Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ : » ШАЛДЫҢ ШАРУАСЫ» (Әңгіме)

0
3 104 рет оқылды

Жәкең бояла-бояла қызғылт тартып, сұйылып кеткен селдір шашын артқа қайырып тарап, айнаға ұзақ қарады. Костюмі шытырадай, бірлі-екілі орден-медалі кеудеде жарқырап тұр. Үйреншікті әдетімен исімайды үстіне қалай болса солай шашып-шашып алды. Жетпістің жуан ортасына келсе де әрін бермеген түрін, әжімі аздау негізінен жылмағайланып жылтыраған бетін айнадан көргенде іштей мәз болып, жүзінде шайтани күлкі үйіріле кетті. Кең дәліз арқылы шығар есіктің алдына барып, кері бұрылды да:

  • Мен кеш келемін. Есікті өзім ашып кіремін, естеріңде болсын! – деп,

орысшалап әлде кімге бұйыра ескерту жасады.

  • Әй, кете берші, қақбас! Айтпасаң да білеміз ғой ,– деп бұрқ етті төргі

бөлмеде көкжәшікке жабысып қалардай телміріп, телесериалдан көз алмай отырған кемпірі, қазақшалап.

Бұрыштағы бөлмеден жүгіріп шыққан жеті  жасар немересі «Аташка пока!» – деп қолын шошаңдатты да есікті тарс жауып алды.

Жедел сатымен лезде жертөледегі паркингке түскен Жәкең қара кері айғырдай керіліп тұрған дәу джипін от алдырды да, әлде біреуге телефон шалды:

  • Әлө, Алтынай! Бұл Жәкең ағаң ғой. Иә, иә. Мен ана бір мұртты

жүгірмектен шақыру жіберген едім ғой. Жол-жөнекей соғып ала кетейін бе? А, өз көлігіңмен шығып барасың ба? А, бопты, бопты. Ендеше, орын алып қоямын. «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» дегендей осы жолы ағаңмен табақтас бол, енді, иә, айналайын!

Телефонын қалтасына сүңгіткен Жәкең ауладан шығып, көлігін Есіл өзенінің оң  жағалауына апаратын кең даңғылға қарай бұрды.

Жәкең көп жыл көршілес тұрған үлкен елде советтік қызметтерде болған, Тәуелсіздік жылдарында елге келіп, лауазымдық міндеттер атқарған, ғылым докторы атанған. Қазір зейнеткерлікке шықса да қарап жүрген жоқ. Тіл жанашыры деген жаңа атағымен бірге оның төрағасы деген қоғамдық лауазымы тағы бар. Қаланың қақ ортасындағы бір ресми мекемеге тиесілі  кеңсенің бел ортасынан ойып тұрып алған жеке кабинетінде үкіметтен жымқырған тендерін игеріп, қазақ тілінің қамы үшін шырылдап-шырқырап отырғаны.

Арасында аты дардай университеттің студент, магистранттарына дәріс оқитын білдей профессорлығын айтсаңшы. Бірақ, дәрістен бұрын дікіңдеп ұрсуы көп. «Сендер қазақша сөйлеңдер, қашанғы өзара орысша шүлдірлейсіңдер!» деп қазақ тобындағы шәкірттеріне дөң айбат көрсеткені болмаса, орыс тобының дәрісханасына кіргенде, қарыс түйілген қабағы ашылып, қатал мінезі қорғасындай балқып, мүлде басқаша сайрап кетеді. Екі топта да негізінен өзінің өмірбаяны мен таусылмайтын естеліктерін айтып жастарға «білім» береді.

Сонымен, тіл жанашырларының халықаралық жиынына келген өкілдерге арнап қонақасы беретін ірі мейрамханаға тіл төңірегіндегі қоғамдық істердің төрағасы Жәкең де ат басын тіреді. Ішке кіре сала, жаңа ғана телефонмен тілдескен, жасы елуге келсе де сыны мен сымбатын бұзбай сақтаған кербез сұлу Алтынайға көзі түсті. Аман-саулықтан кейін оның «аға, қолымды жіберіңізші» деп сыбырлағанына қарамастан білегінен тас қып ұстаған бойы жетелеп отырып, төрден бірақ шықты.

