Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ: ««ПЕЙІШТЕН» БЕЗГЕН БЕЙБАҚ»(Әңгіме)

0
2 592 рет оқылды
  • -Сен әбден құтырайын деген екенсің. «Семіздікті қой ғана көтереді» дегеннің керін келтірдің. Менің дәулетімнің арқасында шалқып жүргенің ойда жоқ, тағы көзіме шөп салғың келеді. Шіркіннің көңілдесшілін қарай гөр! Алматыда қаңғып жүрген жеріңнен сені адам қылған мен едім ғой. Менің арқамда Астананың қақ төрінде пент-хауста тұрып, астыңа лексус мініп, әбден жаның тынышталған соң  жұрттың «Жәке, Жәке» дегенін көтере алмай есіріп, ақыры, менің ақшаммен жезөкшелерді жарылқағың келе ме? Көрер ем бәлем әуселеңді, ана Қадишаның байы құсап, екі-үш жерде жаныңды жеп, жүйкеңді тоздырып, өліп-талып жұмыс істеп, қаланың бір шетінен келесі  шетіне автобуспен, жаяу-жалпы  салпылдап ит боп жүрсең…
  • -Менен бұрынғы төрт бірдей байыңның алды-артына қарамай безіп кететін жөні бар екен. Әбден көзім жетті. Сендей топас қатынмен өтіп жатқан қайран өмірім. Енді, соңымнан тағы да сүмеңдеп келуші болма! Осы кеткенім кеткен. Мына пент-хаусың саған бай болатын болса, молаңда омалып, қаңтарылып отыр, ана қызыңбен бірге. Оны да маған үнемі қарсы қоясың. Мені әкесі екен демейді, тіпті. Сен алдымен Қадишадай болып ал, сенен қарағанда ол өз мамандығының шебері, елге танымал тұлға. Ипотекада жүрсе де, қаланың ескі бұрышында тұрса да, олар сен екеуімізден гөрі әлде қайда бақытты жандар. Сенімен салғыласамын деп жүйкемнен жүйке қалмайтын болды. Дүние-боққа масаттанған оңбаған иттің қатыны! Қит етсе өстіп шыға келесің! Ешкімге қырындамасам да, қанымды ішесің жала жауып!

Жамбыл киім-кешек, бірлі-жарым кітап-құралдарын арқалап лифтімен жертөлеге түсті де, паркингте тұрған көлігіне от алдырды. Түннің бір уағы өтсе де көшеде көлік ағыны айтарлықтай саябырси қоймаған. Осыдан бес-алты жыл бұрын  мұндай уақытта қала даңғылдары әжептәуір босап қалушы еді. Қазір күндізгідей иін тіресіп тұрмаса да көшеде көлік қозғалысы біршама баршылық екен.

Ызаға буылыққан көңілі әлі де байыз таппай отыр. Қазіргі әйелі Раушанмен ол осыдан он бес жылдай бұрын Алматыда танысып, жарты жылдан соң Астанаға келген.

Ол тұста Жамбылдың алғашқы әйелімен ажырасып, салт бас, сабау қамшы салпақтап жүрген кезі болатын. Шынын айтқанда, тұрақтайтын жері де болған жоқ. Бірде туыс-туғандарының үйін паналаса, келесі күні дос-жарандарының үйіне қона кетеді. Жұмыстан соң әлде бір досымен бас қосып, міндетті түрде бірлі-жарым шөлмекті босата отырып, әңгіме-дүкен құрады. Ақшасы молырақ болса, мейрамхана, дәмханаларда  көңіл көтереді. Түнделетіп бөтелкелес болған, бас қосқан достарының бірінің үйіне барып түней салады.

Кімнің үйіне түнесе де сол үйді билеп-төстеп отырған әрбір қатын  оны құдайы қонақ екен демейді, босаға аттай бере, құбыжық көргендей жирылып жақтырмайды. Күйеуін түн ауғанша қаңғытып, бірге ұрттап-жалап алып, үсті-басы  арақ-темекі  сасып, мас сүйретіліп келген шақырусыз мейманды кім құшақ жая қарсы алар дейсің. Оны Жамбылдың өзі де анық аңғаратындықтан бүгін қонған үйіне ертеңінде өлсе де қайта бармайды.

