Пэрэнлэйн ЛУВСАНЦЭРЭН : «КҮН БАТҚАН ЖОҚ «

0
2 797 рет оқылды

Ол монғол прозасында әңгіме жанрының хас шебері ретінде танылған дарынды жазушы. 1933 жылы Байқоңыр  аймағының Байбұлақ ауылында туған. 1962-1967 жылдары Мәскеудегі М. Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. 1972 жылы мезгілсіз қаза тапқан.  

Қаржы техникумын бітірген соң аймақтық оқу бөліміне есепші болып жұмысқа орналасқанмын. Жаңа қоныста көп кешікпей өмірлік серігімді тауып, қариялар айтпақшы бір отаудың отын жақтым. Біршама уақыт ата-енеммен бірге тұрдық та кейін жаңадан пәтер алып, бөлек шықтық. Тұңғыш перзентіміз де дүниеге келді. Ұлым қазір екі жастан асып барады. Отбасы құрып, орныға бастаған соң қыз кездегі қылығың да, қылтың-сылтың мінезің де қыр асып жоғалады екен. Мен өзі мектепте оқып жүргеннің өзінде би кештеріне кіріп кетіп, мүғалімдерден сөз еститін, киімнің тәуірін киетін, ұшып-қонған желаяқ қыз болатынмын. Сол кезімді ойласам, таңғы күн сәулесін қалың тұманның арасынан көргендей бірде анық, бірде бұлдыр, біресе тамаша немесе біртүрлі секілді сезілетін болды. Отбасылық жаңа өмірді бастағаннан кейін адамның көңіл күйі біршама тұрақтап, тоқырап қалады екен.                                                                                                Күндіз мекемедегі қызметіңді атқарып оралғаннан кейін үй шаруасымен айналысасың, сосын баламен арпалысып жүргенде ұйықтайтын уақыт болып кетеді. Ертеңгісін тұрып тағы да жұмысқа кетесің. Күндіз бен түннің еш айырмасы жоқ сәттері алма кезек ауысып жатады да, бірнеше айдың тіпті маусымның қалай өтіп кеткенін білмей де қаласың. Үйге келіп, кететін адам да жоқтың қасы. Үшеуден үшеу өзара сөйлесеміз, кірсек те, шықсақ та сол өзіміз ғана. Баратын жеріміз өлшеулі, кіретін үйіміз санаулы. Екі адамның жалақысы тірлігімізге толықтай жетеді. Тұратын үйіміз үлкен қалалардың тұрғын жайлары секілді болмаса да жергілікті аймақ үшін әжептәуір жайлы, жылы, жарық дегендей тіршілікке қолайлы. Осылайша өмір сүріп жаттық. Студент кезбен салыстырғанда мендегі үлкен өзгеріс үй шаруасына келгенде алдыға жан салмайтын пысық болып алдым. Жолдасым шаруақор әрі ісмер жан болғандықтан шығар, оның айтқандарын екі етпей жүріп-ақ бірер оқу орнын бітіргендей деңгейде әжептәуір дүние үйрендім. Күйеуімнің бір жаман әдеті бар- өте қызғаншақ. Той-томалақ атаулыға зауқы жоқ, би танц дегендерден мүлде мақырұм қалған. Жалынып-жалпайып жүріп, анда-санда кинотеатрға зорға апарамын. Би кештеріне, қыдырыстарға барғым келіп, алғашқы кездерде көп алағызатын едім. Алайда, жолдасым менің кешке үйден шығуыма аса риза емес секілді көрінетіндіктен соңғы кезде ол туралы тіпті ойға алмайтын болып алғанмын.  Мен бірде киноға барып кешкі сағат он кезінде үйге келгенмін. Бір таныс жігіт үйге жеткізіп салған. Сөйтіп едім, күйеуім «кім ол, өзі?», «қайдан келген?», «сенімен қайда, қалай танысып жүр?», «тамаша жігіт екен!» деп кекетіп-мұқата берген соң екеуіміз жатып келіп ұрысыстық.

