Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ : «СЫНАҚТАН СҮРІНГЕН АДАМ»

0
2 699 рет оқылды

(Әңгіме)

Темірбек әйелімен бірге қаланың орталық базарында жүрген. Ығы-жығы халық. Адамның көптігінен аяқ алып жүре алмайсың. Әйелі Гүлбаршын адасып қалмайын дегендей-ақ, күйеуін тас қып қолтықтап алып, алға қарай тартып келе жатқан еді. Кенет өте бір таныс үн құлағына жетті. Көп жыл бұрын үнемі естіп, әбден жадында сақталып қалған дауысқа елең ете қалған Гүлбаршын жалт бұрылды. Бірақ, өз көзіне өзі сенбей күйеуін топ ортасынан шетке қарай сүйрелеп, әлгі дауыс иесіне қарай бұрылды.

Қалың нөпірден сәл ғана сытылып шетке шыққан соң жұрттан қайыр тілеп тұрған кір-қожалақ кісінің қасына Гүлбаршын әй-шай жоқ, жетіп барды. Темірбек таңданыңқырап қалды:

  • Гүлеке, мұның не?
  • Сәл күте тұр! – деді де, ол әлгі қайыршының алақанына бесмыңдық қызыл ала теңгені  тастады да:
  • Ниетқали ағай, мұныңыз не, сізге не болған? – демесі бар ма.
  • Ау, қарағым! Менен ештеңе сұрама! Бергеніңді Құдай саған он есе ғып қайтарсын!Білемін, менің қол астымда істеген шығарсың, әлде, дәріс алдың. Әйтеуір түрің таныс, көзге жылы ұшырайсың. Ештеңе сұрама! – деп әлгі қайыршы бұрылып кете берді.

Ерлі-зайыпты екеуі де өз жөндеріне кеткен. Ауылдағы туыс-туғандарына керек-жарағын, тапсырып айтқан оны-мұнысын сатып алып көліктерінің жүк салғышына тиеп алған соң олар жолға шығып кеткен.

  • Ал, жаңағы қайыршы сенің ұстазың болды ма, сонда? – деп, Темірбек

ұзақжолды қысқартудың қамымен әйеліне сауал тастады.

  • Ол кісі мен оқу бітіріп магистратураға түскен жылы біздің ректор болған еді – деп, асықпай сөзін бастаған Гүлбаршын әңгіменің тиегін ағытты.

Ниетқали ағайды бізге сабақ берген кезінен жақсы танимын. Ол кісінің әйелі де университетте дәріс берді. Ұлдары мен қыздарын да сырттай білетінбіз. Сондай жарасымды жұп, көрсең көз тоятын жандар, өте бақытты отбасы еді. Ол кісі ректор болғанда бәріміз де қуанып едік. Бірақ, ондай мәнсаптың өзі адамға сынақ үшін берілетін сияқты ғой. Сол сынақтан бұл кісі әу баста оңбай сүрінген адам.

Магистранттарға арналған жатақхананың шағын бөлмесінде көрші қаладан келген Жайнагүл деген қыз екеуіміз бірге тұрдық. Таңдай қақтырарлық керемет сұлулығы болмаса да, келбеті тартымды, ашық-жарқын жайлы мінезді қыз. Өзінің айтуына қарағанда, әке-шешеден ерте айырылған, аға-жеңгенің қолында өсіп, тұрмыстың тауқыметін біршама тартқан жан. Соған қарамастан мұңаю, жабырқау дегенді білмейтін аса бір көңілді қыз. Қашан көрсең, әлде бір оқиғаны күлкіге айналдырып, айналасын бір серпілтіп тастап жүретін.

Шынын айтсам, мен одан дәл сондай оғаш қылықты күтпеген едім. Кейін көзім жеткенде жағамды ұстадым ғой. Бақандай бір жыл бірге тұрып, біте қайнасқан құрбымның өзіме білім берген ұстазымның, жай ұстазым ғана емес-ау, оқу орнын басқарып отырған басшымның отбасын ойрандап, неше түрлі сұмдыққа барып жүргенін дер кезінде білмеппін де ғой. Бұл менің аңғалдығым ба, ақ көңілдігім бе, әлде, ақымақтығым ба, ол жағын білмеймін.

Соңғы айларда Жайнагүл жатақханаға қонуды сиреткен болатын. Мен көбінесе, жалғыз түнеп, жеке тұрып жаттым. Бұл бір жағынан маған ыңғайлы да еді. Қасымда ешкім болмағаны, оңаша  тұруым диссертациямды жазуыма, зерттеген материалдарыма талдау жасауыма, ғылыми мақалалар әзірлеп, жарыққа шығаруыма көп септігін тигізді.

