Алматыға оралу- арманым

Қазан 21, 2017
0
2 227 рет оқылды

Шетелде жүрген біздер отанға оралу мәселесін ойламайды емес, ойлаймыз. Ата бабамыздың кіндік қаны тамған мекен шет жұртта жүрген қай-қайсымыз үшін де ыстық қой. Әсіресе, шіркін-ай, елге оралсам, ару қала Алматыда тұрсам арманым жоқ деп қоям іштей. Қазақстанға барғанда елді аралап тұрамыз ғой. Сонда көзім жеткені, Қазақстанда Алматыға жетер жер жоқ деп ойлаймын өзімше. Алайда аяққа тұсау болар жайттар да жетерлік.

Атамекеннен алыста жүрген ағайында Алматы құшақ жая қарсы алуы үшін байқауымда бірнеше жайттарды шешу қажет-ақ. Алдымен шетелден келген  отандастармен  қарым-қатынас ісінің ең өзекті деген мәселесін анықтау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бүл ретте алдымен оралман деген сөздің шет елдерден келген отандастарымызға қаратылып айтылуы орынсыз екенін түсінетін уақыт жеткен секілді.

Ендігі ең басты мәселе шет елдерден келгісі келетін бауырларымыз үшін квотаға іліну. Қайбір жылдары Қазақстан 15 мың азаматқа ғна квотамен келуге мүмкіндік жасап еді. Бұл жеткіліксіз болып отырғандығын көріп отырмыз ғой. Елбасы өзінің кезекті бір жолдауында квотаны 20 мыңға жеткізу қажеттігін айтып, алыстағы бауырларын қуантты емес пе.

Дегенмен де, сонша қазақты лайықты қарсы алуға Алматы сынды елдегі ең ірі қалалары дайын ба деген сауал туындайды. Алдымен келген қазақтарды Солтүстік аймақтарға қоныстандыру жөніндегі үкіметтің бастамасы кедергілерге тап болуда. Орыс тілді ортаға тап болған олар Қазақстан қоғамына бейімделуде «өгей баланың» күйін кешуде. Бұл моральдық соққы болса, материалдық қиындықтар да жетіп артылады.

Алдағы кезде шеттен квота бойынша келген әрбір қазаққа Қазақстан үкіметінің көрсететін басты көмегі – 120 мың теңге көлеміндегі қаржы болатын қателеспесем. Қазіргі жағыдайы осының о жақ, бұ жағы болса керек. Үй-жайының мәселесі осылай болса, жер алу мүмкіндігі де осының аяғын құшып отыр. Ал ең болмаса мамандығы бойынша жұмысқа тұру мәселесі де өз күшімен шешілсе- шешілді, шешілмесе ол да жоқ. Оның орнына ұзақ уақыт бойы сарсылып, құжаттарын тіркеу мәселесімен жүреді. Азаматтық алуға келсек, ол да ұзақ жылдар аралығында бітсе жақсы.

Сонымен қатар, жоғарыда айтып кеткендей, орыстілді ортадан басқа қазақтілді ортаға түскен ағайынның өзі бейімделу мәселесінде көп қиындықтарды бастан кешіп отыр. Соның бастысы-тілдік мәселе. Олар Қытайдан келгендері бір бөлек, Маңғолиядан келгендері бір бөлек т.б. болып, өздерінше бөлек орталарда қалып қоюда. Бұл түптің түбінде мәселеге айналары анық.

Және де Қазақстанның заңдарын жете білмеу салдарынан шет елдерден келген бауырларымыз алаяқтардың арбауына түсіп, опық жеп жұрген деректері жетерлік. Негізінен олар өз беттерінше өмірге бейімделіп, сауда-сатықпен айналысып, Алматы секілді үлкен қалалардағы базарларда нәпақасын айырып жүр. Оларға елге келген соң иелік етіп, құқықтарын қорғап жатқан құрылымдар жоқтың қасы. Айталық, Қытайда шет елдердегі диаспораларымен байланыс жасайтын министрлік бар, оларды зерттейтін ғылыми орталықтары бар.

Бүгінде саяси-экономикалық дербестік пен тұрақтылыққа қол жеткізіп, әлемдік саяси-рухани айналымға кірігу мақсатын қойып отырған Қазақстан халқы үшін біртұтастық ауадай қажет. Бұл ретте елдегі көптеген ұлт өкілдері мен бірге қазақтардың  өзара бірлігімен қатар, шет жұрттардағы қандастардың да біртұтастығы әлемдік қауымдастықтан өз орнын еншілеуге ұмтылған Қазақстан үшін маңызды.

Себебі, қазақ ұлты мен қатар, елдегі жүзден астам ұлт пен ұлыстардың Отаны, кезінде түрлі тағдыр тауқыметін арқалап, шартараптың әр шалғайын шарлап кеткен қазақ диаспорасының да Отаны – Қазақстан. Ендеше тәуелсіздігін алғанына жиырма бес жыл толып, етек жеңін жинап, еңсе тіктеген Қазақстан үшін маңызды мәселенің бірі – әсіресе, қазіргі жаһандану уақытында, тұтас қазақтың жай-күйі, мәдени-рухани дамуы, ұлт ретіндегі болмысы.

 Өкінішке орай, естіп-біліп отырамыз, соңғы кездері шет жұрттан келген ағайындардың мәдени-рухани хал-ахуалы мен қатар, олардың елдегі әлеуметтік жағдайына қатысты проблемалар жиі көрініс беріп жүр. Оларға арналған ана тіліндегі әдеби дүниелердің және де оқу-әдістемелік құралдардың тапшылығы мен қатар, үй-жай мәселесі, жұмысқа орналасу жайы күрделі күйінде қалып отыр.

Сондықтан Алматы секілді үлкен қалалардың басшылығы бұл мәселеге де баса назар аударса дейміз. Алыстағы ағайынның үй-жай, жұмысқа орналасу, азаматтық алу сынды күрделі  мәселелерді шешу Қазақстанның ең ірі мегаполисі – Алматы секілді шахарға соншалықты қиындық туғыза қоймас деген ойдамын.

Мұрат Жүнісұлы

«Алауинформ»

 

 

 

 

Пікір жоқ