үшін ерік-жігермен біріккен жүйрік ойдан басқа дәнеңе керек емес».

Жалғасы бар. Шынар Әбілдәнің аудармасы