Джон Кехо: «Түйсігіңмен ойлай біл»- «Қиялыңа сен»

0
2 539 рет оқылды

4 бөлім. Ойды қалыптастыру (Жалғасы. Бастапқы жазбаға бару үшін осында басыңыз.)

 Объект немесе мақсат ой түрінде қалыптасса, оның форма түрінде жүзеге асуы уақыт еншісінде. Көрегендік жүзеге асудың алдында жүреді.

Лиллиан Уайтинг

Егер де көзге елестету өзіңіздің видеофильміңізді жасаумен ұқсас болса, онда ойды қалыптастыру дыбыстандыру сияқты, тек қана картинаға сөздер орнына тиісті сезімді қосасыз. Мысалы, сізге өз фирмаңыздың қызметкерлеріне тұсаукесер рәсімін жасау керек. Осы іс-шараға менеджерлер мен басшылықтың қатысатынын есте ұстауыңыз қажет. Егер де осы іс-шараны ойдағыдай өткізсеңіз, онда сізге жұмысыңызда жоғарылауға мүмкіндік туады. Бұл тұсаукесерді ойдағыдай өткізу сіздің жұмысыңыз үшін өте маңызды. Сіз «ойды қалыптастыру» тәсілін қолдану туралы шешім қабылдадыңыз. Бес-он минут ішінде ойды және сезімді қалыптастырып, тұсаукесерді жасадыңыз. Тұсаукесер өте сәтті өтті. Сіздің сөз сөйлеуіңіз баршаға оң әсер етті. Бәрі артта қалды! Сіз өте тамаша тұсаукесер жасадыңыз!

Көзге елестетуге қарағанда ойды қалыптастыруда сіз, ең бірінші кезекте, елестеткен қиялыңызды сезуге баса назар аударасыз. Осы жерде ойынға қиял кіріседі. Сәтті тұсаукесерден алған әсеріңіз қандай? Қандай сезімде болдыңыз: қобалжу, қанат біту немесе тыныштық сезімі, мүмкін қатты жүйке дірілін сездіңіз бе? Сіздің сезіміңіз қандай болса да, оны ойша өзіңіз сезініп, өзіңіздің бойыңыз арқылы өткізіңіз. Өзіңіздің арманыңызға қол жеткізген сенімімен өмір сүріңіз. Барлығы сәтті, ойдағыдай болуына ұмтылмаңыз. Тек қана, мұны өткен факт ретінде санаңызда сақтаңыз. Мына ойды есіңізде ұстаңыз: «Бәрі сәтті өтуге тиіс» деп айтудың орнына «Бәрі сәтті өтті» деп айтыңыз. Бәрі артта қалды, сіз қалағаныңызға қол жеткіздіңіз, сондықтан да өз жеңісіңіздің нәтижесіне ләзаттаныңыз. Өзіңізді құттықтаңыз. Қуаныштан секіріп, айқайлаңыз. Мақсатыңызға жеткізген сезімді қайта-қайта өзіңіздің бойыңыздан өткізіңіз.

Сонымен қатар, осы мақсатқа қалай жеткеніңіздің картинасына аса мән берудің қажеті жоқ, әрине, осындай ойлар сіздің миыңызда пайда болуы әбден мүмкін. Жеткен жетістігіңіздің сіздің тәніңізге қалай әсер ететіні сізді қызықтыру керек: бетіңіздің шырайлануы, жүрегіңіздің қатты соғуы, алақандарыңыздың терлеуі.

Інжілде Христостың шәкірттері одан Құдайға жалбарынуды үйретуді сұрайды. (Сіз Інжілге сену немесе сенбеуге құқығыңыз бар. Бірақ, мұнда мидың жұмыс жасауына қатысты маңызды ақпараттар көп). Иисус былай жауап қатты: «Құдайға жалбарыну кезінде сұрамағаныңызды өзіңізде бар деп сеніңіз, сонда бәрі болады». Назар аударыңыз: Христос айтады, сіз жаңа ғана қол жеткізгеніңізге сенсеңіз, онда оған қол жеткізбейсіз, ал егер де, бұған дейін қол жеткіздім деп сенсеңіз, онда қол жеткізесіз. Сіз бір нәрсені тек қана қалап және үміттеніп қоймайсыз, ерекше ішкі жан дүниеңізде – ой әлемі мен шығармашылық энергиясында қалағаныңыз туралы өтініш білдіресіз. Ми күшін пайдалану сұрақтарын жақсы білетін кез келген адам оның қуатты процесс екенін айтады.

Мен сіздерге екі жақсы достарым – Билл және Дженет Хендерсендермен болған қызықты бір оқиғаны айтып берейін. Олардың отбасы мүшелерінің саны тұрақты түрде көбейіп отырғандықтан, олар бәрі бірдей сыятын үй сатып алғылары келді. Әрине, қала үйлері ауыл үйлерімен салыстырғанда қымбаттау, ал олардың отбасы үлкен болғандықтан, кең үй керек болды. Хендерсондарда ерекше талап болды: тек қана үлкен үй керек емес, сонымен қатар, үлкен теннис алаңы бар үй және осының бәрі қолжетімді бағаға. Барлығы бір ауыздан: сендер жұмсайын деп отырған ақшаға мұндай үйді сатып ала алмайсыңдар деп айтса да, Хендерсондар ешкімге құлақ аспады. Билл мидың күшін жұмыста және отбасымен қарым-қатынаста пайдаланғандықтан, оның шындыққа жанасатынына көзі жеткен. Ол Дженетпен бірге болашақ үйлерін қиялдап, елестететін.