Сөйтіп жүргенде осы Раушанмен кездейсоқ танысқан болатын. Жалақы түскен күн еді. Оның сыртында қосымша атқарған бір ісі үшін қомақты ақша тағы тапқан. Жігіттерге хабарласып, біреулерді серік етпек болып еді, сәті түспеді. Бәрі аяқ астынан үй күшік бола қалыпты. Бірі қонақ күтетін, енді, бірі қонаққа баратын, тағы бірінің әйелі сырқаттанған секілді мың сылтаулары бар. Жалпы, соңғы кезде өзінен жұрттың іргесін аулақ сала бастағанын ол да аңғарып жүрген. Қашқақтағанның бәрін «қатынынан қорқатын әлсіз немелер» деп сөгіп, жағалай бір сыбап алып Медеу бойындағы мейрамханалардың біріне жалғыз келген.

Жайғасып отыра бергені сол еді, есіктен кірген жасы отызға жете қоймаған бір ұрғашыға көзі түсті. Ол да жалғыз екен. Жан-жағына қарап біраз тұрды да, оңашалау үстелге барып жайғасты. Бірден ас мәзіріне үңілгеніне қарағанда, ешкімді күтпегені айдан анық. Жамбыл орнынан тұрып қасына барды:

  • Кеш жарық, қарындас!
  • Сәлеметсіз бе?
  • Айыпқа бұйырмаңызшы! Егер біреуді күтпеген болсаңыз, танысып-білісіп  бірге отырсақ, қалай қарайсыз?

Ол Жамбылды басынан аяғына дейін шолып бір қарап шықты да:

  • Несі бар, сөйтсек сөйтейік.
  • Онда андағы оңаша кабинаға жайғасайық. Мен сізді қонақ етейін.
  • Сіздей жентельмен қиылып тұрса қалай бас тартайын – деп, батыл жауап қатқанына қарағанда оның кәрі қыз емес, есік көрген келіншек екендігі бірден аңғарылып тұрды. «Дәу де болса, жесір қатындардың бірі боларсың-ау» деп Жамбыл ойлап үлгерді.

Раушан біршама ашық жарқын жан болып шықты. Таныса келе ештеңесін жасырмады. Бір емес, төрт рет тұрмыста болғанын, күйеулерінің ешбірімен дәм-тұзы жараспағанын жайып салды. «Өмірде не болмайды, онда тұрған не бар» деп қойып, Жамбыл өзінің де жай-күйін баяндап шыққан. Негізі, екеуі өзара жақсы тіл табысып кеткендей болды.

Қарама қарсы отырып, тамақтанып алған соң ішімдікке кіріскен сәтте Жамбыл орнынан тұрып онымен қатарласа жайғасты. Екі беті алаулаған Раушан бүкіл денесімен оған жабысып, сүйене қалғанда ыстық жалын шарпығандай күйге еніп кетті. Бұған біршама батылданған Жамбыл оның қолын алақанына салып қысып, жүзіне барлай қарады. Ол да кет ары емес, жымиып күліп қояды.

Одан ары үміті оянған Жамбыл иығынан құшақтай алып, өзіне қарай тартты да, ерніне ернін жабыстырып, жайлап сорыңқырап қойып еді, «ым-ым» деп ыңырсып, денесі  босады да сылқ етіп түсе қалды. Раушан да өліп-өшіп, ернін жыбырлатып, тілін бұлтыңдап әкетіп барады. Айлар бойы әйел құшағы мен аймалауын көрмеген Жамбылдың да төзімі таусыла жаздады.

  • Раушан, шығып такси ұстайық!
  • Жарайды, кеттік!

Раушанның үйіне қалай жеткені есінде де жоқ. Бір қараса, екеуі оның жатын бөлмесінде жанталаса аймаласып, аһыласып-үһілесіп, ештеңеден қымсынбай ләззат сезімге рақаттана батып  жатқан еді.

Сол күннен бастап екеуі бірге тұра бастаған. Раушан Жамбылдан ойлағанда әлде қайда әл-ауқаты мықты болып шықты. Мемлекеттік қызметтегі білдей шенеунік әрі өзінің жеке үй-жайы да бар. Оның сыртында бұрынғы күйеулерінің бірінен де бала сүймегені  Жамбыл үшін қосымша қиындық тудырмайтындай аса  қолайлы еді.

