Джон Кехо :»Түс көру» һәм жору

0
4 652 рет оқылды

9 бөлім (Алдыңғы жазбаға өту)

Түстер – бұл адам нәсілінің ұмыт болған тілі

Түстер сіздің қайда екеніңізді және қайда баратыныңызды көрсетеді. Олар сіздің алдыңызда сіздің тағдырыңызды ашады.

Карл Юнг

Түстер бағзы заманнан бастап адамдарды қызықтырып келеді. Вавилондық «Гильгамеш жайлы эпос» саз тақтайшаларынан ерте дәуірде түсті қалай жорығанын көруге болады. Ол б.з.д. 3000 жыл бұрын болған.

Қазіргі таңда ертедегі гректер мен египеттіктер сауығуға арналған ғибадатханаларда «түс шақырумен» айналысқаны баршаға мәлім. Інжілде өз өмірінде түстерге баса назар аударған адамдар жайлы айтылады. Иосиф перғауынның түсін дұрыс жорып, жеті жыл гүлденуден кейін жеті жыл құрғақшылықтың болатынын айтқан. Ацтектердің Құдайлар иерархиясында түсті басқаратын Құдай бас Құдай болып саналған. Солтүстік Америка үндістерінде түсті жоритын арнайы бөлмелер болған: мұнда тайпа ақсақалдары өздеріне рәсім кезінде кірген түсті жорып, соған орай шешім қабылдайды.

Осы уақытқа дейін қазіргі қоғам адамдары адам психикасының осы аспектісіне мән бермей келіп, өздерінің ішкі әлемдерімен байланысты үзіп тастады. Қазіргі уақытта жағдай өзгеріп жатыр, қуанышымызға орай, күннен күнге өзінің «менін» түсінудің кілтін иеленгісі келетін адамдар саны артып жатыр. Түсте саналы және санасыз образдардың алмасуы, яғни күнделікті өмірдің образдары мен түйсіктің жасырын даналығының жанасуы қызығушылық тудырады.

Көптеген ғалымдар өздері шеше алмай жатқан проблеманың шешу жолдарын түстерінде көрген, кейін саналы түрде оларды жетілдірген. Эйнштейн қатыстылық теориясын ашқанға дейін, өзінің күн сәулесінің шуағында салт атты жүріп келе жатқанын түсінде көрген. Суретшілер, бизнесмендер, зерттеушілер, сонымен қатар, түрлі мамандықтың адамдары шығармашылық шешімді өздерінің түстерінен тапқан. Бүгігі таңда скептиктерге түстердің жай ғана бос сандырақ емес екенін дәлелдейтін қаншама факті бар.

Алдыңғы бөлімде өздерінің революциялық жаңалықтарын түстің көмегі арқылы ашқан Бентинаг пен Элиас Хоу туралы айтқан болатынмын. Тағы да бір сенімді мысал келтіруге рұқсат етіңіздер.

Нобель сыйлығының лауреаты доктор Джеймс Уотсон ДНК молекулаларының құпия қасиетін түс арқылы ашқан. Бірнеше жыл бойы ол ДНК молекулаларының құрылысын зерттеді, бірақ сәтсіздікке ұшырады. Бір түнде оның түсіне бірін-бірі айналдыра ораған екі жылан кіреді. Ол ояна сала айқайлап жібереді: «Мүмкін, бұл менің іздеген сұрағым шығар? Мүмкін, ДНК – бұл бірін-бірі ораған екі спираль шығар?» Табиғатта бұндай форма жоқ. Ол осы гипотезаны тексеріп, нәтижесінде генетикалық кодты шешеді. Бұл жаңалығы үшін Нобель сыйлығын иеленеді.

