Аллаға шүкір деп бастайын!  Азаттықтың ақ таңы атып, еліміз егемендігін жария еткен күн- әлем қазақтарының жадында мәңгі сақталды. Шеттегі  ағайындар бөріктерін аспанға атып, тарихи Отанына оралудың қамына кірісті. Қазақтар басымызды қоса қалсақ, әңгімеміздің өзегі- Қазақстан жайлы болатын. Елім-ай деп елеңдеп, елден жағымды жаңалық күтетінбіз.  Осылай жалтақтап жүрген шақта, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлылығын әйгілеп, шетте тарыдай шашырап жүрген қандастарды Атажұртқа шақырып, тарихи үндеу жасады. Әрі ағайындарды қабылдап. қоныстандыруға арналған көші-қон туралы жарлығын бірге бекітті. Елбасымыздың осы бір батыл шешімінің арқасында тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге тараған алты Алаштың баласы Қазақ елі тәуелсіздік алысымен елге ағылды. Ұлы көш басталды…
Осы көштің басында Қытай қазақтары арасынан көздері ашық, көкіректері ояу, нағыз отаншыл, намысшыл азаматтар тарихи Отанға алғаш бет бұрды. Оларды шетелдегі тұрақтылық, абырой, атақ, мансап пен байлық елітпеді. Басты мақсаттары – нағыз керек кезде ел іргесін бірге қаласып, Тәуелсіздіктің алғашқы қиындыктарынан бірге өту болды. Осы жалынды азаматтардың қатарында Қытай елі оқысын деп жібергенде кері қайтпай, бір жолата елде қалып қоюға бекінген белгілі әнші, композитор, актер, ақын-жазушы Ермұрат Зейіпхан бауырым да бар еді. Өзі біздің ауылдың жігіті.  Ермұратты сонау бала кезінен білемін. Алғашқы ұстаздарының бірі болып, мектепте дәріс бергенмін. «Болар бала жасынан» демекші, көзінде оттың ұшқыны бар,  өте талапты қара домалақ бала еді. Таңжарық Жолдыұлындай алыптар туған Күнес деген қасиетті мекеннен түлеп ұшып, талабы мен талантын Ата-мекенде әйгілеп, еңбегін еліне берді.  Елге келіп тағдырлас, ағайын-бауыр болдық. «Ағалап» алдымнан қия өтпеді. Жаны жайсаң, текті, тәлім-тағылымы мол жігіт еді.
614646464-1
   Ермұрат Қытайдан келмес бұрын орта мектепті, Өнер институтын сонда тәмамдап, 1991 жылы оралды. Оның қазақ өнеріндегі жұлдызды сәті елге табан тіреген кезден басталды десек те болады. 1991 жылы күзде Алматыға келіп, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясынан білім алады. 1993 жылы өткен Республикалық «Үкілі үміт» байқауында ІІ- орын иеленеді. Алғашқы еңбек жолын М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында, одан кейін Абай атындағы Опера және балет театрында, Қорғаныс министрлігінің ансамблінде қызмет етті. «Сыбызғы сарыны» атты прозалық жинағы, «Өзіңе арнадым», «Бұл дүние», «Үшбурыл» секілді поэзиялық жинақтары бірінен соң бірі жарық көре бастаған еді. Әртүрлі өнер байқауларының жеңімпазы да болды. «ҚР Мәдениет қайраткері» атағын алды. Ермұрат бауырымның ең шоқтығы биік туындысы – «Көк тудың желбірегені» әні. Бұдан бөлек ол 100-ден астам әннің авторы. Оның «Күнес-ай», «Жайлауым – әнім», «Дүние-ғапыл», «Адуынгер», «Екі дүниеде жалғызым», «Айтүрік-ару», «Жанар қыз» секілді әндері де танымал.