Екеуі некесін қидырған соң көп ұзамай үкіметтік ұйымдар Сарыарқа төріне көше бастағанда алғашқылардың қатарында Астанаға қоныс аударып келді. Раушан Жамбылдың ойлағанынан да асып түсетін, әсіре пысық қатын болып шықты. Бір жақсысы, өзінің өткен өмірінен ештеңесін жасырып қалмай бәрін ақтарып салды. Бәлкім, өзім басын ашып алмасам, ертеңгі күні өзгенің аузынан естиді деп топшылаған шығар. Онысы да жөн, енді.

Раушанның өткен-кеткенін естігенде төрт байдан ажырауы жай бір баланың ойыны іспетті түкке тұрмайтындай көрініп қалды. Жеңіл жүрістің көкесін көрсетіп, көзіне көк шыбын үймелетіп-ақ баққан екен. Бірақ, онысымен өзін ақтап алғысы келетін тұстары да бар деп санайды. Айтуына қарағанда, бір жерлес көкесінің арқасында оқу бітіре салып ірі мекемеге қызметке орналасқан. Қолына енді ғана диплом алған жас маманның түсіне де кірмейтін қызмет орны. Қанша жерден оқуды қызыл дипломмен бітірсе де, еңбек пен білім ордасының арасы жер мен көктей алшақ екеніне  Раушан сол сәтте көз жеткізіпті. Бар күшін салып жанталасса да қызметтік міндеттерінің бір шетіне де тісі батпай қойған. Туа біткен түйсігі мен табиғи таланты болмаса, бәрі бекер екен.

Себебі, оның алған мамандығы әр адамның бойынан зор қабілеттілікті талап ететін өте күрделі кәсіп еді. Оған диплом алып келгеннің бәрі жарай бермейтіні де сондықтан. Атқаратын міндетінің нақтылығы, істеген әр ісінің жұрт алдында айпарадай ашық көрініп тұратыны оны әбден тығырыққа тірейді. Өзінің бұл салаға кездейсоқ келгеніне сол сәтте ғана көзі жеткендей болды. Бірақ, солай екен деп қолды бірақ сілтеп кетіп қалуға болмайды. Ел бар, жұрт бар, курстас  құрбылары бар. Дұшпандарымен бірге олар да  бір жерлерін ашып күлер. Намысқа тырысып, барын салса да жұмысқа шамасы келмеді. Қанша жерден  тыраштанса да еш нәтиже  шығара  алмады. Жасаған ісінің бәрі ілікке жарамай, жоғарыға өтпей, бөлімнен аспай кері қайтады.

Осылай өмірден баз кешуге шақ қалған кезінде өзінен  жасы көп үлкен бөлім бастығы оған күтпеген тосын ұсыныс жасады. Өзіне тікелей бақылау жасайтын, қысқасы, еңбек жолындағы кейінгі тағдырын шешетін де, айналып келгенде осы адам. Ол кісінің  дәл осы салада қамшы салдырмайтын өте білікті маман екенін бұрыннан білетін. Студент кезінде өндірістік тәжірибеге келген кезінде «жерлесім екенсің, өз қарындасымсың ғой» деп бәйек боп қол ұшын бергені де бар.

Оның айтуына қарағанда, өз жұмысымен қатар Раушанның міндетін де қатар атқарып тұрмақшы. Бақылауды өзі жасайтындықтан жоғарыдағылар оның жай-жапсарын білмейді. Бірер жыл солай жалғасса, жас маманның өсіп-өрлеуіне оның пайдасы ұшан-теңіз болмақ. Ақысына Раушан бөлім бастығы қалаған уақытта оның көңілін көтеріп, ләззат сезімін қанағаттандырып тұруы керек. Көнсе осы! Көнбесе, жоғары жаққа дереу қызметтік хат жазып,  жұмыстан босатпақшы.

