Джон Кехо: «Ішкі дауыс»

0
2 338 рет оқылды

8 бөлім (Жалғасы. Алдыңғы жазбаны оқу үшін осында басыңыз.)

Не себепті, ең жақсы идеялар маған душ қабылдағанда келеді?

Альберт Эйнштейн

Елестетіңізші: сіздің қажеттіліктеріңізді қанағаттандыратын, проблемаларыңыздың шешу жолдарын айтып беретін, сіздің алдыңызда тұрған мүмкіндіктерді көрсетіп, оларды қалай пайдалана алуыңызға кеңес беретін, сізге көмек керек болған жағдайда жаныңыздан табылатын серігіңіз болса, сіз өзіңізді қаншалықты қауіпсіз әрі сенімді сезінесіз. Сіздің ондай серігіңіз бар, ол сіздің ішкі жан дүниеңізде. Ол – ішкі дауыс.

Барлық ұлы адамдар, бизнесмен, спортшы, әртіс немесе мемлекеттік қайраткер болсын, әрдайым ішкі дауысқа құлақ асады. Ішкі дауыс айтқан шешімдерді пайдалана білу сәттілікке жетудің бір жолы. Ол адамның қаншалықты өзіңнің «менін» дамыта алғанын көрсетеді.

Мені өмір Австралияның бай әрі табыскер антрепренерімен жолықтырды. Біз қонақ үй холлында отырдық. Менің сөз сөйлеуіме бір сағат қалған еді. Мен оны танып қалдым, себебі газет-журнал беттерінен оның суретін көрген едім. Мен жақындап, өзімді таныстырдым. Бір газетте оның ішкі дауысқа қатты сенетінін оқыған едім. Сол шын ба екенін білгім келіп, сұрауды жөн көрдім. «Менің істерімде ішкі дауыс негізгі орынға ие – деп айтты менің әңгімелесушім. – Мен өмірімде өзімнің ішкі дауысыммен сырласпай, бірде-бір маңызды қадамға бармадым».

Тек ол бір өзі осылай жасайды деп қалмаңыз. Моцарттың айтуы бойынша, ол шабытты іштен алатын. Сократ өзінің ішкі дауысына бағынатынын айтатын. Эйнштейн, Эдисон, Маркони, Генри Форд, Лютер Бюрбэнк, мадам Кюри – бұл тізімді өзінің сәттілігін ішкі дауыспен байланыстыратын атақты адамдармен жалғастыра беруге болады.

«Гарвард бизнес ревьюдің» шолушысы Генри Мицберг жоғарғы дәрежелі шенеуніктер мен бизнесмендер арасында сауалнама жүргізді. Нәтижесінде олардың көпшілігі «рационалды ойлау үшін тым қиын сұрақтарды тұрақты түрде ішкі сезім» арқылы шешетіні білініпті. Ол бұдан мынадай қорытынды шығарды: «Сәттілік құпиясы «рационалды» деп аталатын тікелей ойлау емес, ол нақты қисын мен мықты ішкі сезімнің байланысында».  CNN телеарнасының негізін қалаушы, миллиардер, әлемнің ең бай адамдарының бірі Тед Тернер осыған ұқсас көзқарасты ұстанады: «Көрегендік пен ішкі сезім бір-бірімен қоян-қолтық жүреді».

Конрад Хилтонның айтуынша, ол бірде аукцион лоты үшін 165 000 доллар ұсынған. Келесі күні таңертең ол 180 000 саны туралы ойлаған. «Конни» әрдайым өзінің ішкі дауысына құлақ асатыны баршаға мәлім еді, сондықтан да ол өзінің мөлшерлемесін 180 000-ға өзгертті. Ол бұл лотты ұтып алды (кейін оны 2 миллион долларға сатып жіберді), себебі ұсынған лоттар келесі күні 179 000 долларға дейін көтерілген.

Заңгерлер мен бухгалтерлерінің кеңесіне құлақ асып, Рэй Крос McDonald’s мейрамханаларының желісін сатып алды, себебі «жұлыны арқылы бұл істің сенімді екенін сезді». Бұгінгі таңда әлемдегі табысты бизнестің бірі ретінде, расында да, McDonald’s мейрамханалары өте сенімді. Ал, Кростың «гамбургер сату үшін бірнеше палаткаларды» сатып алу шешімі оны мультимиллионер етті.

