1949 жылы Завхан аймағының Жаргалант аулында туған.  1976 жылы мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, оқытушы болған кезінен бастап көркем әдебиетпен айналысты. Алты романы жарыққа шыққан соң,  1988 жылы Монғолия кәсіп одағының арнайы сыйлығына ие болды. Оқырмандар арасында сыршыл жазушы ретінде танылған белгілі прозаик.

***

Сүйікті қарлығашым менің, өзіңе қатысы жоқ бірдемелерді несіне қызықтайсың? Мен сен жайында ойлағанда, әлі тұрмысқа шықпаған, тіпті шыққан күннің өзінде жеке өмірін тығырық пен торшылдыққа тіремеген, ондай жағдайға жеткізбейтін ақылына көркі сай ару деп білемін. Салт бас, сабау қамшы еркек болған соң, осындай ойға әбден байланып қалғандаймын.  Сенің «Күйеуім көңілдес тауып алса, не істеймін?» деуден қатты именгеніңе қарағанда ондай тірліктен өлердей қорқатының көрініп тұр. Жарың немесе өзің құпия көңілдеспен ұшырасып қалсаңдар не істеу керек жайында екеуміз бір сырласайықшы. Әр кезеңде ғұмыр кешкен ерлі – зайыптылардың көңіл түкпірінде өзелерден қызғыштай қорып, құпия түрде сақтаған құштарлық сырды «нақсүйер, көңілдес» деп жатамыз ғой.  Ондай ғашықтар жайында көңілді елжіретіп, көзге жас үйірер ән атаулы қаншама? Егер шынымен сенің өміріңде қайшылық туып, бірдемені білгің келсе, мен шамам келгенше қол ұшын беруге тырысар едім. Алайда,                               «Көзіңнің қарасы,                                                                                                             Күнә атаулыны ұмыттырды.                                                                                         Мінезіңнің мінсізі,                                                                                                              Мүлдем есімнен айырды» – деген халық әнін жұптаса шырқап тұрғандарды айыпқа бұйыру да ауыр болар еді. Екеуіміз бұдан бұрын талай рет әңгімелеген махаббат, отбасы, жұбайлар жарасымдылығы мен қайшылығы бәрі осыдан туады ғой. Сол баяғы кездейсоқ үйлену, өзара келісім негізінде құрылған отаулардың арасында мәңгілік орын тепкен қарым-қатынасқа мойынсыну немесе қарсы күресу. Бұлардың әрбірі аса күрделі де ауыр екенін сен түсінетін шығарсың. Көптеген келіншектер тұрмыс құрғаннан кейін жарын ақша табатын машинаға айналдырып алады, оған деген жан жылуын кемітеді де өмірдің қызығын жойып жібергендерін өздері де сезбейді.                                             Сол секілді кейбір еркектер де үйленіп алған соң әйеліне үй қызметшісі, күзетші бейне бір мүлік секілді қарай бастайды. Сөйте тұра ол байғұс жарқ еткен сәулеге, шынайы қуаныш пен бақытқа қарай ұмтылса жатып кеп шу көтеріп, абыржып, оның жолына тосқауыл қоюға кіріседі. Бұл енді жұбайына деген ықыластың белгісі емес. Керісінше,  мінген атын өзгеден қызғанғаннан туатын таластың бір түрі ғана. Менің бұл сөзімнің саған ұнамайтынын сеземін. Бірақ, «сөз ащы болған сайын емдік қасиеті зор» болатындығын ұмытпағайсың. Аруым, сен кешір мені! Сенің алай-дүлей көңіліңе шоқ тастаудан аулақпын.  