Мұқағали. Жаңашылдық. Балаң танымға тарту

0
2 488 рет оқылды

Тәңіртаудың мұзбалағына арналған спектакль 9-10 ақпанда сахналанып, көрермен қауымның оң бағасын алды. «Мен деп ойла» Жүзімізді сипап өткен самалды да, жып−жылы жаңбырды да, тіпті, күліп келген көктемді де, үміттенген сәттерді де Мұқағали Мақатаев деп ойлайық. Ақын бұл күйді өзі жырға қосты. Жыр – оның патшалығы. Көктемге бірер күндер қалғанда оқырман жыл сайын ақиық ақынның өлеңдерін жаңғыртып, мирасын молайтады.

Осы бір ізгі іске биыл бірінші рет араласып отырған Мемлекеттік қуыршақ театры. Тәуекелге бел буып, тек балалар үшін ғана емес, жыр сүйер ересектер үшін де қызық әрі тағылымды қойылым жасаған театр басқалармен бәсекеге де түсе алады. Оған біз және жарқын болашақты балақайлар куә болдық!

Қойылым режиссері – мәдениет қайраткері, театр актрисасы Марал Тәуекелова. Кәсіби режиссер болмаса да, бұл туындысы көңіл қуантарлық. Ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың өміршең өлеңдері, жырларына жазылған әндер және композиция, әуез бен би бір арнаға тоғысқандай әсер қалдырды.

ӨЛЕҢ − ӨЗЕН

Бұған дейін балалар аудиториясымен жұмыс жасап жүрген шығармашылық топ үшін бұл поэтикалық, әдеби кеш аса қиынға соқпаған секілді. Өйткені, бір сағаттан көп уақыт аралығында көрермен бір қуанып, бір мұңайды, мұндайды қазақ «төбесі көкке екі елі жетпей қалды», −деуші еді. Мұқағали рухы болашағы бар балдырғандармен тілдескендей күй кештік. «Мен сірә, өлмейтін шығармын, Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын», − деп жырлаған ақынды біз әлі де ұйықтатпадық. Өлең өлмейді! Ол ғасырдан ғасырға жалғасып, өзендей жер бетіне өрнегін салып аға беретініне сенемін.

АҚҚУЛАР  ҰЙЫҚТАҒАНДА

Қойылым шымылдығын ақынның «өзі» ашты. Яғни, Мұқағалиға ұқсатып жасалған қуыршақ өзінің ішкі сезімін жырмен төкті. Содан соң, Мұқағали Мақатаевтың төлқұжаты іспеттес, ақыннын әйгілі поэмаларының бірі «Аққулар ұйықтағанда» ерекше сахналанды. Осы поэманы жатқа білетіндердің қатарында мен де бармын. Бұған дейін тек сөзбен ғана сезінсем, бұл жолы көз алдымда аққулар қалықтады. Өнердің құдіреті осы емес пе?  Меніңше, көрерменді ерек күйге бөлеп, әсерлендіре алса ғана − өнерпаз!

 

ФАРИЗА, ФАРИЗАЖАН, ФАРИЗА ҚЫЗ

Поэтикалық кеште ақынның топтама өлеңдері жанрлық жағына қарай біріктіріліп, композиция ретінде көрерменге ұсынылғаны ұнады. Жігіттің жандүниесін сипаттайтын жыр жолдары ақынның өзіне тиесілі болса, қыз сөзі Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінен алынғанын мен ғана байқаған болармын?! Себебі, жырлар бір−бірімен жымдасып кеткені сондай, қос бұрымдай қатар өрілді. Құлақтан кіріп, бойды алған әндер де аз айтылған жоқ. Ән шеруі «Есіңе мені алғайсыңмен» басталып, «Отыздан асып барамынға» ұласты. Расында, қай оқырман болсын отыздан асса да, қырықтан асса да сүйіп оқитын ақыны, рухани досы Мұқағали болып қала бермек.

МУЗАРТтың өзі КЕЛГЕН КЕШ

Мұқағали әндерін орындау барысындағы тағы бір ерекшелік -танымал МузАРТ тобының өзі келуі. Иә, иә, бұл шыным! «Сенің көзің түпсіз терең, тұңғиықтан жаралған», − деп ән салғанда бала ғашығыңыз есіңізге түсері сөзсіз. МузАРТ тобының образын ойлап табудың өзі ұтқыр шешім емес пе?! Балалар да дән риза, біз де шаттандық. Болат Момынжанов, Бақытжан Каюпов, Алтай Тәуекелов, Қуаныш Өтебай, Айдын Жақыпбаев, Мақсат Қамалов, Әділет Балбаев, Шоқан Құлназаров, Арайлым Байырбекова, Арай Сақтағанова, Гүлбаршын Өнімбай, Меруерт Карибаева және тағы басқа шығармашылық топ бар өнерін халыққа ұсынудан танбайтынын дәлелдеді.

Жер бетіндегі әр адам нағыз махаббатты, мейірім мен қамқорлықты армандайтыны ақиқат. «Мен нағыз махаббатты армандаймын», − деп ән салып, көңілімізді көтерген Мақсат Қамалов барша көрерменнің есінде қалды. Олай дейтінім, оның жанарынан жастық жалын, махаббатқа құмарту және өнеріне адалдық бірден көрініп тұрды. Мен соны байқадым. Дүниедегі ең қиыны – бала жүрегіне жол табу ғой. Қуыршақ театры осы тұрғыдан белестердің барлығын бағындырған тәжірибелі шығармашылық топтан құралған.

ТАЛҒАТ МЫРЗАНЫҢ ТАРТУЫ

Театрдың жаңа башысы Талғат Есеналиев те балалар мен жыр сүйер қауымға осындай тарту, тосын сый жасағанына шын риза. Алдағы уақытта осы беттен таймай, көрермен көңілінен шығуды көздеген басшы әлі де идеяларының көп екенін айтып қуантты. Ал біз білім мен тәжірибені қатар ұстаған Талғат мырзаға табыстар тіледік.

ҮШ  БЕЛЕС

9 -ақпан күні еліміздегі, қаламыздағы барлық мәдени − әдеби орындарда ақынды еске алып, қойылымдар, кештер және концерттер өтті. Солардың ішінде «Мен деп ойла» атты поэзиялық кешке, ерекше қойылымға баруымның себебі- жаңашылдық іздедім. Шеңберден шыққым келді! Мен іздегенімді таптым. Сонымен, «Мен деп ойланың» басқалардан үш ерекшелігін тізбелейін:

  • Бірінші:
  • Алғашқы қадам қашан да қиын. Тәуекел мен еңбектің нәтижесінде алғаш рет ұйымдастырылған керемет кеш.
  • Екінші:
  • Балалар арқылы бүтін қоғамға әсер ету идеологиясы. Яғни, қоғамды өлеңмен «улау»!
  • Үшінші:
  • Мұқағалиды еске алу кештерінде жылда еңсемізді ауыр мұң, қайғы, өкініш басып тұратын. Бұл жолы олай емес. Бала көңілмен, позитивпен де еске алуға болатынын дәлелдеді.

 

Мың рет естігенше, бір рет көргенге не жетсін?! Осы орайды театр ұжымына бұл ерекше қойылымды әр ай сайын бір мәрте болсын театр афишасынан көргім келетінін айтқым келеді. Бұл менің ғана емес, қойылымды көре алмай қалған мыңдаған жырсүйер жұрттың өтініші деп қабылдағайсыздар!

Әлия Іңкәрбек

«Алауинформ»