Асаба жігіттің өзін таныстырғанына Жәкеңнің көңілі онша толмады. Микрофонды одан жалма-жан жұлып алып, самбырлап сөйлеп кетті. Тіл мәселесі жайына қалып, өзі туралы ода мен мадақты өзі баяндап, өзіне өзі сүйсініп ұзақ сөйледі. Жиналған жұрттың іштері пысып, тоқтатпақ болып қол шапалақтайды. Ал, қол соққан сайын Жәкең одан ары шабыттанып, қыза шапқан қазан аттай өршелене түседі.

Ақыры оның да шегі бар екен, әйтеуір, тоқтады. Өз кіндігінен туған ұлы мен қызы, келіні мен күйеубаласы, немере-жиендері қазақша ауыз ашпаса да, орысшаға келгенде түбін түсіреді. Қазір бала-шағасы жаппай  ағылшын тілінің соңына түсіп алған. «Үштұғырлы» деп аталағаны болмаса, басқаны қайдам, дәл Жәкеңнің отбасында кемпірі ғана болмаса, қазақ тіліне пысқырып та қарап жатқан ешбірі жоқ. Соған қарамастан Жәкең көшеде екі қазақ өзара орысша бірдеме деп қалса, жағасынан ала кететін керемет тіл жанашыры, қажымас күрескер, еңбегі ерен қайраткер.

Арасында ұлттық өнердің де жанашыры бола жүріп, қоғадай жапырылған көрермендерден түскен қыруар қаржыдан үлес алып қоятыны бар. Сөйтіп жүріп қамшы өріп, шідер түйетіндерге академиялық жоғары білімнің дипломын беретін етіп, оған арнайы грант тағайындатып, заңдастырып алған жайы бар. Құдай бұйыртса, енді, дипломды қамшыгерлер мен шідершілер пайда болмақ.

Той жалғасып жатыр. Елдің әр тұсынан келген өкілдері бар, алыс-жақын шет елден арнайы шақырылған қазақ диаспорасының марқасқалары бар алма-кезек тост айтып, Жәкеңді тамсана мақтап жатыр. Тойға жайылған дастарқан халықтан жиналған салық пен жарна  есебінен ал, алғыстың бәрі қыруар қаржыны жамбасқа басып алған Жәкеңе тиесілі.

Айналасы үш сағатта той да тарқады. Осы сәтті асыға күткен Жәкең Алтынаймен бірге тысқа шыққан.

  • Қанеки, Алтынай, жүр! Менің көлігімде отырып біраз әңгімелесейік.
  • Аға, рахмет! Мен кетейін.
  • Жо-жоқ, олай болмайды. Кел!

Қатарласып отыра бере Жәкең көлігіне от алдырды.

  • Ал, кеттік пе?
  • Қайда ағасы?
  • Сенің үйіңе барайық та.
  • Болмайды, аға!
  • Неге?
  • Үйде қызым бар, студент. Түннің бір уағында еркек алып барсам,

зәресі ұшып кетер. Әкесі өмірден өткелі, ес білгелі ол менің босағамда бөтен ер адамның қарасын көрмеген. Құрысын, қойыңыз!

  • Онда менің кабинетіме барайық. Онда шай ішеміз, диван да бар…
  • Аға, сіз не айтып отырсыз?
  • Не айтқаны несі? Бала-шаға емеспіз, турасы, жантайып… көңіл көтеріп… құмарымызды қандырып..дегендей… енді…
  • Жоқ, ағасы! Оныңызбен келісе алмаймын. Аман болыңыз! – деді де,

Алтынай шығып кетті. Анандайтын жерде тұрған өз көлігіне барып от алдырды да бұрылып кете берді.

Шал оңбай бүлдіргенін сезіп, бармағын шайнауға шақ қалды. Қаладағы белді кәсіпкерлердің бірі деп ана мұртты жүгірмек таныстырып еді. Байы жоқ дегесін бас тарта қоймас деп ойлап еді, қатты қателескен екен. Мұны білгенде, бір шаруаға демеуші бол деп қолқалап, азын-аулақ тиын-тебен түсіргені артық болмас па еді. Қап! Тым құрығанда, ол қатынды қаптаған қонақ үйлердің біріне шақырса ғой. Бәлкім, иланар ма еді. Бірақ, Жәкең өзгенің есебінен болмаса, өз қалтасынан бір тиын артық жұмсамайтын адам.

Сағатына қараса, түнгі он жарым екен. «Әлі ерте» деп сыбыр еткен ол кеңсесіне қарай тартты. Жәкеңнің түнгі сағат үш болмай кабинетті босатпайтынына әбден көзі үйренген күзетші дереу есік ашып берді.