Анда-санда демалыс күндері ғана келіп-кетеді. Өзінің айтуына қарағанда, әлде бір достарымен бірге пәтерде тұрып жатқан көрінеді. Сабақтың арасында маңызды шаруалармен айналысып, әжептәуір ақша тауып жүргенін де айтқан. Киім-киісі бұрынғыдан әлдеқайда жақсарып, қымбат әшекейлермен сәндене бастағанына қарағанда, жағдайы жаман болмағаны анық еді.

Өзі тіс жарып көп ештеңе айтпаған соң, мен де қазбалап сұрап жатпадым. «Қыздың көзі қызылда» демекші, анда-санда келгенде, ана киімін бір киіп, мына алқасын бір тағып көріп, айнаның алдында шыр-көбелек айналып дегендей мәз болысып қаламыз. Өзі де құр қол келмейді, маған торт дейсің бе, қымбат шоколад дейсің бе, кейде, менің қолым жете бермейтін жеміс-жидектің тәуірін тарту етіп кетеді.

Соңғы бір-екі айда ол мүлдем жоғалып кетті. Мамандығымыз бөлек әрі оқу ғимаратымыз бір бірінен оқшау болғандықтан оны университетте кездестіре бермейсің.

Сөйтіп жүргенде бір күні жатақханаға ректордің әйелі келді. Ол кісі студент кезімде сабақ бергендіктен жақсы танитын едім. Өңі солғын, түрі тұнжырап кеткен, біртүрлі көңілсіз көрінді. Күтпеген құдайы қонақты көргенде таңданып қалдым да:

  • Отырыңыз, апай! – деп, орындық ұсындым.
  • Гүлбаршын оқу қалай?
  • Жақсы апай.
  • Келгеніме таңданып отырған шығарсың? Қасыңдағы құрбың қайда?
  • Жайнагүл ме?
  • Иә, сол!
  • Шынын айтсам, апай, Жайнаны көрмегеніме айдан асты.

Хабарласпады, соңғы кезде.

  • Түсінікті, жарайды. Мен кетейін.
  • Апай отыра тұрыңыз! Мен шай қояйын, сізге.
  • Еш әуре болма, айналайын! Асығыс едім – деді де, шығып кетті.

Ол кісінің суыт келіп, суыт кетуіне мен аса мән берген де жоқпын, тіпті, ұмытып та кетіппін.

Бір күні ректоріміздің өз әйелінен ажырасып, Жайнагүлмен бас қосқанын естігенде жатақханадағы оның таныс-білістерінің бәрі де естерінен танып қала жаздады. Апайымыз бала-шағасын алып көрші қалаға көшіп кетіпті. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегендей, аулақ кетейін деп шешкен болса керек.

Көктемнің алғашқы күндерінің бірінде  аулада күн шуақтап отырғанмын. Анандайтын жерге су жаңа қымбат көлік келіп тоқтады. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, маңайыңа келіп айнадай жарқыраған  әсем көлік тоқтаса, оған қалай көзің түспейді. Көліктің жүргізуші жағындағы  есігінен үлде мен бүлдеге оранған Жайнагүл түсіп, ырғалып маған қарай келе жатыр. Аман-сәлемін адамша алдым. Бірақ, жасаған ісі мен  қылығына төзе алмадым.

  • Жайна, мұның не? Өзіңнен бақандай отыз жас үлкен адаммен…
  • Махаббат жасқа қарамайды, құрбым!
  • Біреудің отбасын ойрандап, бақытқа кенелесің бе?
  • Гуля, тым болмаса сен жазғырмашы! Жұрттың бәрі онсыз да теріс айналып, ит терімді басыма қаптап  жатыр. Сен түсінуге тырысшы! Басқа амалым болмады, мен саған бәрін айтайыншы… менің бір ойым бар…
  • Ойың құрып кетсін, сенің! Бөлмеден оны-мұныңды ал да, қараңды

батыр! Осыдан былай мені құрбым деме! Сенімен енді, сөйлеспеймін де.

Жайнагүл үнсіз ғана көз жасын сығып, заттарын жинастырып алды да кетіп қалды. Қанша жерден тағдырға телісек те, дәл мұндай сорақылықты ақтаудың еш жөні жоқ еді. Бұл оқиға тек мені ғана емес, сол жылы университетте оқыған талай жастар үшін сүйекке таңба болған еді. Бізді қойшы, оқу бітірген соң жан-жаққа тарап кеттік. Тарадық дегенде, мен ешқайда кеткен жоқпын ғой, кафедрада қалдым. Оны өзің де білесің.