Көнбесіне амалы қалмады. Студент кезінде қыздардан гөрі жігіттері көп топта  оқыса да, сол қаптаған немелердің  бірі де сөз салмапты. Көңіл білдірсе, әй-шайға қарамай тұрмысқа шығып кетуге даяр да еді. Соншалықты ажарсыз да болмаған шығармын деп ойлайды. Өзімен қатарлас аққұба өңді Қадиша деген сұңғақ бойлы сұлу қыз болып еді. Жігіт атаулының бәрі соның соңында жүретін. Әрбірі тұрмыс құрмаққа ұмтылатынын қайтерсің. Қадишаның өте сәнді киенетіндігіне қызыға ма, шынымен де сұлулығы мен тартымдылығы орасан ба, түсініп болмайтын. Қадишаны құлай сүйген бір жігітті өзі іштей қатты ұнатқаны бар. Қадиша оған пысқырып та қарамаған соң өзіне сөз салар ма екен деп ыңғай танытып-ақ баққан. Бірақ, Раушанға  мән берген ол жігіт жоқ.

Шыны керек, ол кезде Раушанның отбасы жағдайы қиындау еді. Қадиша құсап сән қуатындай мүмкіндігі болмады.  Бірақ, бой десе бойым бар одан қай жерім кем деп ойлаушы еді. Ақыры, ешбір жігіт оны қыз екен-ау деп сөз салу былай тұрсын, еш мән беріп назар аудармаған күйі бес жыл да зу етіп өте шықты. Оқу бітіріп келгелі де жігіт атаулымен сүйісу былай тұрсын, қатты құшақтасып та көрмепті.

Ендігі жайы мынау. Отбасылы, балалы-шағалы қартаң жігіт ағасы төсекке сүйремек. Жігіт дейді-ау, шал десе де ренжи қоймас өзінің түрі де келіспеген, бойы бір тұтам, қап-қара мыжырайған біреу. Көңілі неше жерден қаламай оны тіпті иттің етінен жек көріп тұрса  да келіспеске еш амалы жоқ.

Бірде бөлім бастығы Раушанмен бірге батыс облысқа іссапарға шықты. Қонақ үйге келген соң екеуі бір біріне қарама қарсы орналасқан бөлмелерге жеке-жеке жайғасқанымен кешке жеңіл киінген бастығы оның есігін қағып, кіріп келді.

  • Алғашқы іссапарыңды атап өтпесек болмайды – деген ол бөлменің телефоны арқылы күндіз берген тапсырысының әкелінуін әлде кімге бұйырды.

Сәлден соң екі кісілік шағын дастархан дайын болды. Спирттік ішімдіктің ең атақтысы таңдалыпты. Отырыстың ұзаққа созылатыны көрініп тұр. Ақыры дәл болжағанындай болды да.

Раушанның бас тартқанына қарамастан күші қатты ішімдіктен бірнеше мәрте тартқызып жіберген соң басы мең-зең болып, айнала тұманданғанымен ерекше әдемі күйге енгендей болған. Бөлім бастығы тоқтаусыз әңгіме айтып отыр. Оның бірі миына кірсе, бірі тіпті теріс-қағыс кетіп жатқандай Раушанның санасы әрі-сәрі күйде. Ол күлсе, еріп күлген болып қояды, ыржиса ыржияды.  Мас болыңқырап келе жатқаны өзіне де аңғарыла бастаған тұста Раушанның тұманданған санасы «не болса, о болсын, маған енді бәрі бір, бастысы, жұмыстан айырылмасам болды емес пе» деген ой осып өткендей болған.

Содан кейін-ақ еркіндікке көшті. Енді, жай күлмей «аһа, аһа» деп тұрып қарқылдауды үдеткен. Біртіндеп екеуінің арасы жақындай түсіп, құшақ айқастырған сәтте бастықтың ептілігі соншалық, Раушанның кофтасының түйемелерін төстарқышымен қоса әлде қашан ағытып үлгерген құшырлана сүйіп бастаған болатын. Енді, Раушанның  «аһа-аһасы»  «үһе-үһе» деген өзгеше әуенге ауысқан. Төсекке апарып асықпай аймалаған. Ал, Раушан жай ыңырсып қана сұлқ түсіп жатып қалған. ..

Қол астындағы жас маманды түнімен иемденген бөлім бастығы таң ата бере тыным тауып ұйқыға кетті.

Қалаға оралған соң Раушанның тасы  өрге домалай бастады. Бар шаруасын бөлім бастығы тап-тұйнақтай етіп, тындырып тастайды. Арасында қалағанынша ақша-қаражатпен де қол ұшын береді. Ара-тұра екеуі түскі үзіліс уақытын пайдаланып, қонақ үйлердің біріне барып аһылап-үһілеп алуды да еш  ұмыт қалдырмайды.

