Джон Кехо: «Өмірді қалай өзгертуге болады?»

0
2 686 рет оқылды

14 бөлім (Жалғасы. Алдыңғы жазбаға өту)

Барлық өнер түрінде шеберлік школярдың жұмысындағыдан артық емес. Ең ұлы өнер – біздің өміріміз.

                                                                                                            М.К.Ричардс

Шығармашылық икемділік туралы сөз болғанда, ойымызға жазушылар, суретшілер, ақындар, әншілер келеді. Бұл өнерде өздерін көрсеткен тұлғалар. Бірақ, шығармашылық икемділік осымен шектелмейді. Жұмысты сәтті жүргізу де, балаларды тәрбиелеудегі жаңа әдіс те, қызықты әрі көңілді өмір сүру де шығармашылық икемділікті талап етеді, ал кей кездері үлкен қиялды қажет етеді. Адамға барлық өмір саласында: адамдармен қарым-қатынаста, отбасында, бизнесте, жұмыста немесе қоғамда болсын шабыт пен қиял қажет. Адамдар табысқа жеткен соң, өздерінің шығармашылық икемділіктерімен, жаңа бірдеңені ойлап табу қабілеттіліктерімен және оны жүзеге асырып, барлығына қарсы шыға алады.

Ал сізде шығармашылық икемділік бар ма? Осы сұрақтың жауабы сіздің өміріңіздің көптеген аспектілерін анықтайды. Сіз өзіңізді қалай көресіз, өз түйсіктеріңізге сенесіз бе, проблемаларды қалай шешесіз, идеяға және оны шешуге деген сіздің қарым-қатынасыңыз – бұның бәрі осы сұраққа жауап беруіңізге байланысты. Маған түсіндіруге рұқсат беріңіз. Бірнеше жыл бұрын үлкен корпорация жасаған зерттеу жұмыстарына мен есеп жасадым. Бұл жұмыс компания инженерлерінің шығармашылық икемділігінің жоқтығымен байланысты болды. Осы проблеманы шешу үшін психологтар тобы шақырылды; олардың мақсаты шығармашыл адамдар мен шығармашылығы жоқ адамдар арасындағы айырмашылықты айқындау еді. Әкімшлік психологтардан алынған ақпараттар негізінде шығармашылығы дамымаған адамдармен жұмыс жасап, оларды ынталандыруға тырысамыз деп үміттенді. Психологтар шығармашыл адамдардың айырмашылығын анықтау үшін бірнеше тестілер өткізді. Сиқырлы ингредиент бар ма, егер бар болса, ол не екен? Олар бірнеше сұрақтар қойды: білімі, біліктілігі, тәрбиесі, хобби, сүйікті тағамдары мен түстері, қызығушылықтары мен ұнатпайтын заттары туралы. Ғалымдар көзқарастарды, ойлау образдарын, шешілмес сұрақты іздестірді. Психологтар бірнеше айлар бойы жұмыс жасап, жүздеген мың доллар ақша жұмсап, екі топ арасындағы айырмашылықты тапты: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИКЕМДІЛІГІ БАР АДАМДАР ӨЗДЕРІН ШЫҒАРМАШЫЛ ТҰЛҒАЛАР РЕТІНДЕ САНАЙДЫ, АЛ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИКЕМДІЛІГІ ЖОҚ АДАМДАР ӨЗДЕРІН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИКЕМДІЛІГІ ЖОҚ ДЕП САНАЙДЫ. Бұл анықтама біздің кім екенімізді және қалай өмір сүретінімізді толықтай түсіндіреді.

Ешқашан жаңа және бейтаныс жолдарды зерттемеген, өздерін шығармашылық икемділігі жоқ деп санайтын инженерлермен не болды? Не себепті адамның бірдеңе ойлап шығара алмау қабілетсіздігі жүйке жүйесіне тиеді? Олар өзгерістерге қабілеттіліктерінің жоқ екенін ғана түсінді. Бір жағынан, өздерінде шығармашылық икемділік бар деп есептеген адамдар тиісінше жұмыс жасады. Олар тұрақты түрде жаңа әдістерді, идея, шешімдерді пайдаланды. Бұл олардың өздеріне деген сенімдерін арттырып, жасампаздық қабілеттеріне әсер етті.