Сенің сұрағыңның өзі ашына тауып алған күйеуіңмен қалай қарым-қатынас жасау жайында болып отырғандықтан әңгімені осылай жалғастыруға тура келіп отыр.  Егер сенің басыңа осы жағдай тап келген болса, оны жағымды жағынан қарастырайық та. Онда сенің күйеуің жалпы осал жігіт емес екен.                         Көк майсаның үстінде жалаңаяқ жүргенде суды көзбен көрмесең де оның бар екенін сезінесің. Тәнің ауырмаса  да, белгісіз бір жайсыздық сезіле бастаса бір науқастың меңдегелі тұрғанын сезесің. Дәл сол сияқты түсініксіз бір үрей бойды билеп, күдік туса күйеуіңнің көзге шөп салып жүргенін ішің сезеді.  Бұған не болды деген күдік өзі- ақ туа бастайды. Бұрындары кешкісін жұмыстан келе салып, бүгін не болғанын ертеңге не жоспарлағанын ашық айтатын болса, енді сөзі азайып, сенен қашқақтайды, мазасыз күй кешіп, көңілінің түбінде бірдемені жасырғандай сыңай танытады. Өткен күндері не істеп, не қойғаны саған мүлде беймәлім. Сұрасаң, үйлесімсіз жауап айтады. Сенің сырын білетін, жаныңдай жақсы көретін адамың  саған түсініксіз, кейде мүлде бейтаныс адамға айналып кетеді. Күйеуің аяқ астынан саған мін таққыш болып кетуі мүмкін. Шашыңды бұлай ет, ана киіміңді түзе деп жатуы да мүмкін.  Күйеуіңнің барғыштайтын жері ретінде әлде бір досының үйі, бірер дәмхана немесе сурет көрмесі әңгіме ауанына айнала беруі мүмкін.  Сонда барып, бөгеліп қалдым дегендей бірдемелерді түсіндіргісі келуі ықтимал.  Киім- кешегіне қатты назар аударып, мінез құлқында да өзгерістер байқалар. Махаббат немесе қандай бір сұлулар туралы әңгіме бола қалса, көзі жайнаң қағады да, отбасы жайында мәселе көтерілсе басын ала қашады.  Жұмыстан үнемі кеш келеді, мұрнынан шаншылып жүргенін сәт сайын айта береді. Кейбір еркектер тіпті әйеліне қамқорси қалуы да ғажап емес.  Көбінесе, көңіл тоқ, өзіне сенімді, қуанышы қойнына сыймай жүргенін аңғаруға болады. Осы сәттерде-ақ, таңданысың мен көзіңді тұмшалаған бұлт сейіліп, біздің арамызға жарықшақ түсті дегенді жүрекпен сезінесің. Ол сәтте не істеу керек? Сен үшін ең маңыздысы да осы. Олай болатыны, атақ абыройың, мақтанышың, балаларыңның болашағы бар дегенді ақылға салу керек. Менің жарым неге өзге әйелге құмартуға қақысы жоқ? Мен оның көңілінен шықпайды екенмін, сөйте тұра асыл арманынан, шат күлкісінен айырып неге ақыл-ойынан адастыруға тиіспін? Білгенін істесін деп қоя салатын әйел заты табылар ма екен?                 Негізі, солай қоя салуы ең дұрысы болғанымен ешбір әйел олай жасамайды. Көбінесе, әйелдер бәсекелестерін көргілері келеді. Қайда, кім болып істейді, жасы нешеде, көрікті ме, ажарсыз ба деп бас қатырып, іздеуге көшеді. Мен танитын бір әйел күйеуінің көңілдесін құрбыларымен бірге қонаққа шақырған екен. Күйеуі әлгі ашынасына ерекше ынтық сезіммен көз салғанымен онымен сөйлеспеуге барынша тырысып отырғаны білініп тұрады. Қатардағы әріптес ретінде әйеліне жай таныстырған. Күндесін әйел барынша жақсылап қарап алуы заңдылық қой. Сол үшін осы басқосуды ұйымдастырып отырған жоқ па? Өзінен әлдеқайда қылықты, көрсе көз тартатын әйелді көргенде  қызғаныш қыж-қыж қайнап, жекеменшігіне қол салғандай, неке жүзігін тартып алғандай әсерде болатыны белгілі жай болса керек. Келген қонақтар табалдырық аттап шыға берісімен күйеуіне тап береді.                                                          -Ана қатын сенің кімің еді, соншама? Өліп-өшіп, есің кетіп отырғаныңды байқамады деп ойлайсың ба? Менің құлағым саңырау, көзім соқыр деп ойлап па едің? Ақша үшін арын сатқан жезөкше. Жұрттан асып тұрған несі бар, оның? Шикіл сары бірдеме көрінеді. Ол қаншықты ма, бәлем тұра тұр, көрсетемін…                                                     Әйеліңнің сүйектен өтер ызғарлы сөздеріне қалай шыдап тұра аласың. Ғашық болып, сүйіп-күйіп жүрген жаныңды қорлатып қоюға қалай ғана жол беруге болады. Ара түскеннен басқа жол жоқ.  Өзің ойлашы. Сол әйелдің өз жұбайының жүрегінде сақтаған көңілдесін үйіне әкеліп өзімен салыстырудың қажеті бар ма еді?  Ашынасына ара түскен өз жарының түрін көру соншалықты құмартатын жай ма? Тым ойсыз, өзін әсіре төмендетудің айқын мысалы осы болса керек. Бұлай етуге болмайды. Сен күйеуіңнің нақсүйеріне қаншалықты шүйліксең жарыңды өзіңнен соншалықты алыстата түсесің. Сенің жайсыз мінезіңнен мезі болған күйеуің ақыры жеке тұруға бейімделе бастайды.  Жалғыз өзі оңаша немесе нақсүйерімен бірге уақыт өткізетін болады.  Мұның саған жақсылық әкелмесі айдан анық.  Сені кінәлауға негіз жоқ. Гүлдей жайнаған жастық шағыңның бар ғұмырын соған арнадың, адал болдың, балаларын өсірдің. Енді ол сені өзгеге айырбастап кетуі ренжитін жай екені рас.                                                                    Алайда, сен ақылды жан ретінде қандай қауіптің төніп келе жатқанын бажайлай білуің керек. Тосыннан келген көңіл- күй ауаны ол екеуіне тыным бермеуді талап етуі мүмкін. Сондықтан бір сәт оңаша қалып, мен олардың ғашықтығына көз алартумен нені өзгерте аламын дегенді ойла. Жарым ашыналы болып, мені тәлкек етті дегеннен гөрі мен неден қателестім, оның сүйіспеншілігінен неге айырылдым, мен оған қандай мейрімділік көрсете алмадым дегенге көбірек назар аудар. Осы аралықта сен бет ажарды түзеуді, киім -кешектеріңді жөнге келтіруді ұмытқансың, көп нәрсеге назар аудармағансың.  Бір сарынды қарым- қатынас, әдеттегі тамақ, тіпті шаш үлгісінің де өзгермеуі, ешқандай жаңа лепті сезінуді қойғансың. Оның сыртында көптеген жас келіншектер бала тауып, бағудың қиындығынан қажып, төсек қатынасына құлқысыздық танытып, күйеулерінің құмарын шектейді. Құштарлық сезімнен, романтикадан қашады. Бір шаңырақ астында он жыл отасқан ерлі- зайыптыларда еш қандай қызық қалмайды. Тым құрығанда балалық балғын шақтың қызықтары да айтылып таусылған. Осылай бір қалыптан айнымай қалады. Өмірде еш құпия сыр да жоқ. Сен жүре келе бір құпия сырды қалдыру керектігін түсінгендей боласың. Бұл қатардағы бір мәдениетті отбасының шынайы көрінісі. Біршама көңілсіз көрінетін шығар.