Бастық қаладағы жерлестері мен таныстарын салып жүріп, ол тұста он-жиырма жыл кезекке тұрып зорға қол жеткізетін пәтерді жарты-ақ жылда әперіп Раушанды жатақхананың азапты өмірінен құтқарды. Бір жылдан кейін аты дардай министрлікке аса бас қатырмайтын бірақ, ауыз толтырып айтуға тәуір жайлы қызметке орналастырды. Онысы Раушан үшін тіпті қолайлы болды. Бір жағынан, бұрынғы мекемедегідей тікелей әрі нақты атқаратындай аса жауапты міндет жүктелмейді. Тағы бір артықшылығы, ұжымда ушығып бара жатқан өсек-аяңнан құтылуға мүмкіндік туды. Бөлім бастығымен әуей болып жүргені оның әйелінің құлағына жетсе, бір күні келіп шашымды жұлып масқара ете ме де қатты қорқушы еді. Бұл аралықта әлсін-әлсін құрсақ көтеріп қалып, бірнеше рет «жылмағайлау отаның» арқасында әрең құтылғаны тағы бар. Енді, іргені аулақ салу керек деп өзі де ойлаңқырап жүрген еді.

Көктен іздегені жерден табылды. Бөлім бастығы өзі сөзге іліге бастаған соң, Раушанды солай жылжыту керек болған шығар. Немесе екі бірдей адамның жұмысын қатар атқарудан шаршаған болар. Несі болса да, Раушан үшін ұтымды қадам екені анық.

Бұрынғымен салыстырғанда, атағы жер жарған министрлік деген аты ғана болмаса, жаңа қызметі әлде қайда жеңіл боп шықты. Негізінен Раушанның өзі секілді «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» ғана жүріп, жұмыс істеуден гөрі қыруар шаруа тындырған түр көрсетіп, құр ентігетіндерге арналған орын дерсің.

Бұл жер Раушанға өте қолайлы болатын түрі бар. Аса бас қатыратындай  қатты-қайырым шаруа болмағандықтан өзінен лауазымы биік біреулерді ағалап-жағалап жүріп, арасында солармен де «аһылап-үһілеуін» жалғастырып жүрді. Жалпы, «екі-ақ елі құйқаның» арқасында да біраз «шыңдарды» бағындыруға болатын сияқты. Бағындырып та бақты. Бұрынғы пәтерін ауылдағы әкесінің атына тіркетіп жекешелендірді де, жаңа жұмыс орнынан тағы бір пәтер алып үлгерді. Осылайша, екі жеп биге шығуын ол Астанаға келген соң да жалғастырған. Қазір өз иелігіндегі пәтерлердің саны оннан асқан.

Жамбылдан бұрын Раушанмен тұрмыс құрған жігіттерінің ең алғашқысы аса көп тұрақтамады. Неке тойынан кейінгі алғашқы түнді өткізгеннен соң күрең қабақтанып айға таяу жүрді де бір күні кешке киім-кешектерін алып, үн-түнсіз кетті де қалды. Екіншісін өзі қуып жіберуге мәжбүр болды. Негізі, момын жігіт болғанымен  төсек қатынасына жарамсыз болып шықты. Әскерде болған кезінде әлде бір пәле жабысқан дей ме, ол жағын түсініп болмайсың. Үшіншісі, арақтан аузы босамайтын маскүнем біреу боп шықты. Не жұмыс істемейді, үйге бөтелкелес біреулерін ертіп әкеліп, азаннан кешке дейін ішіп отырғаны. Оған қалай төзсін. Сақшылардың көмегімен әрең құтылды. Көшеде көріп қалса бас салып ұстап алып, араққа ақша сұрайтын.  Беріп құтылушы еді, кейін ізім-ғайым жоғалды.