Жазу үстеліне жайғасқан Жәкең екі күн бойы дүрілдетіп өткізген жиынға арналған есеп-қисабын қолына алды. Іс-шара өткен соң шығынсыз бола ма, біраз қаржы шыр ете түскен екен. Бағдарлама мен жұмыс жоспарын қолына алып сүзіп шықты. Егер жан-жақтан келген делегаттардың жол шығынын өтемей өз мойындарына артып кеп жіберсе, мол олжаға кенелгендей екен. Калькулярторын тарсылдатып біраз басты да ойға кетті. Сәлден соң «Бітті, жол-пұлдары әр делегаттың өз мойнында» деп сыбыр етті.

Кешке болған ыңғайсыз жайттан жабырқап қалған көңілі енді, жадырап кеткендей болды. Бірдеме есіне түскендей телефон тұтқасын қолына алып әлде бір жаққа қоңырау соқты.

  • Әлө! Не істеп жатсың-ей?
  • Ағатай, түнгі сағат үште адам ұйықтап жатпағанда не істеуші еді? – деп

ұйқылы-ояу міңгірлеген мұртты жүгірмек сұрағына сұрақпен жауап қайтарды.

  • Жап-жас болып, сендер ұйықтап жатасыңдар. Ал, мен әлі жұмыста

отырмын. Осы сендер… – дей бергенде, тұтқаны сарт еткізіп  қоя салған дыбыс құлаққа түрпідей тиді де, дит-дит деген сигнал іліп әкетті.

Шал енді конторлап отырудың мәні жоқ дегендей орнынан тұрып, дереу жиналды да үйіне қайтты.

Күндегі әдетімен асықпай жұмысына келсе, есік аузында қаптаған жұрт абыр-сабыр. Күзетші Жәкеңді көре сала:

  • Ағасы, мына кіселер таңнан бері сізді күтіп, сабылып жүр.

Оларға не керек екенін Жәкең жақсы біледі. Топырлаған топқа қарап

былай деді:

  • Айналып қана кетейіндер! Мұнда бәріңмен жеке-жеке сөйлесуге

уақытым жоқ. Әр өңірден, әр елден келген делегаттардың өкілі ретінде топ басшылары қазір маған бір-бірлеп кезекпен кіріңдер. Проблеманы шешіп беремін.

Кабинетіне кірген соң өткен түнде дайындап қойған конверттерді сейфтен алып, тартпасына салды да төменге телефон шалып:

  • Әлгілерді бір-бірлеп кіргізе бер! – деп бұйырды.

Оңтүстік өңірлерден келген өкілдердің басшысын көндіру қиынға соқпады. Оған тіпті тартпадағы конвертті ұсынудың да қажеті болмай қалды. Сөзін бастап шет-жағасын ғана жеткізгені сол еді, бірден іліп әкетті:

  • Жәке, о не дегеніңіз. Бәрін өзім реттеймін. Қоғамдық бірлестікте

қыруар қаржы қайдан болсын. Жігіттерге бәрін түсіндіремін. Әр қайсы өз есебінен ауылдарына қайтады. Бітті, көке! Келістік – деп, тайып тұрды.

Елдегі өңірлердің көбі солай болды. Әсіресе, ел астанасына жақын облыстардың делегаттары өз көліктерімен келгендіктен еш мәселе туындаған жоқ. Шетелден келген аз ғана қазақ қиғылық салды.

  • Бізге жіберген шақыру хаттарыңызда жол сапардың барлық шығынын

көтереміз деп жазып, арнайы хабарлағансыздар. Жолға қаражат бермейтін болсаңыздар ертерек ескертулеріңіз керек еді. Іргедегі ауылдан емес, айшылық алыстағы шетелден келіп отырмыз.

Оларды бастап келген басшыларына сақтап отырған конверттерінен ұсынып көріп еді, шатақ шыға жаздады. Тас-талқан боп ашуланып, болмашы тиын-тебен үшін сапарластарын сатпайтындарын айтып, біреуі тіпті, үстелін тоқпақтап мінез көрсеткенін қайтерсің.

Жәкең де алған бетінен қайтпай, міз бақпастан былай деді:

  • Айналайындар-ау, біз жай ғана қоғамдық бірлестікпіз. Сендерді

шақырар кезде демеушілік жасаймыз дегендер болып еді. Бүгін олар уәделерінде тұрмай айнып қалды. Енді, мен не істей аламын? Зейнетақымның аз ғана ақшасын бере салар-ақ едім, ол бір адамға да жетпейді ғой – деп өтірік мүләйімси қалды.

