«Семсер» тобы: Қазақ сахнасында ойып тұрып орын алатын сәтіміз болады

0
1 858 рет оқылды

Қазақтың ән мен күй, би, ақындық өнер дегенде ішкен асын жерге қоятыныны бес енеден белгілі. Осы қайнар бұлақтың бастауын, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы – актер, режиссер, Қазақстан Республикасының халық артисі, еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметовтен бастағанымыз жөн болар. Өнердің майталманы, театрдың тарланы қазақ елі үшін, ұрпақ, бауыр үшін орасан зор еңбек ете білді. Бүгінде осы сахна деген киелі орында Түркістан өңірінен аласармайтын асулары бар, асқақтай беретін таулары бар даңғыл жолда киелі қаншама таланттар өнердің төрінен көрініп жүр. Осы ізбенен көк жәшіктен «Алдараспан» әзіл – сықақ театрының да мыңнан жүйрік, жүзден тұлпарларын да жұртшылық болып көріп жүрміз! Астарлы әзіл, мысқыл өлең, кекесін шумақтарды қиюластыра білген аталмыш театрдың жетекшісі – Нұржан Төлендиев . Әрдайым осындай талантты тұлғалардың асыл қасиеттерін көргенде, марқайып, мадақтап, қуанып жатамыз. Айта берсек; дарынды дарабоз атанғандар –Алтынай Жорабаева, Нұржан Қалжан! Осындай таланттыларды бір тудың астына біріктіре білген оқу ордасы – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін атап өткеніміз дұрыс. Білімнің бағалысын беріп, асылдың сынықтарын қалың қазақ еліне дәріптеп, дайындай білген университетке мың алғыс! Бастапқы арбаның дөңгелегімен ылдилап келе жатқан, аға-әпке, іні-қарындастың ақ тілегімен тағы да, Түркістанды таңқалдырып, өзгелерге тамсандырып, таңдай қақтырып жүрген – «Семсер» тобын ерекше атап өткім келеді. Себебі жас та болса бас бола білып, үлкенді-кішілі  байқауларды қоспағанда, Ақтөбе қаласында өткен Әлия Молдағұлованың 90 жылдығына арналған халықаралық ән байқауында III орын, «Арай» облыстық жас эстрада әншілері және «Шәмші Қалдаяқов» атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауларында II орынды иемденді. Бұдан бөлек, Астана, Тараз қалаларында өткен «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған салтанатты шараларда ән шырқады. Оңтүстіктің Атыраудағы мәдени күндеріне қатысты. Жігіттердің жүрген жерлерінде мақтана айтатын бір оқиғасы – термеші-жыршы Өмірқұл Айниязовпен бірге үлкен сахнада өнер көрсеткен сәті. Репертуары ұлттық нақыштағы әндерден тұратын «Семсер» тобы Өмірқұл Өтегенұлының «Жұмыр жердің жұмағы» атты ән кешінде дуэт орындады. Оларды осылайша үлкен сахнаға Өмірқұл жыршы алып шықты. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» – демекші, талантты да дарынды жігіттердің қынаптан суырылып, өнер додасында қалай семсерлесіп жүргендіктерін өз ауыздарынан естіген едік. Ендеше, «Семсер» тобымен  сұхбатты оқи отырыңыздар.

–  Топтың қалай құрылғандығын айта отырсаңыздар…

– Жалпы, топ болып, «Семсер» деген атпен 2015 жылы құрылған болатынбыз. Негізінен бастапқыда, біздің құрамда екі жігіт болды. Ол –  Досболат Әділов және Ахат Жеткербаев. Кейіннен бізге 2015 жылдың соңына қарай Сәкен Пернебеков деген бауырымыз қосылған . Алайда, қазіргі таңда, отбасылық жағдаймен топтан кетуіне тура келді. Ал, бізге «Семсер» деген атауды берген өзіміздің өнер ордасындағы ұстазымыз Асылзат Ибраева. Осы апайымыздың арқасында құрылып, өнер әлемнің ішіне енген жайымыз бар.

– Өте жақсы! Демек, топ құрамы өзгерді, алайда жұмыс өз бабында. Ал, бүгінгі «Семсерге» кім жеткшілік етіп жүр?