Демек, сіз сұрақтың маңыздылығын көріп тұрсыз ба: «Сіз шығармашылық икемділігі бар адамсыз ба?»; сіздің кез келген жауабыңыз шешуші болады. Егер де сіз «Ия» деп жауап берсеңіз, онда сізді құттықтаймын. Ал, осы бөлімді оқыған соң, сіз өзіңіздің шығармашылық жақтарыңызды одан әрі дамытасыз. «Жоқ» деп жауап қатсаңыз, онда көңіліңізді түсірмеңіз. Қазір сіздің не ойлайтыныңыз маңызды емес: сізде жасампаздық қабілетіңіз бар, оны дамыту ғана қажет. Бірнеше қарапайым әдістерді қолдану арқылы, сіз бойыңызда жасампаздық  бастаманы ашасыз. Бұл арманыңызды жүзеге асыруға көмектеседі. Уақыт өте келе сіз тек  шығармашылық икемділікке ие болып қана қоймайсыз, сонымен қатар, өмірдегі осы әдістің құндылығын түсінесіз.

Біз, бәріміз табиғат берген шығармашылық әлеуетке иеміз. Бұл адамның ажырамас бөлшегі. Өкінішке орай, кейбір адамдарды балалық шақтарында олардың шығармашылық икемділігі жоқ деп сендірген, нәтижесінде шығармашылық бастама басылып тасталған. Қуанышымызға орай, оны жандандыруға болады.

 

Өмірді жақсарту үшін алты шығармашылық стратегия

 

  1. Зерттеуші болыңыз. Бұл жаңа ойларға жол ашатын әдістердің бірі. Біртума идеяларды іздеудің ерекше жолы. Зерттеуші, әрдайым, қарапайым міндеттерді жаңа, зерттелмеген жолдармен шешкісі келеді. Ол ашылмаған әлем, нұсқалар, қызметтер, достар, әдістер, идеялар ашылуларын күтетініне сенеді. Өнердегі, бизнестегі, білім және ғылым саласындағы маңызды табыстар зерттелмеген салалардан туындаған. Алғашқы жол салушылар кеңінен танымал болмай қалатындарынан қорықпайды. Табыс пен бақыт өзгелерге ұқсас болуда емес, өз жолыңды жасауда. Мұндай адамдар әрдайым алда және абайшыл болады.
  2. Сұрақтар қойыңыз. Ағылшын тіліндегі question (сұрау, сұрақ) сөзі латын тіліндегі quarerere (іздеу) сөзінен шыққан және quest (іздеп табу) сөзі сияқты бір түбірге ие. Шығармашылық пен өмір кешу – үзіліссіз ізденісте болу дегенді білдіреді. Адамның дамуын міндетті түрде құраушылар: сұрақтарға жауап табу, білімге ұмтылу. Ештеңені сенім ретінде қабылдамаңыз. «Аңқау болыңыз, сұрақтар қойыңыз», – деді танымал инженер Бакминстер Фуллер. Орынсыз сұрақтар болмайды. Қойылмаған сұрақтар орынсыз болып саналады. Демек, кез келген сұрақ қойыңыз:

Маған мұндай өмір керек пе?

Не себепті мен осы жұмысты жасаймын?

Не себепті мен өзімді шектеймін?

Мен нені өзгертуім керек?

Не себепті күнде таңғы асқа кофе ішемін?

Не себепті жаттығу жасамаймын?

Қалай көп уақытымды отбасыммен өткізуіме болады?

Не себепті мен бір ғана ресторанға барамын?

Мен қай қабілеттеріме мән бермедім?

Қандай дағдыны қабылдап, дамытсам, ол менің өмірімді түбегейлі өзгертуге көмектеседі?

Осы адамға, клиентке, компанияға ұсыныс жасасаң, не болады екен?

Егер де ассортиментті екі есе қысқартсақ/ үлкейтсек не болады?

Мен теледидар қарауды қойсам не болады?

Үйімізді сатып, Мексикада тұруға кетіп қалсақ не болады?

