Қолғанат Мұратұлы: «БҰРЫН МЕН ҮЙДЕ ОТЫРЫП-АҚ ЖЕҢІЛЕТІНМІН…»

0
3 378 рет оқылды

Алматыдағы М.Әуезов атындағы театр жақында көрерменін тағы да қуанытты. «Бақыт кілтін» іздеушілер үшін осындай атаумен қойылым қойды. Қоюшы-режиссері – Есмұхан Обаев болса, пьеса авторы – Қолғанат Мұратұлы.

Жас болса да батыл қадамға барған Қолғанат қоғамға қатысты ерекше көзқарасымен көңілімнен шықты. Сегіз пьеса жазған драматург театр ұйымдастырған байқаудан «Алдамшы үміт» пьесасымен оза шауып, М.Әуезов театрын 30 жасында-ақ мойындатып үлгерді. Бұл – ақиқат. Сұхбат барысында өзара пікір алмасу процесі жақсы жүрді, ой қақтығысы орын алды. Өзімді таныдым. Өзім секілді адам барын сезіндім. Бұл бір сәттік күй емес екеніне сенгім келеді. Сұхбат ұзақ уақытқа созылғанына қарамастан ерекше ойлар айтылды.

«БАҚЫТ КІЛТІ»  ПЬЕСАСЫ ХАҚЫНДА

– Сөзімізді «Бақыт кілті» спектаклінен бастасақ… Сахнадан көрермен нені көреді?

  – Сахна – өмір емес. Көп жағдайда сахнадан тек шындықты көре алмайсыз. Бір жарым сағатта көрермен көңілінен шығу бағытында жұмыс жасайсың. Режиссура да, актерлік те сондай. Театрға келген мыңдаған көрерменнің жартысынан көбін қанағаттандыру керек. Бастан аяқ бір сыдырғы сюжет болмауы үшін, қақтығыстарды ойлап таптық. Ондағының бәрі дерлік қиялдағы дүниелер. Мысалы, мафия, Ермек атты кейіпкерді өзіміз қостық. Олардың да бір шындығы бар.

– Сонда алдын-ала кейіпкердің отбасымен таныстыңыздар ма?

  – Пьеса сахналанар алдында Асаубаевтар әулетімен таныстық. Анасы Марусия өзі ақынжанды, әнші, өте талантты кісі болған. Жалпы отбасы мүшелері өнерден құр алақан емес. Әулеттің өмір тарихын оқи отырып, Бауыржан Асаубевтың  ішкі әлеміне енгім келді.

– Басты кейіпкер – Бауыржан. Бауыржан кім?

 –    Спектакльдегі Бауыржан – жиынтық образ. Ол нақты бір адам емес, тек бір адамда ондай қасиеттер болуы, кейде мүмкін емес қой. Ол – біздің өзіміз. Біз сондай қоғамды аңсаймыз. Ішкі дауысымыз соны ғана қайталайды біздің. Бауыржан қойылым соңында: «Сендер аттыңдар, саттыңдар, құрттыңдар! Бірақ, мен өлмедім. Себебі, мен – Тәуелсіз  елдің шындығымын!»,-деп қасқая қарсы шығуы бекер емес. Сіз бен біздің, қоғамның шындығы осы. Тағы бір тұста: «Біздің ауызымызды майласайшы»,-деген сөз бар. Сонда: «Кешіріңіз, біз Тәуелсіздікті әке-көкелердің ауызын майлау үшін алған жоқпыз. Ол заман өтті»,-дейді басты кейіпкер.

Бауыржан – менің Бауыржаным! Сіздің де Бауыржаныңыз! Біздің де Бауыржан!»Әулеттің шырағының сөнбеуі» деген осы болса керек. Мың жылқы айдаған байлар да бар, бірақ олар қаражатын өнерге салмайды. Бұл үлкен адамгершілік әрі тектілік. Бейбіт елдің Бауыржаны сахнада ғана емес, жұрт жүрегінде мәңгі қалатынына сенемін.

