ҚР Мәдениет қайраткері, Жазушылар одағының мүшесі, композитор, әнші, актер, қаламгер Ермұрат Зейіпхан биыл тірі болса ердің жасы 50-ге келер еді. Марқұмның артына қалдырған рухани мұрасын кеңірек насихаттау мақсатында 2016 жылдың 7 -желтоқсанында кешкі сағат 18.00-де Алматыдағы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» атты еске алу кеші өтті. Кеште Ермұрат Зейіпханұлының таңдаулы әндерін белгілі өнер жұлдыздары орындап, сондай-ақ, ақын өлеңдерінен сахналық композиция қойылды.

Естеріңізге сала кетсем, 2016 жылдың 5 -желтоқсанында сағат 12.00-де Қазақстан Жазушылар одағында Ермұрат Зейіпханның 50 жылдық мерейтойына арналған бағдарламаларды, қолға алынып жатқан шаруаларды елге жеткізу мақсатында арнайы пресс-конференция өткен болатын. Жазушы Қабдеш Жұмаділов бастаған әдебиет пен өнердегі ағалары Ермұрат Зейіпхан туралы естеліктерімен бөлісіп, «Дүние- ғапыл» атты толық шығармалар жинағының тұсауын кескен еді. Сонымен бірге, Талғар қаласының орталығынан көше берілетін болғанын да ақпарат құралдары шүйіншілеген еді.

Енді мың ақын, мың сазгер өлең арнап, ән жазса да, «Мен жүрген жайлаудың» биіктігіне жетіп, «Күнес-айдың» көркінен асып, «Адуынгердің» ағысына ілесіп, «Сәбилердің» шаттығын жырлап, «Түсіндегі анасына» тербеліп, «Көк туыңнан» асырып туын желбіретіп кете алмас.

«Бабамның көздеріндей көзім барсың,

Көктегі Тәңір барда – өзің барсың.

Тәңіртау – сен пәнилік, мен бақилық,

Тым құрыса өзің жайлы сөзім қалсын», -деп өзі жырлағандай, әні де, сөзі де, аты да қазақ бар жердің бәрінде қала береді.

Тұрдыбек Құрметхан

«Алауинформ»