    Өзінің өнерімен, дарын, болмысымен де жұртшылықты тәнті етіп, елге танылған Ермұраттың 2011 жылы аяқасты өмірден озғаны қабыргамызды қайыстырып кетті. Жеті қырлы бір сырлы інім көзі тірісінде елдің өнері мен мәдениетіне барын салып, адал қызмет етті.  Ермұраттың бергенінен, берері мол еді.   «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді » дегендей, Ермұраттың өзі болмаса да,  өнері өміршең.  Ермұрат дүниеден озғаннан кейін ағайын -жерлестері мен өнердегі достары болып,  бірнеше мәрте еске алу кешін ұйымдастырды. Арнайы телерадио бағдарламалар мен документалды фильмдер жасалды. Жақында осы бір келелі бастама тағы да жалғасын таппақ.
    » Ермұрат Зейіпханұлы қандай дарын иесі, Оның шығармашылығы несімен құнды, Отанына ол не берді»,- деген сұраққа жауап іздер болсақ, ол- әнші, сазгер ғана емес, ақын да. Оның туындыларының басты тақы­ры­бы – патриотизм. Оның әндері жастарды отан­сүйгіштікке баулып, рух­­ты көтеріп,  елдің жігерін тасытауымен құнды. Ермұрат -бүгінде күллі қазақ жатқа айтайын «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы. Осы бір әнінің өзі оның дарынды композитор екендігіне көрсеткіш бола алады. Ел біледі, үлкен спорттық додаларда, мысалы айтсақ , Лондон, Рио Олимпиадасының көрсетілімінде «Көк тудың желбірегені» әні эфирден қайта-кайта беріліп, дарабоздардан жеңіс күткен қазақстандықтардың рухын асқақтатып, жігерін тасытып отырды.  «Көк тудың желбірегені —
жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
жан емес,
маған керегі-
Көк тудың желбірегені» -деп елдікті ту еткен бауырымыз, өзінің отансүйгіштігін әйгілеп, сезімін өнерімен өрнектеп кетті. Бұл ән – жаныңды тебірентіп, рухты оятатын нағыз патриоттық ән. Атажұртқа деген  сағыныш пен асқақ рухтан туған ән.
Тағдырын атамекенге байлап, жүрегін қолына алып,  Отанына асығып-аптығып жеткен арынды ұл осында өткен жиырма жылға толар-толмас уақытта таланты арқылы туған халқының өнер-аспанында жарқырап көрінді. Жарқ етті де, ғайып болды. Өнерімен жалындап келіп, аққан жұлдыздай жанып кетті.
    Отанға, туған жерге деген сағыныш, махаббатқа толы Ермұраттың әндерін насихаттап, оның өнерінің, яғни екінші өмірінің жалғасын орындалмаған армандарымен толықтыра түсу- артында қалған ағайын бізге, өзі шексіз сүйген еліне парыз болып тұр.  Ермұрат бауырымыз тірі болса, 50 ге енді ғана толады екен. Қасқайып ортамызда журсе, әлі де талай жетістік пен биіктерден көрінері даусыз еді. Жақында Алматы қаласында Ермұрат Зейіпханұлын еске алу кешін ұйымдастырғалы жатырмыз.
Осы орайда биліктегі өнерге жанашыр азаматтарға ой тастап, мынадай ұсыныс көтеруді жөн көріп отырмыз: яғни, Ермұрат Зейіпханұлы атына көше атын, яки өнер мектептерінің есімі немесе азаматқа лайық белгілі бір атақ, дәреже берілсе дейміз. Мәдениет саласындағы атқа мінерлерге алыстағы алты Алаштың атынан осындай өтінішіміз  бар. Өнер, мәдениет – халықтікі, елдікі. Сондықтан елдікті, бірлікті айшықтайтын ең басты құндылық- өнер адамдарына деген құрмет болса керек.
Өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашанда биік. Ендеше, Ермұрат та осындай құрметке лайық азамат еді. Жасындай жарық еткен бауырымыздың әндері қазақтың өнер көкжиегінде мәңгі қалықтай беретініне сенемін!
 Мұқан Мамытxан
«Алауинформ»