– Бұл жобаның коммерциялық болуы көрерменге əсер етті деп ойлайсыз ба? Біздің қоғам мұны қалай қабылдайды?

-Кеңес дәуірі біздің түсінігімізді әбден кері бағытқа бұрып тастаған. Мысалы, байларды жек көрушілік. Кім жаман? Бай жаман. Пайдакүнем де бай, сотқар да бай, тіпті өзімшіл де бай. Осы бір түсінік бізді кедейліктен, ой кедейлігінен әлі де алыстата алмай жатыр. Ақылды адамдардың бәрі негізінен бизнеске кеткен. Кедей қауымға өзге біреуді, өзінен жоғары жандарды жамандаған, өсектеген оңайырақ. Өзінен озып бара жатса көре алмайды.

-Сонда біз солай өзімізді ақтап аламыз дегіңіз келді ме?

-Иә, дәл солай. Меніңше, қате көзқарасымызды өзгертетін кез келді. Бұған бастама жасап, мұрындық болып отырған М.Әуезов атындағы драма театры. Бүкіл халықтың көзайымына айналған театр үшін бұл қадам зор жауапкершілік әрі эксперимент.

-Еңбектеріңіз ақталды ма? Қаражат жағы ше?-

-Бұл коммерциялық тапсырыспен жасалған жоба болғандықтан көпшілік қате пікірін білдірді. Еңбек те, уақыт шығыны да өтелді.

-Байқағаным бұл спектакльдің басқалардан ерекшелігі, киноның ұшқындары байқалатын секілді…

-Спектакльдің режиссурасына көңілім толды. Өзімнің көңілімнен шықты. Иә, ерекшелігі сол. Бірінші сахна мен екінші сахна кезек-кезек орын алмастырып отырады. Тым жылдам әрі қызықты. Бұл алғашында қиынға соқты. Дегенмен, театр суретшісі Мұрат Сапарбаев пен режиссер Есмұхан Обаевтың бірлігінің нәтижесінде көрерменге жақсы тарту жасадық. Мысалы, офис ішін көрсетіп, бірден шахтаға өту…

-Ерекше декорациялар қолданылғаны көрініп тұрды…

-Иә, 3Д проекциялар, жарық пен әуен арқылы сахналарды оңай ауыстырып отырды. Былай қарағанда, түк те өзгермеген секілді. Көрермен көріп отырып, ештеңе өзгермегенін білді, бірақ құрылғылар арқылы басқаша әсер қалдырды. Сөйтіп, театр синаграфияда да үлкен экспериментке барды.

ДРАМАТУРГИЯ – ҰЗАҚ  МЕРЗІМДІ  ҚҰРЫЛЫС

– Көптеген фильмдерде талантты тұлғалар өз туындысына көңілі толмай, мыжып, қоқысқа лақтыратын сәттері бар. Ал сізде осындай құбылыстар бола ма?

-Драматургия – құрылыс! Ұзақ мерзімді құрылыс. Ал ақындар ойындағысын бір сәтте тудыруы мүмкін. Ал драматургияда олай емес. Бүтін бір үй салып шығасың. Оның фабуласы, құрылымы, шарықтау шегі -бәрі ескеріледі. Бір кейіпкердің сөзі оның келбетіне лайық болмаса, өшіріп, ауыстыруға тура келеді. Өзіне, образына сай жазуға тырысасың.

-Меніңше, қалам ұстаған жазушылардың көпшілігі драматург атанғысы келетін секілді.

-Шынымен солай. Драматургияға ену үшін қаламгер алдымен кейіпкерін социология, физиология, психология тұрғысынан зерттеуі керек. Мұның бәрі уақыт пен еңбекке тәуелді. Кейіпкерін жақсы меңгермеген қаламгер драматургияда ақсап жатады. Адам өзіне көңілі толған күні өледі. Тоқтап қалады. Мен өз қолыммен құрастырған, жазған дүниелерімнің кемшілігі өзіме анық көрініп тұрады. Менде кемшілік те, қателік те бар. Оныі бәрін уақыт таразылайды!