Төртіншісімен әжептәуір ел бола бастаған еді, қырсық қылғанда, бала көтермей қойды. Ол бұрынғы әйелін де «бала таппадың» деп тастаған екен. Раушан оны үміттендіріп-ақ баққан еді, амал нешік, аяқ астынан шиі шығып, шатаққа ілікті. Бір топ жігіттер бас қосып әңгіме-дүкен құрып отырады да, бәрі өзінше «серіліктерін» айтып мақтанады. Олардың арасында Раушанның алғаш бау ашқан бөлім бастығы да болған. Әрине, ол да жатып кеп мақтанған, бүкіл хикаясын  ақтарған. Намыстанып кеткен «Төртінші» Раушанның аты-жөнін  естігенде өзін өзі ұстай алмай әлгі бөлім бастығын қан жоса ғып тепкілеп тастаған. Бастық байғұс ол жерде бұрыңғы көңілдесінің байы отырғанын қайдан білсін.

Үйге келіп алып та қырғын ашады. Раушанды түнімен ұрып-соғып, балағаттап, білгенін істейді де ертеңінде біржолата қарасын батырады. Қабырғасы сынып, екі көзі бұлаудай боп ісіп, шіріген алманың  өңіне айналған Раушан екі апта бойы емханада жатып шыққаны бар.

Сол оқиғадан кейін Раушан байдан көңілі қалса да, үмітін үзбеген. Әлде біреу сөз салып көңіл білдірсе, өзінің өткен тарихын түгін қалдырмай ашық айтып барып, некелесуге бел байлаған. Сол себептен де, Жамбылға бәрін айтып ертерек басын ашып алған.

Ана жолы мейрамханадан қайтқан күннің ертеңі демалыс күні болатын. Раушан шай құйып отырып  сырын ашқан соң былай деген:

  • Егер көнсең осы. Көнбесең есік анау. Мен осындай адаммын.
  • Раушан, айналайын! Менен бес-алты жас кішілігің болса да ақылды жан екенсің. Сыр жасырмағаның маған сенгенің шығар. Мен сенің өткеніңді қазбалап, онымен есеп айырыспаймын. Бүгіннен бастап сен маған жар бол! Дәл осы сәттен бастап қана маған опасыздық жасамасаң болғаны.

Жамбылдың мұнысы нағыз ер азаматтың сөзіндей көрініп, өзін түсінгені үшін Раушан да оны жақсы көріп кеткен. Осылайша, бас қосқан екеуі алғашқы он жылда бақытты өмір сүрді. Раушанның пысықтығының арқасында жаңа елордада пәтерден пәтер тудырып, олардың бәрін жалға беріп, мол ақшаның астында қалды. Молшылықтың игілігін бір кісідей көрді. Батыс Еуропаның түсінде де көрмеген өркениетті елдерін аралады. Бәрінен де жоқ жаман дейді ғой, Раушан оған шекесі торсықтай ұл болмаса да, алтын басты бір қыз тауып берді. Өмірдің біраз теперішін көрген Жамбыл үшін бұл таптырмайтын жұбаныш еді.

Уақыт шіркін, бәрін үйлестіруші ұлы күш қой. Раушан да ендігі жерде, әйел ретінде некелі байынан өзгеге қажеті болмай қалған. Көңіл үшін болса да «сен көріктісің» деп қошемет айта салатындар да жоғалған. Басшы атаулының көбі білімді талапшыл жастармен алмастырылған. Олар кімнің қолынан іс келеді, сонымен ғана санасады. Қабілет-қарымы жетпегендерді ит қосып қууға да бар.

Жаңа заманның әділ талабына төтеп бере алмаған Раушан министрлікте өткен кезекті бір тазарту жүрілгенде жұмыстан шығып қалған. Оған өкінудің де реті жоқ еді. Алматы мен Астанадағы мемлекеттік қызметтің арқасында қалтасынан бір тиын шығармай үкіметтен алған төрт пәтерді  үш еселеп көбейтті. Қазір елдегі анау-мынау байлардың өзінің қолы жете бермейтін пент-хауста тұрып жатыр. Бас-аяғы онбір пәтердің бәрін жалға беріп тастағандықтан бұл үйге ақша өз аяғымен келеді.