Екі ай өткен соң олар мені өздерінің жаңа үйлеріне қонаққа шақырды. Біз үлкен бау-бақшаны араладық. Ағаштарға, талдарға және гүлдерге қараған сәтте, олар ауылдың бір бөлшегін өздерімен бірге қалаға алып келгендей сезілді. Кейін, үйді аралап экскурсия жасадым. Үйдің кең болғаны соншалық, отбасындағы әр бала өзінің жеке бөлмесі болды, сонымен қатар жұмыс бөлмесі, демалыс бөлмесі де болды. Осының бәрі, олар жұмсаймыз деп шешкен қаржы сомасына сатып алынды!

«Қиял-ғажайып ертегідей! – дедім мен. – Осындай үй сатып алғаныңыз ғажап деп ойламайсыз ба?»

Билл жауабынан мен оның ми жұмысын терең түсінетінін байқадым және оның айтқан жауабын ешқашан ұмытпаймын: «Жоқ, – деді ол. – Біз таңқалған да жоқпыз. Біз өзімізді осыдай үйдің иесі ретінде екі ай бұрын елестеткенбіз».

Ол осы сөзді үлкен сенімділікпен айтты. Расында да, ол осы үйді екі ай бұрын өзінікі деп есептеген. Билл мен Дженет ішкі жан дүниелерінде екі ай бұрын осы үйге өз құқықтарын білдірді, яғни ойша осы үйге иелік етті. Мұнда олар шешуші сөздер айтып, белгілі бір дауыс ырғағын пайдаланып, өздері үйдің иелері екендеріне күмән келтірмеді. Олар өздері қалаған үйді қашан және қайдан табатындары туралы ойламады, тек қана осы үй өздерінікі болады деген сезімдерімен ғана жұмыс жасады. Олар ойша осы үйге «иелік» етті. Маған көрсеткен нақты осы үй емес, себебі олар бұл үйдің бар екені туралы хабарсыз еді. Бірақ, олар өздерінің нені қалайтындарын нақты білді, және бұл ой мақсаттарына жеткенге дейін олардың санасында қалыптасып, орнықты.

Бүгінгі таңда Хендерсондар ми күшін пайдалану мен ойды қалыптастыру тәсілдерін тәжірибеде қолданып қана қоймай, сонымен қатар, өздерінің балалары өмірде сәттілікке және әл-ауқатқа қол жеткізулері үшін оларға осы тәсілді үйретуде. Балаңа табиғаттың мүмкідіктерін түсінуді үйретуден асқан мұра қалдыра аласыз ба?

Біз бәріміз де осындай күшке иеміз. Ойлар бізді қоршаған ортаны жасайды. Ал, ойды қалыптастыру тәсілі өзіңіз қажет деп тапқаныңызға қол жеткіздім деп миды бағыттаудан ғана тұрады.

Көзге елестету жағдайындағыдай, ойды қалыптастыру әдісін мағынасыз қиялдаудан қайталау мен байсалдылық ерекшелейді. Сонымен қатар, сіз сағыммен өмір сүрмейсіз. Сіз сізде жоқ нәрсені сізде бар ретінде қиялдап, оған сеніп, уақытыңызды бос өткізбейсіз.

Ойды қалыптастыру – бұл ойша жаттығу. Бұл жаттығуға күніне бес минутыңызды арнап, бес минуттық энергия жарылысын тудырасыз. Жаттығу барысында бір күніңізді де қалдырмай, уақытылы жасап отырасыз. Қайталаудың маңыздылығын асыра бағалауға болмайды. Ойлаудың өзге әдістеріндегідей сияқты осы әдісті кезең кезеңмен пайдалану тиісті нәтиже бермейді. Өзіңізге белгілі бір бағдарлама белгілеп, оны нақты ұстаныңыз. Өзіңіз армандаған затыңыз, оның сипатына байланыссыз, қолыңызға тиді деген сезімді бойыңызда қалыптастырыңыз. Ол сіздікі. Осы сезіммен өмір сүріңіз. Оны сезініңіз. Қуанып, қобалжыңыз. Ол толыққанды сіздікі деп есептеңіз. Өзіңіздің жан дүниеңізде оған иелік етіңіз.

Ойды қалыптастыру әдісін сәтті қолданудың екі шарты

 

  1. Осы әдісті өзіңіз қалаған затыңызға иемін немесе өзіңіз ұмтылған арманыңызға жеттім, – деген оймен қолданыңыз.
  2. Мұны күнделікті жасаңыз, өз уақытында, күніне бес минутыңызды арнаңыз. Осы әдісті аптасына бір сағат жасағанша, күніне бес минуттан жасаған әлдеқайда тиімдірек.

Дереккөз: Кітапты орыс тіліндегі «Подсознание может все» деген нұсқасынан қазақ тіліне аударған Мырзагелді КЕМЕЛ.

«Алауинформ» электронды нұсқадағы дереккөзі болып саналады.