Түстер – бұл адам нәсілінің ұмыт болған тілі. Мұндағы құпия символдар мен аллегориялар жасырын мағынаға ие, оларды түсіне білу ғана қажет. Бірнеше жылдар бойы өзімнің түстерімді жору негізінде және осы уақыт аралығында өзгелердің көптеген түстерін жорығандықтан, түстер арқылы жоғарғы сана бізбен сөйлесетіні жайлы толыққанды сеніммен айта аламын. Түстер біздің қай жерде дұрыс, қай жерде бұрыс екенімізді көрсетіп, ішкі дисгармония мен эмоционалды құлдыраудың жасырын себебін көрсетеді. Олар көптеген құбылыстарды түсіндіре отырып, адам өмірінің терең мағынасын көрсетеді. Түстер адамға қалай тағдырға бағыну керек екенін және әрқайсымыздағы жасырын өмір әлеуетін жүзеге асыруға көмектеседі.

Біз бір түнде орташа есеппен бес-жеті түс көреміз. Кейбіреуі таң қалуы мүмкін: кейбір адамдар түсті өте сирек көреміз деп ойлауы да мүмкін. Расында да, әр адам күнде түс көреді. Есінде қалуы да мүмкін, қалмауы да мүмкін. Мұны нақты анықтауға болады, себебі түс көру кезінде «көз жылдам қимылдайды». Осы құбылысты анықтап, физиологтар адамның қанша рет түс көретінін анықтай алады.

Нәрестелер ұйықтап жатқан уақытының елу пайызында түс көреді, ал жетілмеген нәрестелер жетпіс пайыз. Егер де күніміз қабылжуға толы, белсенді оқу, жаңа оқиғаға толы болса, біз түс көреміз. Демек, түс адамға оның өміріндегі өзгерістерге бейімделуге көмектеседі.

Миыңызды түс көруге қалай бағыттауға болады 

  1. Ұйықтар алдында миыңызға айтыңыз: «Бүгін мен түс көремін және оларды есімде сақтаймын». Мұны ішіңізден жиырма рет қайталаңыз. Сіз түсіңізде нені көргіңіз келгені жайлы, қай облысты зерттегіңіз келгені туралы болжауыңызға болады, бірақ, есіңізде ұстаңыз, түс өзіндік бағдарлама негізінде пайда болады. Адам қазіргі уақытта нені түсінгісі келетінін ағза жақсы біледі.
  2. Төсек қасында бір парақ қағаз бен карандаш қойыңыз. Бұл тек қана тиімді ғана емес, сонымен қатар символикалық мағына толы болады. Осылай, сіз өзіңіздің түсіңіздің мағынасын түсінуге деген ынтаңызды көрсетесіз. Сіздің түсіңізге деген қарым-қатынасыңыз түстің сізге деген қарым-қатынасын көрсетеді. Түсті түсінуге тырыспас бұрын, оны ең алдымен мойындап, құрметпен қарау керек. Сонда, түстер жиірек түсіңізге кіреді.
  3. Таңертен ұйқыдан оянған кезде тез арада төсектен тұрып кетудің қажеті жоқ, себебі бұл уақытта баяу түрде сіздің санаңыз қайтып келеді. Осы аралық, яғни түс пен өң арасындағы уақыт үлкен мағынаға ие. Бұл екі ғалам арасындағы құз болып саналады. Мүмкін бір жерде әлі де түс бөлшектері ұшып жүрген шығар? Егер де солай болса, онда өзінің олжасының соңынан жүрген ит сияқты, түсіңізді бақылаңыз. Оның бөлшектерін еске түсіруге тырысыңыз. Түсті ойша бірнеше рет қайталап, түс толыққанды қалпына келгенге дейін әр қайталаған сайын оған бір бөлшекті қосып отырыңыз. Орыныңызда тұрып, түсіңізді қағаз бетіне жазыңыз, жазу барысында есіңізге түскен барлық бөлшектерді жазыңыз. Түс қағаз бетіне түсірілген соң, оны жоруға кірісу керек немесе кейінге қалдыру керек.

Түс жору

Түсті жоруда әуесқойлыққа қарағанда қызығушылық маңызды рөл атқарады. Өзіңізді ерте дәуірдегі тұрғындардың мекенін зерттейтін археолог, немесе бірінші зерттеуші адам ретінде елестетіңіз. Түсті жору археологиялық қазба жұмыстары сияқты. Сіз тек қана жәдігерді тауып қана қоймай, сонымен қатар, оның мағынасын түсіндіруіңіз керек.