Сол оқиғадан кейін маған мынандай ой келді. «Бірден үй боламыз, жай боламыз деп бас қосқаннан кейін түкке тұрмайтын бірдемелермен бір- бірімізді қажаудан не түседі? Енді балалы болдық, не жетпейді? Күйеуім не десе соған мойынсынайын». Күйеуім мен дегенде ішкен асын жерге қояды. Жұмыстан тыс өтетін іс шаралардан, жиын, сенбіліктерден амалын тауып босатып алады. Маған бала қараудан, үй-жайдың шаруасынан өзгені талап етпейді. Осылай деп тұрса сен қалай қарап отырасың. Шамам келгенше бар жанымды салып, тырысамын.  Алайда, қарын тоқ, көйлек көк болса да, бірдемені жоқтап іздегендей аңсарым ауып, терең бір мұңға бата беретін болдым. Күйеуге шығу, бала сүю- бақыт, әрине. Ал, балалы болғаннан кейін ше дегенге келгенде жауап таппай, біртүрлі, аспанда жайнап тұрған күнім батып кеткендей сезіле береді. Мен байымнан жалығып жаңа жарды қалап отырған жоқпын. Баламнан безіп жан рахатын іздемеймін де.  Сонда да бірдеме жетпейтіндей болып, енді не істеймін дегендей тығырыққа тірелген жауапты өзіме қоя беремін де тұрамын.                                 Сөйтіп жүргенде күздігүні мені күтпеген жерден пішеншілерге көмектесетін топқа қосып жіберді. Аймақ орталығынан жиырма шақты адам жолға шықтық. Бейне бір жер түбіне баратындай төсек-орын, киім-кешектерімізді сайлап, жұртпен қоштасып дегендей кешкісін екі машинамен аттанып кеттік. Шөп шабатын жерге барғаннан кейін үш шатыр тұрғызылды. Әйелдер жағынан бес адам бір ою- өрнекпен безенділіген көк шатырға жайғастық.  Қалай дегенмен де қыдыруға келген жоқпыз ғой. Ертеңінен бастап жұмысқа кірісіп кеттік. Бір топ адам ұжымдасып, шөп жинайтын бригада болдық. Әйелдерге негізінен көпене сүйреу жүктелді. Пішен шабуға көмектесуге астанадан келген алты жігіт біздің бригадаға қосылды.   Алғашқы күні мен қарны шардиған, өзі мың салса бір баспас шабан атқа мініп шөп сүйреуге кірістім. Аспан ашық, күн тамылжып тұр. Мен шолақ жеңді сары кофта киіп, басыма шұбар ала орамал байлап алып, ернімді бояп алдым. Шөп жинау секілді мұндай шаруларды бұрын істеп көрмеген соң, алғашқыда көпенеге арқан байлауды да білмесем кейін әжептәуір үйреніп қалдым.     Мен бала кезімде Далын сайының бойында қой жаятынмын. Сол бір күзде жер бетіндегі ең сүйікті жан саналатын әжем қайтыс болды. Мен сол әжемнің қолында өскендіктен туған анамды менсінбеуші едім. Бір халық әнін ыңылдап айтып, үнемі жылап жүретінмін. Көпене сүйреп келе жатқанда аяқ астынан сол сәтім еске түсіп кетіп, жылап жібергім келді. Алайда, әріптестерімнен ұялдым. Жалпы құстар қайтқанда, жел тұрып үйдің төбесі гулегенде, ағаш жапырақтары түскенде күздің осы бір белгілері көңілімді құлазытып тастайтыны бар.   