Ал, енді кейбір келіншектердікі тіпті сорақы. Олар үнемі күйеулерін сөзбен жейді де отырады. Ешбір әйелмен қатысы жоғын біле тұра орынсыз жәбірлеп, қызғанып, әбден мезі етеді.  Күйеуіме менен де тәуір әйел кезігіп, бақыт сыйлауы мүмкін дегенді ойламайды. Оны бейне бір үйіндегі мүлік немесе құлағындағы сырғасы секілді ойлайды. Олай болса, адам баласы үнемі қызықты өмір сүруге талпынады, махаббатқа шөліркеп жүреді. Сенде жаңа леп, құпия сыр қалмағандықтан жарыңды тартып тұратын қабілеттен айырылғансың, ол оны басқа жақтан іздей бастаған. Оны кінәлауға негіз жоқ.      Көбелек те, бал арасы да бір ғана гүлге қонбайды ғой, әлемде толған гүл сай салада құлпырып тұрғанда таңдап иіскеуге неге болмасын? Менен көрікті қыздар айналада толып жүр, мен солардың күйеуіме көз салуын тоқтата алуым қажет дегенді сен ертерек ойлауың қажет еді.  Дәл осылай ой елегінен өткізе алмаған болсаң, онда өзіңді кінәла.  Сүйіктіңнің арман мүддесін әрдайым сезініп, өзіңді және тыныс- тіршілігіңді тың әрекеттермен байытып отыруың қажет екенін  түсінсең игі. Егер осындай ой саған туса, онда күйеуіңнің уақытша жеңілтектігі түкке тұрмайтын бірдеме болып көрінер еді. Себебі, отбасындағы қайшылықты ақылмен үйлестіре алатын мүмкіндік сенде бар деген сөз.   Алайда, «соқыр көргенінен жазбайды» демекші барлық әйел өзін мінсіз санайды.  Мен әдемі әйелмін. Кімнен кеммін? Күйеуімді барынша жақсы көрдім. Бұл енді бақытты көтере алмай мені мазақ ете бастады. Осылай ренішке берілген әйелдің басына не кірмейді дерсің. Менің одан қай жерім кем екен. Оған мен де көрсетейін. Есемді жібермей мен де біреуді тауып алайын. Өстіп кері кететіндер де бар.  Онысын «жерден жеті қоян тапқандай» әдейі күйеуіне сездіруге тырысады. Егер осындай әдіспен сүйіктіңді қайтарам десең оның тым аңғалдық болады.  Күйеуің адал бола алмағанына  іштей қатты опынып, осы бір тығырықтан қалай шығамын деп жүреді.  Жарымның жанын жараладым деп сені аяп жүргенде сенің мұныңды көрген соң «Е, бейшара, осындай ақымақ екен-ау, обал жоқ, солай жүре бер. Өкінетін жерім жоқ» дегенге келеді де, сенен оп-оңай құтыла салады. Бұл тәсілдің алысқа бармайтындығына көзің жеткен шығар.
Сонда не істеу керек? Ғашық жарыңның бөтен әйелді еркелетіп, мейірлене құшып жүргенін біле тұра соқыр, дүлей кейіпте жүре берем бе? – деп, тағатсызданып отырған шығарсың. Иә, расында не істемек керек?
Менің таныс құрбым күйеуінің көңілдесін біліп алып, онымен жақын танысып, мінез-құлқын, өзін қалай алып жүретіндігін білгісі келеді.  Сонымен не керек, дәл сол нақсүйердей киініп, опа далап пен иіс суларды да қолданып, кербезденіп қалған жүріс-тұрысына шейін еліктеп, шала бүлінген екен. Онымен қоймай әлгі ашынаның күйеуін қайда шақыратынын, қандай тамақтармен ас-су ұсынатындығын білгісі келері сөзсіз. Айталық, ол ашынасымен бірге көркем сурет көрмелеріне немесе театрға баруды  ұнатады делік. Бір демалыс күні сен дәл сондай ұсыныс жасайсың. Сонда күйеуің айтады: «Демалыс күні де маза бермейсің бе? Мен бармаймын». Ал, сен «Менімен барғың келмейді. Егер ана ашынаңмен болса…» – деп ешқашан айта көрме. Олай болған жағдайда күйеуің киінеді де шығып кетеді. Жалпы күйеуіңнің нақсүйеріне еліктеу деген сәтсіз қойылымнан өзге ештеңе емес. Себебі, сен ешқашан ол бола алмайсың. Ондайыңды жолдасың да қабылдай қоймас. Олайша елдің күлкісіне қалғанша өз болмысыңды жоғалпағаның абзал. Ал, енді өзіңе дұрыстап қарап, жақсы киінгенің дұрыс-ақ. Сен қашан да өзіңді жеке тұлға ретінде көрсете білуге тиіссің.    Мүмкін, күйеуің ашыналы болуы арқылы сені басқаша қырыңнан танып, сенен жаңаша бір сырды сезіп, кейін тіпті отбасына бұрынғыдан артық назар аударатын болып кетер. Сондықтан, әліптің артын бақ.                                                                   Меніңше, ең дұрысы – түк болмағандай оларды жайына қалдыру. Сен түк болмағандай жүре бер. Олар алғашқыда керемет бауыр басқандай болғанымен тым алысқа бармай түсінбестік туады, өзара қайшылыққа түседі. Сол сәтті асықпай күткеннен артығы жоқ.