-«Көшпенді көшкен түн» атты туындыңызда кімдер көшіп жүр? Олар ма, бұлар ма? Кейіпкерлер осылай аталған…

-Иә, Мен жалпы кейіпкерлерге ат қойғанды аса ұнатпаймын. Ол Ермек пе, Иван ба бәрібір. Тек диалогты алып шықса болды. «Көшпенді көшкен түн»-де Олар мен Бұлар деп аталып, кейіпкерлердің нақты аты жоқ болады. Маған осындай жиынтық образдар ұнайды. Бұл былайша айтқанда біздің қоғамның қасіреті ғой. Өзіңіз түсінген боларсыз?..

Әрине! Мен соңғы кезде барлық адам бастан кешетін синдромдар сырын зерттеп жүрмін. Соның ішінде ең ерекшесі – Диоген синдромы. Яғни, өз заманының данышпаны Диоген бөшкенің ішінде, қоғамнан оқшауланып өмір сүріпті-мыс. Қазір де ондай адамдар бар. Соның бірі мен. Ал менің байқауымша осы синдром сізде де бар секілді. Өз әлеміңіз бар, оның шекарасынан ешкімді өткізгіңіз де, шығарғыңыз да келмейтіндей…

-Дұрыс. Өте дұрыс таптыңыз. Біз қазір жасаушымыз ғой, құрастырушымыз. Өзімізді іздеп келеміз. Расында да, менің өз шеңберім бар. Оған көп адамды кіргізгім келмейді. Өз әлемімде өмір сүргім келеді.

ЖАРЫҚТЫҢ  ЖАСЫРЫНҒАН  ТҮРІ  ҰНАЙДЫ

Түсінікті. Сізге модерн бағыты ұнайды, мистика ұнайды, өз шеңберіңіз ұнайды. Тағы нені ұнатасыз?

-Маған қараңғы ұнайды! Түн…

-Негізі қараңғы деген түсінік жоқ қой. Ол – жарықтың жоқтығы…

-Иә, ол-жарықтың жасырынған түрі ғой. Сол ұнайды делік. Жазғанда да көбінсе түнге таяу жазамын. Сұрағыңыз біршама қиын екен (күлді)

-Сіз қандайсыз? Өзіңізге сырттан баға бере аласыз ба?

-Менің қандай екеніме шығармаларым жауап берсін.

-Бірақ, шығарма сіз емессіз ғой?

– Ол мен емес! Кей жерлерінде Мен болуым да мүмкін. Осы уақытқа дейін 8 пьеса жаздым. Бір таң қалатыным, өзің ішкі әлеміңде әлдене жазып отырғандай боласың, жазасың, тамамдайсың. Сосын, мынаны шынымен мен жаздым ба дейсің. Бұл көп қаламгерлерде болатын шығар. Кейде әдемі дүниелерді уыстап қаласың. Т. Әсемқұловтың: «Ойлар ұшып жүреді. Кім ұстап қалса соның басына қонады»,-дейтіні бар. Соған сенемін. Сөз біздікі емес. Бізге дейін айтылған, жазылған сөздерді жазып жүрміз. Қызық…

-Қызық… Адамдар өзіне қатысты көп дүниені яғни, кемшілігін,. Артықшылығын мойындағысы келмейді. Мысалы, әркім өзімшіл ғой жер бетінде. Мен солай ойлаймын. Мен эгоистпін, сіз ше?

-Мен де белгілі бір дәрежеде эгоистпін. Өнерде эгоист болу керек. Себебі, мінезсіз адам ғаламат туынды тудырмайды.

-Кейбір мінезді адамдардың, мінезсіз тундыларын да көріп жүрміз…

-Ол да бар. Жақсы ақынның атын жаман өлеңі шығаратыны да бар. Адамға қай жағдайда да мінез керек-ақ.

СЫН  ШЫН  БОЛСА…

-Сын ше? Сын керек пе?