Шөптен мая тұрғызып жатқан жігіттер маған Ақтамақ («Ақтамақ» деген қазақ әні монғол тіліне аударылып, олардың арасына халық әні секілді өте кең тараған, бәрі дерлік біледі. Ауд.)  деп ат қойыпты. Көпенемді сүйреп жақындай бергенімде-ақ, «Сенен сұлу жан бар ма екен, Ақтамақ» деп бәрі жабылып әндетеді дерсің. Мен бірде маяның сол жағындағыларға, келесіде оң жағындағыларға апарамын. Жақындағанда «енді бізге, енді бізге» десіп шулап ала жөнелетін болды. Алғашқы күніміз осылай өтіп, бәріміз жұмысқа бейімделіп, не істейтінімізді біліп қалдық.   Екінші күннен бастап көпене сүйрейтіндерге бөлініс жасалды.  Біріміз маяның тек қана сол жағына, келесіміз тек оң жағына апарып тұратын болдық. Менімен бір көпене сүйресуге Дагда деген жігіт бөлінді. Оның бойы аласа, өзі әлжуаз болған соң жігіттер менсінбей әйелдердің қатарына қосып, «сонда бастық боласың» деген көрінеді. Дагда шолақ құйыршығы бар атқа мініп менімен бірге көпене сүйреуге кірісті. Тау қопарар қарулы еркектер арасында әлжуаз болса да, әйелдерден қалыспауға тырысып ол барын салып бақты. Қасынан өтіп бара жатсам, ол тасыған көпенелерін санап жүргені көрінді. Онысы маған күлкілі көрінді де әбден мықтайын деген ой келді. Қалай да, озып шығып оны жігіттердің алдында мазаққа айналдырайын деген ойға келдім. Алдында әкелгендерімді жинап бітпей жатқанда келесісін әкеліп, «тездетіңдер!» деп мазаларын ала бастадым. Мен әкелген көпенені астаналық  Нәйдін деген жігіт көбінесе күтіп алады. Ол өзі бір денелі, әдіміше келген, көп сөзі жоқ, орнықты жігіт. Үш тісті айырды көпенеге шаншиды да сол күйі түгелдей көтеріп, маяны асырып лақтыра салады. Оған өзі ешқандай қиналған, шаршаған сыңай танытпайтыны ғажап. Қимыл қозғалысының бәрі сондай үйлесімді, шөп екеш шөптің өзін ығына жығып алатындай көрінеді. Нәйдіннің қасында Даш деген бір ебедейсіздеу жігіт бірге істейді. Айырды кереметтей етіп шаншығанымен қалпақтай ғана шөп көтереді. Онысының өзін маяның үстіне дұрыстап қоя алмай қайта түсіріп алып «Ойбай, Нәйдін! Құрыдық!» деп айғайлап тұрғаны. Кейде қолындағы айырын шөбімен бірге маяның үстіне лақтырып жібереді. Жұмысқа қырсыз бола тұра қалжыңбастығын қайтерсің. Асығып-аптығып жүріп, тағы оған күлумен уақытымның бәрі зая кете жаздайды.