Махаббат, құштарлық сезім дегендердің де шегі барын ұмытпағайсың.    Әсіресе, бір шаңырақ астында бастары қосылмағандардың арасында реніш, таусылу, қызғаныш дегендер тым үйір тұрады. Сен күйеуіңе жақсылап көз қырын сал. Үйге көңілсіз оралу, тамақ ішпестен теріс қарап жатып алу, түнде ұйықтай алмай мазасыздану байқалса, көңілдесімен ренжісіп қалғандығына күмәнің болмасын.

 

Уақыт сен үшін бәрі өзі жасайды. Егер жоғарыдағыдай жағдай жиі қайталана берсе, олардың арасы суыды дей бер. Ол әйелге сен қызықпа да одан жолдасыңды қызғанбай-ақ қойғын. Себебі, олардың махаббатында ешбір тұрлау болмайтындықтан салқындық үнемі иектерінің астында тұрады. Дәл осы сәтте сен жарыңды сөгудің орнына жаңаша жағымды қарым-қатынас жасап, көңілін аулай біл. Дәл алғаш танысқан кезіңдегідей биязы мінез танытсаң болғаны. Осындай төзімділіктің арқасында махаббатыңды, өміріңді құтқарып қала аласың. Ондай мысалдар тіршілікте көптеп кездеседі.
Тағы бір жол бар: күйеуіңнің көңілдесімен жақындасып таныс та әлсін-әлсін қонаққа шақыр. Әйелдер қашан да тез тіл табысқыш қой. Саған қанша ауыр болса да мақсатқа жету үшін төзу керек. Махаббат отына күйіп-жанып жүрген жас та аңғал қыз сенің шақыруыңды қуана қабылдайды. Себебі, сенің күйеуіңмен жақын болудың мүмкіндігінен ол айырылғысы келмейді. Кешкісін күйеуің келгенде әрдайым бірге қарсы алуға тырыс. Ол алғашында қуыстанғанымен іштей жақтыратындығы белгілі жайт. Кейде таза ауаға бірге шығайық деп қой. Қалай да бірге болудың жолдарын іздестір. Күйеуің алғашында қуана келісіп жүрсе кейін таңдана бастайды. Не үшін екеуің жақындаса қалғансыңдар деп сөгуі де ықтимал. Мұнысы оның көңілі суи бастағандығының белгісі. Яғни, сенің жеңісті күндерің жақындап қалды. Сонымен демалыстың жайлы күндерінің бірінде әлгі қызды шақыру жайында ұсыныс жасап көр.                                                                                                                                   – «Сен маған маза бересің бе, жоқ па? Үйімізде бір сәт сырт көзсіз демалуға болмай ма?»         -Сен оны көруді ұнатушы едің ғой. Ол сен үшін бөтен адам емес сияқты еді ғой.              – Дәмді шарапты күнде іше берсең суға айналатын шығар.  Егер дәл осылай десе, бітті, сен жеңдің. Енді сенің тіршілігіңнің сәнін ешкім бұза алмайды. Тыныш қана өміріңді жалғастыра беретіндігіңе сене бер. Бұл жеңіс сенің ақылды, әрі төзімді бола білуіңнің арқасында ғана мүмкін болды …                                                                                           Айналайын, тотығұсым! Көңілдес тауып алған жарыңмен қалай қарым-қатынас жасау керек екеніне жоғарыда ұзақ тоқталдық. Олай болса, бірін-бірі сүйіп қалған ғашықтарды тас-талқан етуге асығудың не қажеті бар? Неге сенің күйеуің өз бетімен өмір сүріп, ғашық болуға қақысы жоқ? Сен оның көңілін таба алмағансың, сөйте тұра арман мүддесінен айыруға жан таласа кірісесің. Жасырын тіл табысқандар мен ғашық болғандардың бәрі ақымақтар мен күнәһарлар емес. «Тағдырдың маңдайға жазғаны, жазмыштан озмыш жоқ» дегендей философиялық ойлар мен құдіретті поэзия