Менің бір досым бар, ол осылай жасаған болатын. Ол өзіне соңғы сұрақты қойып, өзінің жауабы оған ұнады. Ол үйленген, екі баласы бар болатын. Оның карьерасы жоғарылауға тиіс еді, бірақ олар әйелі екеуі үйлерін сатып, Мексикаға көшіп кетті. Олардың ата-аналары мен достары оларды естерінен ауысқан деп есептеді және оларды екі баласына қатысты жауапкершілігі жеткіліксіз деп санады. Бірақ бұл оларды тоқтатпады. Олар қоғамдық эстетке толы, қызықты мексикалық ауылды тауып алып, сонда көшіп кетті. Ол роман жазды, әйелі керамикамен айналысып, ал екі баласы жаңа өмір салтына үйреніп алды. Мексикада төрт жыл өмір сүріп, қайта елге оралды. Оның романы бестселлер болмаса да, ол өзіне жақын жұмыспен, яғни баспагерлік жұмыспен айналысты. Ол бұрынғы жасаған қызметіне қарағанда өзін бақытты сезінді. «Бұл менің өмірімдегі ең батыл және ең күшті көшуім болды» деп айтты ол.

Сұрағыңыз бен жауабыңыз қаншалықты мағынасыз болса да, өзіңізге қазымырлық танытпаңыз. Бұл күтпеген зеректік қасиетіңіздің ашылуына себеп болады. Егер де сіз өміріңіздің барлық саласына қатысты өзіңізге әділ, тура және дұрыс сұрақтарды қойсаңыз, мүмкін кейбір сұрақтар мұқият зерттеуге тұрарлық салалар мен болжамдарды анықтайтын шығар. Бұған дейін басылып тасталған қажеттіліктер мен армандарды ашарсыз. Біз бәріміз дағдының құлымыз:  бұрындары бізге жақсы қызмет көрсеткен тәртіпке бой алдырамыз, бірақ қазіргі сәтте ол күнделікті өмірді тежеп, оған бағынуды қажет етеді.

Біздің өміріміз өзімізге қандай жиілікте сұрақтар қойғанымызға және өзіміздің көзқарастарымызды, істерімізді, рухани құндылықтарымызды, мақсаттарымызды, өмірлік образдарымызды тексергенге тікелей байланысты. Бұндай сұрақтар шығармашылық өмірде шешуші рөлді атқарады. Егер де біз жарқын болашақты қаласақ, онда өзімізге қырағылықпен қарап сұрақтар қойып, олардың жауаптарына мұқият болғанымыз жөн. Бұл есепсіз мүмкіндіктерге жол ашады.

  1. Бірнеше идеяларды тудырыңыз. «Жақсы идея ойлап табу үшін бірнеше идея ойлау қажет», – дейді химия бойынша Нобель сыйлығыың лауреаты Лайнус Паулинг. Егер де сізде тек қана бір ой болса, бір ғана шешім және бір ғана жұмыс бағыты болады. Ал, бұл, икемділік пен бейімділікті қажет ететін өмірде қауіпті болып саналады.

«Бір жауап, бір шешім» деген әдіс біздің санамызда мықты орнығып қалған. Көп жағдайда, шешімдер мен жауап іздеу барысында, біз ойымызға келген бірінші ойға басымдық береміз. Миыңызды жаттықтырыңыз және бірнеше шешімдерді іздеңіз. Өзіңіздің шығармашылық бастамаңызға және қиялыңызға кеңдік беріңіз. Өзіңізге айтыңыз: «Ия, бұл жақсы, бірақ мүмкін, бұдан да жақсы жауап бар шығар». Екінші, үшінші, төртінші нұсқаларды іздестіру сіздің шығармашылық белсенділігіңізді ынталандырады. Шындығында, біз үйренбеген екінші немесе үшінші жауаптар сіздің ойларыңызға сай келеді.

Гай Боучард Монреалдағы жарнама агенттігін басқарады. Ол өздерінің клиенттеріне қатысты жаңа идеяларға көп мән береді. Гай карьерасына әсер еткен белгілі бір ережені ұстанады. «Мен өзімді әр компанияның кем дегенде үш қағидасын ойлап табуға мәжбүрлеймін. Содан соң, ең тиімдісін таңдаймын. Шындығында, көп жағдайда, бұл ережені бұзғым келеді, – дейді ол. – Кей кездері бірінші ой ең дұрысы болады. Бірақ, мен «ойлау шляпасын» киіп, бірінші идеяны пайдаланатынымды білсем де, жаңа идеяларды іздеуге кірісемін. Кейде бірінші идеяны пайдаланамын, бірақ көп жағдайда, екінші немесе үшінші идеяны таңдауға тырысамын».