– Не қылған адамсың? Тездетсеңші! – десем: – О, қам жеме! Біз Ақтамақтың үмітін ақтаймыз! – дейді де, керемет бір екпінмен шөпті шаншыған болады. Алайда, бір уысты ғана іліп алып, онысын көтере алмай қалшылдап маяға апара жатады. Сонысына қарап мен Дашты біреудің ерке өскен жалғыз ұлы шығар деп ойладым.  Дагда екеуіміз тасыған көпенелерімізді санап жүргенімізді бірімізден біріміз жасырып, жанталасып жүргенде түскі үзіліс те тақап қалды. Мен тезірек үлгеріп төрт көпене тасып тастамасам одан қалып қоятындай көріне берді. Бір үлкен көпенені сүйретіп келе жатыр едім, қолында кесеге құйылған бірдемесі бар алдыммен Нәйдін қарсы алды: «Мынаны жұтып ал!» деп қояды. Көрсем қымыз екен. Шөлдегенім соншалық еді, ат үстінде отырып-ақ, бір сапар кесені тартып жібердім. Нәйдін бір қолымен мықынын таянып алып, келесі қолымен күнді көлегейлеп маған қарап қалыпты. Онсыз да қысық екі көзі одан ары кішірейіп, беті аузы пыржиып кеткен. Төбесінде шаш пен шөп бірдей араласып үрпиіп кеткен. Мұрнының ұшы тершіп кеткен. Қымызын ішіп, кесесін қайтарып берерде алғыс білдірдім. Үнсіз ғана жымиған ол кері бұрылып кете берді. Артынан біраз көз тастаған мен де кері қайттым. Дагдаға қарасам, ол тоқтайтын түрі жоқ. Аты терлеп кетіпті. «Ой, Дагда! Тамаққа баратын уақыт болды ғой» – десем, «Өзің бара бер!» дейді.              Мен Дагданың соңында қалып бір көпенемен болса да артылайын деген оймен жүрмін. Оның да ойы осылай секілді. Бәрі тамақтануға шатырға қарай беттеді. Дагдаға қарасам, көпене сүйреп әлі жүр. Қарным ашып, ішегім шұрылдап тұр. Ішімнен «жердің құрты секілдініп алып» деп Дагданы жатып кеп сөгіп қоямын. Біздікілер шатырдың жанынан айғайласып жатыр:   – Тамақ суып қалатын болды. Дагда сен андағы келіншекті тамаққа жібересің бе, жоқ па?  Дагда екеуміз бір-бір көпенемізді сүйретіп келе жатқанбыз. Нәйдін мен Даш екеуі алдымыздан жүгіріп шықты да Нәйдін менің, ал, Даш Дагданың атының шылбырын алды да шатырға қарай жетектей жөнелді. «Қойсаңдаршы, ұят емес пе? Бала емеспіз ғой» деп өзімше ашуланған болдым. Ал, онымды пысқырған Нәйдін жоқ. «Қатты ашуың келсе міне басым ұра бер!» деп үрпиген басын тіземе үйкеп-үйкеп қояды. Қытығым келіп, күле жаздадым да басынан нұқыған болып қойдым. Барған соң да олардың ойындары біткен жоқ. «Екпінді еңбегімен көзге түскен екеуіне еңбек ері атағы берілсін» деп біреуі қаулы оқыған болып, бәрі мәз болып қол шапалақтады.  «Еңбек ерлеріне ерекше құрмет көрсетіледі» десіп, Дагда екеумізді күшпен бірге отырғызды. Даш келіп алдымызға төрт аяқтап жата қалғаны сол еді, Нәйдін оның арқасына целофан төседі, екі қыз тамақ әкеліп қойып, бізді күтуге кірісті. Бәрі ән айтып құрмет көрсетті. Осылайша, шуылдасып жүріп тамақтандық та, қайтадан жұмысқа шықтық.  Мен Дагдадан қалмаудың қамымен жүріп уақыттың қалай өтіп кеткенін де білмей қалыппын, күн батып жұмыс аяқталған екен. Бригадалықтар шаршаған сияқты жинаған маяларының іргесіне жайғасып, бір тобы ән айтады, енді біреулері әңгіме дүкен құрып отыр. Олардың арасына мен де келіп қосылдым. Нәйдін шеткері жайғасып алған, аузына бір тал ши тістеп алып әлдебір әннің әуенімен ыңылдап отыр. Мен қасына барып отырдым да:                                                                     – Ал, Нәйдін! Жақсылап бір ән салшы! – дедім де алдын ала сый ретінде қалтамда жүрген бір кәмпитті ұсындым. Ол рахметін айтып, махаббат тақырыбындағы әнді бастап кетті. Ойлы жүзбен байыпты жақсы әндетеді екен. Әннің қайырмасына келгенде бәрі қосылып, шатырға қарай аяңдадық.