Шарасы таусылған делегаттар ағайын-туыстарынан ақша-пұл алдырып, көбі қарызданып-қауғаланып жүріп, зорға дегенде қараларын батырды.

Шын мәнінде, демеушілері бар, өкіметі бар, көп қаржы бөлген. Бірақ, оның жымын білдіртпестен Жәкең жамбасқа басып қалды. Десе де, сейфте жинағаны бар, шетел асырғаны бар, біршама қаржы жиналса да, Жәкең үшін мұнысы әлі аз. Себебі, өзінің бір құрдасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды» деп ұрандатып жүріп, «қазақ тілін өз тұғырына қондырамын» деп көп қаржы алған. Бірақ, тұғырына қонған тіл де, әлгі пысықай неме де елде жоқ. Қазір сол ақшаның игілігін жеке басы өзі көріп, сонау мұхиттың ар жағындағы Чикаго қаласында зәулім сарай салдырып алып, рақаттана күн кешіп жатыр. Жәкеңнің ол немеден қай жері кем?

Ал, енді жұмысты жүрдім-бардым атқарса да қағаз жүзінде көзбояушылықпен есеп беруге келгенде Жәкең алдына жан салмайды. Қаржылық есептің де орнын жабудың түбін түсіреді. Совет кезінде меңгерген теңдессіз өнері мен қабілетінің бірегейі осы.

У-шу басылып, айнала тынышталған соң Жәкең елдің бірнеше телеарналары мен радиостудияларына барып, өзі өткізген ұлы жиыны туралы интервью беріп тастады. Ел көлеміне кең тарайтын төрт бет газетке көлдей-көлдей сұхбаттарын қасқайып тұрып түскен суретімен қоса жариялатып жіберді. Кездесе қалған жұрттың бәрі мәз. Жәкеңнің ұлттың қамы мен тілдің жайы үшін ұлы істер атқарып жатқан ерлігіне тамсанады.

Қазақ элитасы арасында да Жәкеңнің мерейі үстем. Мәртебесі биік жиындарда оған әрдайым төрден орын ұсынады, алғашқылардың қатарында мінберге көтеріліп сөз алады, тойларда да айдарынан жел есіп, көсіле сөйлеп тұрады. Арасында өзін желеп-жебеп, қолдап отыратын лауазымы жоғары, жерлес інішегінің қабылдауында да болып тұрады. Сол жерлесінің абыройын көтеріп, халық арасында жағымды имиджін қалыптастыру да шалдың басты шаруасының бірі болып кеткен.

Осындай қым-қуат шаруалармен күнелтіп жүргенде аяқ астынан күтпеген жағдай болды. Әлгі жерлес інісіне хабарласа алмай жүргеніне біраз уақыт өткен еді. Бір күні теледидардан жаңалықтар көріп отырса, оның пара алу үстінде тұтқындалғанын көрсетіп жатыр. «Қаржы жымқырған оның өзге де сыбайластары іздестіріліп жатыр» деп қояды, әлгі тілші қанен қаперсіз. Жүрегі тас төбесінен атып шыға жаздады.

Сол түні Жәкеңнің ұйқысы қашты. Ендігі күнінің не боларын ойлап уайымға батты. Егер жерлесімен ұдайы байланыста болғандардың ізіне түссе, өзінің де сүттен ақ, судан таза емесі айдан анық. «Өкіметтің құрығы ұзын» деп анасы марқұм айтып отырушы еді. Егер бұл былыққа шатылса балаларының қызметіне де салқыны тиеді. Олардың қызметте өсу үміті үзіліп, бәрі әдірем қалады. Оның бүйтіп ұсталарын білгенде баяғыда іргесін аулақ салып өз жайында жүрер еді. Бірақ, енді бәрі кеш.

Таң алдында ғана көзі ілінгендей болды. Неше түрлі қорқынышты түстер мазалап, жөнді демала алмады. Таңғы шайдан соң күндегі әдетінше кабинетіне келіп, құнжыңдап бірдемелер жазған болып, қағаздарын реттеп отырған. Мекеменің шаруашылық жөніндегі орынбасары екі көмекшісімен бірге келіп:

  • Ағасы, ертеңнен бастап кабинетті босатуыңыз керек.
  • Қарағым-ау, өзге жерден бір орын тауып алғанымша мұрша

берсеңіздер қайтеді? Ұлт үшін құрылған ұйымбыз ғой.

