«Құлансаз» ансамбліннің негізін белгілі композитор,  Қазақстанның халық әртісі Әсет Бейсеуов 1979 жылы қалаған. Халқымыздың саф өнерін насихаттап, өнер сүйер тыңдарманның көз айымына айналған ұжым 2011 жылы Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Алатау әуендері» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны  «Құлансаз»  фольклорлы-этнографиялық ансамблі болып  қайта жасақталды. Заманның көшіне ілесе білген ұжымның музыкалық топтарының жетекшісі Мақпал Тоқтағанованы  сөзге тартқан едік.

  • Қазіргі таңда фольклорлы-этнографиялық ансамблге сұраныс қаншалықты?
  • Ансамбльдің сүйемелдеуімен әншілеріміз жанды дауыста ән шырқап, бишілеріміз мың бұралып өнер көрсетеді. Демек бірнеше өнердің жан –жақтан ағып келіп қосылған қайнар көздеріндей  бір арнаға біріккен кезі көрерменге ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз. Осындай өнердің сұранысқа ие болмауы мүмкін бе? Оның үстіне ұжымның репертуарының дені патриоттық әндер мен билерден тұрады. Демек мемлекеттік маңызы бар мерекелерде «Алатау әуендері» ұжымы облыстық, республикалық деңгейде үлкен сұранысқа ие. Алматы облысы бойынша 16 аудан мен  3 қала бар десек, сондағы көрермендердің рухани тұрғыда сусындау үшін өнер көрсетіп келеді. Өзге облыстардағы көрермендеріміз де ыстық ілтипат танытып жатады.

– Ансабльдің құрамы туралы айтып өтіңізші?

-Ұжымның құрамы өрімдей жастардан тұрады. «Таланттың тұлпарын мініп, тас қияға өрлейін» деп тұрған жалынды өнерпаздарды сайдың тасындай етіп теріп алғанбыз. Себебі энергиясы мол өнерпаздар тыңдаушыны сахнада тұрып серпілте алады. Біз осыны ескердік.

– Нарықтық заман болған соң, кез-келген жобаның комерциялық  жүйесі болады. Осы тұрғыдағы ахуалдарыңыз қандай?

  • Әрине жыл сайын репертуарды жаңартып, тың идеяларды қосып отырамыз. Өнерсапарларында халықтың сұранысын зерделеп қайтамыз. Өнерпаздардың сахналық киімінің талғамға сай болуы да қадағаланады.

  • Егер сіздің ансабльге арнайы тапсырыс түссе, сіздер қанша уақыттың ішінде дайын болар едіңіздер?
  • Мәдениет басқармасы мен ұжым директоры Абзал Қуанышұлы тарапынан бекітілген арнайы бағам бар. Көрсетілген бағамға сәйкес тапсырысты орындай аламыз. Себебі біздегі бағдарламар жылдың басынан-ақ меркелік тақырыптарға сәйкес дайындалып қояды. Ұжымның тапсырыс бойынша сапарға шығуын директордың орынбасары Ұлпан Ербатырова қадағалап отырады.

  • Жетістіктер туралы айтыңызшы?

2014 жылы «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі          XVI-Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде «Халық музыкасы» номинациясы бойынша І орынды иеленді. Бірнеше республикалық байқаулардың лауреаты атанды. Өзіндік бағыт-бағдары, ерекшелігі бар ансамбль Корея, Қытай, Ресей, Германия, Польша, Америка, Сербия, Венгрия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерін де ұлттық өнерімізді насихаттап талайды өнерлерімен тәнті етті.

«Алауинформ»

Дереккөз: «Сырласу» журналы. №4(54) Сәуір 2017