Робин Шарма : «Дүниедегі барлық қателікті баяғыда-ақ басқалар жасап қойған.»

0
3 373 рет оқылды
  1. Қызық қуыңыз. Қайтадан бала болыңыз. Түрлі ойын-сауыққа белсене атсалысыңыз. Өзенде сал жасап жүзіңіз, аквалангпен теңіздің түбін шарлаңыз, тауға шығыңыз, жауынгерлік өнерді меңгеріңіз, кемемен жүзіңіз, теңізде балық аулаңыз, тағысын тағылар. Жаныңызға еріп шыққан адамдармен қарым-қатынасыңызды жақсартады, өмірге жаңа көкжиектер ашады, өзіңізді әрі жас, әрі батыл сезінесіз.
  2. Табиғатта көбірек уақыт өткізіңіз. Табиғаттың тамашасы адам сезіміне ерекше әсер етеді. Мінездің жаңарып, жақсаруына ықпалы зор. Өз белсенділігінің шыңына шыққан адамдар табиғаттың берері мол екенін ерте түсінген. Орманға серуендеп, әлде жай ғана көкке шығып қайтыңыз. Тау бұлағының басына барып демалыңыз. Мүмкіндік болса, өзіңіздің бау-бақшаңызға көңіл бөліңіз. Шулы қаланың ортасында өз бау-бақшаңыз жан дамылдайтын жерұйық болады. Табиғатпен достықты насихаттай отырып жан тыныштығын табасыз. Өміріңізге қанағат етесіз.
  3. Тәні саудың жаны сау деген тіркес таныс болар? Ешқашан тәніңізді ұмыт қалдырмаңыз. Ол мимен тікелей байланыста болады. Ол сіздің жұмағыңыз. Оған ең дәмдісін ұсыныңыз. Өмірдегі ең құнды байлықтай бағалаңыз. Күнде жаттығу жасап, оның саулығына мұқият болыңыз. Өйткені, адам тәні баға жетпес құндылық.
  4. Сананың саулығына ешбір қиындық салмақ түсірмеуі керек. Сол үшін мықты болыңыз. Бір атақты боксер өте бақытсыз болыпты. Мұның себебі неде деп сұрағанда, ол теріс ойлардың жетегінде кеткенін мойындапты. Қалауыңызды тежеп, мақсатшыл бола біліңіз. Күнделікті қайталау мұны жеңілдетеді. Жаман ой деген үлкен ысырапшылдыққа жол бермеңіз.

  5. Ұйықтар алдында үш сағат бұрын тамақ жеуді тоқтатыңыз. Тамақ жақсы сіңеді, ұйқы да тыныш болады. Ұйқы тыныш болсын десеңіз жатпас бұрын бір сағат спортпен шұғылданыңыз. Сосын демалыңыз. Төсекте жұмыс жасамаңыз. Тыныштығыңызды бұзатын ештеңені ойламаңыз. Жас бала құсап маужырап ұйықтаңыз. Леонардо да Винчи айтпақшы: «Жайлы күн бақытты түс көрсетеді».
  6. Өз атыңызға кір келтірмеңіз. Жақсы атты болу сізді талай биіктерге көтереді. Бірақ бір дақ түссе, оны тазалау оңайға түспейді. Сондықтан үнемі не әрекетке де баға беріп үйреніңіз. Анаңызға айтуға ұялатындай ештеңе істемеңіз. Өмірдің бар қызығына қанып өту керек. Бірақ оның барлығы адамгершіліктен аттамайтын, адамға маңызы бар қызықтар болуы тиіс.
  7. Өзіңізге ұнайтын ұстаз табыңыз. Дүниедегі барлық қателікті баяғыда біреулер жасап қойған. Неге өзгенің тәжірибесінен сабақ алмасқа? Өзгеге құрметпен қарай білетін, көргені көп адамды ұстаз етіңіз. Өзіңізден әлдеқайда жасы үлкен, сіздің қызығушылығыңызды білетін адам болсын. Барлық адам өз бағасын алғысы келеді. Қанша шаруасы қауырт болса да, өзінің ақылын тыңдайтын, құрметтейтін адамға уақыт табылады.
  8. Бойыңыздағы осалдықтардың тізімін жасаңыз. Өзіне сенімді, иманды адам өзінің әр кемшілігін біледі. Және де оларды түзеуге барын салады. Ұлы адамдардың өзінде жеке кемшіліктері болған. Кей адам оны жасыра біледі. Екінші жағынан өзіңіздің жақсы қасиеттеріңізді де біліп жүріңіз. Оларды үнемі қолданыңыз.

  9. Ешқашан шағымданбаңыз. Адамдар сізді жағымды, мықты, елгезек тұлға деп танысын. Шағымданатын адам ұсақ келеді. Не нәрседен де жағымсыздық іздейді. Мұндай адамға ешкім жуымайды. Ондай адамдар жетістікке қол жеткізе алмайды. Психологиялық тұрғыда барлық нәрсе екі жақта жасалады. Алдымен мида, сосын өмірде. Сондықтан тек жақсы нәрсені ойлаңыз. Рухани тұрақтылық болсын. Жетістікке жетелейтін жолда ешбір кедергіге мойымаңыз. Нені қалайтыныңызды елестетіңіз, сосын сол межеге жетіп бірақ тоқтаңыз. Өзіңізге сеніңіз. Сенген нәрсе орындалады.
  10. Достарыңыздың кемшілігін кешіріңіз. Кемшілік іздеген адам оларды табады. Есейген дұрыс. Өзгенің кішігірім кемшілігін термеңіз. Әр адамды жақсы ететін қылығы болады, соны табыңыз. Әр адамның бір үйренерлік жақсы қасиеті болады. Қызықты тарихы, әдемі әзілі, өмірлік сабағы. Сіңіре беріңіз. Бәрінің бір пайдасы тиеді. Бақытты өмір сүру үшін достың орны зор. Әсіресе, сіздің қуанышыңызды да, қайғыңызды да бөліскен достар болса. Достықты мағыналы етуге еңбек сіңіру керек. Достықты әрі бай, әрі терең етуге тырысу маңызды. Достарыңызға жиі қоңырау шалып тұрыңыз. Түрлі кітаптарды, оларға ұнайтын заттарды сыйлаңыз. Не ексең, соны орасың. Достық та солай. Жақсы достарыңыз көп болу үшін өзіңізде жақсы дос бола біліңіз.

Шынар Әбілдәнің аудармасы (Жалғасы бар)