  • Үкіметтік мекеме бола тұра қоғамдық бірлестікке не үшін кабинет

бердіңдер деп жоғары жақ  ұрсып жатыр. Өз қызметкерлеріміз сыймай жатыр ғой, ағасы. Беделіңіз бар, бір жерден тағы отыратын орын табарсыз – деді де, бұрылып кете берді.

Оның «отыратын орын» деген сөзі біртүрлі ыңғайсыздау тиді. Бейне бір абақтыдан отыратын камера табылады дегенді меңзеп тұрғандай көрінді.

Түстен кейінгі уақыты «отыратын кабинет» іздеумен өтті. Астанада не көп, бизнес орталықтары көп. Бәрін түгендеп шықты десе де болады. Бірақ, ешбірі рай таныта қоймады. Алғашында, бәрі жылы шыраймен қабылдап бәйек болып қарсы алады. Артынша, «демеушілік жаса», «ұлттың қамы үшін», «ана тіліміздің мүддесі ғой» деп мүләйімсіген сөздерін естіген соң нілдей бұзылып, тезірек қоштасуға асығады.

Жұмыс уақыты аяқталған соң кабинетіндегі оны-мұны заттарын саяжайына тасып апарып, түн ауған сәтте ғана кабинеттің кілтін  күзет қызметіне өткізіп, біржолата қоштасты.

Таңғы шай үстінде бәйбішесі шалының көңіл-қошы болмай отырғандығының себебін сұраған. Ол мандытып ештеңе айтпады. Азаннан ақшамға дейін теледидарды ермек ететін бәйбіше кешегі алған ақпаратымен бөліскенде Жәкең талып түсе жаздады. Естуінше, әлгі тұтқындалған жерлесінің соңынан ерген тағы бірқатар лауазымдылар қызметтерінен кетіп, кейбіріне іс қозғалыпты. Сыбайластарын тағы да іздестіріп жатқан көрінеді.

Ары қарай тыңдауға зауқы соқпаған шал тезірек кетуге асықты. Шұғыл шаруасы бардай көлігіне от алдырып, әлде бір жаққа тартып кетті. Тағы да бірнеше мекеменің табылдырығын тоздырды. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Енді бір мекемеге келіп еді, есік алдынан қайтуға мәжбүр болды. Себебі, түскі үзіліс екен. Соғыс жүріп жатса да «әбедін» ұмытпайтын Жәкең үйіне келді.

Тамақты құшырлана жеп отырған шалының ләм-им деп ауыз ашпағанына таңданған бәйбіше:

  • Не болып жатыр? Тыныштық па, әйтеу?
  • Тыныштық. Ештеңе болған жоқ.
  • Қабағың түскен шаршаңқысың ғой.
  • Кабинет ауыстырып жатырмын. Басқа жақтан бірдеме табу керек.
  • Кабинетте басың қалды ма? Үйде де тұрған жоқ па, әне?
  • Үйде отырып, мәселе шеше алмаймын. Кабинет керек.
  • Мейлі, өзің білші. Зейнеткерлікке шыққан соң демалу керек қой.
  • Жарайды, демалу демекші, мен мызғып алайын. Дәл бір сағаттан кейін

мені оятарсың! Кетуім керек, шаруа көп.

Жәкең көп жылғы әдетімен бөлмесіне кіріп мызғып алуға кетті. Бес-он минут дөңбекшіп, кабинеттің табылмасына көзі жеткенін ойлағанда көкірегі қарс айырылып кетті. Біраз жатқан соң үйреншікті әдет қой, дереу қор етіп ұйқыға кетті.

Дәл бір сағаттан соң бәйбіше Жәкеңды оятуға барған. Әдетте бір рет дауыстағанда атып тұрып жалма-жан киініп, сыртқа атып шығатын Жәкең мүлде мызғымады. Қасына барып, тартқылып көріп еді, жансыз денесі гүрс етіп кілемнің үстіне құлай кетті. Ойнақшып тұратын қос жанары мәңгілікке жұмылғанын көрген бәйбіше «Кабинетте нең бар еді, басың қалғыр-ау!» деп  көп бөлмеден тұратын пент-хаусты басына көтеріп, ойбайға басты.

2016.