%d1%88%d0%be%d0%bf      Кешкісін бәрі ойынға шықты. Ал, мен қатты шаршағандықтан жатуға бел шештім. Біздің шатырда астанадан келген дәрігер бір сұлу келіншек болды. Ол да ойынға шыққан жоқ. Екеуіміз әңгімелесіп жатыр едік, жүгіріп Дагда келді. «Екеуің неге ойынға шықпадыңдар?» деді де, «Мына жерімді көрші! Шынтағымнан шаншып, қатты ауыртып тұр» деп жеңін түріп көрсетті. Әлгі келіншек (аты Ғалцо) шынтағын ұстап көріп, әлде неше рет бүгіп көрді де:

– Айырықша білініп тұрған ештеңе жоқ – деді. Мен ішімнен «Дагданың түріне қарамай әдемі келіншектен дәмесі бар екен» деп күлкім келді. Сол-ақ екен Дагда келіншекке одан ары жақындап: -Шынымен ауырмай ма?                                                            Ғалцоның беті ду еткендей болды да, маған бір қарап алып, Дагданың шынтағынан сүйіп алды. «А, ендеше бопты» – деді де, Дагда шыға жөнелді. Ол кеткен соң Ғалцо маған қарап «Ауырған ешнәрсесі жоқ. Жай маған келіп кетудің сылтауы ғой» – деп қояды. «Сіз Дагданы танисыз ба?» – десем, «А, сен білмейсің бе? Ол менің күйеуім ғой». Мұны естігенде мен таңданыстан айғайлап жібере жаздап, зорға басылдым. Ғалцо екеуміз тез тіл табысып, жақсы достасып кеттік. Аппақ тістерін көрсете күлгенін көрсең сұлулықтың құдіретіне қайран қаласың.                                                                        Жұмыстың үшінші күні өткінші жаңбыр жауып, біз түске дейін шөпке шықпадық. Осы сәтті пайдаланып аймақтан келген жастар комитетінің хатшысы бәрімізді жинап кездесу өткізді. Өлкедегі  пішен дайындау жұмысының барысымен таныстыра келіп, біздің жұмысымызды да жоғары бағалады. Біздің ұжымда жақсы жұмыс істеген бір топ адамдарды дипломмен марапаттады. Олардың арасында мен де бар екенмін. Былай қарағанда түкке тұрмайтын осы жайтқа мен неге екенін білмеймін, өлердей қуандым. Күні бойы қуаныштан арылмадым. Мен мүлде өзгеріп кеткендеймін. Тіпті өзімнің жас адам екенімді нақты сезінгендей күйде болдым. Уақытынан бұрын көңілім бәс тартып, іштей қартайып, өмірлік мақсаттың ең шетіне шығып кеткендей сезімде болғанымды енді аңғарғандаймын.  Түстен кейін аспан ашылып, күннің көзі шықты. Жарты күнде барлығын жапырып тастамасақ та, өз шама шарқымызша әжептәуір жұмыс атқарғандай болдық. Жұмыстың төртінші күні болды. Осы күннен бастап Нәйдін менің көңілімде өзгеше орын ала бастады. Ойыма әлсін-әлсін орала берді. «Цэрін саған не көрінді?»-деп өзіме басу айтқан боламын. Ыңғайсыз сезінсем де көңілімді еркіне жіберіп ойлай бердім.                Жұмыстан кейін жаппай ойынға кірісуші едік. Енді жаңа әндер үйренуге көштік. Бәрі онда-мұнда топтасып отырып ән айтуға кіріскен. Кейбірі айтқан әніне барынша беріліп, қиялдап кеткені де көрінеді. Оқуда жүрген кезім еске түседі. Тұрмысқа шыққаннан бері мен жақсылы- жаманды көп дүние үйреніппін. Анау да болмайды, мынау да ыңғайсыз деген қағидаларға толы тиымдарды ести-ести әбден бұйығы болып алыппын. Жастар ән айтып шулап жатқанда шеттеп қана оңаша отыруға, ән айтқанда олар секілді еріп кетпей іштей ғана қосылып, үнсіз қарап отыруға бейімделіп кетіппін. Томаға тұйықтықты,  салмақты-салиқалы кейіп танытуды атақ-абыройды сақтаудың амалы ретінде түсініп келген екенмін.

