Қыран баптаған қазақтар. Бүркіт жайлы не білеміз біз осы?

0
5 439 рет оқылды

Қыран құстар түзде өз еркімен жүргенде әр қайсысы өзінің болат тұяқтарын күшті қару қылып жұмсап, өзіне керек жемін алып тіршілік жасайды. Қырандардың тіршілігі ылғый аң аулау әрекеті мен байланысты болғандықтан, олардың дене құрылысы, мүше бітімдері де өзгеше болып, талмай ұзақ ұшуға бейімделе біткен. Саят құстарының денесі жинақы, ұшқыш болуы көбінесе олардың арқа омыртқа сүйегі мен құймышақ, төс сүйегіне байланысты. Лашын , сұңқар тұқымдас құстардың арқа мойын омыртқаларында буын болмай қайнаса біткендіктен, олар әрі ұшымпаз, әрі қуған аңын тез күйреткіш келеді. Қыран құстардың қайсысы болсын, барлығының да жая, төс сүйектері берік, шымыр және кең болып, бұғана сүйектері келдек, әлді болып бітеді. Төс сүйегінің қабырғамен астасатын шеті жұмыр болумен қатар,  бауыр жағы тік қырлы келіп, жел қайықтың төсіне ұқсап тұрады. Қыран құстардың қар сүйегі  соқталы келіп, жауырын мен кәрі  жілікке жалғасатын екі басы өте берік темір тектеніп бітеді. Қыран құстардың күшті, шалымды, ұшқыр болуына негіз болатын- топшы сүйектер.

Қаршыға, тұйғын, қырғый сияқты құстрдың сонша шапшаң, сыпылдап ұшатыны-қанат сүйектерінің өте қолайлы болып жасалуынан. Қыран құстардың тіршілігіндегі ең мықты қаруының бірі- олардың көк мүйіз тұмсығы. Болат мүйізді тұмсық бір аңды талқандап, оның етін сүйегінен айырып жеу үшін жұмсалады.

кыран

Саят құстарының көз алдының қабығы құс басқан қара қылшық және олардың әрбірінің тегіне, жасына қарай ол қабық қызыл, жасыл, сарғылт, көгілдір-қоңыр болып әр түсте кездесіп отырады. Бұл қабық саят құстарының қай текке жататынын көрсететін негізгі ерекшеліктерінің бірі, сондықтан оны көз алдының қабығы, не кеңсірік қабығы деп атайды.

Бүркіттен өзге саят құстарының жұмыртқалайтын кезі – сәуір айы. Бүркіт ұрпағының өсіп-жетілуіне өте ұзақ уақыт керек. Сондықтан бүркіт бір ай бұрын жұмыртқалайды. Қыран құстар бір ұялаған жеріне жыл сайын келіп, ескі ұясын жаңартып жұмыртқалайды.

Жұбайымен жүрген құстар ұя салып, мекен еткен жерін қай кезде болсын иесіз қалдырмайды. Әр уақыт күзетіп, қорғап жүреді. Басқа құстың ол жерге ұшып барғанын аса жақтырмайды. Көбінесе  жолатпай қуып жібереді.

Қыран құстардың ұя басатын ұрғашысын қазақ саятшылары «ұябасар» дейді. Ол ұя басып отырғанда оның еркегі оған жем тасумен әлек болады. Ұябасардың жаратылыс жүзіндегі міндеті ұрпақ шығарып, оны өсіріп-өндіру болғандықтан, оның сыртқы бітісі еркек зайыбынан үлкен, қабілетті-қарулы болады.

Жалпы жұмыртқа ұябасардың бауырына сыйып кетуі үшін құс баласының ұрғашыларының жүндері тығыз, шудалы, кенеттен келіп қалған жау болса, оның бетін қайтару үшін өжет, шақар болуы керек. Бұған қарсы ұя баспайтын еркектердің  денесі шағын, көзге қораш келеді. Әсіресе қаршыға мен бүркіт затынан ашығырақ көрінеді.

кос буркит

Бүркіттер жұмыртқалардың алдында қосылып, ұя салған жерінің маңында «қанат салу» ойынын өткереді. Олар еркегі мен ұрғашысы бірін-бірі қуып, біресе шарықтап жоғары атып, біресе сорғалап төмен құйылып, шуылдап ысқырумен аспан ішін жаңғыртады. Бірнеше жұп бүркіттер тобы осылай шу көтеріп қынаменде құрғанда, тау, орман іші жазға салым у-шу болып жатады. Бүркіттердің жұмыртқасының түсі көгілдір, аққу жұмыртқасындай үлкен болады.

Дереккөз: Әлкей Марғұлан, «Саят құстары»

«Алауинформ»