Осы және алдыңғы бөлімдерде айтылған түстер өте қарапайым түрде түсіндіріледі. Мен түстің адам қызметін қалай бағыттай алатынын көрсету үшін мысал келтірдім. Бірақ, бұндай түстер ерекшелік болып саналады. Сіздің түстеріңіздің тоқсан пайызы мағынасыз болып көрінеді немесе оларды жору өте қиынға соғады. Олар сіз түсінбейтін шет тілде берілген сандырақ сияқты. Егер де сіз, расында да, өзіңіздің түстеріңізді түсінгіңіз келсе және оларды жорудың кілттерін білсеңіз, онда олар сіздің алдыңызда зерттелмеген әлем ретінде ашылады.

Жолдауды жіберуде символдар мен аллегориялар пайдаланылады. Символдар біздің ішкі дауысымызға ойлауға тұрарлық сөздерді айтады. Түстер тілі лингвистикаға қарағанда, поэзия мен өнер әлеміне жақын. Түстерде тіл белгілері қолданылмай, символдар қолданылады деген гипотеза бар. Сондықтан да адам санасының осы бөлігі тілге қарағанда ертерек пайда болды деген жорамал бар.

Түс – бұл түйсіктің сізге жіберген жолдауы, сондықтан да олар сіздің ішкі дүниеңіз туралы ақпаратты қамтиды. Түстер әр уақытта да нақты бір адаммен байланысты. Ол қай жерде қиындық көріп жатыр, нені болдырмауға тырысады, оған не жетпейді, нені елемейді және оған не істеу керек екендігін көрсетеді. Түстің 95 пайызындағы адамдар, құбыжықтар сіздің өміріңіздің белгілі бір аспектісін көрсетеді. Түсті жоруға кіріспес бұрын бір нәрсені анықтап алған жөн: түстегі барлық тұлғалар – ол сізсіз (егер де, түстегі сіздің балаңыз, туысыңыз, жұмыстағы әріптесріңізді және т.б. ескермегенде), бірақ, соның өзінде де олар сіздің бейнеңіз болып саналады.

Мысалы, үйге тонаушы кіріп жатқан түсті қарастырайық. Ол сіздің балаларыңызды ұрлап, оларға зиян келтірмекші. Сіз тонаушыға тойтарыс бермекшісіз, екеуіңіздің күрестеріңіз өлім мен өмір арасында болып жатыр. Сіз оянасыз.

МАҢЫЗДЫ!!!

Бұл түс субъективті түрде түсіндіріледі. Ең алдымен айта кету керек, сіз осы түсте екі рөлді сомдайсыз – өз рөліңізде және тонаушы рөлінде. Өзіңізге сұрақ қойыңыз: менің «менімнің» қай бөлшегі балаларға зиян тигізіп жатыр? Мүмкін, сіз жұмыста көп уақытыңызды өткізіп, балаларыңызға бөлетін уақытыңызды шектейтін шығарсыз.

Бұл түсті басқаша да жоруға болады: мүмкін, балалар – сіздің «меніңіздің» алаңсыз бөлшегі шығар, ал сіздің өзіңіз бойыңыздағы салмақты және қисындық қасиеттеріңізді сипаттайсыз. Мүмкін сіздің «ересек» бөлшегіңіз сіздің табиғатыңыз бен балалық пәктігіңізді басатын шығар. Осы түс сізге осылай өмір сүру арқылы сіз бір нәрсені назарыңыздан тыс қалдырып жатқаныңызды көрсетеді. Түсіндіңіз бе?