– Цэрін жан, сен ән айт! Қандай көңілсіз адам едің? – деген Нәйдіннің сөзін естігенде өзімнің сырт көзге қандай көрінетіндігімді ұққандай болдым. Сонымен біраз ән салдым. «Даусы жақсы екен. Тамаша орындаушы ғой, өзі» деген мадақтар дем берді ме, тынысым кеңіп, көкірегім ашылғанша ән айттым.

%d0%ba%d1%83%d0%bd-%d0%b1%d0%b0%d1%82%d0%ba%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d0%be%d0%ba

Ең көп жұмыс істеген күніміз жетінші тәулікте болды. Мен әбден шаршап, ешбір ойынға қатыспай ерте ұйықтап қалдым. Әбден титықтағанша ауыр жұмыс істеп алып, саф алтындай таза салқын ауада ұйықтаудың қандай бақыт екенін сонда бір сезінген шығармын. Пішен жинауға келгеннен бері тамақ талғауды қойып кеттім. Нені болса да тұщынып тұрып жеймін. Бетім сәл күн мен желге тотыққаны болмаса ажарым ашық. Етейіп толып бара жатқан секілді болғанымен денем жеңіл, көңілім көтеріңкі, ойым сергек. Күндіз тым қатты қимылдауды сәл азайтып, осыдан былай кешкі ойын сауықтарға қатысып жүрейін деген ойға келдім.  Бір күні кешкі ойында мен тышқан болып қаштым. Нәйдін мысық болып қуды. Нәйдіннің адымы үлкен болғанымен қашып бара жатқан адам шұғыл бұрылғанда ол өзін тоқтата алмай қалады екен. Мен оған ұстатпай қаша беруге толық мүмкіндігім бар еді. Алайда, ойнағылары келіп күтуде тұрған өзге достарымды ойлап ұстала салдым. Нәйдін менің иығымнан ауырғанша ұстап алды да сол күйі жерге жығылып қалды. Оған тартылған мен де тоқтай алмай оның үстінен жалп еттім. Ер азаматтың қолының қаттылығының өзі әйел адамға біртүрлі жағымды әсер қалдыратынын мен сол жолы сезіндім.   Пішенге келгенімізге он күн болды. Дәл осы күні шөптің үстіне шешіп тастап кеткен Нәйдіннің жейдесін көргенде, енді бес-ақ күннен кейін қайтамыз деген ой су еткенде көңілім құлазып мұңға баттым. Мен Нәйдінге бауыр басып, көңілім кетіпті. Соның әсерінен соңғы бес күнде бес жыл бойы ойламаған ойларды санамда қайталадым. Күздің тамаша күндері, жұмсақ самал жел, жиналған шөптің жұпар иісі, шулаған көңілді дауыстар бәрі көзден таса болар. Осыны ойлағанда қараңғы түнек басқандай, торға еніп тыпырлайтындай халге түсемін. Тағдырдың нендей жазуымен қандай адамға мұнда тап болдым? Махаббат деген осыншама оп-оңай дүние ме еді? Адамдар бір-бірін танып, білген соң ғашық болыспайтын ба еді? Бәлкім, бұл махаббат емес те шығар. Адамның бір-бірін ұнатқанда тұрған не бар? Оның бәрі махаббат болуы міндетті емес шығар.    Осындай ой құшағында отырып, Нәйдінге қарасам адам бойындағы асыл қасиет атаулының бәрін содан көргендей боламын да, оған ғашық болмай тұра алмайтынымды одан ары тіпті  тереңінен ұққандай боламын. Қайтатын уақытымыз жақындаған сайын мен Нәйдін туралы ойдың тұңғиық тереңіне батып бара жаттым. Күндіз жұмыспен қарбаласып жүрсем де, түнде төсекте жатсам да ой түбінде жалғыз Нәйдін ғана тұрады. Оны жолдасыммен салыстырып көремін. Өз күйеуім ызақор, жеке басын ғана күйттегіш, көппен араласа алмайды, ешкімге де сенбейді. Ал, Нәйдін сабырлы салмақты, адамдармен тіл табысқыш, көңілді, жақсы-жаманы сыртында ашық көрінетін қарапайым азамат. Осының бәрін ой елегінен өткізе келе қалыптасқан тіршілігімнің тас-талқанын шығарып, қолды бірақ сілтіп қалаған жолыммен кетсем бе екен деп те көрдім. Нәйдіннен қымбат, одан ыстық ештеңе менде қалмаған сияқты.