Өзінің ішкі жан дауысына құлақ аса отырып, адам ең дұрыс шешімді қабылдайды, шығармашылық идеяларды алға тартады, дүниеге тереңірек мән беріп, өзінің арманын түсініп, оны жүзеге асырудың қысқа жолын табады. Тиісті уақытта, тиісті жерде болып және өмірде өте жиі табысқа кенелетін адамдар – олар тек қана табыскерлер емес. Олар нені қай уақытта жасау керек екенін айтатын ішкі дауысты дамытқан. Ішкі дауыс оларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, анық көрініп тұрғанға күмәнмен қарауды үйретеді. Олар бұдан қажетті білім жинақтап, оны қалай және қашан пайдалану керектігі жайлы бұйрық алады.

Ақпараттың ми арқылы өтуін зерттейтін таным сұрақтары бойынша мамандардың айтуына қарағанда, мидың қабылдаған ақпараттарының шамалы бөлігі ғана (бір пайыздан аз) адам санасына жетеді. Біз қаншалықты ақпаратты жоғалтатынымызды ойлаудың өзі қорқынышты. Кітаптың алғашқы беттерінде мен айтқан болатынмын: әр адамның миы – бұл бір үлкен бағдарламаның бөлшегі және осындай бөлшектердің әрқайсысы тұтастыққа ие. Сіздің санаңызда тек қана сіздің жеке тәжірибеңіз бен біліміңіз сақталады. Ал, түйсік тұтас жүйемен байланысты және ол үшін мұнда сақталатын барлық ақпаратқа жол ашық. Сіз ішкі дауыс арқылы оған қол жеткізе аласыз.

Жауапты қалай алуға болады

Дайындық

Барлық ақпараттар мен фактілерді оқып, біліңіз. Өзіңіздің түйсігіңізді толыққанды жұмыс жасатыңыз. Сізді қызықтырған сұрақ бойынша кез келген ақпаратты іздестіріңіз. Сіздің жұмысыңызға қатысы бар дегеннің бәрін таңдаңыз. Сіздің мақсатыңыз – ақпарат жинау, ақылға қонымсыз және бір-біріне келмейтін ақпараттар бірін-бірі толықтырып отырсын. Осы ақпараттар теңізіне еніңіз. Оны қисындық түрде түсінуге тырыспаңыз, бұл түйсіктің жұмысы.

Жетілу

Барлық фактілерді түсінген соң, еркін жүруге болады. Дайындық сізден белсенділікті талап етеді, ал жетілу кезеңі – бұл тыныштық кезеңі. Енді сіздің түйсігіңіз жұмыс жасасын. Ол күні-түні шешімін табу үшін әрекет етеді. Ал, сіз бұл уақытта осы мәселе туралы ойлайсыз ба жоқ па, бірақ түйсік қауырт жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, тәжірибе көрсеткендей, түйсікті жайына қалдырғанда, ол жақсы жұмыс жасайды. Егер де адам осы сәтте нақты ештеңе туралы ойламаса, онда ол түйсіктің айтқандарына өте сезімтал болады.

Шығармашылық процесс үшін өзіңді еркін ұстайтын, әрі армандауға болатын сәттер жақсы: ұзақ мерзімді саяхаттау, ванна қабылдау, орман ішін аралау. Осылай, «Atari» компаниясының негізін қалаушы Нолан Башнель таңертең жағажайда серуендеп жүрген кезінде әлем бойынша сұранысқа ие видеоойынды алғаш рет елестеткен. Стивен Спилбергтің айтуынша, көлікте белгілі бір бағытсыз жүріп келе жатқанда, оған ең жақсы идеялар келеді. Ал, Альберт Эйнштейн бірде айтқан екен: «Не себепті маған ең жақсы ойлар душ қабылдағанда келеді?»

Әрдайым дұрыс шешімді қалай табуға болады деп ойлау арқылы керісінше нәтижені алуға болады. Бұл әрдайым жеңіс туралы ойлайтын спортшы жағдайы сияқты. Спортшылар біледі: сайыстарда жеңіске жету үшін қобалжымай, жинақы болу керек. Егер де қобалжыған сезімде болсаңыз, сіз қателіктерге ұрынасыз. Ішкі дауыс сізге көмек беруі үшін, өзіңізді еркін ұстап, ішкі дауыстың жұмыс жасауына мүмкіндік беріңіз.

 Ішкі дауыстың оянуы

Төменде сізге табиғи түрде және еш қиындықсыз ішкі сезіміңізді оятудың үш қадамы көрсетілген. Сіз өзіңізді қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап таба аласыз.

