Өмір қысқа… Жасай білу керек… Нашар фильмнен кете білу керек. Нашар кітапты тастау. Нашар адамнан кету. Олар көп. Алға жүрмеген істі тастау. Тіпті, саңлаусыздықтан кету керек. Олар көп. Уақыт қымбат. Одан да ұйықтау керек. Одан да ішіп-жеу керек. Одан да отқа, сәбиге, әйелге, суға қарау керек.
Музыка адамның жауына айналды. Музыка таңылады, құлаққа кіреді. Қабырғадан. Төбеден. Еденнен. Музыка мен синтезаторлардың соққысын жұтасың. Төмен дауыс кеудеге ұрады. Биік дауыс тісіңді шықырлатады.
Спектакль арсыздау, бірақ одан да кете алмайсың… Ұнамайды. Түртеді. Аяқтан шалады. Ұнайды.
Компьютер жабысқақ, аруақтай ағараңдайды, шығыс базарындай өзіне тартады. Қопарасың, іздейсің, іздейсің. Сосын бірдеңе тауып аласың, оны іске жаратпақ боласың, лақтырасың, сосын тағы қопарасың, бірдеңе такып, ойша талдайсың, лақтырасың. Ойлар ортақ. Сөздер ортақ.
Жоқ! Өмір қысқа.
Кітап қана әдепті. Сөреден аласың. Парақтайсың. Қайта қоясың. Онда арсыздық жоқ. Ол саған омырауламайды… Сөреде тұрады, үндемейді, жылы қолға ұстаған сәтті күтеді. Ол сосын ашылады. Адамдармен осылай болса ғой. Біз көппіз. Бәрін парақтай алмайсың. Тіпті біреуін де. Тіпті өзіңдікін де. Тіпті өзіңді де.
Өмір қысқа. Бір нәрсе өздігінен ашылады. Бірдеңеге ереже бекітесің. Басқасына уақыт жоқ.
Заң біреу: кету. Тастау. Қашу…
Тарс жабу немесе ашпау! Басқаға арналған қас-қағымды бұған бұйыртпас үшін.
Михаил Жванецкий

Мырзагелді Кемел аударған