Осылайша басым қатқан сәтте «Мұнда неге келдім екен?» деген ой мазалайды. Мен осылай қиналып жүргенде Нәйдіннің өзі мен туралы не ойлайтынын мүлде түсінбеуші едім. Менімен арадағы қарым-қатынасы мен сөйлесу мәнеріне қарағанда ерекше жақын тартатын сияқты көрінеді. Сөйте тұра өзгелермен де дәл солай қатынасуы дәмеленген кез-келген әйел затына үміт отын жағарлықтай. Мен оның түпкілікті себебіне көз жеткізбесем де тек мені ғана өзгелерден артық көреді деп көңілімді аулап, сол ойларыммен жүре бердім. Маған тіпті солай ойлаудың өзі бір ғанибет болатын. Дәл осындай адам мені сүйсе деп армандайтын едім. Өлі тыныштыққа оранып мүлгіген тау орманында көкек шақырған сәтте айнала оянып, табиғат тіріліп кеткендей болмаушы ма еді. Сол секілді осыған дейін тыныш қана тірлік жасап келген басым енді оны ойлаған сәттің өзінде бір серпіліп, көкірегіме сәуле түскендей болады. Көңілде жұлдыз болып жанған бір оймен өмір сүрудің өзі ғажап еді. Сондықтан Нәйдін маған ғашық деген ғажайып ойдан арылмай тұрғанда, ол мені сүймейді екен ғой дейтіндей күмән тумаған сәтте тезірек кетіп қалуға асықтым. Сол бір сүйкімді ойды көңілде сақтап жүрудің өзін бақыт санадым. Алайда, қырсыққанда уақыт алға жылжымай қойды. Жұмыс мерзімі бітіп, енді бүгін қайтамыз деп отырғанда шатырымызға Нәйдін кіріп келді. Жай емес бірдеме айтатын түрі бар. Кетер сәтте лапылдап от болып жанған көңіліме су сеппесе екен, менің ойым мен жүрегімнің ешкімге залалы жоқ қой, осы қалпында қала берсе ғой деген ойда отырдым. Нәйдін менімен қатарласып біраз үнсіз отырды да:

– Сенің күйеуің бар ма? – деп, сұрады. Мұндайды күтпеген басым сасып қалып:  -Иә! – деп, бір ғана сөзбен қысқа қайырдым.

-Мен де үйлі-баранды жанмын. Әйелім шетелде оқуда. Оны сағынған сәтте ән айтуды жақсы көремін. Бір балпиған ұлымыз бар. Осы пішен дайындау барысында сен екеуіміз жақсы таныстық. Мен жайында қандай ойда екеніңді сезетін сияқтымын. Мен сені жақсы көремін әрі аяймын да. Алайда, екеуіміз үшін бір-бірімізге тілектес болып, игі ойда жүргеннен басқа амалымыз жоқ қой.                                                                              Мұны естігенде көңілім жай тауып, тынышталып қалғандай болдым.

-Иә, бір -біріміз жайында игі ойда болғанға не жетсін – деп, оның сөзін қайталағандай болғанымды өзім де аңғармай терең күрсіндім.