әлемінде құпия ғашықтарға ара түскен ақтаулардың көп екенін аңғарайық. Олай болса, жан жарыңның өзге бір нәзік жанға көзсіз құлағанын кінәлай берудің не қажеті бар?! Егер ол ару күйеуіңнің атақ-абыройы мен байлығын пайдалануды көздемесе, шынайы жүрек әмірімен тапқан болса оған кешіріммен қарауға неге болмасқа. Сен алдын орап кеткендігіңмен ғана артықшылыққа қол жеткізгенің болмаса сенің махаббатың ол әйелдің қасында жіп есе алмай қалуы мүмкін. Сенің жарың да, сол бейтаныс әйел де бір күндік жарық сәуле іспетті қамшының сабындай қысқа ғұмыр үшін арпалысып жүргенін ой елегінен өткізсең, бәлкім, жаның ашитын шығар. Сен үшін күйеу деген міністің жуас аты сияқты қасыңнан шықпау керек.   Қанша жерден көңіл жүдеу тартса да, кейде екеуара әңгіме-дүкен құрып күліп-ойнап, өмірдің сәнін келтіріп, ләззатқа бөленіп жүрсіңдер ғой. Бәрібір тіршіліктің тетігі, билік, дүние мүлік сенің қолыңда. Сен күйеуіңді шынымен сүйетін болсаң, ол сенен кетіп қайда бармақшы? Басы ауырып, балтыры сыздағанда сенің қолыңа қарап, мейріміңді күтеді. Жасы ұлғайған сайын саған арқа сүйеп, ақырғы рет сенің атыңды қайталап, қимастықпен, мұңлы жүзбен саған көз салып қана о дүниеге аттанады. Оның сондағы жанары «мен тек сенің ырқыңда болдым, сендік қана едім, айыбым болса ғафу ет» дегені. Жас кезінде оның көңіл түкпірінде ыстық сезім тудырған әлдебіреулер болған да шығар. Шау тартып, өлімге қадам басқан шағында оның қарасын көрмек тұрмақ хабарын да естімесі хақ.  Тіпті естуге құлқы да болмайды. Оны ұмытайын демесе де уақыт ағыны оны тоздырып, алыс жағаға лақтырып жібереді. Оның жалғыз сүйеніші де, бірден бір сүйіктісі де сен ғана. Себебі, үйленуге ұсынысты саған ғана жасады ғой. Өзге ешкімге емес, тек саған. Көңілдесіне ол ешқашан ондай ұсыныс жасамағандығына сенгейсің… Олай болса, жол айырығында кездесіп, сенің күйеуіңе есі кеткен жолбикеде нең бар? Өзің ойлап көрші. Күйеуіңе құпия сүйсінген көңілде, бірге бола алмағандығына қамыққаннан өзге түк те жоқ қой. Құлай сүйген жанның өз әйелінің қойнында екенін сезіп, оны сағынудан, армандаудан басқаға дәрмені жоқ бейбақты сен бақытты дей алмассың. Жас шағында ғана күйеуіңнің көңіліне болмашы сәуле түсірген ол әйелде қартайған кезде бірдеме қалды дейсің бе? Реніш пен шарасыздықтан өзге ештеңе болмас, сірә. Күні бітіп, өлер шағында сүйікті жанының басын сүйемек тұрмақ жерлеу рәсімге барып көз жасын төгуге де қақысы жоқ бейбақ қой, ол! Есіңде ме? Егер ұмытсаң міндетті түрде тауып оқығайсың. Теодор Драйзердің Женни Герхардт ханымы ең қымбатты адамының табытына қол тигізу былай тұрсын тіпті алыстан қарауға да қол жеткізе алмай қалмаушы ма еді? Өмір осылай. Көңілдестердің қасіреті де осында. Олар тек дәтке қуатпен көңіл демдейтін жандар. Көңіл шіркін, қандай, ә! Осының бәрін ойлағанда сол бейшара көңілдеске сен емес, керісінше, саған ол қызығатын шығар. Сен не ойдасың…       Осы әңгімеден соң тынышталған шығарсың. Көңілің орнына түссе болғаны. Бұл дүниеде ешнәрсе себепсіз болмайды. Сен үшеуіңнің табысуларың, тағдырларың одан тыс тұра алған жоқ. Енді ол әйел сенің күндес дұшпаның емес, екеуің майданның бір шебіндегі жандар болдыңдар. Сондықтан онсыз да шолақ ғұмырымыздағы азғантай ғана қуанышты сәтіміз үшін бір-бірімізді мазалаудың керегі жоқ еді ғой. Сен кең ойлап, кешіріммен қара. Енді сен көңілдесі бар күйеуіңе түсіністікпен қарайтын шығарсың.  