Бірақ, соңғы бес жылда ерлі-зайыпты екеуі дағарадай үйі тұрмақ мына кең дүниеге сыймай жанжалдасатын болып кетті. Даудың көбі Раушанның шектен тыс қызғаншақ болып кетуінен туындап жатады. Жамбыл анау айтқандай ышқыры босаң жігіт емес. Раушанмен отасқан он бес жылда бір рет те қия басып көрген жоқ. Тіпті, ойына да кірмеген. Қазақ бабалар айтып кеткендей  «шөккен түйеге міне алмайтын момындардың»  қатарына дәл осы жолы Жамбылды да жатқызуға болар еді. Дегенмен, ойында болса, ер азамат емес пе, бір ретін табар еді ғой. Бірақ, ондайды ойына да алмапты. Соған қарамастан аман-сәлем алысқан, күлімсіреп алғыс айтқан ұрғашы атаулының бәрінен өлердей қызғанып, Жамбылдың жүйкесін  жұқартатынын қайтерсің.  Абай атам айтқандай «өзі ит өзгені шошқа деп ойлардың» кері шығар. Осыны ойлағанда Жамбылдың зығырданы қайнап кететіні бар.

Жарайды, онысын қойшы! Заты әйел ғой, қызғана берсін-ақ. Байыған сайын сараңдығы сұмдық болып барады. Тым астамшыл болғаны соншалық, бұрын сыйласып жүрген талай дос-жарандарға тіл тигізіп, көңілін қалдырды.  Адамдарды бай және жарлы деп алалайтынды шығарды. Әл-аухаты жоғарылау біреулерге жатып кеп жағымпазданады, ал, қатардағы қарапайым құрбы-құрдастарын басынғысы келіп тұрады. Әлде кімге болмашы ісі түсе қалса, іші-бауырына кіріп кете жаздап, оның алдында құрша жорғалайды. Ісі біткен соң, оны адам санатына қоспай кетуге де бар.

Әйелінің осындай жағымсыз қылықтарының салдарынан Жамбыл талай сыйлас достарынан алыстап қалды. Соңғы кезде Раушанның айналасына зәрін шашқан ит мінезінің салдарынан Жамбылдың аман-сәлемін алатын адамдардың қатары күрт сиреп бара жатыр.

Осылайша, кең сарайдай пент-хаусқа сыймаған Жамбыл қаланың шеткері жағында орналасқан көнетоз жатақханадан бір бөлме алып жайғасты.

Түнделетіп келіп жатып қалған. Оянса, бөлменің іші жап-жарық. Сағатқа қараса, тал түс. «Ойбай, жұмыс!» деп орнынан атып тұрды да сенбі екені есіне түсіп, қайтадан жантайды. Жатақханаға келгелі Жамбылдың ұйқысы түзелген. Төсекке басы тисе болды, қор ете түседі. Түнімен тұяқ серппей ұйықтайды. Бұрынғыдай емес, қан қысымы да көтерілуін қойыпты.

Ал, шай-тамақты өзі дайындап ішіп-жеуге ол бұрыннан дағдыланған. Раушанның қолынан он бес жылда бір рет те дәмді тамақ ішіп көрмепті. Үй қызметшісі дайындаған ас-сумен күнелтіп келді. Бірақ, ешқашан тұщынып тамақтанған емес. Анда-санда достарының үйлеріне қонаққа барғанда ғана рақаттанып бір қаужаңдайды.

Әсіресе, Қадишаның істеген тамақтарын айтсаңшы. Дәмі тіл үйіреді. Соны айтамын деп Раушанның екі апта бойғы ызыңынан зорға құтылғаны бар. Қайсібірін ойлай берсін. Жамбыл бәрін ұмытып жаңа тұрмыс құруға кірісіп кетті.

Енді, қалған өмірін осы жатақхананың бір бөлмесінде тыныш қана бейғам өткізбекші. Өмірінде екі рет бас құрады. Алғашқысынан тұрмыстың тапшылығынан ажырасты. Ол әйелі «жалақың аз, ештеңеге жетпейді» деп құлақ етін жейтін. Соңғысы, ақшаның құлына айналды да Жамбылды «байым» деуден гөрі «мүлкім» деп қарауы басым болып кеткен соң одан да құтылуға тура келді.

Ажырасу жайындағы арызын қараған соттың:

  • Ортақ дүние-мүлікті тең бөлуге қалай қарайсыз? – деген сауалына

Жамбыл:

  • Ештеңе алмаймын. Көлігім ғана өзімде қалса болды – деп қысқа ғана

қайырған болатын.

Жамбылдың бүгінгі тірлігін ерлік санайтындар да бар. Бірақ, көп адам оны «Пейіштен безген бейбақ» деп  аяғаны да, айыптағаны да белгісіз біртүрлі атап кеткен.

Алауинформ