Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН: «Сертімді саған табыс етейін «

0
1 238 рет оқылды
4 3-4

Кешір Қас

( Туған жерімде Қас деген өзен бар )

Әуеде құспен жарысқан әнім,

Әбестік болды алыстағаным.

Кешір Қас,мені жетелеп арман,

Толқыныңмен ағып барамын.

Су алған анам жағаңнан сенің,

Тамшыңнан мөлдір жаралғам сенің.

Сағыныш дейтін өлең жаздырды,

Әз көркің кетпей санамнан менің.

Қүшағы құтты нар туған елім,

Алақанында аршындап едім.

Еділіменен қоштасып кеткен,

Бұл  ғасырдағы  Қазтуған едім.

Көңілдің емін табатын шығарсың,

Тентегің саған наласын шығарсын.

Сертімді саған табыс етейін,

Балқашқа ағып баратын шығарсың?

 

Ақ сәлем  

Артымызда шамалы алыс жол қалды,

Раушан кеш әлі есіңде барма әлгі?

Сенің адал жүрегіңнен аумайтын,

Алматыға аппақ-аппақ қар жауды.

 

Қыс сезіммен тітіркеніп түйсіктер,

Нанбасаң, сен анау талды сілкіп көр.

Таңғы сәтте сыр айтады шешіліп,

Сенің күміс сырғаң сынды бүршіктер.

 

Сарғаюда алда бізді тосып күз,

Мың арманның жалғызына жетіппіз.

Былтырғы қыс ерте түскен еді ғой,

Былтырғы біз мүлде есейіп кетіппіз.

 

Аппақ мәрмәр, ақ ұшқындар, армандар,

Ақ үмітке жерік еткен ақ жолдар.

Ақ сәлемді жеткізіңдер мен жақтан,

Ана Алатау баурайында қарғам бар.

 

Ақ адамдар бірі таныс, бірі жат,

Ақ өмірдің осы ме әлде сыйы нақ ?

Жеткізуге саған жазған хатымды,

Ақ көліктер бара жатыр зымырап.

 

Өмір содан нендей сырын ұқтырды,

Түнеу күні түсіме аппақ құс кірді.

Менен жеткен сағыныштың лебі де,

Ақ шарфыңа қонған аппақ ұшқынды.

 

Артымызда шамалы алыс жол қалды,

Раушан кеш әлі есіңде бар ма әлгі?

Сенің адал жүрегіңнен аумайтын,

Алматыға аппақ –аппақ қар жауды

 

Бұлттар көшіп бара жатыр . . .

Сарбаздардай сап түзеген ұрысқа,

Бұлттар көшіп бара жатыр шығысқа.

Беу бұлттар, Алатаудың бауырында,

Бір ақынның жүргендігін ұмытпа.

Бұлттар көшіп бара жатыр, құт білем,

Айналаға қаулайды енді сүттіген.

Ақша бұлттар, сәлемімді жеткізгін,

Өтер болсаң, біздің ауыл үстінен.

 

Ақша бұлттар, әппақ қанат құстарым,

Керуеніңнен кербез сырды ұққамын.

Баяу ғана қалқып өтші қасынан,

Өредегі анам жайған сықпаның.

Әжем құяр сары қымыздың сарқынын,

Таңдайыңа тамыза кел жарқыным.

Және тағы жанарыңа жаза кел,

Әкем мінер күміс ердің жарқылын.

 

Сәлем айтқын ағайынға, туысқа,

Оралатын шығарсыңдар жуықта.

Менің жүрек сырларымды ұмытпа,

Көшіп бара жатқан бұлттар шығысқа.

***

Қараша қайтып барады,

Қараша қайтып барады.

Өмірдің сағым екенін,

Біздерге айтып барады.

Жыл құсын көрдім соңыра қайтқан,

Егіліп тұрды әніне аспан.

Суық күз сенің соқпағыңда,

Бағым адасқан.

 

Осынау ұзын қан көшені,

Пенделер ұнсыз сан кешеді.

Бесіннің мұңы жүрегін тырнап,

Беймаза тірлік әндетеді.

Қараша құстар ғазалын айтып,

Қараша өмір барады қайтып.