Түсіңізді дәлме-дәл жорудан аулақ болыңыз. Мысалы сіз, жарыс автокөлігі арқылы жылдамдығы сағатына тоқсан милл бұралаң тау жолымен келе жатқаныңыз түсіңізге кірді. Сіз рулге ие бола алмай, соғылып, жарыласыз. Бұл сіздің жақын арада автокөлік апатынан қайтатыныңызды білдіре ме? Бұлай болуы екіталай. Бұл түсте сіз туралы дәлме-дәл ақпарат берілмейді. Мүмкін, сіз өміріңізді басқару мүмкіндігінен айрылып жатқан шығарсыз? Сізге қай жерде тоқтау керек? Мүмкін түс келесіні көрсеткісі келген шығар: егер де сіз тоқтамасаңыз «соғылып, жарыласыз», яғни ауырып қалуыңыз мүмкін, өзіңізге қымбат нәрседен айырылып қалуыңыз мүмкін немесе өзіңіз үшін қымбат адамнан алшақтайсыз.

Түсте өлімді көру дегеніңіз бұл өзгеріс, бір жағдайдан келесіне өту, яғни өміріңіздің бір кезеңінің аяқталуы, екінші кезеңінің басталуы. Сізге өзгерістерді көрсетіп тұр ма? Мүмкін өзгеріс тез арада болуы ықтимал. Сізге осындай жору ұнай ма?

Жаман түс – бұл сіздің түйсігіңіздің сізді таң қалдырғысы келгені, сіздің өміріңіздің бір аспектісіне назарыңызды аударғысы келетінін көрсетеді. Түйсік сізге былай деп тұрғандай: «Мынаны қара. Мұны назардан тыс қалдыруға болмайды». Қайталанатын түстер де хабарлама болып саналады. Олар сізге жетуге тырысады. Егер де сіз оларды дұрыс жорысаңыз, олар ғайып болады. Себебі сіз оларды дұрыс жорымасаңыз, олар қайта-қайта түсіңізге кіре береді.

Түстеріңізді дұрыс жоруға көмектесетін бірнеше мысал:

  • Түсіңізге ат беріңіз. Атау мағынасыз да болуы мүмкін, оған аса мән бермеңіз, ең бастысы, сіздің ішкі дауысыңыз жұмыс жасасын. Бұл атау түсті жору барысында кілт ретінде көмек көрсетуі мүмкін.

Осы әдіс қалай жұмыс жасайтынын көрсету үшін мынадай мысал келтірейін. Бірнеше жылдар бұрын маған сенімді болып көрінген бір кәсіпкерлікке қаражат салмақшы болдым. Келісім-шартқа қол қояр алдында түс көрдім. Түсімде осы келісім-шарт мүшелерінің бірі қарғы баулы итімен серуендеп жүр екен. Мен одан сұрадым: «Не себепті итіңізбен серуендеп жүрсіз» деп. Ол үн қатпады, тек қана иығын көтерді. Ұйқыдан оянған соң, мен бұл түске «Жаман исі шығады» деген ат ойлап таптым.

Нәтижесінде, бұл іске қаражат салудан бас тарттым. Сырттан қараған адамға мен бірегей мүмкіндікті жіберіп алғандай көріндім, бірақ екі жыл өткен соң осы келісім-шартқа қол қойған адамдардың бәрі банкрот болды. Өзімнің түсіме құлақ асып, мен өз ақшамды сақтап қалдым.