Егер өзім көңілдес жігітке жолығып қалсам не болады деп ойлап отырған боларсың. Дәл солай ойладың, сен. Сен жалпы өте қызыққұмар жансың. Сені бір кісідей білемін ғой. Мұндай жағдайда әйел адамға аса үлкен жауапкершілік жүктелмек, әрі төзімділік пен ақылдылық талап етілмек. Бұрын сен отбасыңдағы бала-шаға мен жарыңның қамқоршысы болсаң енді оған тағы бір ерке тотай қосылды деп біл. Оның тілін табу тіпті қиынға түспек. …                                                                                                                  Жоғарыда айтылған көңілдестер жайымен негізінен ұқсас болғанымен ер азамат сүйіктісінен көп дүниені талап етеді. Ең алдымен адал болуды және көбірек назар аударуды қалайды. Оның бәріне төзу оңай емес. Дегенмен сен өз білгенің бойынша ғана оған көңіл бөл. Ішкі әлеміңді, жүрек әміріңді тыңдағын. Сүйіктіңнің бала- шағасы, әйелінің осал тұстары жайында сөз қозғама. Мүмкіндік болса, сұрама. Ер азамат еңсесін биік ұстағысы келеді. Әйелі кейбір жағынан оны қанағаттандырмаған соң, сенімен байланыс құрып жүрсе де осалдығын өзгеге білдіргісі келмейді. Ол махаббат отына күйіп жанып жүргенде сенсіз өмір сүре алмайтынын, қандай бір жолын тауып, әйел, бала-шағасының тірлігін үйлестіріп, сенімен бас қосатынын, бақытқа кенелетінін айтады.  Алайда, ол романтикасынан үйінің босағасын аттаған сәтте айырылып, әйелінің жетегінде кетеді. Жас шағында әйеліне бас билігін беріп қояды да, қартайған соң, сол басын сүйетуге мәжбүр дегенді саған айтып едім ғой.  Сондай-ақ, оның отбасы тарапынан саған жасалатын түрлі шабуылдар мен балағаттарға да төзуге тура келеді. Ол сенен гөрі өз әйелінің сөзіне көбірек сенеді. Оны матап тастаған жіпті сен оңайлықпен босата алмайсың. Махаббатына күмән келтірмегеннің өзінде батыл қадамға бара алмайды. «Еркекке сенгенше, екі босағаңа сен» деп бекер айтылмаған ғой. Сондықтан, оған аса қатты сенудің, үміт артудың қажеті шамалы. Саған көңілдес қажет болған соң ғана артық болмастай көрінген шығар. Аса күш жұмсамай төзімділік таныту ғана абзал болмақ. Мұндай әрі-сәрі қарым-қатынас саған тым көңілсіз көрінуі мүмкін. Алайда, шындықтың өзі осы екенін жасырудың не қажеті бар?                                          Саған ерекше шын пейілмен айтарым, ешқашан біреудің ашынасы бола көрме! Сенің олай қиналғаныңды көргім келмейді.  Өзің ғана қиналасың, жаман сөз естисің. Көңілдес жігітің саған тамаша уәделерді үйіп-төгеді де ақыры әйелі мен балаларының қасында қала береді. Оның жүрегі сенің қойныңда жатқанда да өз отбасы үшін соғады. Шындық осы, қарағым. Ал, енді қош аман бол! Тағдырыңды көңілдессіз елестет. Тағдыр маңдайға жазылғанымен, оның иесі тек өзің ғанасың. Көңілдес тұрғысынан да осыны айтар едім…

Аударған Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