1 қадам

Бірнеше минут бойы, расында да, мықты түйсікке ие екеніңізді, дұрыс жауаптар мен шешімдердің бар екені жайлы және сіздің түйсігіңіз оларды тауып алатыны жайлы ойлаңыз. Осы фактілерді қисындық түсінуден сезіммен қабылдауға өтіңіз. Бұл жүзеге асқан соң, сіз қуанышты толқу сезімін сезінесіз. Түйсік сияқты мықты көмекші күштің бар екені жайлы әрдайым сананың есіне түсіріп отыру керек. Сіз өзіңізде жасырынған күшті түсініп, сенімді болуыңыз керек.

2 қадам

Өзіңіздің түйсігіңізден нақты нені қалайтыныңызды қалыптастырыңыз: қандай шешімдер, жауаптар және проблемаға қандай көзқарасты алғыңыз келеді. Бірнеше рет ішіңізден қайталаңыз: осы уақытта сіздің түйсігіңіз сізге жұмыс жасайды. Мүмкін болатын жауаптарды елестетемін деп қобалжымаңыз. Өзіңіздің түйсігіңізбен еркін сөйлесіңіз, одан нені қалайсыз, соны қайта-қайта қайталаңыз. Бірақ, сөйлеміңізді түйсік сізге жұмыс жасап жатқандай етіп құрастырыңыз: «Қазір менің түйсігім маған жәрдемдесіп жатыр…» Мұны ішіңізден бірнеше рет қайталаңыз, кем дегенде он рет, себебі процестің басталғанын сезіну керек.

3 қадам

Өзіңізді еркін ұстаңыз, сізге дұрыс шешім ашылады деп миыңызды сенімділікке толтырыңыз. Есіңізде ұстаңыз, сенім мен өз-өзіне сенімді болу – бұл тек қана сезімдер емес, сонымен қатар, энергияның ауытқуы. Бұл ауытқу дұрыс шешімдер мен жауапты магнит металлды тартқандай жақындатады. Мида дұрыс жауап энергиясының ауытқуы болып жатса, ішкі дауыс табиғи жолмен осы дұрыс жауапты табады. Дұрыс жауапты тапқан соң, қандай сезімде болатыныңызды елестетіңіз: толқу, қуаныш, жеңілдегендік. Осы сезімдерді қазір сезініңіз, бірақ қатты қобалжымаңыз. Күні түні түйсік сізге дұрыс жауапты тауып береді деп ойлаудың қажеті жоқ.

Осы үш қадамды орындау бес минуттан көп уақыт алмайды. Оларды күн сайын ұйықтар алдында жасаған жөн. Ұйқыға кетер уақыт түйсікті іске қосудың ең қолайлы уақыты болып саналады.

Ақпарат алу

Көп жағдайда сіз күтпеген кезде жауап ой немесе көрегендік сезімі ретінде сіздің ойыңызда пайда болады. Бұл Стивен Спилберг сияқты автокөлік жүргізу кезінде немесе таңғы ас ішу кезінде пайда болуы да мүмкін. Кей кездері жауап сізге: «Анда бар, мынаны көр, мына кісіге телефон шал, т.б.» ойларды сыбырлап отыратын «ішкі дауыс та болуы» мүмкін.

Көрегендік сезімін ажырата білу мен ішкі дауысқа құлақ асу өз уақытымен келеді, бірақ сіз уақыт өте келе оны пайдалануды үйренесіз. Алғашқыда қолыңыздан келмесе, оған ренжудің қажеті жоқ. Көпшілікке ішкі сезімді ешкім түсіндірген жоқ, сондықтан да басында қиыншылықтарға тап болсаңыз, оған таң қалмаңыз. Бұл қабілеттілік жаттығулар арқасында күшті бола түсетін бұлшық еттер сияқты. Егер де ішкі сезіміңізге тиісінше мән берсеңіз, оған назар аударсаңыз, сенсеңіз, оның жауаптарына құлақ ассаңыз сіз ішкі дауысыңызды жетілдіресіз. Бірақ, ең алдымен, оның бар екеніне сеніп, оған құлақ аса бастаңыз.

Сіз құстарды жақсы білетін адаммен орманда серуендеген кезіңіз болды ма? Сіз бір ғана құсты көрген кезде, ол он құсты көріп үлгереді. Оның көзі үйренген, ол нені іздеп жүргенін біледі. Тұрақты түрдегі тәжірибе нәтижесінде оның есту қабілеті жақсарған. Ішкі дауыспен де солай болады. Ішкі жан дүниеңізде болып жатқанға аса мән беріп, құлақ асыңыз. Алғашында, ішкі дауыстың сізге айтқан ақпаратының көбіне назар аудармауыңыз мүмкін, бірақ көп уақыт ұзамай оны тыңдауды үйренесіз. Бұл сіз ойлағаннан әлдеқайда жеңіл. Сізден талап етілетіні – тек қана тәжірибе мен сену.

