Соичиро ХОНДА HONDA MOTOR-ды қалай ойлап тапты?

0
1 762 рет оқылды

Күншығыс елі таң қалдырудан жалығар емес. Айтарлықтай кең территориясы жоқ, жер сілкінісі бар, табиғи ресурстары аз, технологиясы мол Жапония бүгінде әлемдік аренадан өз орнын тапқан ел. Меніңше, Жапонияның байлығы – жапондықтар секілді.

Осыдан 70 жыл бұрын «HONDA MOTOR» автомобиль өндіруші компаниясы дүниеге келді. Әлемде «жапондық БМВ» аталған компанияның негізін қалаушы, кәсіпкер, инженер Соичиро ХОНДА

Қарапайым отбасында дүниеге келген жапон баласы дәл осындай әйгілі кәсіпкерге айналады дегенге сол кезде ешкім сенбес еді. Бірақ ол өз тегін ғана емес Жапон халқын бар ғаламға танытты. Оның еңбекке құштарлық пен автомобиль иесі болғысы келетін ұлы арманынан басқа ештеңесі жоқ еді. Сол арманы адастырмады.

Ондаған жылдар өтпей жатып 1000-ға жуық автомобиль мен мотоциклдың иесі атанған Хонданың жеке меншік тікұшағы да болды. Бұл үлкен жетістік. Сонда да ол өзін өзгелерден ешқашан биік ұстаған емес.

Соитиро Хонда 1906 жылы Жапонияның Хамаматсу қыстағында дүниеге келген. Асқақ армандарға ұмтылу бала кезден басталатыны мәлім. Соитиро бала болып ойнаған жоқ. Әкесі Джихей Хонда нанын адал жолмен тапқан, қарапайым көлік жөндеуші еді. Соитиро бүкіл уақытын велосипед жөндейтін әкесіне көмектесуге арнады. Оның ең сүйікті ойыншықтары велосипед құрал-саймандары болатын.10 жасында алғаш рет ұшақ пен пилотты көрген Соитиро аспан әлемін бағындырғысы келеді.

ЖЕТІСТІККЕ  ЖЕТЕЛЕГЕН  ЖЕР  СІЛКІНІСІ…

1922  жылы 8-сыныпты тәмамдаған Хонда Токиодағы «Art Shokai»  автошеберханасына көмекші қажет екенін газеттен оқиды да арманның алғашқы белесін бағындыру үшін 358 шақырым  қашықтықта орналасқан астанаға жаяу аттанады. Алғашында үйренуші-механик болып жұмыс істеген кішкентай кәсіпкер өзі өлердей қызыққан автомобильдің «ішек-қарынын» ақтарады. Бір жылдан соң 1923 жылғы жер сілкінісінде Токионың өрт құшқанда, бұрын автомобиль ауыздықтамаған Хонда жанып жатқан гараждан үш машинаны алып шығады. Жұмыс берушісінің сеніміне кірген Хонда, енді оның рұқсатымен сол шеберхананың жартысынан көбін иеленеді. Бұрын автомобиль доңғалақтарына бекіткіштер ағаштан жасалса, Хонда алғаш болып өртке төзімді, металдан жасалған автомобиль доңғалағына бекіткіш ойлап табады. Бұл оның алғашқы өнертабысы болатын.

                  ЕШКІМ  ЖАҢАРТПАҒАН  РЕКОРД…

Шеберхана иесі Юзо Сакакибара гонкалар үшін барлық құрбандыққа баратын адам екен. Осы есептен Хонданың бос уақытында гонкалар жасауын өтінеді. Әскери авиацияда қолданылатын Curtis-Wright двигателін тарту етеді. Хонда одан өзге барлық жабдықтарын өзі жасайды. Үздіксіз еңбектің нәтижесін 1936 жылы ең алғашқы әрі ғажайып гонкасын жарыққа шығарды.

«Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің»,-демекші, көп адамнан  табылмайтын ерек мінез, тәуекелге бел байлау, тұщымды тағдырға бәс тігу қасиеттері Хондамен егіз еді.Отызыншы жылдары гонка жарысына қатысамын деп өлім аузынан қалған оны үш ай бойы ауруханадан шығармайды және енді жарысқа қатысуына қатаң тыйым салынады. Хонданың тірі қалуы мың адамның біріне берілетін ғажайып сый секілді. 120 км/сағ  жылдамдықтағы автомобиль бірнеше рет аударылады. Осы жылдамдықтағы рекорд 10 жыл бойы жаңартылмапты-мыс.

                 «БИЗНЕС ДӘСТҮРЛЕРІНЕ»  ҚАРСЫЛЫҚ

1947 жылы «HONDA MOTOR» компаниясының халыққа қызмет көрсетуін бастайды. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі ең ірі өндіріс болып саналатын компанияның күші – ерекше дизайны, техникалық қуаты және нарықтық қабілеттілігімен өлшенеді. Бүгінде бұл компания  әлемде мотоцикл өндіруден бірінші орынды иеленсе, автомобиль шығарудан ең мықты ондыққа енді. Хонда – америка автомобильдерін жолда қалдырған жапоннан шыққан алғашқы өнертапқыш.

«Мен өмір жолында көптеген қателіктерге жол бердім. Бірақ мен бір қателікті  ешқашан екінші рет жасаған емеспін. Бәлкім, менің жетістіктерімнің кілті осы шығар»,-дейді Хонда. Тағы бірде: «Сәттілік – қайталана беретін жол болмаушылық пен өз-өзіңе есеп беру арқылы келеді. Шындығында, сәттілік  1 % үздісіз жұмыс істеу, еңбек етуден және 99 % – сәтсіздіктерден құралады»,-депті.

 

  • Кәсіпкер қол жетпес мақсат қойып, соған жету жолында кез келген жеңіліске дайын болуы тиіс.

  • Сүрген өміріме бұрылып қарасам қателіктерді, кемшіліктерді және қиындықтар сериясын көремін. Бірақ, жетістіктеріммен мақтанамын.

Ол қалыптасып қалған жазылмаған заңдылықтарды шамасы келгенше бұзып-жаруға тырысты. Мысалы, жұмысқа қабылданушының арнайы жоғары білімі Хонда үшін маңызды емес. Себебі, тек білімге ғана сүйену жаңа идеяларды ойлауға кедергі жасайды деп ұққан. Мұнысы шындыққа жанасады. Өз компаниясында 65 жасына дейін жұмыс істеген Хонда жарыққа шыққан әрбір автомобильді баласындай аялап, алғаш болып өзі жүргізіп көріп, қолайлы болса ғана өзгелерге ұсынуды әдетке айналдырған. Билікке, компания басқармасына өз туыстарын мүлде жақынжатпаған ол: «Компанияның негізін қалаушы қанша жерден мықты болса да, оның ұрпағы сондай қабілетті деуге болмайды. Сондықтан компанияны басқару тізгіні көшбасшылық қасиеті бар, еңбексүйгіш адамға берілуі тиіс»,-дейді. «Хонда Мотор»-дың 25 жылдық мерейтойын атап өткен соң директорлар кеңесінде Соитиро «зейнетке кететінін» мәлімдейді. Жаңа президент жұмысшылардың ішінен таңдалады. Жетпіс жылдық тарихы бар компанияның әлі де тұғыры биік, еңсесі тік. Хонданың сөзімен айтсақ: «компаниядан бұрынғы басшыны аз көрген сәтте ғана жаңа тыныспен қарыштап дамиды!».

Әлия Іңәрбек

«Алауинформ «