– Біздің топқа , өзіміздің Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі, ісіне сөзі сай, Бекжан Сапаров жетекшілік етіп жүр. Бірігіп ән жазуда, кез-келген істі тындырымды етіп шешуде үш бірдей жігіт болып оң нәтижесін тауып жатамыз. Ең алдымен, халықтың үдерісінен шықсақ болды.

– «Халық айтса, қалып айтпайды» – жақсы жақтарыңызбен, тың туынды, тамаша әндеріңізбен құлағдар боламыз деп сенім артамыз! Алайда, сіздерге топ құрамының өзгергендігі әсер етіп жатқан болар…

– Иә, кері әсерін тигізгені рас. Себебі алдағы болсын, өткен болсын әндер тек «триоға» жазылған еді. Енді мұның барлығын түбегейлі өзгертуге тура келіп отыр. Бір айта кететіні, топқа ешқандай адам алмаймыз. Неге десек, тосыннан келген өзгеріс қиынның қиыны болады екен. Сол себептен, алдағы уақытта, «Семсер» тобы дуэт болып өнер көрсетеді.

– Сіздер, ұлттық нақыштағы топтардың қатарындасыздар. Ән, би, киім барлығы осы стильде. Бұл жағынан «Семсер» тобы арнайы мамандардың көмегіне жүгінеді ме?

– Біздің топ болып шығып жатқанымызға әлі көп уақыт болмады. Алайда, қазақ халқын өзге елдер қазақ тіліндегі әндерімен қатар, қазақи стильдегі киімдерімен таныса нұр үстіне нұр болар деп шештік. Ал, әнімізге келер болсақ, сазгер Әлімбай Ботақараев бұл жағынан бізге әндер жазып берді. Киім, би барлығы дерлік тек өзіміздің ойлап тапқынымыз.

 –  Әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарасақ, «Алашұлы» тобына ұқсас, соларға елікеушілік басым дегенді көріп жатамыз. Бұл тұрғыда не айта аласыздар?

–  «Жақсыны көрмекке, білмекке» – деген әдемі сөз бар емес пе?! Бастапқыда сахна төрінен көріп, қызығып, осы ағаларымздай болғымыз келгені рас. Себебі, біздің жан-дүниемізге, болмыс-бітімімізге ұлттық нақыштағы әндер өте жақын. Тек сол топтың көшірмесі не көлеңкесі болудан аулақпыз. Жәй ғана «Алашұлы» тобының ізінен ерген «Семсер» тобы болсақ та жеткілікті.  Біздің де қазақ сахнасында ойып тұрып орын алатын сәтіміз болады. Тек ізденіс, талпыныс, жаңа ән, таңғаларлық дүниені күтіңіздер дейміз! Біздегі өмірлік ұстаным ретіндегі, даналық сөз:

«Қырандармен бірге ұшқыңыз келсе, күркетауықтармен бірге жайылмаңыз!»

 –  Әр топтың ерекше тұсы болатыны рас. Бүгіндегі жас толқын жастар қанатындағы рухты «Семсер» тобының өзгешелігін тек қазақ тілінде сөйлейтінідігі деп айта өткенім дұрыс болар. Өздеріңіз білетіндей, шүлдірлеген шала қазақ және ондағы шала топтарды да көріп жүрміз. Оның жанында сіздер нағыз қазақ жігіттері екенсіздер! Ал, ұлттық нақыштағы «Семсердің» қоржынындағы әндердің санына тоқталсақ…

– Бүгінде біздің қоржында, «Бабалар рухы», «Көк көйлек», «Сұлуым-ай», «Арнау», «Жаса, Қазақстан» сынды әндер бар.Осы әндеріміздің арқасында түрлі байқаулардан жүлделі орындар алып жатырмыз. Әр әніміздің өзіндік тарихы, бізге деген ерекше ыстық тұстары да бар. Сонысымен бізге әр ән бағалы!

Құнды дүниелеріңізді  сахна көгінде қалықтатыңыздар! Дарындарыңыз даралансын! Өнерлеріңіз өрлей берсін дейміз! Әңгімелеріңізге рахмет!

Сұхбаттасқандар:  Ұлмира Қалжан,                                                                                                               Ғалия Бисейіт

«Алауинформ»