Көп жағдайда интуитивті адамдар сіздің түсіңізге кіреді. Аты танымал канадалық дәрігер Фредерик Бантинг инсулиннің химиялық құрамын түсінде ашқан. Ұзақ уақыт бойы қолы жете алмай жүрген формуланы ашудың нақты жолдары оның түсіне кірген: қай қадамнан кейін қай қадамды жасау керектігі. Тігін машинасын алғаш жасаушысы Элиас Хоу бірнеше жыл бойы осы жобамен жұмыс жасады. Бірақ, өзінің жұмысын мәресіне жеткізу үшін оған бір бөлшек жетпеді. Ол оны ұзақ уақыт бойы жасай алмады. Хоу түсінде жабайы адамдардың оған найза қадап тұрғанын көреді. Әр найзаның шетінде саңылау бар екенін көреді. Хоу иненің шетінде саңылау жасау керек деген сеніммен оянды. Бұл кішкентай ғана бөлшек тігін машинасын жасаудың кілті болды.

Түйсік әр уақытта шешімді әр түрлі айтуы мүмкін. Бірақ, сіз идеяның сапасы бойынша, пайда болған сезім негізінде интуитивті ақпаратты алып жатқаныңызды түсінесіз.  Қуаныш, өз-өзіңізге сенімділік пен сізді толқытатын сезімді бастан кешесіз. «Міне, осы» сезімдер сіздің миыңызда пайда болатын өзге ойлардан интуитивті идеяларды ажыратып тұрады.

Ішкі дауысқа ашылу

Ішкі дауыстың дамуына белгілі бір қарым-қатынас пен жүріс-тұрыс әсер етеді. Сондықтан да оларды жетілдіру керек. Түйсіктен нені қалайсыз және оған не істеу керектігін жеткізудің бірнеше тәсілі бар. Ішкі дауыстың бар екені жайлы фактіні қабылдап, оның күшіне сеніп, сіз оның жұмыс жасауына алғышарттар жасайсыз. Егер де сіз ішкі дауысты күнделікті өмірдің құраушысы және пайдалысы ретінде ойласаңыз, онда ол өзін көрсетеді. Сонымен қатар, «Мен бұл мәселені ешқашан шешпеймін» немесе «Мен бұл сұрақтың жауабын ешқашан таба алмаймын» деген ойлар ішкі дауысқа жұмыс жасамай-ақ қой деген сигнал береді. Сіз жай ғана жауапқа емес, ең дұрыс жауапқа лайықсыз деген сенімде болсаңыз, позитивті ойласаңыз, онда ішкі дауысты позитивті жұмыс жасауға бағыттайсыз.

Ұялмаңыз. Түйсігіңізге батыл түрде оның ақылдылығы мен білімі сізге бағыт бағдар беретінін айтыңыз. Мен өзімнің досыммен сөйлесіп жатқандай, түнгі уақытта түйсігіммен сөйлесемін. Мен оған (бір уақытта, оны өзіме де айтамын) оның күшті, әрі «абсолютті білімге» қолы жететінін айтамын. Мен оған менің қандай тілегімді орындауы керектігі туралы сенімді түрде айтамын. Содан кейін, бәрі орындалады деген сеніммен ұйқыға кетемін. Әрдайым орындалады.

Келесі ойды сіздің қолдауыңызға болады:

«Менің түйсігім – бұл менің табысқа жету жолындағы серіктесім».

Осы ойды бөлшектерге бөліп қарасақ, оның негізгі үш элементтен тұратынын көруге болады:

  1. «Менің түйсігім…» Осы сөзді айту арқылы сіз түйсіктің бар екенін мойындайсыз. Сіз өзіңіздің «көзге көрінбейтін» серіктесіңізді шынайы өмір сүруші ретінде қабылдайсыз. Сіз өзіңізге тағы бір рет оның өмір сүретіні туралы еске саласыз. Қорықпаңыз, бұндай еске салу артық болмайды.
  2. «…Менің серіктесім..» Серіктес – бұл ортақ мақсатқа жету үшін сізбен қоян-қолтық жұмыс жасап, барлық ауыртпалықты сізбен бірге көтеруші, сонымен қатар, әркім өз проблемасын өзі шешеді. Түйсіктің қолынан келетін жұмысты жасауына мүмкіндік беру керек: сізге нақты ақпарат, идеялар немесе жауаптар беру. Кез келген жағдайда сіз жалғыз емессіз, қараусыз қалған жоқсыз, сондықтан да әрдайым түйсігіңізге сенуіңізге болады. Ол сізді қажетті идеялармен жабдықтап, позитивті қызметтің көзі болып саналады.
  3. «…Табысқа жету жолында». «Табыс» сөзі сіздің жұмыста, адамдармен қарым-қатынаста және жалпы өмірде сіздің қалағаныңызды білдіретін кұдіретті сөз болып саналады. Осы сөзді қарапайым түрде ғана қайталау, энергия тербелісін тудырып, сізге қойған мақсатыңызға жетуге көмектеседі.

Тез арада шешім қабылдау керек болғанда, не істеу керек

Кей кездері тез арада шешім қабылдау керек: бір апта күтуге болмайды, нақ осы уақытта шешім қабылдау керек. Егер де сіз тез арада шешім қабылдауға тиісті болсаңыз, онда келесі мысалды пайдалануыңызға болады.

Денеңізді еркін ұстап, терең дем алыңыз немесе бірнеше рет иығыңызды айналдыра қозғалыңыз. Тыныштық пен еркіндікті сезініңіз. Миыңызды тыныштандырып, сенімді түрде он рет өзіңізге айтыңыз: «Мен әрдайым дұрыс шешім қабылдаймын». Сөз кұдыретін сезініңіз. Сенімді түрде айтыңыз. Осы сөзді соңғы рет айтқан соң, дереу шешім қабылдаңыз. Осылай, сіз қисындық ойлаудан арылып, түйсігіңізден жауап аласыз. Сіздің ойыңызға келген алғашқы ой жауап болып саналады.

Кей кезде қисындық ойлауды пайдаланбаған жөн. Тек қана қисын заңдылығына сүйеніп, өмір сүру мүмкін емес: біздің өміріміз құпиялар мен қарама-қайшылықтарға толы. Сол себепті өзіңіздің түйсігіңізге, сезімдеріңіз бен алдын ала сезу қабілеттеріңізге сену керек. Догматикалық түрде шектеулі рационалды ойлаудың шегінен шықпаймын деп тырысқанға қарағанда, осылай жасағанда адам ақиқатқа жақын болады.

Өкінішке орай, мектепте ішкі дауысқа құлақ асуды үйретпейді. Оның орнына балаларды білімді сұрыптау мен оның құпиясын ашуды үйретеді. Шынайы өмірде, сіз қажетті ақпаратты жинап қойсаңыз да, оңайлықпен толтыра алмайтын бос кеңістік пайда болатынын көрмеу мүмкін емес. Осы жерде сізге көмекке қорытынды шешімді айтатын ішкі дауыс келеді.

Сіздің өміріңіздің сапасы сіздің ойларыңыздың сапасына байланысты. Бір ақпаратты миыңыздан бірнеше рет жіберіп, бір нәрсені елеусіз қалдырдым деп қаншама рет миыңызда шешім немесе жауап табуға тырыстыңыз? Сіз жауапты таба алмадыңыз, себебі тек қана санаға жүгініп, мүмкін болатын шешімдер санына шектеу қойдыңыз. Ескі идеяларды пайдаланып, бірнеше жылдар бойы бір көзіңізді байлап, бір қолыңызды артқа қайырып байлап, бір орында тұрдыңыз. Өзіңіздің қалағаныңызды ала алмағаныңызға таң қалуға болмайды. Түйсік жаңа идеяларға, шешімдер мен жауаптарға толы. Өзіңізді шектемеңіз. Осы байлық көзін ашып, ең жаңасын, ерекшесін, динамикалылығын, өмірге толысын алыңыз. Бұл идеялар сіздің ішіңізде қазіргі уақытта өмір сүреді.

Түйсіктің құдыретті күшін түсінген соң, сіз ешқашанда идеялардың жетіспеушілігіне тап болмайсыз. Сіздің санаңыз бен ішкі дауысыңыз тұрақты түрде қажетті ақпаратты табуға бағытталған болады. Упанишадада жазылғандай «барлығы ішінде».

Дереккөз: Кітапты орыс тіліндегі «Подсознание может все» деген нұсқасынан қазақ тіліне аударған Мырзагелді КЕМЕЛ.

«Алауинформ» электронды нұсқадағы дереккөзі болып саналады.