-Әрине. Сындар айтылады. Көбінесе мән бермеуге тырысамын. Ойлы сын – өсіреді, ойсызы өшіреді. Қаламгерді. Көп жағдайда кедергі болады.

-Жазушылар қауымына көріпкелдік, көрегендік тән бе?

-Жазушылар қауымынан гөрі, сыншыларға сол қасиет керек-ақ. Біздің сыншыларымызға жетіспейтіні де сол. Біздің сыншылар бәйгеден озып келген шығармаңа сын айтады ғой. Ол өз бағасын алып қойды емес пе?  Ол сыншылық емес!

-Ол кім сонда?

-Ол оқиға барысын жалпыға баяндау. Мына жерде актер былай етуі керек еді, ана жерін бүйтпеді деу. Егер нағыз сыншылар бар болатын болса оларды үйінде бос отырғызбайтын қоғамда жүрміз біз. Өзіңіз білесіз, бұрын аттың сыншылары болған. Ол кезде бәрі соларға сенген. Қазір тек мініңді іздеу, жеке басыңа қол сұғу…

-Қалай ойлайсыз, драматургия – идеология ма?

-Мүмкін. Қайбір туынды болсын, оның ішінен замананың бейнесін көресіз. Шекспир, Ф.Кафка, А. Камю болсын бәрінде өз өмірінің шындығы бар. Яғни, ол көрген дүниесінен әрі асып ештеңе жаза алмайды.

Актер – өз өмірінің авторы болуы керек»,-дейді аңыз адам Асанәлі. Ал драматург ше? Ол өзгелердің өмірінің авторы ма?

-Кез келген өнер иесі өз өмірін жазады, сахналайды. Драматург өзіне-өзі Құдай. Өзіне бағынышты кейіпкерлері бар. Ұнамаса, өлтіре салады. Қиял әлемінде патшалық құрады.

ОЙ  ҚАЙДАН  КЕЛЕДІ?

-Осыған орай жазушылардың пікірі екіге жарылатынын байқадым. Бірі- кейіпкерін бүгін өлтірем деп нақты айтса, екіншісі- ертең не болатынын білмеймін дейді. Ал сізде қалай?

-Бүгінгі көңіл-күй , Шабыт ертеңге ұқсамайды. Дулат аға: «Ойлап жүресің, миыңа жинай бересің. Миың оны дайындап, жинақтап бір күні ұсынады»,-дейді. Сонда ой кімнен келеді деген сұрақ тағы жауапсыз қалады?

-Ой – Құдайдан келетін шығар.. Сонда туындыгер өмірде көргенін ғана жаза алады деген сөз бе?

-Мысалы, мен «Бақыт кілтін» жазып шықтым. Мені өмірінде бизнесмен болып көрді дейсіз бе? Жоқ. Сезіну деген құбылыс болады.

-Жазушының құралы сол ма?

-Анабір машина өтіп бара жатыр. Мен осында сізбен пікір алмасып отырсам да, қиялым соның ішінде конфликт жасап отыруы мүмкін ғой?! Жазушыға ең керегі- сезім. Сезімді уақытында ұстап қалған жөн.

-Ұстаздарыңыз кім?

  • Құдайберген Насыров, Д. Исабеков, Ш. Құсайынов сынды дарынды ағаларымыздың шәкіртімін бүгінгі таңда.Осыған дейін менде мынадай пессимистік ой болды: Шығармаң сахналану үшін, танысың керек, көкең керек. Қаражат та артықтық етпейді. Осылайша мен күреспей-ақ, үйде отырып жеңілетінмін. Сыртқа, жарыққа шықпай-ақ жеңілетінмін. Қазір оптимистпін!

Риясыз сұхбатыңызға рақмет! Бірден тіл табысып, сырларыңызды ақтарғаныңызға қуаныштымын. Сіз секілді азаматтардан бүгінгі қазақ қоғамы интеллигенциясының іргесі қаланады!

Әлия Іңкәрбек

Алауинформ