Айседора Дункан… Италиядағы «модерн» би жанрының негізін қалаушы, мың бұрала билей жөнелгенде әлем таңдай қаққан қайталанбас дарын иесі. Оның өмірі Бразилия сериалдарының сценарийі секілді: трагедияға толы сәттер мен өмірге, өнерге деген шексіз махаббат, селдей сезім, ақындар мен суретшілер, ғұмырдың жарқын естеліктері.

Болашақ биші дүниеге келе салысымен тағдырының жағасына жармасады. Немесе  керісінше тағдыр оның…  Екі жасында оның үйі өртке оранып, жәрдемшілердің көмегімен терезе арқылы сыртқа шығарылып, өлім аузынан аман қалған Айседора үшін сол сәттен бастап «қызыл жалын»  өмір мен өлімнің символы тәрізді еді.  Ол сахна төрінде ұзын, қызыл шарфпен  от ұшқынының образына жиі енетін.  «Қызыл шарф»… Айседора ғұмырына сор боп байланды…

%d1%80%d0%b8%d1%81%d1%83%d0%bd%d0%be%d0%ba1

13 жасында мектепті «қажетсіз» санап, тек музыка және би өнеріне ден қояды. Бұл қадамын өзін өнерге арнаған өнерпаздың тарапынан жасалған үлкен ерлік деп бағалаймын. Небары 18 жасында жарты әлемді мойындатып үлгерген Айседора бидегі кейбір қимыл-қозғалыстарды  грек мүсіндерінен, фронтон, барельеф, құмыралардағы суреттерден алғанын байқаймыз. Мендельсон, Бетховен, Моцарт, Шопен, Вагнер және Чайковскийдің музыкасына билер қойғандығы – оның философия, психология, музыка және сурет өнерінен де хабардар болғанының дәлелі.

«Ғашықтың тілі- тілсіз тіл»

Мәскеуден би мектебін ашқан Айседора Сергей Есенинмен танысады. Екеуі де мықты. Бірі әлем танитын биші, бірі өлеңін-өмір еткен ақын. «Ғашықтың тілі- тілсіз тіл» екенінің тағы бір жарқын үлгісі осы махаббат. Себебі, ағылшын тілінен екі-үш-ақ  сөз білетін Есенин бір көргеннен ғашық болады. Ал Айседора оны көріп «алтын бас» (золотая голова), «періште» дегеннен басқа сөз айта алмапты. Есениннің толқынды сары шашын меңзесе керек. Алғашында аудармашы арқылы тілдескен ғашықтардың сезімі үдей түсті. Олар бір-бірін «Изадора» және «Езенин» деп атайды.

Өзгелер ән шырқайды, сурет салады, сөйлейді, армандайды.. ал Айседора соның бәәәрін билейді. Биге қосады. Оның шеберлігі – шынайылығында!

duncan-es-1

«Сергей маған өлеңдерін оқыды. Мен сөзін түсінбесем де сол жырдан таңғажайып әуен тыңдадым»,-дейді Айседора.  Өмір өліммен жалғасатыны секілді, махаббаттың да шегі, соңы болады екен. Оның да мерзімі бар. Сезім лаулап-лаулап бір күні сөнеді екен. Бұл рас. Маған сеніңіз. Есенин мен Айседора дастанына да нүкте қойылыпты, бірақ  Айседора үстел үстіне, қабырғаға, аппақ параққа, барлық жерге ерін далабымен  «Есенин- Періште» деп жазғанын, ал Сергейдің оған арналған жырлары мәңгілік махаббаттың белгісіндей келешекке алыстан қол бұлғайды.

43fda4ef_thumb1

Таланттардың тағдыр-талайы трагедиямен аяқталуы заңды құбылыс секілді. Жұмбақ өлім. Тылсым ғұмыр. Айседора өміріне сор боп байланған қызыл шарф: бала кездегі «қызыл жалынмен» арпалыс..  Бұл – оның соңғы демі, үзілер сәт еді. Күздің қоңыр кешінде өзінің сүйікті қызыл мойынорауышын орап автомобильге отырған Айседора дәл осы күні аяулы өмірмен қош айтысатынын білген жоқ. Қызыл шарф машина қозғалған кезде доңғалағына байланып қалып, «тұншықтыра»  бастайды. Міне, осылай құралай-ғұмырға оқ тиді, жалын жұтты оны. Оның өзі де қып-қызыл биші жалын еді. Иә, алау билеп жатып, жанып бара жатады…

Өмірді еркін сүргісі келетіндер неліктен онымен күресте осынша тұншығады екен…(?) Жауабын дөп басып айту қиынға соққан сауалдардың бірі һәм бірегейі осы!

Әлия Іңкәрбек

«Алауинформ»