  • Оянған соң, түске қайта оралып, мұндағы кейіпкерлермен сөйлесіңіз. Бес-он минут бойы сізді ешкім мазаламайтын жер тауып алыңыз. Көзіңізді жұмып, ойша түсіңізді қайта жаңғыртыңыз. Барлығын нақты қайта жаңғыртуға тырысыңыз – сол оқиға мен сол кейіпкерлерді елестететіңіз. Ойша қайтадан түске еніңіз. Оқиға қайталана берсін, бірақ осы жолы, сіз түске өзіңіз қалағандай назар аудара аласыз. Мысалы, сіздің балаларыңызды ұрламақ болған тонаушы түсіндегідей. Бұл түсті қайта елестетіңіз, бірақ осы жолы сіз тонаушымен күреске түспей, онымен сөйлесуге тырысыңыз. Оның кім екенін, нені қалайтынын және не үшін жасап жатқанын сұраңыз. Сіз мұны жасай аласыз, себебі сіз түсті бақылауда ұстап отырсыз. Балаларыңызбен сөйлесуіңізге болады. Олардың жауаптары сізді таң қалдыруы мүмкін. Егер де сіз барлығын түсінгіңіз келсе, онда осы әдіске тең келері жоқ.
  • Түсіңізді пьеса ретінде елестетіңіз және оны келесі пункттер бойынша талдаңыз:
  1. Кіріспе. Түсіңізді көркем безендіріңіз және ондағы көтерілген мағынаны анықтаңыз.
  2. Сюжет. Түстегі іс-әрекет, оқиға.
  3. Қорытынды. Сіздің түсіңіз немен аяқталады? Қойылған проблема шешілді ме? Осы қорытынды нені білдіреді?

Түсті осындай әдіспен зерттеу арқылы сіз оның негізгі символдары қандай деп сұрақ қоюыңыз мүмкін. Олар қандай мағына береді? Олардың өткен өміріммен қандай ұқсастығы бар? Олар маған нені хабарлайды?

Түстің әр кезіндегі өзіңіздің эмоционалды жағдайыңызды талдаңыз: мұнда символдар мағынасын түсіндіретін кілт жатыр. Сіз жеңілдеу, қорқыныш, өзіңізге сенімділік, ерекше күш-қуат сезесіз бе? Мүмкін түсіңізде сіз кісі өлтірудің куәгері болдыңыз ба, бірақ қорқудың орнына сіз қуаныш сезімінде болған шығарсыз. Оянған соң, сіз өз сезімдеріңіз үшін ұяласыз. Түсті жорудың кілті кісі өлтіру кезіндегі біздің сезімдеріміз болады. Сіздің өміріңіздің қай жағы өзгеруі (өлуі) керек? Егер де осындай өзгерістер болса, сіз қуанасыз ба жоқ па? Бұл түс сіздің өміріңіздің қандай өзгерістеріне сілтеуі мүмкін? Түрлі нұсқаларды ойластырып көріңіз.

Кей кездері түстің мағынасы уақыт өткен соң ғана белгілі болады. Негізінен, түс мағынаға ие болуы үшін бірнеше күн немесе апта керек, ал кей кездері мұнша уақыт та жетпейді. Егер де сіз түсті жори алмасаңыз да (алғашында, төрт түстің бірін ғана жори аласыз), түспен жұмыс жасау фактісі сіздің түйсігіңіздің өсуі мен дамуына әсер етеді. Адам әр жұмысы үшін белгілі бір кезеңде жемсін алады. Сол сияқты түсті жоруды рационалды тұрғыдан ғана қарамау керек: қисынға қарағанда, ішкі дауыс маңыздырақ.

Әр түс, егер де оны есте сақтасаңыз және дұрыс жорысаңыз, ұзақ уақытқа жететін нәтижеге ие болады. Адам онымен әр уақытта байланыста болады, ал ол арқылы өзінің ішкі жан дүниесімен байланыс орнатады. Біз түсті дұрыс жорығанда, ішімізде бір нәрсе селт еткен сияқты болады. Біз: «Ия, міне сол» дейміз. Біз бойымызды кернеген күш-қуатты сезінеміз. Түсті дұрыс жору өте маңызды, себебі адам ішкі жан дүниесінен бағыт-бағдар алып, қанағатшылдық пен тыныштық сезімдерін басынан кешіреді. Түсті жору – бұл әрқашанда сіз және өзіңіздің түйсігіңіз арасындағы тірі диалог. Адам түсті жору біліктілігіне ие болып, ішіндегі құдіретті де шексіз бір нәрсемен байланысын түсіне бастайды.

Дереккөз: Кітапты орыс тіліндегі «Подсознание может все» деген нұсқасынан қазақ тіліне аударған Мырзагелді КЕМЕЛ.

«Алауинформ» электронды нұсқадағы дереккөзі болып саналады.