Ректор ештеңе болмағандай жиналыстарын өткізіп, оқу орнын басқарып жүріп жатты. Оқу орны басшының өзінен үш мүшелге таяу жас кіші шәкіртімен көңіл жарастырып, әйел, бала-шағасынан безуін ар-ұят тұрғысынан қанша рет айыптасақ та, заңға қайшы іс емес көрінеді. Сондықтан, жұрт неше жерден сөге жамандаса да оның лауазымына келіп-кетер ештеңе де болмады. Моралдық азғындықты май шаммен қарайтын баяғыдай компартия жоқ, әркімнің жеке шаруасы делінетін заман болды ғой.

Мен ол кезде қатардағы оқытушымын. Ректормен бетпе бет кездесудің қажеттілігі де бола қоймайтын. Жайнагүл бірнеше рет телефон соғып, кездескісі келді, шайға шақырды, қонақ етпек те болды, аттап баспадым. Ат құйрығын кесістік дегенді айттым. Бәлкім, менен өзге біреу болса, ондай мүмкіндікті пайдаланып та бағар ма еді. Менде ондай пиғыл болмады. Тіпті, олай ойлаудың өзі жиіркенішті секілді көрінді.

Сөйтіп жүргенде, яғни, сен екеуіміз қосылардан бір жыл бұрын ғой деймін, Жайнагүл құрбымның хикаясы жұртты тағы да дүр сілкіндірді. Оның жайын жақсы білетін бір құрбымыз кезекті бір отырыста бәрімізге түгін қалдырмай жайып салған еді.

Негізі, Ниетқабыл ағайды Жайнагүлдің өзі айналдырған көрінеді. «Буыршын көзін сүзбесе, бұқа бас жібін үзбейді» деп халық бекер айтпаған ғой. Бір-екі рет қабылдауына барып, ыңғай танытып байқаған. Сосын, бір реті келгенде, «беттің арын белбеуге түйіп» тұрып махаббат жариялап, қазіргі жастардың сөзімен айтқанда, сындырған ғой, Ниетқабыл ағай бастапқыда сеніңкіремеген бе, онша қатты жақындата қоймағанға ұқсайды. Дегенмен, Жайнагүл де осал сайтан емес, «қырық айласы бар» пәле қыз емес пе. Қылымсып жүріп, ақыры дегеніне жеткен ғой. Мейманханалар мен демалыс орындарының люкс бөлмелерін түгендеп біткен соң тұрмыс құрамыз, қосылайық деп қиғылық салса керек.

Жасы ұлғайған, қарт адам бола тұра қалай оның шырмауына түсіп қалғанын кім білсін, ағайымыз Жайнагүл не айтса, бәрін қалт еткізбей орындап отырған. Екеуі заңды некеге тұрмаса да, Ниетқабыл ағайдың оған өлердей сенгені соншалық, бар жылжитын, жылжымайтын мүлкін түгел соның атына тіркеп бере салған.  Зәулім үй де, тіпті, қыл аяғы банктегі депозитті де Жайнагүл ебін тауып түгелдей өзіне жаздырып алған.

Онымен қоймай университеттің қаржысына да қол салдырған. Там-тұмдап одан да ішкен-жеген тұстары болған көрінеді. Оны қойшы, бәрінен қиыны мына оқиға болыпты.

Ниетқабыл ағай шетелде өткен бір симпозиумнен елге оралады. Негізі, ол жақта әлі де үш күн болуға тиіс екен. Бірақ, министрліктен шұғыл шақыртқан соң мерзімінен бұрын қайтуына тура келеді. Таңғы сағат төртте әуежайдан жүргізушісі күтіп алып үйіне жеткізеді. Қанен-қаперсіз үйіне кіреді. Жас жұбайына тосын сый жасайын деп ойлаған ағамыз асықпай душқа кіріп, жуынып-шайынып алған соң жатын бөлмесіне кірсе, төсекте Жайнагүлмен құшақтасып бір жігіт терең ұйқыға батып жатыр екен дейді.

Айғайға басып, оятса керек. Ал, ана екеуі еш саспайтын көрінеді.

  • Жайнагүл-ау, мұның не?
  • Не болушы еді, көріп тұрсың ғой.
  • Бұл кім деп сенен сұрап тұрмын.
  • Айғайламасайшы! Бұл менің күйеуім Шайжан.
  • Сен не айтып тұрсың?
  • Менен күйеуің бар ма, деп бұрын неге сұрамағансың?
  • О, Алла! Сен жындысың ба, әлде, мен бе?
  • Кімнің жынды, кімнің сау екеніне дауласпай-ақ қояйық!