-Мен сенімен танысқаным жайында әйеліме жазамын. Жазда келген соң таныстырамын. Сен мен жайында күйеуіңе айт. Төртеуіміз ағайын-туғандар сияқты жүрейік. Адамның жақсы достары көп болған сайын өмір жадырап қызықты бола түседі. Сендер хат жазыңдар! – деп, Нәйдін мекен-жайын жазып берді.                                            Қарындасы ретінде санап мені ол сүймек болды. Мен қуана-қуана сүйгіздім. Екеуміз қол ұстасып, шатырдан шықтық. Бәрі доп ойнап жатыр екен. Біз де қосылдық.                      Біз қайтатын болдық. Қалып жатқан топ бізді ет жақын туыс бауырларын алыс сапарға аттандырып жатқандай-ақ шығарып салып жатыр. Бір-бірін құшақтап, сүйіп жүрек елжіретер жағдай пайда болды. Ғалцо мен Дагда екеуі келіп мені алма кезек құшақтап сүйді және машина жүріп кеткеннен кейін де біраз жерге дейін еріп жүгіріп қол бұлғады. Оны көрген мен ағыл- тегіл жыладым. Ғалцо мен Дагданың сыртқы келбеттерінде айтарлықтай үлкен айырмашылықтар бар. Алайда, нағыз көңілдері жарасқан, жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген бақытты жұп. Мен тамаша отбасының қандай болатынын көрдім. Жақсы адамды көріп таныдым.                                      Екі сағаттық жолда көп ойға келдім. Өз отбасым жайында толғана келіп, біз де адамдар қызығып та, қызғанып та қарайтындай жақсы өмір сүре аламыз деген байламға келдім. Осылайша кешкі сағат жетіде үйге зор қуанышпен оралдым. Көңілім де көтеріңкі еді. Кешкі тамақ әзірлеп жатқанда өзімді осы отбасына жаңадан түскен келіндей сезініп тұрдым. Тамақ істей жүріп әндетіп кеткенім де есімде.                                                              Пішен даярлауда болған азғана күндерімде мен отбасымның көп жайларын ой елегінен өткізіп, кемшіліктеріміз бен олқылықтарымызды да тапқанмын, оны күйеуіммен бірге талқылайын деп шешкенмін. Гүлдің әдемілігін ашылғанда, жайнап өскенде ғана білмейтін бе еді? Сол сияқты отбасының лайықтылығын әлеуметтік орта көрмесе, танымаса, айналаға шуағын шашпаса оның несі тамаша? Көппен бірге болайық, өзімізге де өзгелерге сенейік, ойын-той, думандарға араласып жүрейік дегендерге күйеуімді сендіруге біртіндеп тырыса бастадым. Ол менің әңгімемді зер сала тыңдап, бірнеше күн үнсіз тұнжырап жүрді. Онысын мен өзі жайында толғанып жүргендігінің белгісі деп қуанып, ойымдағымның бәрін ақтарып салып жүрдім.                                                           Алайда, бір күні болмашы бірдемеден сөзге келіп қалғанымызды сылтауыратқан күйеуім ашуы терісіне сыймай маған тап берді. «Сен пішен жинауға барып әбден бұзылып келдің. Қит етсе әндетіп жүргенің… көңіліңде  тұрақсыздық пайда болған. Нәйдін деген әлдебіреумен әмпей-жәмпей болып, менің мінімді жіпке тізгенсіңдер. Сенің тындырғаның сол! Көппен бірге болайық дегенің жөн. Сен көзің ашылып, жолыңды тапқан екенсің… Мен-ақ бұл жалғанда ешкімге керексіз адам екенмін. Құрып, бітейін!» – деді де, киімінің алдыңғы өңірін дар еткізіп жыртып жіберді. Қолына түскен жастық, көрпе бәрін лақтыра бастады. Мен бір бұрышқа тығылып отырып екі көзім бұлаудай болғанша жыладым. Көкейімде сақталған сүттей ақ көңілімді бұл пенде түсінбеді.              Түн қараңғысында тар бөлмеде тығылып жылап отырсам да көп адамның дауыстары құлағымда сайрап, кең далада тұрғызған мая-мая шөптеріміз көз алдыма келіп, күн батуға әлі ерте екендігі сезілгендей болды.    Мен негізінде жарық сәулелі, кең тынысты тамаша өмірді армандаған болатынмын.

Аударған: Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

«Алауинформ»