Хан Қаһарға мінген шақ

0
2 439 рет оқылды

ЕСІМНІҢ СЕРТКЕ СУАРҒАН СЕМСЕРІ

Ғасырлар бедеріндегі қазақ тарихы  жыраулар шығармашылығына арқау болғаны мәлім. Сол заманнан бері ел басқарған хандар мен  ақын-жыраулардың арақатынасы  толғаулардан көрініс табады. Жыраулар поэзиясының көшбасында тұрған Сыпыра жырау, Асан қайғыдан бастап, Шалкиіз, Доспамбеттің азды-көпті толғауларын жинақтап, оқырманға ұсынған  Ш.Уалиханов, М.Мағауин, Ә.Қоңыратбаев, А.Қыраубаева т.б ғалымдардың еңбегі өлшеусіз.

Жыраулар поэзиясынан – ел бірлігі, ханның саясатына ықпал ету,  жаугершілік заманды ат үстінен түспей  жүріп те жырға қосқандығын байқаймыз. Ел ішінде түрлі бүліктер де болды. Қазақ  тарихында  «қалмақ қызы» образы  елге іріткі салумен ассоциацияланады.  Мысалы,  М.Жұмабаевтың «Батыр Баян»  поэмасында басты кейіпкер қалмақ қызының есімі –  Құралай еді. Батыр Баян оны тұтқынға алады, Баянның інісі Ноян  қалмақ сұлуына ғашық болып,  сол себептен екеуі қыздың Отанына қашады. Батыр Баян бұл істі туған жерді сату деп есептегендіктен, оларды артынан қуып, Баян Құралайды оқпен атып, Ноян Батырды да өлтіреді. Ағайын арасындағы араздық қалмақ қызы үшін немесе «болмаған махаббат» үшін туындады.  Осындай оқиға ХҮІ ғасырда  Есім хан мен оның әскербасы, ақылшы жырауы Жиембет арасында да орын алған еді.  Бізге жеткен деректерге қарағанда Жиембеттің інісі Жолымбет Есім ханға жіберілген қалмақ қызын ұнатып, ханға жібермей, жолдан алып қашады. Мұны білген Есім хан қаһарына мінгендігін Жиембеттің мына жолдарынан байқаймыз:

Әмірің қатты, Есім хан,

Бүлік салып бұйырдың.

Басын бер деп батырдың,

Қанын ішіп канбаққа,

Жанын отқа салмаққа,

Атадан жалғыз ол емес,

Хан ие, ісің жол емес!

Жолбарыстай Жолымбет,

Құрбандыққа қол емес!

Жиембет жырау інісі Жолымбетті «ақтап алу» мақсатында осылайша  жырлайды. «Қалмақтың Бөрі ханы келгенде, Соқыр бурыл байталға, Сонда бір жайдақ мінгенсің»,-деп те Есім ханның олқылығын есіне салады. Жолымбеттің сатқындығын кешірмеген Есім хан Жиембетке жауап айтпауы мүмкін емес шығар,сірә…

Ол белгілі жағдайлармен бізге жетпеуі де әбден мүмкін.  Тарихтан белгілі Есім ханның Жиембет жырауға жауабын мен өзімше жазып көрдім…

 Есім хан:

Жиембетжан, сен менің

батырымның бірі едің,

Арда емген ұл едің.

Таналардың*  пірі едің!

Әскерді алға бастаған,

нұрын төккен Күн едің.

Жолбарыс пенен аюдай,

Ерлігіңді білемін.

Бекіре менен жайындай,

Зорлығыңды білемін.

Қарағай менен қайыңдай,

Беріктігіңді білемін!

 

Намыс кернеп жүрегін,

Халқым болған тірегім.

Мен-дағы ердің бірі едім…

Есім, Есім деп жиі

Ел тілеген тілеуін.

Жолымды да көргенсің,

«Есім салған ескі жол»

Бабам рухы дем берсін

Марғасқа мен өзіңе

Суалмайтын көл берсін,

Бағдаршым да сендерсің,

Ақылшым да сендерсің!

Намыс салса құрығын,

Абыройым төкпеймін.

Ел алдында ірімін,

Қарабет боп кетпейін.

Жолымбеттің қылығын,

Қалай ақтап алайын?

Қалмақ қызы жеңді деп,

Сөз етпей ме ағайын?

 

Менің осы шешімім,

Сертке сұққан кездікпін.

Бере алмаймын кешірім,

осы жерден сөз бітсін!

Қалай болғанда да Есімнің сертке суарған семсері жақындарын жаралады!

Осы жерден сөз  бітсін…

Әлия Іңкәрбек

«Алауинформ»

 

 

Пікір жоқ