Әрдайым, «сізге бір ғана ой жеткілікті» деген ережені ұстансаңыз, онда есіңізге салуды ұмытпаңыз – бұл шығармашылық әдіс емес. Өмір сансыз нұсқалар мен баламаларға толы. Санаңызды ашып, нұсқаларды іздестіріңіз. Қосымша мүмкіндіктер мен шешімдерді табуға тырысыңыз.

  1. Ережені бұзып, дағдыны өзгертіңіз. Шығармашылық әдіс дегеніміз, көп жағдайда, ескі стереотиптерді бұзып, жаңасын жасау дегенді білдіреді. Барлық заттар қалыптасқан қағида бойынша жасалуы керек дегенде еш мақтаныш жоқ. Кейде ережені бұзу – өмірдегі революцияның бастамасы және бізді салғырт қылатын ескі дағдылар мен шаблондарды өшіру. Бұл өзіңізді жетілдіру жолындағы ең дұрыс шешім.

Хоккей саласында Скотти Боумен жаңашыл жаттықтырушы ретінде кеңінен танымал. Ол өзінің ойыншыларынан қалай жақсы нәтиже алуды біледі. Скотти 1996 жылы жыл жаттықтырушысы атағына ие болды, себебі оның командасы «Детрот ред уингс» ҰХЛ-дың ескі рекордын басып озып, маусым ішінде ұдайы жеңіске жетіп отырды. Сонымен қатар, кәсіби хоккей жаттықтырушыларының ішінде оның сыйлықтары ең көп, және 1997 жылы оның жеткен жеңісі 1000-нан асып түсті. Егерде команда сәтті ойнамаса, онда Скотти оларға серпін беріп, бұрындары бір-бірімен ойнамаған хоккейшілерді араластырып жібереді. Бұл ойыншыларды өздерінің орындарында қалдыру тәртібіне қарама-қайшы келеді. Сондықтан да, олар бірін-бірі жақсы білмейді және әрқайсының жүріс-тұрысын анықтай алмайды.

Нәтижеге жету мақсатында Скотти дәстүрлі емес комбинацияларды пайдаланудан қорықпайды.

Мен Нью-Йоркте шығарылатын дайын киім өндірісінің басшысының қызық әдісін зерттеп көрдім. «Мен өзімнің батпаққа батып тұрғанымды сезсем, ұйықтау тәртібін өзгертемін, – дейді ол. Сағат он бірде жатып, таңғы жетіде тұрудың орнына мен кешкі тоғызда ұйқыға жатып, таңғы төртте тұрамын. Бұл өзгеріс жаңа идеялардың пайда болуын ынталандырады және жұмыс жасау қабілетін жақсартады».

Кейін мен осы әдісті жасап көрдім. Үш ай көлемінде күн тәртібін өзгертіп, бір тәулікте ұйқыға жататын екі түрлі уақытым болды. Мен таңғы 4-те тұрып, түске дейін жұмыс жасадым. Күндізгі 14.00-де ұйқыға жатып, 18.00-де тұрдым. Бұдан соң түн ортасына дейін жұмыс жасап, ұйқыға жататын болдым. Бұл менің өнімділігімді арттырды, сонымен қатар, менде екі «таңғы» уақыт пайда болды. Мен бұл уақытта өзімді жақсы сезінемін. Сонымен қатар, мен одан да көп түс көрдім, және оларды есімде сақтадым.

Егерде сіз нәтижеге қол жеткізе алмасаңыз, онда кейбір тәртіпті өзгерткен жөн. Қандай дағды мен стереотипті өзгерте аласыз? Қалай серпілуге болады? Өміріңіздің қай саласында сізге революция керек? Бастаманы өз қолыңызға алған жөн. Бәрін араластырып жіберуге қорықпаңыз. Әуесқойлық басылған соң, бастамаңыздың пайдасын көресіз.

  1. Қиялыңызды жұмыс жасатыңыз. Біздің қиялымыз шынайы өмірге жанаспайды. Ол шексіз. Нені ойлап тапсаңыз да, оны жүзеге асыра аласыз. Біздің шығармашылық қиялымыз түрлі нұсқалар мен сцеранийлерді зерттеуге көмектеседі. Осы қабілетті пайдалана отырып, біз өмірді өзгертіп, дұрыстай аламыз.

