Ол шын өнерді сүйетін тыңдарман қауымға «Таңғы қала» әнімен таныс. Тіпті, тыңдарманы «Ооо, қала»,−деп қосыла ән шырқайды. Шын таланттар қашан да қарапайым. Олар туралы аз әрі саз жазылады. Есесіне, іздеп жүріп оқимыз ғой. Себебі, олардың жаны жарнамақұмар емес, олар саф, таза әнін халқына ұсынуды ғана біледі. Бағыты ерек, жолы жаңа Дәурен Сейтжанның шығармашылығы, жалпы ғұмыры баршаға қызық деп сенеміз. Олай болса, сәті түскен сұқбатымды шәй ішіп отырып, оқуға қалай қарайсыз, талғамы биік оқырман?!

АЛМАТЫҒА ҚАЙТА ОРАЛДЫМ

Алау: Дәурен аға, қайырлы күн! Әңгімемізді Сізден бастасақ. Яғни, сіздің шығармашылық жолына қалай түскеніңіз, отбасыңыз, балалық шағыңыз бізді қызықтырады…

−Туған жерім − Алматы қаласы. Нағашы атамның тәрбиесінде өстім. Бұған дейін Оралда болдым. Атам Нұптығали деген кісі, Ұлы Отан соғысының ардагері, кішкентайымнан өнерге баулып өсірді. Анама «өнер жолы қыз бала үшін қиын» деп тыйым салған  екен. Сондықтан болар, бал кезден менің қабілетімді байқап, осы жолға өзі жетелеп апарды. Батыстың баласымын. Алматы да бөтен емес…

Алау: Алматыға арман қуып келгеніңіз белгілі. Бұл сапар қалай басталған еді?

Алматыға 2008 жылы келдік. Одан бұрын 1999 жылы Халықаралық Шабыт фестиваліне қатысып, дипломант атандық. Астанада филормонияда бір жылдай жұмыс істеп, Алматыға аттандым. Өнер академиясына түсу үшін құжаттар жинап, қабылданатын болғанмын..

Алау: Бірақ?

−Оралда бір жылдай болмағам. Нағашы атам бірнеше жыл бұрын қайтыс болды. Анам бар (әжем) сол кісі науқастанып, ауырып жүр екен. Отбасылық жағдайларға байланысты, өскен қарашаңырағымды тастап кетпеймін, оқу табылар деп шешім қабылдадым. Сегіз жылдан соң Алматыға қайта оралдым.

Алау: Сол жылдар аралығында өнерге дайындық болды ғой?

−Әрине, ол үздіксіз  үдеріс (процесс) қой. Дайындықтар болды, біраз байқауларға да қатыстым. Оқуға ешқашан кеш емес, әрине. Үйренетін, оқитын нәрсе көп. Оралдан музыка мектебін бітіріп, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан  университетінің домбыра бөлімін тамамдадым.

ЕРЕКЕҢНІҢ «АҚ КЕМЕСІ»…

Алау: Сонда күй шертесіз бе?

−Негізі мамандық бойынша күйшімін. Мектеп кезінде баянды оқығам. Ал ән айтуды әуесқой жолмен үйренгенім.

Алау: Үлкен сахнаға шығуыңызға кімнің ықпалы болды?

−Ержан Серікбаевтың шәкірті де, інісі де, бауыры да, досы да болдым. Екі мың тоғызыншы жылы бір мейрамханада жұмыс істейтінмін. Ерекең сол жерге қонақтарымен келді. Ол кісінің «Кім білген» («Ақ кеме» деп аталып жүр) әнін Оралда жүргенде, байқауға қатысуға әзірлеп қойған болатынмын. Әнді Ержан ағаға тыңдатқанымда, ол кісі бірден: «Бір аптадан соң Республика сарайында жеке кешім болады. Соған қатысасың ба?»−деп, сұрақты төтесінен қойды. Мен, әрине, бас тартқан жоқпын. Қатыстық. Концерт керемет өтті. Бірақ, монтажда мен ән айтқан тұсын қиып тастаған сыңайлы, концерттің толық нұсқасында мен жоқпын. Бұйырмаған шығар дедік.

Алау: Ал сіздің төлқұжатыңызға айналған «Таңғы қала» әнінің тарихы қандай?

−Оның өзі бір оралмас ерекше сәттер еді. Ерекең Шымкенттегі үйінде қонақ болғанымда қағазға жазылған ән мәтінін алып келіп, оны гитарамен орындап берді. «Осы әнді ал. Орында. Осы ән арқылы үлкен сахнаға шығамыз»,−деді. Айтқаны болды. Міне, алдыңызда отырмын. Менің ән қоржынымдағы «Ақ кеме», «Байқамаймыз», «Таңғы қала» әндері сол кісінің жұлдызды әндері.

Алау: талғамыңыз жоғары санаулы өнер иесінің бірі деп санаймын. Әндерді қалай таңдайсыз? Сіз үшін әуен маңызды ма, әлде, сөзі ме?

−Әрине, сөзіне мән беремін. Сөзі мен әуені бір−біріне келіңкіремей тұрса сөзін өзгертуге де болады ғой. Алдымен өзіңе ұнаса, сол арқылы өзге жүрекке де жеткізесің. Әннің құдіреті сол.

ЖАНАРДАҒЫ МӨЛДІР  МҰҢ

Алау: Мен сізді қазақ эстрадасының Асанқайғасы деп атағым келеді. Себебі, әндеріңіздің көпшілігінде мұң−қайғының желі есіп тұрады. Тыңдарман қауым да оны байқаған болар…

−Оған бір себеп бар деп ойлаймын. Мен анадан ерте қалған адаммын.  Анасыз өскен жанның өмірге деген көзқарасы басқаша болуы заңды шығар.

Алау: «Мінезі қиын жандардың, тағдыры жеңіл болмайды»,− деп жүрміз. Мен де осы тізімдегі адамдардың бірімін. Байқауымша мінезінің ауыр секілді.

−Тез ашуланамын, бірақ, қайтымым да тез. Бір көңілім қалған адаммен екінші сөйлеспеуге тырысамын.

Алау: Сіз әнші болмағанда кім болар едіңіз, аға?

−Күйші болар едім, бәлкім. Бірақ, ән − менің өмірім ғой.

Алау:Күйші болсаңыз да, әйтеуір, өнердің айналасынан кетпеймін дейсіз ғой. Сіздің өмірлік құндылығыңыз? Тізбектеп айтып берсеңіз…

  • Шындық. Отбасым, балаларым. Адал достық. Адалдық. Өнер мен өмір.

Алау:Кітап оқисыз ба? Ең соңғы оқыған кітабыңыз?

−Өте көп оқимын деп өтірік айтпай−ақ қояйын. Сирек оқимын. Көпшілігі поэзия жанрында. Әділ Ботпановтың «Өмірзаясын» оқыдым. Өлеңдері ерекше тылсымға толы. Ақынның кітабын бір жақыныма тарту еттім. Сол кітапты шығарған ақын ағаларымызға алғыс білдіремін!

Алау: Дәурен аға, сіздің де біздің де өміріміз зая кетпесін. Бастысы осы. Айтылмай қалған талай сырлар қалды. Алдағы уақытта шығармашылық  байланыыста боламыз деп сенемін. Болашаққа жоспарланған бар арман−тілегіміз орындалсын. Қазақ өнері, жасасын!

Әлия Іңкәрбек

«Алауинформ»