Әлгі Шайжаны орнынан баяу ғана тұрды да, асықпай барып, тартпадан құжаттарын суырып әкеліп, Ниетқабылдың көзіне тақайды да:

  • Ей, шал! Шық менің үйімнен! Неге таң атпай мазамызды алып тұрсың?
  • Сен…сен… менің үйі…
  • Болды, шал! Ештеңе айтпай-ақ қой! Бәрі заңды. Қатын да үй де, мүлік те бәрі менікі. Сен ғана мұнда бөтенсің. Менің заңды әйеліммен біраз уақыт көңіл көтергенің үшін қазір осында сені қан-жоса етіп тепкілеп қуып шығуыма болар еді. Жасыңның үлкендігін, шашыңның буырылдығын сыйлап тұрмын. Ондай иттікке бармай-ақ қояйын. Енді жай ғана үн-түнсіз  кетіп қалмасаң, өте жаман болады. Тек шу шығарма! Менің мінезім жаман. Жыным келмей тұрғанда тез зыт! – дейді де, әлгі Шайжан дегені түк болмағандай душқа кіріп кетеді.
  • Осылай боп қалды, шалым! Мені кешірмейтініңді білемін. Бірақ, ешқайда шағымдана алмайсың! Бәрін заңдастырып алғанымды білесің. Енді, біздің жолымызда кесе көлделең тұрма! Тұра да алмайсың. Бар да өз жөніңді тап! – деп, Жайнагүл оны өз үйінен көшеге қуып шыққан.

Әрине, ол ректор басымен сол сәтте көше кезіп, тентіреп кетпейді ғой. Дереу өз оқу орнына қарасты шипажайдың люкс бөлмесіне орналасады да, министрлікке тартады.

Ол жерде де оны күтіп тұрған жағымды жаңалық шамалы болған. Таяуда ғана өткен қаржылық тексерістің есебі бойынша ректордің бірқатар олқылықтарға жол бергені әшкере болған. Соған байланысты прокуратура арнайы мәлімдеме жолдағанын айта келе министр ол кісіні қазірден бастап қызметінен босайтынын, дереу оқу орнының ғылыми кеңесін жинайтынын сол жерде жаңа ректордің таныстырылатынын  хабарлаған.

Жиналыс ұзаққа созылмады. Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы деп жарияланғаннан кейін оған бәріміз де қатысқан едік. Ниетқабыл ағайдың түрі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен, қабағы түксиіп отырғаны әлі есімде. Министр қысқаша сөз сөйлеп, жаңа басшыны таныстырды, Ниетқабыл ағайға көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп және өзі қаласа, базалық мамандығы бойынша кафедрада профессор болып қала алатындығын айтты. Бірлі-екілі қарт академиктер бұрынғы ректордің ерен еңбегінің бағалануын, оған лайықты қызмет ұсынылуын өтінді. Бірақ, министр тарапынан «ол жағы ескіріледі» деген енжарлау шығарып салма жауап қана берілді.

Сол жиналыстан кейін Ниетқали ағайды  көрмедім, көп жылдан кейін бүгін ғана міне, базарда кездестірдім. Даусы ғана өзгермегендіктен ғана таныдым, ал, ана сиқын көрген адам оның бұрын ірі ғалым, университет ректоры болды дегенге  еш сенбес еді.

  • Сонда ол мәнсаптан кете сала қаңғыбас боп шыға келді ме?
  • Жоға, сол күні кешке ол кісіні арнайы орган қызметкерлері келіп, шипажайдағы бөлмесінен тұтқындап әкеткен көрінеді. Бірер айдан кейін сот болып, бес жылға жаза арқалап, абақтыға жабылды деп естігенбіз. Одан бері де оншақты жыл өтті ғой. Босап шыққан тірлігі бағанағы біз көрген жай болса керек.
  • Ал, әлгі құрбың мен оның намыстан жұрдай күйеуі ше?
  • Олар қазір шетелде тұрады деп естігенмін. Біреуді сорлатып, мол олжаға кенелгендердің қалай жолдары болып кететінін түсінбеймін. Несі болса да, арсыздықпен дегендеріне жетті ғой.

Әңгіме осы жерге келгенде ерлі-зайыпты екеуі туған ауылының шетіне келіп  те қойған еді.

 

2017.