Жаңашыл идеяларды әзірлеу мақсатында қарапайым екі мысал:

  • Бұны өзгелер қалай жасар еді? Елестетіңіз. Сіз адамдардағы қандай қасиетті қадірлейсіз? Шығармашылық жетістіктері, батылдығы немесе көрегендігі үшін кімді сыйлайсыз? Үлгі тұтқан адам рөліне өзіңізді қойып көріңіз. Бұл тірі немесе дүние салған, таныс немесе бейтаныс адам да болуы мүмкін. Енді оны өз орныңызға қойып көріңіз. Бұл тұлға сіздің проблемаларыңызға немесе міндеттеріңізге тап болды. Оны өз бойыңызда көріп, проблеманы қарастырыңыз. Ол не істер еді? Бұл адам (мысалы, Джон Ф. Кеннеди, Нельсон Мандела, Джон Леннон, Тереза ана) қандай іс-әрекеттерге барады? Олар қандай болжамдарды пайдаланып, қайсысын шегеріп тастар еді? Осы жағдайда қандай қулыққа барар еді? Қандай біліктілік пен білімді пайдаланар еді? Қандай революциялық өзгерістер жасар еді? Бұл процесс алдамшы шектеуліктерден арылу мақсатында және өзіміз білмеген мүмкіндіктерді ашу жолында өте маңызды.
  • Бұл адам сізбен кеңесіп, сізге ақыл-кеңес беріп жатқанын елестетіңіз. Бұл әдіс Боб Вудвор Хиллари Клинтонның бұрынғы бірінші ханым Элеонора Рузвельтпен әңгімелескені туралы айтып берген соң, 1996 жылы кеңінен танымал болды. Ол мұны Кэмп-Дэвидте демалысы кезінде кеңінен танымал жазушы және ғалым Джин Хьюстоннан үйренген еді. Бұл қарапайым әдіс: сіз үшін ойлары және кеңестері маңызды адамдармен қиялыңызда «шынайы» диалог жүргізу.

Джин Хьюстон жетекші тележүргізуші Ларри Кингті өзінің мұғалімімен, кейін тележұлдыз Артур Годфримен қияли әңгіме жүргізуге серпін берді. Бұл іс-шара осы әдістің қарапайымдылығы мен тиімділігін көрсету мақсатында Ларри Кингтің шоуында, миллиондаған көрермендер алдында жасалды. Корпорация әкімшілігі мен профессионал спортшылар өздерінің ішкі дауысы мен шабыттарын нығайту үшін осы әдісті қолданады. Бұл жұмыс істей ме? Наполеон Хилл не айтатынын тыңдап көрейік.

Хилл «Ойлан, әрі ауқатты бол» кітабының авторы. Ол «көзге көрінбейтін кеңесшілермен» қияли әңгіме жүргізген. Ол өмірі мен қызметтері өзіне әсер еткен тоғыз адамды таңдады, мысалы, Авраам Линкольн, Эндрю Карнеги, Генри Форд. Ұйықтар алдында, көзін жұмып, өзі осы адамдармен бір стол басында отырғанын елестетті. Бұндай қияли кездесулерде Хилл пассивті мүше болған жоқ. «Мен ұлы адамдар арасында отыру мүмкіндігіне ие ғана емеспін, мен төраға рөлін орындап, оларға билік еттім», – дейді ол.

Хилл бұл оның қиялында болып жатқанын атап өтсе де, шындығында да, ол осы адамдармен әңгімеге, әңгіме барысында пайда болған ойларға сенді. Олар шынайы болып, оны жаңа «саяхат пен байлықтың жаңа жолы» деңгейге шығарды. Осы жүйені пайдаланып, ол клиенттермен проблеманы оңтайлы шешіп, әл-ауқатқа қол жеткізді.

  1. Құдықты толтырыңыз. Бұл дегеніңіз: сіз өзіңізді күтіп, өз күшіңізге сенуді үйреніп, саналы түрде ресурстарды қайта жаңғыртуыңыз керек. XXI ғасыр адамы жұмыс пен демалысты тиімді түрде тепе-теңдікте ұстау керек. Будда даналығы: «Егер де садақты ұдайы кере берсеңіз, ол сынып қалады». Денсаулығыңызға немқұрайлы қарау қауіпті болып саналады. Шығармашылық икемділігіңізді мойындасаңыз, «ішкі музаңызды» ынталандыру қабілеті келеді.

Әлемде табысқа жеткен көптеген адамдар ойлау мен қайта бағалау уақытынан кейін үлкен жаңалықтар жасағанын мойындайды. Бұл қиын емес, себебі ештеңе жасамау уақыты сіздің шығармашылық түйсігіңізге (шығармашылық ақыл) алға ұмтылуға себеп болады. Ештеңе жасамаған уақытта ең жақсы ойлар келеді.

Құдықты толтыру – бұл қалыпты ойлау емес, көңілді ойлау. Ерекше, бірегей, ынталандырушы бір нәрсе жасаңыз. Күнделікті өмірден арылып, өзіңізге сыйлық жасаңыз. Жаңа қызметпен немесе хоббимен айналысыңыз: бұл шаңғы тебу, сурет салу, шыны жасау, жоспарлау, су полосы, бау-бақшамен айналысыңыз. Немен айналыссаңыз да бәрібір, тек қана сізге пайда тигізіп, қайнар көзді толтырса болды.

Қалыптасқан ұсақ-тиек пен тыйымдарға қарағанда, ынталандырылған және қобалжыған сана жаңа идеяларды қабылдағыш келеді. Ал егер де осындай уақыт өткізуден өзіңізді кінәлі сезінсеңіз, сіз құдықты толтырып жатқаныңызды еске түсіріңіз.

Жеке ренессанс уақыты

Он алтыншы ғасырдың бірінші жартысынан бастап Еуропада зияткерлік және көркемсурет кезеңінің қайта жаңғыруы басталды. Қараңғы Орта ғасыр уақытынан кейін Еуропа елдерінің шығармашылық қозғалысының көтерілісі Алтын ғасыр, Ренессанс деген атауға ие болды. Бұл Леонардо да Винчи, Микеланджело және Рафаэль кезеңі болды. Жаңа ғана Христофор Колумб Американы ашты. Васко да Гама Үндістанға кетті, Кортес Оңтүстік Америкаға кетті. Адамдардың көзқарастары мен танымдары кеңейді.

Ғылымның қайта жаңаруы басталды. Коперник Жердің Күнді айнала қозғалатынын ашты. Жазу станогы ойлап табылды. Бұл зияткерлік жетістік пен әртістік энергияның уақыты болды. Осындай жаңа ойлардың және жаңа мәдениеттің келуі адамдардың санасын ашты.

XXI ғасырға аяқ басу арқылы, сіз өзіңіздің Ренессансыңызды бастауға құқығыңыз бар. Бұған дейін адам баласының тарихында тұлға осындай түрлі идеяларға, нұсқаларға және өзгерістерге тап болған жоқ. Ескі жолдар жаңалықтарға жол ашады. Олар тура мағынада сіздің өмір сүру салтыңызды өзгертеді. Көп жағдайда осындай болашақ басты айналдырып, еңсеңізді басып тастайды. Бірақ бұлай болмауы керек. Біздің түйсігіміз сәтті түрде жаңа шынайы өмірді ашады және ашылған жаңалықтар туралы хабарлайды.

Шығармашылық икемділік – бұл сәтті өмір сүру үшін қажетті біліктілік.

Қуанышымызға орай, бұл қабілеттілік дами алады, себебі ол бізге туғанымыздан берілген. Оянған шығармашылық рух қарапайым ішкі дауысқа қарағанда әлдеқайда пайдалы. Бұл күнделікті туындайтын проблемаларды тұрақты және үзіліссіз түрде бірегей, жаңашыл жолдармен шешу, күнделікті тіршілік пен шектеулерден аулақ болу, әрдайым біздің өмірімізде өмір сүретін шабытты қолдану, қалыпты емес ойларға бой алдыру.

Сіздің жеке Ренессансыңыз сізді күтіп тұр.

Ішкі шығармашылық рухын ашыңыз. Ол сіздің өміріңізді қызықты саяхатқа айналдырады.

Дереккөз: Кітапты орыс тіліндегі «Подсознание может все» деген нұсқасынан қазақ тіліне аударған Мырзагелді КЕМЕЛ.

«Алауинформ»